"Халықты мазақ еткеніңізді доғарыңыз". Волонтерлер Алексей Цойға видеоүндеу жариялады

2387
Adyrna.kz Telegram

Аида Букаева есімді фейсбук қолданушысының парақшасынан  Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға видеоүндеу жарияланды. Олар министрге есеп бергендерге сенбеуін сұрап, қолымызда дәлелдер жеткілікті деді. Егер шұғыл шара қолданбасаңыз қолымыздағы барлық жазбаларды жариялаймыз деп бекініп отыр.

– Кезекте тұрғандар індет жұқтырып жатыр. Жүйкелері тозған. Халық дәрі іздеп қалада сабылып жүр. Сұраныстың көптігі сонша бұрын 300 теңге тұрған таблеткалар қазір 25 мың теңгеге жетті. Шара қолданыңыз, қолдана алмайсыз ба, онда орныңызға мәселені шешетін басқа адам келсін. Халықты мазақ еткеніңізді  доғарыңыз, – деді еріктінің бірі.

Келесі волонтер елдегі осы жағдайды пайдаланатын алыпсатарлар байып қалуды көздеп отыр деп есептейді. Ол мұндаймен айналысып жүрген адамдарды тізімдеп, әрқайсысын әшкере ету керек деген пікірде.

– Бүгін ғана Мәскеуден гуманитарлық көмек келгенін көріп отырмыз. Біз осы дәрілердің ауруханаға, науқастарға жетуін қадағалаймыз. Әр палатаны аралап, видеорепортаж түсіреміз. Егер азаматтарымыз дәрі тапшылығынан ажал құшатын болса, орындарыңызды босатыңыздар! Біз қазақстандықтардың қырылғанына жол бермейміз. Олардың ақшасы, жұмысы, енді міне, денсаулығы да жоқ. Осы күйге  қалай түстік? Халық қырылып жатқанда, мыңдаған шаршы метрлік мейрамханалардың керегі қанша? Ертең адамдардың барлығы қайтыс болатын болса, оларға кім барады? Басқа планетадан әкелесіздер ме?! Шұғыл түрде шара қолданыңыздар. Стационарларды қарапайым қажеттіліктермен, сумен, қымызбен, нәрлі тамақпен қамтамасыз етіңіздер. Бұл сондай қиын ба? Біз жылдар бойы ешнәрсе сұрамай келдік. Енді науқастарды, медицина мамандарын қолдауды сұрап тұрмыз, –  деді келесі ерікті.

Дәрігерлер жылдар бойы шағымдана алмайтындай жүйе құрып тастады дейді тағы бірі. Қазіргі жағдайды геноцитке теңеді.

– Шұғыл шара қабылдаңыз! Қабылдамасаңыз, біз қолымызда бар барлық айғақты жариялаймыз.  Бұл – "бомба" болады. Дәрігерлерді мазақ ету тоқтатылсын!, – деді ол.

 

Пікірлер