Ричард Хортон: Африка мен араб әлемі болашағымызды айқындайды

1561

Өркениеттің дамуына жорамал жасап отыратын «The Lancet» журналының мамандары болашағымыздың қандай болатынын болжаған екен.  Ендеше 2100 жылға қарай әлемде  қандай өзгерістер болатынына көз жіберейік.

Мысалы, қазіргі кезде Ресей халқы өсімі жөнінен 9-орында тұр. Ал 2100 жылы Ресейдің демографиялық қарқыны күрт төмендеп, 19-орынға бір-ақ құлдырайды екен. 2100 жылы Қытайды қосқанда, әлемнің 24 елінің халқы 25 пайызға азаяды. Қазір тұрғындарының саны басым болып тұрған Қытай үшінші орынға түседі де, оның орнын Үндістан басады. Ал екінші орынды халқының өсімі жөнінен Нигерия алады.

Егер зерттеуге назар аударар болсақ, 2064 жылы төрткүл құрлықтағы тұрғындардың саны 9,7 миллиардқа жетеді, ал 2100 жылы керісінше өсім болмайды, әлем халқының саны 8,8 миллиард шамасында болады. Осы ғасырдың аяғында Латвия халқына да оңай тимейін деп тұр. Латвиялықтар 78 пайызға азаяды. Жапон халқы қазіргі уақытта 125 миллион шамасында, ал 2100 жылы олардың саны күрт азайып, 53 миллионға төмен түсуі мүмкін. Бүгінде 61 миллион болып отырған италиялықтардың саны 28 миллионға төмендейді.

Мамандардың зерттеуіне қарағанда, 195 елдің 183-інде халықтың саны азаяды. 1950 жылы орташа есеппен алғанда, әйелдер 4,7 баладан туса, бұл деңгей 2100 жылы 1,7 шамасында ғана болады.

Ал Африка құрлығында  қарқынды өсім болайын деп тұр. Мысалы, 2100 жылы  Нигерияда тұрғындардың саны 765 пайызға, Чадта -710, Оңтүстік Суданда -594, Мали мемлекетінде-321 пайызға көбейеді. Бірақ қара құрлықта халықтың көбеюі экономикалық қиындықтарға алып келуі мүмкін. Осыған байланысты  көші–қон қарқыны артады. Африка құрлығының тұрғындары жұмыс іздеп Еуропаға қарай ағылатын болады. Бұл ғана емес, мамандардың болжауынша, XXI ғасыр адамзат тарихында революциялар жиі болатын кезеңге айналады. «The Lancet»  басылымының бас редакторы, доктор Ричард Хортонның айтуына қарағанда, «Африка мен араб әлемі біздің болашағымызды айқындайтын болады, ал геосаясатта  Еуропа мен Азия елдерінің ықпалы әлсірей бастайды. 2100 жылы Үндістан, Қытай, Нигерия мен АҚШ алып державаға айналады. Бұл кезең мүлде жаңа әлем болады, оған қазірден бастап дайындала беру керек».

Бірақ бұл болжам қаншалықты шындыққа сәйкес келеді? Нақты айту қиын. Халқының өсімі құптауға тұрарлық болғанымен, Нигерияның алып державаға айналатыны тіпті сенімсіз. Бірақ бір нәрсе сенуге тұрарлық: «XXI ғасыр революция жиі болатын ғасырға»  айналуы әбден мүмкін.

Еркін Қалдан,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар