Түркияға ұшып бару талаптары өзгерді ме?

1236

Маусымның 20- сы күні Қазақстан Түркия әуе бағыттары алғашқы рейсін бастады. Екі ел арасындағы әуе қатынастарының талаптары мен шарттары қандай? Бұрынғыдай емін еркін ұшып барып қайтуға бола ма? Әлде карантинге байланысты басқа да ережелер бар ма? Бұл сұрақтың жауабын соңғы үш күнде екі ел арасында барып келген адамдардың пікірінен табасыз.

«Бүгін таңертең 07-30-дағы ТНҮ (Түрік әуе жолдары) ұшағымен Алматыдан Стамбұлға келдім.  Тіркелу үшін әуежайға 4 сағат бұрын келуімізді айтқан. Алайда тіркелу әдеттегідей ұшу уақытынан 2 сағат бұрын ашылды. Тіркеу алаңында карантин талаптарын орындау сақталғанымен, шығу есігінде бұл талапты сақтау мүмкін болмады. Ұшаққа кірерде дене қызуымыз өлшенді. Десек те, ұшақтың ішінде арақашықтықты сақтау талаптары болмады, ұшақтың іші жолаушыға лық толы.

Бір жарым сағатқа кешігіп ұштық. Ұшақта су, шырын және қаптамаға оралған тәтті бәліш пен сэндвич берді. Басқа тамақ берілмеді. Тазалық, гигиеналық заттар мен жамылғы берілді.  Сонымен қатар ұшақта анкета толтырдық. Осы анкетаны Стамбұлдағы паспортты тексеруші қызметкерге өткіздік. Стамбұлда да дене қызуымыз өлшенді. Міне, осылайша Түркияға келіп жеттік» деп жазады Facebook –тағы Benim Yarım Türk  тобында  Başak Suslu.

Дәл осыған ұқсас жағдайды үш күннен бері екі ел арасында барыс келіс жасаған басқа да жолаушылар жарыса жазуда. Біз хабарласқан алматылық Ержан ҚАСАБАЙ да Стамбұлға ешбір кедергісіз жеткенін айтты. «Бұған дейін хабарланғанындай, әуежайларда карантиннің қатаң талаптары сақталып, шетелден келгендер жіті бақылауға алынады, қатаң тексеріледі деген нәрселер болмады. Ұшақтан түскен соң карантинге оқшауландырылады деген де бос сөз екен.

Ешкімді оқшаулап, карантинге алып жатқан жоқ. Сонымен қатар коронавирусқа тест тапсыртады деген еді, қазақтың да, түріктің де әуежайында ешқандай тест жасалмады. Бар болғаны дене қызуымызды өлшеді де, жіберді» деген Ержан екі ел арасындағы ұшып бару келуде анау айтқан жаңалық жоғын, бәрі бұрынғысынша екенін жеткізді.

Түркиядан елге келген Жанар АЙДАРҚЫЗЫ да еш қиындықсыз, әдеттегідей жеткенін мәлімдеді. «Түрік әуежайында бір ерекшелігі антисептик құрылғылары көптеп қойылған. Кез келген адам пайдалана береді, тегін. Бәлкім, барлық шекара ашылмаған соң болар, әуежайда бұрынғыдай ығы жығы адам жоқ. Десек те, келіп, кетіп жатқандар аз емес. Түрік ұшағында коронавирустан сақтану шаралары туралы үздіксіз хабарланып, анкета толтыруды сұрады.

Анкета ағылшын және түрік тілінде. Ұшаққа мінерде арақашықтықты сақтау талаптары орындалды. Алайда ұшақ іші жолаушыға лық толы болды. Алматыға жеткенімізде де дене қызуымыз өлшенді. Өкінішке қарай, тексеру бекетінен өту көп уақытты алды. Тар бөлмеде жолаушылар топырлап, бір бірімізге жақын тұрдық.  Ешқандай тест жасалмады, ешқандай анықтама сұралмады» дейді Жанар.

Айжан ҚҰРМАНБАЙ, "Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар