Әділет Ахметұлы. Абыз анамен қоштасу

517

Арғы әлемге аттанды бір ұлы адам,
Нүктесін қойды бүгін ұлы роман.
Алтын жаны жаралған ізгіліктен,
Асыл рухы жаралған шұғыладан.

Рабиға – данамыз, анамыз ғой,
Даңғыл жол салып кеткен дара абыз ғой.
Алаштың арыстарын айтып жүріп,
Ақыметті ақтаған қара қыз ғой.

Қазақтың Ана – Тілі, Тіл – Анасы,
Текті өлкенің теңдессіз ғұламасы.
Қазасын көтере алмай қарт абыздың,
Қайғының нілін жұтып тұр Алашы.

Тұлғасы тотықұстай торғын еді,
Көңілі тау суындай мөлдір еді.
Қазақтың тілі үшін шырылдады,
Бойынан үзілгенше соңғы демі.

Рухы шын ғалымның көкке өрледі,
Жылайды өскен жердің бөктер, белі.
Таңдайына қышқылдау тиді абыздың,
Тетелес қос ғасырдың көп кермегі.

Бір басында данышпан көрегендік,
Тұлғасында тазалық, ерен ерлік.
Аналардың арқасы емес пе еді,
Ана тілге әперген Егемендік.

Мінезі айғағы еді туралықтың,
Айбаты бейнесіндей шуда бұлттың.
Қызы болып туса да бір халықтың,
Анасы боп аттанды туған ұлттың.

Жыраулардың жырындай екпінді еді,
Махамбеттің жүзіндей кескінді еді.
Жеріне сая болар емен еді,
Еліне еңбек етті ес білгелі.

Бала күнін айтатын Ойылдағы,
Су төгілмес жорғадай ой ырғағы.
Әділдікпен ғылымға кірген жанды,
Ғалым біткен талассыз мойындады.

Аттанды тоқсан бес жыл тойын көріп,
Құдай да құрмет қылған зейін беріп.
Рухыңыз туған елге қарап тұрар,
Бейіштің қақ төрінен мейірленіп!

Әділет Ахметұлы, ақын,

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің қызметкері

Пікірлер
Редакция таңдауы