Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады.
Өздеріңізге мәлім, былтыр менің арнайы тапсырмаммен 28 маусым Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні болып белгіленді. Осы арқылы бұл сала мамандарының кәсіби мерекесін дербес атап өтуге мүмкіндік жасалды.
Бұдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп баға берген еді. Бұл ұлағатты сөзді қазір тек басылымдарға ғана емес, барлық электронды ақпарат құралдарына, ақпарат агенттіктеріне қатысты қолдануға болады.
Сіздердің жазған әрбір мақалаларыңызда, дайындаған сюжеттеріңізде елдің мұңы мен мұқтажы, ойы мен пікірі, талабы мен тілегі, қоғам дамуының тынысы айқын көрініс тауып отыр. Өйткені, жұмыс барысында жұртпен етене араласып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыруға зор еңбек сіңірдіңіздер. Сонымен қатар, кәсіби біліктіліктеріңіз арқылы мемлекетіміздің көш басындағы өркениетті елдердің қатарына қосылуы үшін өлшеусіз үлес қосып келесіздер.
Қазақстан журналистикасы өзінің қалыптасу кезеңінен бастап мемлекетшілдік, елдік, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, осы ұлы ұғымдарға адал болу бағытын ұстанады. Қарымды қаламгерлер қалыптастырған дәстүрді кейінгі толқын журналистер де лайықты жалғастыра білді. Қазір еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту, елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды халыққа жеткізу жолында күш біріктіруде.
Журналист болу үшін кәсіби біліктілікке қоса, батылдық пен табандылық керек. Өзгенің мәселесіне жанашырлық танытып, әрбір іске жауапкершілікпен қарайтын, жұрт жұмысына жегіліп, елдің кем-кетігін түгендеуге тырысатын, қоғамдағы түйткілдерге парасат биігінен көз салатын және ұлттық деңгейде ойлай білетін журналисті бүкіл халық құрметтейді.
Ол үшін ең алдымен Отанға деген сүйіспеншілік және елге адалдық секілді қасиеттер қажет. Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бүгінде осы тұрғыдан ой толғап, мәселе көтеруге бейімделуде. Бұл шынайы патриотизмнің көрінісі деп білемін. Сіздердің елге жанашырлықтарыңыз қазіргідей қиын-қыстау кезеңде анық байқалды. Қашанда іргелі істің басында жүретін журналистер әлем дамуына кері әсер еткен осынау дағдарыс тұсында алғы шептен табылды. Бүкіл әлемнің тынысын тарылтқан пандемия кезінде сіздер денсаулық сақтау және құқық қорғау қызметкерлерімен бірге аянбай еңбек еттіңіздер.
Отандық журналистер сәт сайын шартарапқа ақпарат таратумен қатар, мемлекет пен қоғамды байланыстыратын алтын көпір қызметін де атқарады. Сіздердің бұл саладағы атқарған істеріңізді жақсы білеміз және бағалаймыз. Біздің бірлігіміз бекем, мақсатымыз ортақ, рухымыз асқақ. Соның арқасында кез-келген қиындықты жеңіп, жасампаздық пен өрлеу жолында жаңа белестерді бағындырамыз деп сенемін.
Сіздерге мықты денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін!»,-делінген президенттің құттықтауында.
"Адырна" ұлттық порталы