Ленин: Бәйбішесі мен көңілдесі тату құрбы болған

9483
Adyrna.kz Telegram
Өмір деген қызық қой. Бәріңіз білетін Лениннің бәйбішесі мен көңілдесі тату құрбы болған, күйеуі мен көңілдесі көз жұмғаннан кейін бәйбіше көңілдестің балаларына қарайлаған, ал ол балалар қартайғанда бәйбішені баққан дегенге сенесіз бе? Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, аңызы бар, ақиқаты бар, тарих солай сыр шертеді. Ендеше оқыңыз...
Коммунистер көсемінің өзі қыз-келіншек құлай ғашық болатындай келбеті келіскен, сымбаты сымдай адам болмаған. Тілі сақау, бойы 164 метр. Тіпті қырық жасына дейін жарытып ақшаға таппаған, шешесінің соңғы тиынына дейін сыпырып алып отырған.
Соған қарамастан оны жалғанда риясыз сүйген жалғыз адам болса - ол жары Надежда Крупская. Коммунист, марксист, педагогика ғылымдарының докторы, білімді, өте белсенді әйел. Олар 1894 жылы «Күрес одағын» құру кезінде танысып, табысады. Лениннің бәйбішесіне деген шынайы сезімі қандай болғаны беймәлім, ал Крупская оны жан-тәнімен сүйген, Құдайындай табынған. Лениннің революциялық жолында сенімді серігі, хатшысы, оң қолы болып, бар ауыртпалығын көтерген. Оның қатыгездігіне де, әділетсіздігіне де, әйелдік намысын таптағанына да көз жұмған. 1898 жылы Ленин жер аударылып, айдауға жіберілетін кезде екеуі бірге кету үшін шіркеуде некелерін қияды. Неке жүзігін айдауда жүрген достарының бірі бес теңгелік мыс тиындардан жасап береді.
Бірақ екеуі қанша қаласа да сәби сүйе алмаған. Көп деректе түрмеден түрмеге айдалып жүргенде жағдай болмай, ауруға бой алдырған Крупскаяның денсаулығында кінәрат болған дейді. Ал қайсы бірі Лениннің белсіз болғанын айтады.
Тіпті олардың арасында интим де, жұбайлық сезім де болмапты-мыс. Ленин бәйбішесіне әйелден гөрі, адал дос, өмірлік жолдас, сенімді серік ретінде қараған. Крупская үй тірлігін де, ас әзірлеу сынды әйелдік міндеттерді де жарытпаған адам. Ал Ленин ішіп-жем мен күтімде, тұрмыста өте қарапайым, аскет адам болғандықтан оған аса мән бермеген.
Ленин Парижде Инесса Армандпен танысады. Ол кезде Ленин 39-да, Инесса Арманд 34-те. Инесса 19 жасында Александр Армандқа тұрмысқа шығып, тоғыз жыл тұрып, төрт баланы өмірге әкеледі. Кейін күйеуін тастап, 18 жастағы туған қайнысы Владимир Армандқа қосылған. Оған бір ұл туып береді. Жас қайнысы көп ұзамай көз жұмған.
Содан не керек, Ленин мен Инессаның романы бақандай бес жылға созылады. Надеждаға қарағанда, Инесса әйелдік міндеттің бәріне епті, нәзік, ашық-жарқын, нағыз көңілдес рөліне лайық сылқым, әйел жаратылысының әдемі үлгісі болған дейді деректер. Бір қызығы Ленин бұл жүрісін бәйбішесінен жасырмаған. Оны маңайындағылардың бәрі білген. Олардың романы «бір түрлі үштік» деген атауға ие болады. Осы кездері Надежда Ленинге Инессамен бірге қал деп, талай мәрте ажырасуға ұсыныс жасаса да, Ленин көнбей, Надежданы жібермей қойған. Уақыт өте келе оған бәйбішенің де еті үйреніп, соңында қос келіншек тату құрбыға айналады. Бес жылдан кейін қызметіне байланысты екі әйелдің біріне таңдау жасау керек болғанда «күн көсем» көңілдесін жіберіп, бәйбішесімен қалады. Бірақ Инессамен өмірінің соңына дейін байланысын үзбеген. Инесса да өте белсенді, білімді әйел. Лениннің жұмыстарын француз тіліне аударып, шетелде жариялап, ел сыртындағы талай шаруасын тындырып отырған.
1920 жылы Инесса, 1924 жылы Лениннің өзі дүние салады. Бәйбіше күйеуінің соңғы күндеріне дейін адал қызмет етіп, ақтық сапарға шығарып салады. Өлерінде Ленин бәйбішесіне Инессаның бірінші некелерінен туған балаларына қарайласуды тапсырады. Надежда Крупская ерінен кейін 15 жыл өмір сүрген. Ерінің аманатын орындап, Инессаның кіші балаларын Ресейге көшіріп алып, ер жеткенше қарайласады. Өмірінің соңғы жылдарында Инессаның қызы сырлас құрбысына айналып, күндерін бірге өткізеді.
Жалпы Лениннің әйел затымен қарым-қатынасына қатысты алып-қашпа әңгіме көп. Өмір бойы жанында ер адамдар емес, әйел заты көп болған. Шешесі оны 40 жасына дейін айтқанын екі етпей, өбектеген. Ешбір қара жұмысқа ебі жоқ ұлы оқуда, жер-жерде айдауда жүргенде тіпті кітап сатып алуға ақшасы болмай қалса дереу шешесіне хат жазып, ақша сұрататын болған. Мұндай қамқорлықты қалыпты жағдай көріп кеткені соншалық ең болмаса шешесіне жазған хаттарында рахмет айтуды да білмеген. Күрес жолында жолдастарына да, саясаттағы достыққа да сенбеген ол әйелдерге көбірек сенім артса да, оларға еркек ретінде қызығушылық танытпаған, сезімде өте ұстамды болған деседі.
Ленин туралы қызық фактілер:
Көңіл-күйі өте құбылмалы адам болған.
Мысықты жақсы көрген, суреттерді қараңыз.
Шарасыздықтан, сал болып қалудан қатты қорыққан. Сол себепті ауырып жүрген кезінде Сталинді шақырып алып, есінен алжасардай күн туса ішу үшін өзіне у әкеліп беруін сұраған. Сталин уәде берсе де, бұл уәдесін орындамаған.
 Жас кезінде бір шаруа оған «Мойның тым қысқа, миыңа қан құйылып өлесің» деген екен... Өлімінің ресми нұсқасында да осы себеп көрсетілген.
P.S.: Матрицасында төрт екілік, үш төрттігі бар. Энергиясы өте көп, аурасы ауыр, мақсатшыл, физикалық жағынан да, моральдық жағына да өте төзімді адам. Жұлдызы – қырсық, бірбеткей, табанды торпақ.
Ақбота Әбілтай
Пікірлер