Адырна күнтізбесі: Бүгін Жаяу Мұсаның туғанына - 185 жыл

3015
Adyrna.kz Telegram

Мұсаның “Ақ сисасын” білмейтін исі қазақ жоқ шығар, сірә? Шорманның Мұстафасына атын алдыртқан Жаяу Мұса Байжанұлы бүгін 185 жасқа толды. Ол 1835 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің жағасында дүниеге келген. Мінер көлігінен айырылып, жаяу қалса да, өнерден қара жаяу емес еді ол. Бұл оқиға Жаяу Мұсаның жүрек қылын қозғайды. Қара күшімен, билікпен теңдесе алмаса да, өнерге келгенде Мұстафадан оқ бойы озық екенін білдірді. Еңсесін түсірмей, шығармашылыққа қайта кең құлаш жайып, шабыт қанаты қомдалып, жаңа бір жігерге мінеді де, өзінің халық аузында жүрген күрестің әнұраны болып кеткен атақты «Ақ сиса» әнін шығарады. Ән бір жағынан Мұстафаның арам қылығын әшкерелеп, зорлықшылдың атын елге паш етсе, екінші жағынан Жаяу Мұсаның атын кеңге танытқан күрделі шығармасы.

Мұса жас кезінен домбырада ойнайтын, көптеген әндер айтып, күй тартатын. Болашақ дарын қобыз, домбыра, сырнай, скрипка тарту өнерінің де қыр-сырын меңгерген. Мұса Байжанұлы өз өмірінде 70-ке тарта ән жазған. Бүгінгі күнге бізге 45 әні мен 5 күйі жеткен. Орыс пен қазақ тілдерін жетік меңгерген ол қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткер. Ол Омбыдағы орыс мектебінде оқып жүргенде «Қыздар-ай» атты өзінің алғашқы өлеңін шығарды.

Мұсаның әндері мен күйлерін алғаш нотаға түсіріп, жазып алғандар - Александр Затаевич, Ахмет Жұбанов, Борис Ерзакович, Михаил Лалинов, әндерін орындаушылар - Қосымжан Бабақов, Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев, Қуан Лекеров, Жүсіпбек Елебеков және Жаяу Мұсаның баласы Салық Мусин. Оның музыкалық мұрасын қазақ композиторлары «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Біржан - Сара», «Бекет» сынды симфония, опера, эстрада жанрларында пайдаланған.

Жаяу Мұса композитор ғана емес, сонымен бірге, ақын әрі публицист. 70-ке таяу әнінің барлығының дерлік сөзін өзі жазған. Жаяу Мұса орыс тілін біліп қана қоймай, Л.Толстой, Ф.Достоевский, Н.Гоголь, С.Щедрин, И.Крылов секілді әйгілі көркемсөз шеберлерінің шығармаларымен жете таныс болған. Бірнеше мысалдар, көптеген өлеңдер, әндер, «Данышпан қыз» атты поэма, «Олжабай батыр» дастанын жазған. Абайға өлең арнап, Ы.Алтынсариннің «Кел, балалар оқылық» шығармасына ән шығарған.

Әнші 94 жасында 1929 жылы 31 шілдеде дүниеден өтті. Ақшоқыда жерленді. 1972 жылы тұлғаның басына шағын күмбез орнатылды.

Аяулым ӘБІЛДА, “Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер