Шымкентте атмосфералық ауаның жай-күйін көрсететін LED экрандар орнатылады

2412
Adyrna.kz Telegram

 

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінде Шымкент қаласы Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ахмет Татыбаевтың қатысуымен атқарылған жұмыстар және жоспарлар бойынша брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Ахмет Өтегенұлы аталған басқарманың 6 айлық жұмысын қорытындылап, алдағы жоспарлары жайлы айтты.

– 2020 жылы қоршаған ортаға эмиссия үшiн төлемдер түсімі 975,916 млн теңге көлемінде жоспарланып, осы жылдың 5 айында нақты өндірілген төлемдер 440,5995 млн теңгені құрады. Яғни, жылдық жоспар 45,15 пайызға орындалды. Ал алты ай қорытындысында бұл көрсеткішті 50 пайыздан асырамыз деп отырмыз. Қазіргі таңда біздің басқармаға қарайтын «А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мен «Жасыл белдеу» мекемесі бар. Өздеріңізге мәлім, бүгінге дейін «Дендросаябағының» жағдайы мүшкіл болған. Саябақта 1979 жылы 560 ағаш түрі болса, бұл күнде 200-дей ғана ағаш-бұта түрі қалған. Яғни, «Қызыл кітапқа» енген ағаш түрлері де бар. Осы олқылықтардың орнын толтырып, бүгінгі таңда ағаш түрін 350-ге жеткіздік. Алдағы екі жылдың ішінде бұл көрсеткішті 560-қа жеткіземіз. Одан бөлек, биыл саябақта басқа да жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, веложол төселіп, 673 жарық беруші қоюдамыз. Мұны жыл соңына дейін аяқтаймыз деп отырмыз. Сондай-ақ, әбден тозығы жеткен суғару жүйесіне қаржы бөлініп, суғару жүйелері толық орнатылады», – деді басқарма басшысы.

Аталған брифинг барысында А.Өтегенұлы басқармаға қарасты «Жасыл белдеу» мекемесі жайында сөз қозғады.

– «Жасыл белдеу» – қаламыздың өкпесі. Сол себепті бұл қала әкімінің қатаң бақылауында. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін қаланың сыртындағы жасыл белдеу толығымен орындалады. Мұның барлығы Үкіметтің қаулысымен шаhардың даму жоспарындағы 85-тармағында бекітілген. Осы орайда атқарылған жұмысымыздың бір бөлігін жеткізе кетсем, Достық мөлтек ауданы, Ақбосаға көшесіндегі 900 м жол бойына отырғызылған ағаштарға күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. 1600 дана раушан гүлдері, 300 дана бозарша, 773 дана жай жапырақты ағаштарының түбін қопсытып, суғару шұңқырлары жасалып және ағаштар суғарылды. Сондай-ақ, осы жылы орман және дала алқаптарында өрт ең көп болатын жерлерге қосымша 2 бекет ұйымдастырылды», – деді А.Татыбаев.

Брифинг соңында басқарма басшысы Шымкент қаласы бойынша атмосфералық ауаның жай-күйі жөнінде халықты хабардар етуді қамтамасыз ету мақсатында қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, 2 дана LED экранды орнату үшін қала аумағынан жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Айта кетейік, осы жылдың алты айында «А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағына» 101 578 демалушы келген. Нәтижесінде, жергілікті бюджетке 2 803 225 теңге салық төленген. Саябаққа кіру ақысы – 26,51 теңге. Ескертетін жайт, карантин режимі сақталуына байланысты саябақта ұсынылатын ақылы қызмет түрлері жүргізіліп жатқан жоқ.

Шымкент 

Пікірлер