Азалы күннің ақ халаттылары кімдер?

3966
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық аза тұту күні азамызды азайта алмасы анық. Десе де «бүгінде медицина саласының, бір жыртығы болса жамайын, құлап бара жатса демейін, кішкентай шоқ көрсем үрлейін» деп жүріп, пандемиямен күресте өз өмірлерін берген дәрігерлердің еңбегін ескерусіз қалдырсақ, жүрегіміздің тас темірге айналғанының белгісі болар еді. Біз өйтпейміз.

Мейлі, қай елдің, қай жердің дәрігері болсын біз үшін қашан да жоғары тұратыны анық. Десе де ешбір медицина қызметкері жетісіп жүрген жоқ.

Мәселен, Италиялық дәрігерлер «Біздің әр күніміз - соғыс» десе, Қытайлық дәрігерлердің коронавирустан терісі тұтастай қарайып кетіп жатқан көрінеді. Ресейде өзге мемлекеттерге қарағанда қайтыс болған медициналық қызметкерлердің саны 16 есе көп екен. Ал Қазақстандық індетке шалдыққан ақ халаттылардың саны 5000-ға жетіп қалыпты.  Өткен аптадағы дерек бойынша, бір ғана Түркістан облысы бойынша нақты тест тапсырып, коронавирус жұқтырған 132 медицина қызметкері анықталған. 492 дәрігерге пневмония диагнозы қойылған. Ақтөбе облысы бойынша 100 дәрігер коронавирусқа шалдыққан. Бұл екі облыстың ғана статистикасы. Өкінішке қарай, өзге өңірлер де бұдан кем түспесі анық. Осылардың ішінен өз өмірінен науқастың өмірін жоғары қойып жүріп, жарық дүниемен қоштасып кете барған дәрігерлер саны да аз емес. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі дүниеден озған дәрігерлердің толық аты-жөнін жарияламай отыр.

Десе де көрінбейтін жаумен күресіп, алдыңғы шепте жүріп, ерлікпен қаза тапқан дәрігерлердің әзірге бір қатарының ғана есім-сойын назарларыңызға ұсына аламыз.

  • Қайрат Баймұханбетов
  • Әділжан Хамзин
  • Исаев Олег Николаевич
  • Қалихан Қозыбағаров
  • Кенбаева Роза Кеңесовна
  • Абдикулова Мариям Қабылбековна
  • Баландин Евгений Иванович
  • Бралов Хайрулла Бурханович
  • Мөлдір Ғазизқызы
  • Жәнібек Жумашович
  • Хасым Мамаев
  • Бауыржан Күрекбаев
  • Айбек Ибрагимов
  • Ләззат Салықбаева
  • Сапар Тулепов
  • Акзипа Тажденова
  • Любовь Владимировна
  • Баймахамбет Тажидин
  • Навруз Маннапов
  • Мухаббат Ризаева
  • Ян Рудольф Михайлович

Аты аталған медицина қызметкерлері екі жақты пневмония диагнозымен қайтыс болған. Олардың көбі хирург, педиатр, гинеколог, ультрадыбысты зерттеу бөлімінің дәрігерлері екен.

Солардың ішінде  "ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі" атанған, бар ғұмырын халық денсаулығын сақтауға арнаған, еңбекке қабілетті, мінезі көркем, ақкөңіл, жайдарлы Қарасайлық дәрігер Кенбаева Роза Кеңесовнаның, халық «Құдайдың бізге берген дәрігері» деп атайтын уролог, хирург, ғалым, педагог Әділжан Хамзиннің, Ақтөбе облыстық инфекциялық ауруханасының бас дәрігері Қалихан Қозыбағаровтың, Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері 56 жастағы Қайрат Баймұхамбетовтің есімдері бізге мәлім.

Мәселен, 36 жылдық дәрігерлік салада еңбек өтілі бар Қалихан Қозыбағаров Ақтөбе «Облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы»  ШЖҚ МКК  бас дәрігері қызметін ерлікпен атқарды.

Науқастардың айтуынша, Қалихан Қозыбағаров бас дәрігер болғанына қарамастан, күнбе-күн барлық палатаны аралап, емделушілердің хәлін сұрап, көңіл-күйлерін көтеруге тырысып баққан көрінеді. Тіптен Қалихан Қозыбағаров індет басталғалы бері үй көрмей, еңбек демалысынан бас тартып қызмет еткен.

Сондай-ақ, коронавирустық инфекциямен күресудің алғашқы күндерінен бастап Исаев Олег Николаевич өзінің кәсіби міндетін адал атқарған. Олег Николаевич үйінен кетіп, еркін  түрде ауруханаға келіп, жұмыс орнында 12 сағаттан астам тұрып, пациенттердің өмірін сақтап қалды. «Коронавирусқа шалдыққан адамдарға көмектесемін, Гиппократқа берген антыма адал болуым керек» деп жүріп, денесінің қорғаныш қасиеттерінің төмендеуіне әсер еткен үлкен психологиялық күйзеліске ұшырады. Нәтижесінде қызмет барысында жарық дүниемен қоштасып кете барды.

Марқұм болған қос дәрігердің атына ҚР президенті Қ. Тоқаевтың 13 шілдедегі қаулысы бойынша Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен жанқиярлығы үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылды.

Осы орайда «өздерінің өмірін бәске тігіп жүрген дәрігерлерге мемлекет қандай көмек беруде?» деген заңды сұрақ туатыны сөзсіз.

Денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, ақ халаттыларға материалдық үстемақы ретінде наурыз-маусым айларына 17 368 қызметкерге үш санат бойынша барлығы 2 867,1 млн. теңге берілген екен.  Ал бұл бір дәрігерге орта есеппен 165 000 теңге деген сөз. Ал індет күшейген маусым айынан бастап ше? Оларға мотивация ретінде қаншалықты сый-ақы тарту етілуде? Әлде жауырды жаба тоқи саламыз ба? Бұл сұраққа жоғарыдағылар жауап бере жатар. Біз тек індетпен күресте жанын салып жүрген дәрігерлерге мардымды жалақы төлеулерін талап ете аламыз.

Сонымен, бұрындары Алаштың бес дәрігері санатына Халел Досмұхамедов, Бақтығали Бисенов, Аққағаз Досжанова, Асылбек Сейітов, Әміре Айтбақыны жатқызушы едік, енді тұтас қазақ елінің жан сақтау саласының үздіктері ретінде, індетпен күресіп, ерлікпен қаза тапқан дәрігерлерді айта аламыз. Бүгінгі күннің жұлдыздары қызылды-жасылды, жылтыраққа құмар әнші емес, басқа емес, дәрігерлер болмақ!

Індеттің құрбаны болған ақ халаттылардың аруағы риза болсын, рухы жасай берсін! Қазақтың судай аққан аққан қан мен жасы осымен тоқтасын..

 

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер