Баланың денсаулығы – болашағымыздың денсаулығы

2634

ҚР Білім және ғылым министрі А.Қ.Аймағамбетовке пандемия кезінде жаңа оқу жылында қашықтан білім беруге қатысты шешім қабылдауды талап етуге қатысты  еліміздің мектеп мұғалімдері атынан

ҮНДЕУ

Құрметті Асхат Қанатұлы!

Covid-19 пандемиясы кезінде қаншама отандасымыз көз жұмды. Арасында туыстарымыз да, таныстарымыз да бар. Жанға батып, жүректі ауыртады. Індетке қатысты статистикалық мәліметтерді ғана бақылап отырған жоқпыз, нақты болып жатқан жағдайды өз көзімізбен көріп отырмыз. Мұндай жағдайда ата-ана ретінде –балаларымыздың, мұғалім ретінде – оқушыларымыздың, қоғамның белсенді азаматтары ретінде – қандастарымыздың, жалпы ұлттың, адамзаттың өмірі мен денсаулығы үшін алаңдаулымыз!

Төртінші тоқсан басталуға санаулы күндер қалғанда сіз Министр ретінде оқушылардың қашықтан оқуы туралы шешім қабылдадыңыз. Аңдыған дұшпан да, сынаған сарапшы да аз болмады. Көбінесе білім саласына қатысы жоқ тараптардан оқу жылын жаз айларында жалғастырып, наурыз-мамыр айларында оқушылардың демалуын немесе мүлдем білім алуын тоқтатуы туралы ұсыныстарды айтып жатты. Мектеп мұғалімдері үшін қашықтан оқыту – жаңа әрі қиын формат болғаны жасырын емес. Оған қарамастын біз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, жұмысты жеңіл алып кеттік. Егер сол төртінші тоқсанды жаз айларында мектеп қабырғасында жалғастыруға қатысты ұсынысты қолдағаныңызда, қазір жағдай бірнеше есе қиындайтын еді (локдаун кезінде адамдар көз жұмып, карантиндік шаралар күшейтілген кезде баласын мектепке жібереруге дайын тұрған ата-ананы білмейміз).

Енді жаңа оқу жылына қатысты шешімнің қабылдануына санаулы сағаттар қалды. Шешім қабылдамай тұрып бірнеше нұсқа бар екенін де айттыңыз.

Министрлік мұғалімдермен де, әдіскерлермен де, сарапшылармен де, айти саласының мамандарымен де ақылдасып, күнделікті жиналыстар өткізіп жатыр. Фейсбукте тікелей эфирге шығып жатырсыз. Оны саладан хабары бар, көзі ашық жандар көріп отыр. Естіп отыр. Дегенмен, әлі де ойлануға болады!

Жан-жақтан «давление» көрсетілетіні түсінікті. Дегенмен, сабақ беретін мұғалімдер қолдау көрсетуге, сабырлық танытып тағы да қашықтан жұмыс істеуге, таң атқаннан түнге дейін болса да еңбек етуге дайын. Мұндағы басты мақсат – балаларымыз бен оқушыларымыздың қамы, ұрпақтың денсаулығы.

Үйде отырған ата-аналар мұғалімнің жұмысы қаншалықты ауыр екенін сезінді, түсінді. Дегенмен кез-келген ата-ана үшін баланың денсаулығы бірінші орында! Сіз де – әкесіз!

Қазір дәстүрлі форматта оқуға қатысты шешім қабылданса – мектептер сатып алу рәсімдерін жүргізіп, қажетті санитайзер, кілемше, тағысын тағы сатып алатынын бәрі біліп отыр. Тіпті бір партада бір бала отырса да, сабақ саны қысқартылса да бала мектептен үйіне жетер жолда түрлі науқас жандармен кезігуі мүмкін немес үйінде ауырып жатқан туысымен байланыста болған соң, сыныптастарымен сағынысып көріседі. Тәуекелдер жетерлік.

Жоғарыдан тапсырма түссе мектептер санитарлық жағдайды күшейтуге әп сәтте дайын болады. Мұғалімдер үйреншікті форматта сабақ беріп, қиындық көрмейді. ДЕГЕНМЕН!!!! Баланың денсаулығына қауіп төнеді.

Жағдайдың тұрақталғанын күтейік. Сабыр сақтайық. Еліміздің мұғалімдерінің көпшілігі сабақты қашықтан беруге дайын. Біз еңбек демалысында болсақ та, жаңа оқу жылына қамданып жатырмыз. Ендеше неге бізге сенім артылмауы керек? Неге балалардың, оқушылардың денсаулыңына қауіп төндіруге жағдай жасауымыз керек? Өз қолымызбен мұндай қадамға бара алмаймыз! Одан да жұмыссыз, айлықсыз үйде отыруға көнеміз!
Бұл – жұмысы бірнеше есе қиындай түссе де, қашықтан білім беруге дайын, балалардың қамын ойлайтын мұғалімдердің жан айқайы!

Қазір Білім және ғылым министрлігі ғана емес, Интернетке жауапты министрліктің есебі тыңдалатын, жұмысы сарапталатын кез! Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі жаз бойы не бітірді? Алдымызға шықсын! Мектептерді компьютермен жабдықтауға әкімдіктер міндетті екенін бәрі біледі. Әкімдер не бітірді? Тек салалық министрлікке қарап, «прокатит» деп отырғандар есеп берсін! Денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кеңесі қайда? Санитар дәрігерлер неге үндемей отыр? Біздің талап – осы!

Оқыта білетін мұғалім қандай жағдай болмасын оқытады! Оқи білетін бала қандай жағдай болмасын – оқиды. Кезінде майшаммен де кітап оқығанбыз. Бірақ, денсаулық маңызды. Баланың денсаулығы – болашағымыздың денсаулығы.

Осы Үндеуді қолдайтын ұстаздар, ата-аналар, қоғам белсенділері лайк қойып, репост жасасын! #Балам_үйде_оқысын

Қазақстан ұстаздары.

Қол қою жалғасуда

Пікірлер
Редакция таңдауы