Көне шаһардан мәдени астанаға дейін

4880
Adyrna.kz Telegram

Шымкенттің туристік маңызы өте үлкен: бұл Ташкент, Бішкек және Қазақстанның солтүстік өңірін қосатын торап. Инфрақұрылымы дамыған ірі қала. Еліміздің үшінші мегаполисінде туризмнің дамуына көптеген факторлар ықпал етеді: жылына 300 күн жылы ауа-райы, табиғи-климаттық аймақтардың алуан түрлілігі. Ұлы Жібек жолы бағытында ірі тарихи қалалардың (Түркістан, Тараз, Ташкент, Самарқанд және т.б.) жанында оңтайлы орналасуы. Енді мұның бәріне Шымкенттің ТМД 2020 жылғы мәдени астанасы» деген дәреже-дәргейі қосылды. Мәдени астана енді өзінің бәсекелестік артықшылықтарын пайдалана отырып, бүткіл Қазақстан, қала берді  ТМД мемлекеттері үшін мықты тірек, туристік орталыққа айналып келеді.

Шымкент – мен үшін анамның ыстық алақаны. Қуат алатын киелі мекен. Бұл ыстық тандыр нан мен көк шәй. Шымкент, ол – менің ең қонақжай достарым. Бала кезден естіп келе жатқан бесік жыры. Бұл – бақытты балалық шақ. Бұл – менің жүрегімнің көктемі. Көктемнің бастауы – Шымкентте Мәдени астана жылына орай 34 маңызды мәдени іс-шара өтуі жоспарланған еді. Әлемде қалыптасқан пандемиялық ахуалға орай барлық жоспар кейінге шегерілді.

Ал «Шымкент-2020 – Тәуелсіз мемлекеттер достастығының мәдени астанасы» жылының ашылу салтанатын аман-есен өткізіп алдық. Құдайға шүкір дейік, әлем елдерінің алдында басымызды тік көтеріп, «Шымкент – ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы» деп ұялмай айтатындай жоғарғы деңгейде өтті. Үйден шықпай, онлайн тамашаласақ та, туған қаламыздың төрінде шалқып жүргендей марқайып отырдық. Ең бастысы, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мейманасы тасыған Шымқаланың шырайын арттыратын шуақты тұлғалар мен көрікті жерлерімізді кереметтей көрсете біліпті.

Бағдарлама  «Интро», «Ұлы мұраның бастауы», «Ұлы Жібек жолы – Шығыс пен Батыс арасында» және «Шымкент – аңыздар қаласы», «Қазақ халқының ағартушылары», «Менің Елiм» деген бөлімдерден тұрады.

Көрсетілімнің алдында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің бейнеүндеуі көрсетілді.

–Қазақстандағы мегаполистер қатарындағы шырайлы Шымкент мәдени астана ретінде бекер таңдалған жоқ. Шымкент еліміздегі ең үлкен үш қаланың бірі. Сондай-ақ ірі өнеркәсіптік және экономикалық орталық. 2018 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды. Сол сәттен бастап жаңа мүмкіндіктер ашылып, биік белестердің дәуіріне жол салынды. Бұл тұрғыда қаламыздың көне Жібек жолының бойында орналасуы және географиялық ыңғайлылығы сауда мен бизнесті, мәдениетті өркендетуге үлкен мүмкіндіктер беруде. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шымкенттің келешегі жарқын, жергілікті тұрғындардың үштен бір бөлігі жас буын өкілдері. Сондықтан шаһарды жастар қаласы деуге болады. Ерекше мәртебеге ие болған Шымкент еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында айрықша рөл атқарады» деп атап өтті. Біз миллионды мегаполис тұрғындарымен бірге сүйікті қаламыздың баянды болашағы үшін жұмыла жұмыс істейтін боламыз.

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Шымкенттің тарихы тым тереңде жатыр. ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының шешіміне сәйкес шаһардың көне ғасырлар қойнауында жатқан 2200 жылдық тарихы анықталды. Шымқала меймендостығымен, салт-дәстүрге беріктігімен тартымды. Енді қонақжай, мәдени астанада күн сайын маңызды іс-шаралар мен түрлі форумдар өткізілетін болады. Қадірлі ағайын! Шымкентте орналасқан мәдени нысандар – музейлер, театрлар, саябақтар мен заманауи демалыс ойын-сауық орындары сіздерді асыға күтуде. Мүмкіндік болса, сіздерді шырайлы шаһардың шуақты шаттығын бірге тамашалауға шақырамыз. Шымкент қаласына қош келдіңіздер! - деді ашылу салтанатында сөз алған қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.

Көрсетілімдегі басты кейіпкер – қыз, Шымкент қаласының тұрғыны, таңертеңгі күн сәулесімен далаға қарай жүгіріп, қолында іс-шара логотипі бар батпырауықты ұстап тұрады. Осылайша, өңірдің табиғи сұлулығы – оның жайлауы бар ландшафты, қар басқан таулар мен қаланың көрікті жерлерінің суреті Мәдениет астананың көркін ашты. Шығармада елдің ұлттық және мәдени ерекшеліктерінің шығу тегі, тамыры туралы айтылады. Ұлы тарих пен аңыздардан тұратын қазақ даласы басты образға айналады.

Оның ішінде 2014 жылдан бастап Шымкент тұрғын алабы болған, қазіргі уақытта Сайрам, ежелгі Исфиджаб - халықаралық магистральдағы ірі сауда және мәдени орталықтың тарихы көрсетілетін болады. Сондай-ақ, 2200-жылдығы ЮНЕСКО-ның 2020 жылғы атаулы күндер халықаралық күнтізбесіне енгізілген Шымкенттің тарихы да көрсетіледі.

Телевизиялық жобада ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев те Шымкенттің ТМД елдерінің мәдени астанасы мерекесінің салтанатты рәсімінде қуанышымызға ортақтасып, бейнеүндеу жолдапты.

–Қала тұрғындарын осынау айтулы мерекемен және негізі қаланғанына 2200 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мерейтой ЮНЕСКО-ның атаулы мерекелер тізіміне енген. ТМД елдерінің мәдени астанасы ретінде бұған дейін де Қазақстанның екі қаласы, 2012 жылы – Нұр-сұлтан, 2014 жылы – Алматы қалалары  жарияланған еді.  Бүгінде бұл құрметті эстафетаны Қазақ елінің тағы бір шуақты, жылы, жомарт Шымкент қаласы қабылдап алуда. Бұл көне қалада дала көшпенділері мен Шығыстың жергілікті отырықшы тұрғындарының өркениеті бағаланып келеді. Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қаланың тарихы архитектуралық қасиетті жерлерде көрініс тапқан.  Кереметтей бұл қала сирек адамдар мен көрнекті орындарды көше аттары арқылы көздің қарашығындай сақтап келеді.  Сондай-ақ келуші туристерді өзінің табиғатының таңғажайып сұлулығымен, саялы саябақтарымен, табиғи қорықтарымен, қайталанбайтын аумағы мен жануарлар мен өсімдіктер әлемінің алуандығымен таңғалдырып келеді. Қала қонақтарын театралды және опералық өнер конкурстары мен «Шымкент – қызғалдақтар отаны» атты суретшілер мен фотографтар байқауы, «Ұлы Жібек жолы» қолөнершілер байқауы, эстрадалық орындаушылардың бірінші халықаралық «Душа Евразии» концерті және т.б. көптеген іс-шаралар өткізілмек. Мәдени астанаға орай өткізілетін іс-шаралардың барлығы да Қазақстанның мәдени деңгейін өсіруіне үлкен септігін тигізетініне күмәнім жоқ. Барлығыңызға денсаулық, жақсылық пен сәттілік тілеймін, - деп ағынан жарылды.

Жобаның теленұсқасында көрермендердің назарына ежелгі ұлы ойшылдар мен тұлғалар шықты: Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Яхмет Яссауи, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири, Әйтеке би, Ұмай ана, Домалақ ана, Абай Құнанбаев, Шәмші Қалдаяқов. Сонымен қатар, Шымкенттің ең әдемі орындары мен көрікті жерлері көрсетілді.

«Байтақ ел, жазира көк аспан, бастары қар жамылған асқар таулар – бәрі де бабамыздан қалған ұлы аманат. Ұлы дала – біздің  ұлы дастанымыз. Осындай ұлы өлкеде туып, өмір сүру – бізге берілген бақ. Ата-баба дәстүр-салтын сақтаған мәңгі елдің ұландарына туған жерден артық қандай саябақ болсын?! Сол туған жердің мейірімін саялап, ғибратпен шежіресін ардақтап, жүрегімізде мәңгі аялап өтсек не арман?! Біздің басқан әрбір қадамымыз Шымқалаға аян. Жаңа дәуір, жаңа заман, жаңа күн туғанда, ғаламға даңқы кеткен анамыз да, панамыз да өзіңсің, Шымкент! Өзіңнен туған ұл-қыздарың аманда дидарыңа қылаудай мұң түсірмес». Түсіруші топ кішкентай қыздың образы арқылы жүректен шыққан осы шынайы лебізді жеткізгісі келіпті. Ойдағыдай жеткізіпті де.

Одан кейін Абыз ақсақалдың қобыз үні Көк Тәңірі мен Күн нұры боп таралады. «Қара қобыз Тәңірменен тілдескен, қара қобыз тіршілікпен үндескен.  Көк Түріктің көкжал туған ұлдары, Көк Тәңірдің алғауымен күн кешкен. Қожахмет, Қадырғали, Жалаири, Әл-Фараби, Баласағұн, Қашғари. Һәм данышпан дара тұлға Дулати, Алаш туған асыл ұлдар аспани. Ұрпақ үшін құрбан болған жандары. Қасиетті қайта тумас нар бәрі.  Бәйдібек би, Төле, Әйтеке,

Қазбек, Әруақты қазағымның хандары. Арман қуып ақ қанатын талдырған, Ақ қанатын азап-мұңға малдырған. Ұлы дала ұлдарына мың рахмет. Ұрпақ үшін ұлы мұра қалдырған».

2200 жылдық шежірелі Шымкент

Басты кейіпкер – кішкентай қыз сценарий бойынша  Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қалаға келеді. «Шымкент Ұлы Жібек жолындағы, адами парасаттың шаңырағы. Айта алмас бұл шаһардың нарқын адам, еңбекпен бой көтерген халқы әман. Шымкент Ұлы Жібек жолындағы, секілді гаухар жүзік жарқыраған».

Бауыржан Байтанаев, Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Шымкенттің 2200 жылдығын тойлау Мәдени астанамен тұспа-тұс келгендігін, көне қаланың б.з.д. ІІ ғасырда Ұлы Жібек жолының бойында пайда болғанын, археологтардың Қазақстандағы облыс орталығында тарихи өзегін сақтап қалған жалғыз қаладағы Цитадельді зерттеу барысында қайталанбайтын құнды материалдар тапқанын тілге тиек етті.

–2003 жылы қалашықты аршу жұмыстарынан кейін тарихшылар Шымкенттің тарихи жасы 2200 жыл деген байламға келді. Шымкенттің көне қала деген дәрежесі бар. Ол Ташкенттің құрдасы саналады. Ол кезде шекара болмаған, қос халық қоян-қолтық араласып тұрған. 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы, бұл да – заңды құбылыс. Шымкент мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан өзіндік мәдениеті бар, қайталанбайтын дара қала.

Қаланың Нуджикент немесе Навчекак деген де екінші атауы болған. Қытайлық жазба әдебиеттерде Нуджицзян делінеді. Мұсылман әлемінің шығыс бастауында қорғаныс бекінісі болған. Бұл жерде сенім үшін соғыс жүрген. 1300 жыл бұрын қалыптасқан экономикалық зона болған. Шымкент отандық тарихымызда сипатталған, сипатталып үлгермеген қалалардың бірі, - деп 2200 жылдық тарихи жылнамамыздың қалай жазылғанына тоқталды.

...Ана – Жер бетіндегі ұрпақты таратушы. Ана – ұрпақ тәрбиесіндегі тәлімгер. Шығармашылық топ «Әр қазақ анасын ардақтасын!» деген ойды әсем әнмен ақ жаулықты ананың кейпінде береді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыс ақыны Ақмарал Леубаева ақ жаулығын жамылып, шұрайлы, шырайлы елдің шаттығына айналған мекеніне ыстық ықыласын былайша білдірді.

– Шымкент қаласының Мәдени астана боп аталуының өзінің де астары бар. Тарихының тереңдігі бір басқа, тұрғындарының Шымкент қаласының жұртының ерекшелігі бір басқа. Қазақ елінің қай бұрышында да қайманалы қазақилық, қазақи дәстүр, әдет-ғұрып сақталған. Ал біздің Шымкентте ол шынайы сақталған. Шымкент қаласы ата-баба өсиетін, ақ жаулықты аналардың қасиетін жоғалтпаған жер дер едім. Қасиетті аналарымыздың осы көне Шымкентімізде мекендеуінің өзі үлкен мән-мағына емес пе?! Шымкент қаласының әрбір кірпішімен мақтанамыз. Оңтүстік өңірінің жұрты мәңгі жасай берсін!

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесіндегі Әзірбайжан республикасының өкілі Полад Бюльбюльоглы өзінің видеожолдауында мұндай жобалар мәдениет саласында мәселелерге назар аударуға, жергілікті билік пен тұрғындардың, жалпы ТМД елдерінің халықтарының өзара байланысуына мүмкіндік беретінін алға тартты.

–Мәдениеттің үлкен мерекесімен құттықтаймын. ТМД елдерінің мәдени астанасы атты кереметтей жоба ел астанасы болып табылмайтын қалаларға арнап ойлап табылған. Себебі, жоба өткізілген ТМД елдерінің барлық дерлік қалаларында оң тәжірибе көрсеткен. Мәселен, Шымкент сияқты көне де жаңа, ірі инфрақұрылымы бар қала өзінің ежелгі тарихын, бүгінгі келісті келбетін, мәдени мәйегін көрсету үшін ойлап табылған.

Бұл айтулы мерекенің де сіздердің қазақ жеріне жеткеніне бек қуаныштымын. Қалыптасқан пандемиялық ахуалға орай сіздерді алыстан видеоконференция арқылы құттықтауға мәжбүрміз. Не істей аламыз? Біз осындай аса оңай емес кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Мәдени жобалардың бәрі де жалғасуы тиіс. Мен сіздерге жоғарғы жетістіктер мен армандарыңыздың орындалуын тілеймін. Жылдың соңына дейін коронавирус дерті жойылып, сіздердің ауылға да ат басын бұрармыз деп үміттенеміз. Біздің жанымыз бен жүрегіміз сіздермен бірге! – деп жүрекжарды лебізін ақтарып жатты.

Ал ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесіндегі Ресей Федерациясының  өкілі Михаил Швыдкой Еуразия кеңістігінде үлкен рөл атқаратын, Қазақстандағы үшінші мегаполистің ірі инфраструктурасы мен экономикасының дамуына тоқталмай өтіп кете алмады.  «Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласына жіберілген оқ-дәрілердің үштен екісі Шымкент қорғасын зауытынан жөнелтілгені баршамызға мәлім. Фашизммен соғыста жеткен жеңісімізде сіздің қалаларыңыздың алар орны орасан. Шымқаланың  бай тарихымен қатар кереметтей бүгіні де бар. Тек мәдениет саласында ғана емес, басқа бағыттарда да жаңа армандарыңыздың  орындалатынын сенемін! - деді.

Абайдың «Көзімнің қарасы», Шәмшінің «Қайықта» әндері Шымкенттің айтулы мерекесінде әніне ән, сәніне сән қосып тұрғандай әсер қалдырды.

«Бұл жерде бүткіл балалығым өтті. Осы жерде спорттағы кәсіби қадамдарым басталды. Мен екі рет олимпиада ойындарында өнер көрсеткенімде,  туған елімнің көк байрағын тиісті дәрежеде ұстауға тырыстым. Барлық көрермендер, әсіресе балалар Шымкентте де көркем гимнастиканың мықты мектебін қалыптастыруға болатынын білсін дедім. Дәл менің туған қаламда көркем гимнастикаға мамандандырылған бірден-бір мектептің бар екенін мақтан тұтамын». Көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері, спорт шебері Әлия Юсупова Шымкентте туғанын мақтан тұтып, ойын осылай кестелепті.

«Shymkent-fest» – best!

Осы ауқымды іс-шаралардың бәрінің басы-қасында жаны тынбай шапқылап жүрген Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Рашид Мыңбаев тележобаның «Мир-24» халықаралық, республикалық, жергілікті телеарналарда және интернет желілерінде көрсетілгенін айтады.

–Бұл теленұсқа басқарманың жанынан құрылған комиссияның шешімімен іріктелген шығармашылық топтың біраз уақыттан бергі жанкешті жұмысының нәтижесі. Тау-тауды аралап, апталап киіз үй тігіп, сонда қонып қалған күндері де болды. Тележобадан бөлек, ТМД елдерінің және Қазақ елінің өнер жұлдыздары ақ жүректі видеоқұттықтауларын жолдады. 25-ке жуық бейнеүзікті әлеуметтік желілер мен жергілікті телеарналарда көрсеттік.

Сонымен қатар, қала күні мерекесі аясында жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желілерде онлайн форматта көптеген танымдық, мәдени-сауықтық шаралар, поэзиялық сағаттар, фестиваль-байқаулар, көрмелер өтті. Атап айтқанда, Шымкент Мәдениет үйі өнерпаздарының ұйымдастыруымен ТМД және еліміздің өнерпаздарының  қатысуымен «Шуақ шашқан, Шымқалам!» атты мерекелік концерттік бағдарламасы, «Shymkent-Fest» онлайн өнер фестивалі аясында «2200 жылдық шежірелі Шымкент» Республикалық онлайн ақындар айтысы, «Ғажайып қала - Шымкент» жазба ақындар арасында онлайн мүшайра, «Ертегі қала - Шымкент» фотографтар арасындағы онлайн байқауы, «Балалар көзімен - Шымкент» жас суретшілер арасындағы сайыс, «Қайырымды қала - Шымкент» оқырмандар арасындағы онлайн оқулар өз мәресіне жетіп, жеңімпаздары анықталды. Оларға қаржылай сыйақы берілді, - дейді Рашид Мамытұлы.

 

Тобықтай түйін. Ұлы Жібек жолының бойына қоныс тепкен, ежелден Қазақстанның экономикалық, сауда және мәдени-тарихи орталығына айналған Шымкент шаһары еліміздің  еңсесі биік, етегі кең, күні шуақты, тұрғындарының тұрмысы қуатты қала. Шымкент биыл ТМД елдерінің мәдени астанасына айналды. Қазақстандағы үшінші мегаполис мәртебесін алған қаланың бұрынғыдан да көркейіп, ажарлана түсуіне оның мәдени астана атануы да зор серпін берді. Қаламыз сәулетті құрылыстарымен, абаттанған көркімен, жап-жасыл келбетімен, қызылды-жасылды түнгі жарқыраған шамдарымен көрген жанның көңілін көркейтетін кейіпке ене түсуде.

 

Мәриям АЙТБАЙ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер