Тіл үшін төбелес

1391

Тіл, жер үшін төбелес әлемнің барлық парламентінде болып тұрады. Тіпті жаға жыртысып, жұдырық жұмсайтындардың әрекетін ақырғы қадам деп түсіну керек.

Кешелі-бері Украинаның Конституциялық парламенті «Мемлекеттік тіл ретінде украин тілінің қолданысын қамтамасыз ету туралы» заңның қаншалықты дұрыс екендігін қайтадан қарап жатыр. Украинаның Жоғары Радасындағы Ресейге бүйрегі қатты бұратын «Оппозициялық платформа» партиясы  Конституциялық сотқа шағым түсірген. Олардың ойынша,

«экс-президент Петр Порошенконың кезінде қабылданған бұл заңды қайтадан  қарау керек. Өйткені бұл заң Украинадағы орыс ұлты мен саны жағынан азшылық саналатын елдегі этностың мүддесін көздемейді». Ресейшіл топтардың ойынша, «елдегі халықтың 54 пайызы орыс тілінде

тұрақты сөйлейді және оны күнделікті өмірде қолданады».

Ал Украинаның Қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алексей Данилов елде екінші мемлекеттік тіл ағылшын тілі болуы қажет» деп отыр.  Ресейшіл «Оппозициялық платформа» тобы «бұл демократиялық құндылықтарға мүлде қайшы келеді. Орыс тілінде сөйлейтін 54 пайыз халықтың мүддесі ескерілуі керек» деп айтқанынан қайтар емес.

Елді кім басқарса, саясат солай қарай бұрылады. Экс-президент Петр Порошенконың кезінде Украинаның №1 қас жауы Ресей және оның басшысы Путин саналды. Ал бүгін...

Украинада тілге қатысты кейбір мәселелер енді қайта көтеріліп жатыр. Оған астыртын су бүркіп отырған басқа емес,  ресми Мәскеу. Қазіргі президент Влавдимир Зеленскийдің тіл саясатындағы солқылдақтығы да бұған себеп болып отырған сияқты.

–Тіл туралы заңның жобасына 2 мыңға жуық өзгерістер енгізілді. Қабылданған бұл заңның салдары қалай болады, оны болжау қиын»,- деген болатын ол президенттік сайлауға түсер алдында. Ал Ресейге қашқан экс-президент Виктор Януковичтың тұсында қабылданған «Тіл туралы» заңда орысша сөйлейтін азаматтарға кең мүмкіндік берілген. Тіпті «Аймақтық тіл туралы» заң да қабылданған. Қазір де тілге қатысты «Ұлттық азшылық туралы» заң жобасын қабылдау туралы мәселе қайта көтерілуде.

Жалпы Жоғары Радада тіл мәселесіне қатысты  мәселе оқтын-оқтын көтеріліп тұр. Өйткені қазіргі Рада Петр Порошенконың кезіндегідей емес. Мұнда Путиннің позициясына, орыс тіліне бүйрегі бұратын топтар баршылық.

Бүгінгі болып жатқан тілге қатысты процестерге қатысты бұрынғы президент Петр Порошенко «Тілмен күресіп жүргендер Украинаның қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Олар  – агрессор Ресейдің айтағына еріп жүргендер. Біз кезінде қабылданған заңда елдегі барлық тұрғындардың мүддесін ескердік. Тек қана Мәскеудің көзқарасын қабылдамадық»,- деді.

Осыдан екі күн бұрын жүргізген Киевтегі Халықаралық институттың сауалнамасына сенсек, елдігі халықтың 55 пайызы «болашақта барлық салада мемлекеттік тіл укриан тілі боларына кәміл сенеді. 29, 8 пайызы екінші мемлекеттік тіл орыс тілі болуы керек» деп санайды. Сонымен қатар, «27 пайызы бұл тәуелсіз мемлекетке қауіп төндіреді», - деген пікірде. Бір қызығы, сауалнамаға жауап бергендердің 48, 8 пайызы «орыс тілін тарихи мұра ретінде сақтап қалып, дамыту керек» деп жауап берген.

Сөйтіп, Жоғары Рададағы «Оппозициялық платформа» тобының 51 депутатының орыс тіліне қатысты шағымы  алдағы екі күнде Конституциялық сотта қаралмақ.

Кеше Украинаның саяси ток шоуын жүргізуші Остап Дроздов елдегі орыс тілінде сөйлейтін тұрғындарды «бір клеткалы адамдар» деп атады. Дроздовтың ойынша, «елдің әрбір тұрғыны тек қана украин тілінде сөйлеуі керек. Орыс тілінде  сөйлеу міндетті емес. Орыс тілін екінші мемлекет тіл ету елге төнген үлкен қауіп»- деді.

... Бұл – Украина. Ал қазақтың бүгінгі орысқұл билігі украин шенеуніктері сияқты батыл емес. Қазақ тілі туралы мәселе көтермейді, Ана тілінде еркін сөйлей де алмайды. Патриоттығы жоқ. Біздің Ата Заңда мемлекеттік тіл сөз жүзінде ғана қалып тұр. Қазақ билігінде отырғандар ана тілінде сөйлеуге мүдделі емес. Тіл үшін «төбелес» жоқ. Ең қиыны да сол...

Еркін Қалдан,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар