Екі өкпеден қысқан қатерлі дерт халыққа оңай тимеуде. Төтеннен жабысқан аурудың не екенін ұқпаған жұрт дәрігерлерден, қала берді биліктен үміт күтуде. Халық дәрігерлерден үміт күтсе, дәрігерлер кімнен көмек күтерін білмей дал. "Ет сасыса тұз себесің, тұз сасыса не себесің"?
Аты-жөнін атамауды сұраған дәрігер Алматыдағы ауруханалардағы мүшкіл жағдайды баяндап берді. Аты жөнін жасырған дәрігердің жағдайын біз де түсіндік. Жаңадан келген Денсаулық министрі осы індетке байланысты жағымсыз ақпарат берген дәрігерлерді жұмыстан қуатынын және заңға тартатынын айтып қорқытқанын кешеден бері әлем желі жазып жатыр.
"Біз дәрігерлер не істерімізді білмей отырмыз. Ауырып жатқан адамдар өте көп. Он жеті жастағы балаларға дейін пневмония болып жатыр. Бұл не сұмдық? Үкімет ештеңеге дайын емес. Халыққа обал болды. Қолдан келер қайран жоқ. Өкпенің қабынуымен (пневмония) ауырған адамдар коронавирусқа тест тапсырса көпшілігінен ауру белгісі шығып жатыр. Он адам келді, соның жетеуі коронавирус. Осы апта ауру енді қоза бастағанда келген аурулардың бәрін қабылдадық. Науқастардың көптігінен кабинетімізді тазалап үлгере алмай жатырмыз. Нәтижесінде медицина қызметкерлерінің жетпіс пайызы вирус жұқтырды. Сонда да жұмыс істеп жатыр. Ауру халықты ажалмен бетпе бет тастап кетпейді ғой. Ауруханада орын жоқтығы себебінен қашықтықтан емдеуге көштік. Біз науқастарға жазып берген дәрілер аурухана тұрмақ, аптекаларда жоқ . Соңғы екі аптада аптекада, ауруханада дәрі жоқ. Ішкі қан тамырларына жіберетін системалар мен уколдар ол да жоқ. Күндізгі стационарлар істемейді. Жедел жәрдем науқастарды участкелік дәрігерлерге үйден емдеңдер дейді. Біздің үстімізде вирусқа қарсы қорғаныш киімдеріміз де жоқ. Науқас адамдарға укол мен система салатын медбикені өздерің тап дегеннен басқа амалымыз жоқ.
- Дәрігерлердің осы қатерлі індетке байланысты жалақысын өсіреміз деп еді?
- Ешқандай қосымша ақша алған жоқпыз. Сол бұрынғы жалақымызбен жұмыс істеп жатырмыз. Бізге қазір ақша маңызды емес, халықты аман алып қалу керек болып тұр. Не дәрігер жетіспейді, не дәрі жоқ. Халық қалай аман қалады екен?
Міне, айтарым көп еді, бірақ осыдан ақ жағдайдың қандай екенін түсінген шығарсыз деген дәрігердің сөзінен кейін шынымен ойланып қалдық. Ажалмен күнделікті бетпе бет келіп жүрген ақ халатты абзал жандардың рухы сынбаса екен. Расымен де не емдеушісі жоқ, не дәрісі жоқ халық қайтеді?
Аты жаман індетке бөлінген миллиард долларлар ол енді бөлек әңгіме. Халықтың емес, биліктің салғырттығынан (егер ол салғырттық деген өлшемге келсе) қаншама адам дәл қазіргі сәтте ажал аранында жатса, қаншасы бұл дүниемен қоштасты. Әкім мен министр аралағанда толып тұратын аптекалардан коронавирустың дәрісін қойып, бастың дәрісін таппайсың.
Оңғар Қабден,
"Адырна" ұлттық порталы