Қазақтың "Қыз Жібегі": Елбасы - Араша!

6629

Қазақстан Республикасының

                                                           Тұңғыш Президенті - Елбасы

                                                           Нұрсұлтан Назарбаевқа

А Р А Ш А    Х А Т

Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Бүгінгі сексеннің сеңгіріне толған туған күніңіз құтты болсын! Қазақстанымыздың тәуелсіз мемлекет, біртұтас ел ретінде біртуар болмысымен әлемге танылғаны, жүрегі «Ел» деп соққан Өзіңіздің ерен еңбегіңіз бен жасампаз істеріңіздің арқасы. Халқымыздың қазіргі бақ-қуатты өмірі, баянды болашағы үшін бүкіл саналы ғұмырыңызды арнап, азаматтық қажыр-қайратыңызбен еңбек етіп келесіз. Сіздің сындарлы саясатыңыздың арқасында Қазақстанымыз беделді де абыройлы, әлемдік қауымдастық мойындаған, жедел дамудың даңғыл жолына түскен елдердің қатарына енді. Халықтың Өзіңізге деген сүйіспеншілігі де ерекше. «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» деген қанатты сөздің халықтың жүрегінен берік орын алуы - соның айқын дәлелі. Қай мемлекетке барсақ та жүзіміз жарқын, бейнеміз асқақ.

Өнер мен халық – егіз  ұғым. Сондықтан өнер әлеміндегі дарындар халық арасынан шығады. Сізге осы үлкен өтінішпен жүгіне отырып, әділетсіздіктің құрбаны болып отырған, болашағанынан зор үміт күттіретін талант иесі, бүгінгі күні тағдыры қыл үстінде тұрған Әліби Қаныбекұлы Өтепберген есімді жас өреннің тағдырына араша сұраймын!

Әлібиді – өзімнің рухани балам деп есептеп, өнердегі Анасына айналдым. Өнер-білімге деген таланты мен қабілетін, құштарлығы мен зияткерлігін былай қойғанда, шеберханамыздың старостасы ретінде бірге оқитын достарына, өзінен кіші оқитын іні-қарындастарына деген мейірімі мен жанашырлық сезіміне, ұйымдастырушылық қабілетіне куәміз. Жүрегінде тазалық пен әділдікті ту еткен, адамгершілік асыл қасиеттері мол, болашағынан зор үміт күттіретін Әліби Өтепберген тоғыз ай өтті, темір торға жазықсыз қамалып, бозторғайдай шырылдап отыр. Мен де ботасын жоғалтқан аруанадай жаным – жабырқау, жүрегім – жаралы.

Қазақ Ұлттық өнер университетінің 3 курс студенті бола жүріп, каникул кезінде бауырларына көмектесу үшін, қосымша қаражат табу мақсатында 2019 жылдың  шілде айында өзінің туып-өскен Ақтөбе облысындағы «Восток-Ақбөбек» жазғы лагеріне тәлімгер болып орналасып, қызметіне кіріскеннен кейін 4 күннен соң, жасөспірім балаларға азғындық жасады деп айыпталып, биылғы жылдың 26 наурыздағы Ақтөбе қалалық мамандырылған сотының Үкімімен 10 жыл жазаға кесіліп отыр. Бұл өте ауыр жаза!

Сізге жүгінбес бұрын сот Үкіміне қатысты Әлібиді басынан бастап қорғап келе жатқан қорғаушылары мен басқа да елімізге белгілі кәсіби заңгер, мамандардың пікірін білдік. Барлығы бір ауыздан Үкімнің заңсыз екендігін, Әлібиді кінәлі деп танып соттауға жеткілікті дәлелдердің жоқтығын, керісінше оны толықтай ақтау керектігін айтуда.

Кеңес берген заңгерлердің бірауыздан айтып отырғаны, сот үкімі - көзге ұрып тұрған қарама-қайшылықтар мен заңсыздықтарға толып тұр. Анасыз өскен Әлібиімді тағдыр бір жылатты, ендігі жерде жүрегі мейірімге толы өнердегі балапанымның жасамаған қылмысы үшін жазықсыз сотталып темір торда  жылайтыны – жаныма батып отыр.

Ал өнерінен бөлек, отбасы мен ұстаздарынан алған тәрбиесі мен адами қасиеттері мол - жас.

Әліби Өтепберген – ұлы даланың рухани құндылықтарын, ұлтымыздың тамыры тереңде жатқан моралы мен этикалық қағидаларын бойына сіңіріп өскен тәрбиелі, өнегелі жас екеніндігіне сендіреміз.

Әліби Өтепберген – болашақ қазақ өнерінің қайраткері, жүрегі «Ел» деп соққан мемлекетшіл жас тұлға.

Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Сізден Әліби Қаныбекұлы Өтепбергенге қатысты қылмыстық ісіне араласып, Қазақстан Республикасының Елбасы - Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде әділетті үкім шығарылуына көмектесуіңізді өтінеміз!

 

 Зор өтінішпен,

 Меруерт Өтекешова, «Қазақтың Қызжібегі», Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері

 

және еліміздің өнер қайраткерлері:

 Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық артисі, Қазақстан Театрлар Ассоциациясының төрағасы

 

Айман Мұсақожаева, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық артисі, Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

Ескендір Хасанғалиев, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

Майра Илиясова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері,

 

Қанат Айтбаев, Мәдениет қайраткері

 

Светлана Айтбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Асхат Маемиров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Философия докторы, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры

 

Қарақат Әбілдина, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Меруерт Түсіпбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты

 

Алтынай Жорабаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері,

 

Алтынай Нөгербек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Нүркен Өтеуілов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы