Нұр-Сұлтанда ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттарын тапсыру және Алғыс жариялау рәсімі өтті.
Шара барысында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтауын оқып берді.
Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығын:
- «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Қуатов Дәурен Қасенұлына;
- «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Қыдырәлі Дархан Қуандықұлына;
- «Жетісу» телеарнасының директоры Сарыбай Серік Әбікенұлына;
- «Хабар» телеарнасының талдамалық бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы Трухачев Александр Владимировичке табыс етті.
«Бүгінгі марапаттарыңыз құтты болсын! Сіздер бұған әбден лайықтысыздар. Сонымен қатар, өздеріңіз арқылы еліміздің барлық журналистерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Қадамдарыңыз құтты, қаламдарыңыз жүйрік болсын! Еліміздің дамуы үшін ақпарат саласында аянбай еңбек ете беріңіздер», - деді Дәурен Абаев.
"Адырна" ұлттық порталы