Мырзагелді Кемел өмірден озды

4165
Adyrna.kz Telegram

Белгілі жазушы, қоғам қайраткері Мырзагелді Кемел өмірден озды. Қаламгердің қазасын оқырмандары мен белгілі әдебиетшілер естіртті. 

Жылбек Сенбекұлы:  Мырзагелді ағаның да бұ жалғандағы тұз-дәмі таусылыпты. Мінгеніңіз пырақ, айналаңыз шырақ, мекеніңіз жұмақ болсын, асыл да , ардақты аға!

Серік Сейітман:

Мырзагелді ағаның өзінен бұрын еңбектерімен таныстық. 2008 жылы аты да, заты да бөлек "Ақыл қалта" кітабын Көпен аға сыйлаған. Көп уақыт өтпей өзімен де дастархан басында дидарласып, шүйіркелестік. Содан бері кітабы қолымыздан, есімі жүрегімізден түскен емес.
Үлкен-кішіге бірдей Сіз деп сөйлейтін көркем мінезді көкеме Жаратқан жəннат нəсіп еткей! Отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.

"АҚЫЛ ҚАЛТАДАН":
Адам қандай болса, сөзі сондай. "Адамды досына қарап таны" деген сөз бар.

Бірақ, адамның досына ғана қарап емес, жауына қарап та кім екенін тануға болады.
***
Адам ағын су емес. Ағын су артына қарай алмайды. Артыңа қара, ізің қандай болып түсіпті, үңіл.
***
Өткеніңді жіберіп алған қателіктеріңді болдырмау үшін ғана есіңе түсір.
***
Екі құлаққа бір тіл келетіні - екі есе тыңдап, бір рет сөйле дегені емес пе?!
***
Қалай сөйлеуді үйрену қаншалықты керек болса, қалай, қай жерде сөйлемеу соншалықты керек...

Айта кетейік, Мырзагелді Кемел 1949 жылы Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Президент және "Алаш" сыйлығының лауреаты. Экономика ғылымының докторы, профессор. 

"Адырна" ұлттық порталының ұжымы  жазушының жақындарына көңіл айтады. Бақұл болыңыз.

 

Пікірлер