«Электрондық үкімет» порталының жетістіктері

14141
Adyrna.kz Telegram

БҰҰ –ның  электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша әлем елдерінің рейтингісінде  Қазақстан 193 елдің ішінде 28 орында тұр.

https://www.gov.kz/uploads/2020/6/1/26895604dd252f0ef6f7e27d4bd22866_original.57129.jpg

       Қазақстан Республикасы электрондық үкіметінің порталы  — мемлекеттік қызметтер туралы ең қажетті ақпарат алуға бірыңғай  қол жеткізу нүктесін қамтамасыз ететін және мемлекеттік қызметтер мен сервистерді электрондық түрде ұсынатын, ақпараттық – анықтамалық интерактивтік веб портал.  Қарапайым тілмен жеткізіп көрсек,  электрондық үкіметтің порталы  – ол сіз бен біздің күнделікті электрондық цифрлы  қолтаңба  арқылы өзімізге қажетті мемлекеттік қызметтерді  алатын egov.kz  порталы.

Бәрі қалай басталды? 

       Электрондық үкімет  құру идеясы ең алғаш рет  2004 жылы 19 наурызда ел Президентінің жыл сайынғы халыққа жолдауында айтылған болатын. Дәл осы жылы оның  негізгі кезеңдерін анықтайтын электрондық үкіметті қалыптастыру бағдарламасы бекітілді. 2006 жылы egov.kz веб-порталы іске қосылды, басында ол тек мемлекеттік қызметтер туралы ақпараттық – анықтамалық түрдегі материалдардан тұрған еді.

«Электрондық үкімет» - деген не және оның халық үшін қандай пайдасы бар?

        Ақпараттық технологиялар күнделікті өмірізде  маңызды рөлге ие болғалы қашан.  IT мемлекеттік басқару процесіне үйлесімді енгені соншалық, онсыз бүкіл жүйенің жұмыс істеуін елестету қиын. Мемлекеттік билік органдары мен халық арасындағы сандық өзара іс-қимылды ұйымдастыру әлемдік тәжірибеде электрондық үкімет жүйесі арқылы жүзеге асырылады, ол e-Government деп аталады.

      Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы мемлекеттік басқаруды жетілдіру процесін "электрондық үкімет" құру деп атау қабылданған.

      "Электрондық үкімет" - бұл ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануға негізделген және азаматтар мен ұйымдарға, оның ішінде Интернет желісі арқылы қызмет көрсетуге барынша бағытталған мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тетігі.

      "Электрондық үкімет" азаматтардың мемлекеттік билікпен, түрлі әлеуметтік қызметтермен тікелей және ашық диалогын жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді,   сайып келгенде кез - келген дәрежедегі және мәртебедегі мемлекеттік органдағы әрбір  басшымен диалогты "электрондық үкімет" қолжетімді  қылып ғана қоймайды, сонымен қатар интерактивті етеді.

      "Электрондық үкіметті" құру-бұл субъективті фактордың әсерін төмендете отырып, мемлекеттік қызметшіні  қарапайым халыққа жақындату тәсілі. Шенеунікпен қарапайым азаматтың    электрондық  қарым – қатынас  түрімен байланысуы,  азаматтың өз мәселесінің шешілу  процесін өзі қадағалап, бақылауға  мүмкіндік алуы, - міне, «электрондық үкімет» құрудың мақсаты  және бұл жеке тұлғалардың да бизнес – құрылымдардың да қалауы еді.  

        2003 жылдың қыркүйегінде Еуропалық комиссия электрондық үкіметтің маңызын атап өтекеле, оған мынадай анықтама берген еді:"электрондық үкімет азаматтар мен бизнеске тиімді мемлекеттік қызмет көрсетуді арттыру құралы болып табылады. Ол: бір жағынан - қызмет көрсету көлемін кеңейтіп  және олардың сапасын арттыра отырып, екінші жағынан-ресурстарды үнемдей отырып ,  мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды жеңілдетеді және мемлекеттік секторға қарама - қайшы талаптарды орындауға көмектеседі.

       "Электрондық үкіметті" енгізу мемлекет үшін сыбайлас жемқорлық сияқты зиянды құбылыстың азаюына ықпал етті,  мемлекеттік құрылымдардың ашықтығын арттыра түсті  және мемлекеттік органдағыларға  өтініш қалдыру  жеңілдеді.

Үйден шықпай –ақ бар шаруаңды тындырасың

      Осыдан оншақты жыл бұрын бір құжатты алу үшін бірінде бар ақпарат келесісінде қайталанатын, басқа да құшақ-құшақ құжаттар жинау жиі болатын құбылыс еді. Ол  құжаттардың  әрбіреуін бөлек – бөлек мемлекеттік мекемелер береді,  оны алу үшін сол ұйымдардың есігінің алдында сағаттап кезекте тұратын еді адамдар. Жүйкесі сыр беріп, шыдамы таусылғандар осы құжаттарды аяғына дейін жинай алмай, орта жолда «адасып»қалатын жағдайларда кездесетін.   Сондықтанда,  "электрондық үкімет" құрудың маңызды себептерінің бірі мемлекеттің қолда бар барлық ақпараттық ресурстарын,  оның нақты бөлігіне қол жеткізу құқықтарын шектей отырып, біртұтасортақ алаңға біріктіру жолымен «бір терезе" қағидатын енгізу болды.  Осыдан кейін халыққа мемлекеттік аппараттың күрделі ішкі құрылымын талдап, өздеріне қатысты жеке  деректерін  бірнеше рет ұсынып, қажетті құжаттарды ресімдеу үшін сағаттап кезекте тұрудың қажеті жоқ болып қалды.   Электрондық үкіметтің  арқасында мемлекеттік қызмет күніне 24 сағат, аптасына 7 күн қолжетімді болып тұр.  

       Бір кездері ертегідей көрінген дүниелерді,  «Электрондық  үкімет порталы» қазір шындыққа айналдырғаны жасырын емес. Белгілі бір қызметті алу  үшін кететін уақытымызды  барынша азайтқанын мойындауымыз керек. Азаматтардың  үйден шықпай –ақ өзіне қажетті қызметті алуыүшін бар жағдайды жасап, жан – жақты мүмкіндіктерді  қарастырып қойған. Оған мысал, қазір мемлекеттік қызмет пен сервистерді бірнеше жолмен алуға болады. Олар:

1. Egov.kz – порталы арқылы
2. Facebook және ВКонтакте әлеуметтік желілерінің месенждерлері арқылы (кәдімілгі адаммен жеке хат алмасудай)
3. @EgovKzBot2Telegram бот арқылы
4. eGovMobile қосымшасы арқылы.

       Қазіргі жағдайда үйден шықпай керекті қызметіңді алу өте маңызды. Елімізде төтенше жағдай жарияланған тұста, яғни  биылғы жылдың  21 наурызы мен 10 мамыры аралығында ғана ел азаматтары  15 миллионнан астап мемлекеттік қызмет алған. Осылардың ішінен  835 мыңнан астамы Facebook және ВКонтакте әлеуметтік желілерінің месенждерлері  мен Telegram бот  арқылы,  1,5 миллионнан астамы eGovMobile қосымшасы арқылы,  12,6 миллионнан көбі «Электрондық үкімет» порталы арқылы алынған.  Төтенше жағдай кезінде азаматтар 2,5 миллионнан астам бейне қоңырау жасаса,  338 мыңнан көп жеке тұлғалар және 18 мыңнан астам заңды тұлғалар үйлерінде немесе кеңседе отырып –ақ электрондық цифрлық қолтаңба алған.

       Қазір жалпы мемлекеттік қызметтің 80 пайызы онлайн түрде қолжетімді. Egov.kz – порталына кірсеңіз «Азаматтарға», «Бизнеске», «Мемлекеттік органдар бойынша қызметтер» деп жік-жікке бөлініп, анық көрініп тұрады. Электрондық цифрлық  қолтаңбаңызды қолданып қандай қызмет керек соны ала бересіз.

       «Электрондық үкімет» порталының  тағы бір жақсы жаңалығы, ол биылдан бастап еліміздің мемлекеттік органдарының сайттары интернет – ресрурстардың бірыңғай платформасына көшкендігі.  17 министрлік, 48 Комитет және 10 жергілікті атқарушы орган интернет-ресурстардың бірыңғай платформасына біріктірілді.  Бұрын әрбіреуінің сайтын жеке-жеке іздеуге тура келсе, қазір бәрін бір жерден табуға болады. Ол үшін сілтемеге өтіп, мемлекеттік органдардың тізімінен өзіңізге керектісін таңдасаңыз болғаны. Бұл жерде «сұрақ – жауап» сервисінің көмегімен ЭЦҚ қолданбай –ақ мемлекеттік органдарға сауал қойып, оған жауап та ала аласыз.

Екі жылда 11 орынға алға жылжығанбыз. Жақсы жетістік.

     Біріккен Ұлттар Ұйымының  2020 жылдың 27 маусымындағы жарияланған  электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша әлем елдерінің рейтингісінде  Қазақстан 28 орында тұр. Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2018 жылы аталған рейтингте 39 орында тұрған еді.

     Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) электрондық үкіметті дамыту индексі (The UN Global e-Government Development Index) — азаматтарға мемлекеттік қызметтер көрсету үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) пайдалануда ұлттық мемлекеттік құрылымдардың дайындығы мен мүмкіндіктерін бағалайтын кешенді көрсеткіш. Екі жылда бір рет шығарылып тұрады.

      Зерттеу әртүрлі елдердегі электрондық үкіметтің даму деңгейі туралы деректерді, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдардың АКТ-ны пайдалануындағы үрдістерді жүйелі бағалауды қамтиды. Осы зерттеулермен қамтылған барлық елдер рейтингте  келесідей негізгі үш көрсеткіш  бойынша жасалған  бағалау индексі негізінде сараланады:

1) Интернет-қызметтердің қамту дәрежесі және сапасы
2) АКТ-инфрақұрылымның даму деңгейі
3) Адами капитал.

     Бұл  елімізде ақпараттық – коммуникациялық технологияларды пайдалануда жақсы жұмыстардың жүргізіліп жатқанын аңғартатындай.

Еркегүл ТОҚТАМҰРАТ,
“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер