Отандық нарықтағы олқылықтың орнын кім толтырады?

4473
Adyrna.kz Telegram

Біз қай елдің киімін киіп жүрміз? «Отандық өнімді көбейтейік» деп ұрандатқанымызбен, өзіңіз тұтынатын қандай қазақстандық брендті атар едіңіз? Расы керек, сауалды кімге қоярыңды білмейсің. Әрине, ең алдымен билікке бағытталатыны шындық.

Рас, біздің үкіметтің отандық өнімді дамытуға қатысты мықты бағдарламалары бар. Бірақ соншалықты жемісті орындалып жатыр деп айта алмаймыз. Өйткені оның нәтижесін халық көріп отырған жоқ. Атап өтер болсақ, бізде «қарапайым заттар экономикасы» деген бағдарлама бар. Бұдан екі жылдай бұрын қабылданған. Мақсаты – отандық өнімді көбейту. Ішкі және халықаралық  нарықта қазақстандық тауардың санын арттыру. Бір қарағанда жемісті жоба екендігі сөзсіз. Бұл жоба отандық тауардың нарықта бәсекеге қабілетті, сапалы және қолжетімді болуы керек деген мақсатта жасалынған. Бірақ 30 жыл өтсе де, отандық алпауыт компаниялар мен қаржысы бар жеке кәсіпкерлер тіпті көйлек-көншек пен шалбар тігуге де мүдделі емес. Бәрі де сырттан әкеп сатқанды тәуір көреді. Өйткені сырттан келетін дайын өнімдерден табыс тез түседі. Кезінде аты шыққан Шымкенттің, Қостанайдың киім фабрикаларын сақтап қала алмадық. Бар базаны жоғалттық. Енді келіп, Түркия мен Қытайдан киім тасимыз. Үстіне қосып сатып, пайда көріп жатырмыз. Бұл ақшасы бар аз ғана топқа тән нәрсе. Ал қарапайым халық не киіп жүр? Биліктегілер оған бас қатырғысы келмейді. Біздің үкіметтің жоғарыда айтқан «қарапайым заттар экономикасы» деген бағдарламасын сөз етуіміз бекер емес.

Бір ғана мысал айтайық. Тоқылған жемпірлер мен кеудешелердің 98,9 пайызы сырттан әкелінеді. Бар бол­ғаны 1,1 пайызы ғана – отандық өнім. Ал сыртқы киімдердің 97,9 пайызы  шетелден келеді,  2,1 пайызы ғана –қазақстандық өнім. Спорттық киімдердің 83,1 пайызы импорттық тауарлар болса, 16,9 пайызы ғана отандық өндірістің үлесіне тиеді. Шұлық, тоқыма өнімдерінің 80,7 пайызы тасымалданса, 19,3 пайызы ғана – отандық өнімдер.

Міне, үкімет  қабылдаған «қарапайым заттар экономикасының» Қазақстандағы даму көрсеткішінің сиқы осы.

Рас, бізге отандық өндірісті дамыту үшін мемлекеттік деңгейдегі жобалар керек. Бірақ «қарапайым заттар экономикасы» халықтың қажетін өтеп отыр ма? Мәселе сонда ғой. Анығын айтсақ, аталған бағдарлама халықтың тұрмыстық қажеттіліктері үшін өте керек жоба. Бұл жобаға 600 млрд теңге бөлінгенге ұқсайды.  Бұл жоба бойынша халық күнделікті тұтынатын, тұрмысқа аса қажетті заттар өндіріледі. Аталған саланы дамытуға 600 млрд теңге бөлінген.  Оның 400 млрд теңгесі – өңдеу өнеркәсібіне, 100 млрд теңге – агроөнеркәсіптік кешенде қайта өңдеуге, тағы 100 млрд теңгесі – агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріске бағытталады. «Қарапайым заттар бағдарламасы» аясында 365 өнеркәсіптік  тауар өзі­мізде шығарыла бастайды» делінген. Бірақ...

Екі жыл өтсе де, біз әлі оның жемісін көре алмай отырмыз. Неге? Сонда бұл қаржыға екі жылдан бері не шығарылып жатыр? Біздің үкіметте ашықтық жоқ. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында осындай киім немесе бұйым түрлері шығарылуда», - деп бөлінген ақша мен жұмыстың нәтижесін үкімет ашық жария етіп жатса, қазақстандық азаматтар да отандық тауарды алуға ұмтылар еді ғой.

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл өтсе де, отандық тауардың үлесі әлі олқы соғып тұр. Өткенде вице-премьер Роман Скляр «Қарапайым заттар экономикасы»  бағдарламасының нәтижесінде 2025 жылға қарай барлық 365 өнімнің өндіріс көлемі 2,4 есеге артып, нарықтағы импорттың үлесі 59 пайыздан 37 пайызға дейін төмендейді. Олардың ішінде 247 азық-түліктік емес өнеркәсіп өнімдері бойынша өндіріс 1,5 млрд доллардан 3,1 млрд долларға дейін (немесе 2 есеге) өседі және импорт үлесі 82 пайыздан  59 пайызға дейін төмендейді, – дегенді айтты. Дұрыс-ақ делік. Бізге отандық өндірістің өскені керек, отандық тауардың көбейгені қажет. Бірақ бұл қаншалықты орындалуы мүмкін? Оған сенім бар ма? Бұл деректерді вице-премьер Роман Скляр елге төтенше жағдай, карантин енгізілмей тұрған кезде айтты. Ал одан кейін жағдай күрт өзгеріп кетті ғой. Елді коронавирус жайлады. Індетпен ауырғандарды емдеуге Ұлттық қордан қаншама ақша бөлінді?! Оның үстіне әлемдік мұнайдың бағасы күрт түсіп кетті. Мұның бәрі де бюджеттің ақшасының ортаюына әсерін тигізді. Қалтамыз жұтаңданып қалды. Ал қара халыққа арналған «қарапайым заттар экономикасы»  бағдарламасы тағы да орта жолда тоқтап қалуы мүмкін ғой. Бәрі де мүмкін.

Осы уақытқа дейін отандық өндірісті дамыта алмауымыздың себебі неде? Біз мұнайға сендік. Ал мұнайдың бағасы өне бойы шарықтап жоғары тұрмайды. Рас, «қара алтынның» бағасы күрт төмен түссе, қазынаның қазаны ортаяды.  Бірақ мойындау керек, отандық тауар өндіруді ұқсата алмай отырғанымыз рас. Тағы бір мысал, Қазақстанға құрғақ сүттің 83 пайызы, сары майдың 31 пайызы, ірімшіктің 61 пайызы шекараның арғы жағынан келеді. Олқылық қайдан? Өзімізден! Тәуелсіздік алған отыз жылда отандық отыз тауарды  әлі шығара алмай отырмыз. Үстіміздегі киіп жүргеніміз кәрістік көйлегі, түріктің түрсиі екенін бәріміз білеміз. Тіпті кейінгі екі-үш жылда Қазақстанның нарығын қырғыздың балмұздағы мен айран-сүті мен жеңіл –желпі киімі жаулап алды. Ал бізде ше? Не кедергі болып отыр? Бұған қатысты «Байтақ – Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртайдың былай дегені бар:

–Бізде экономиканы жандандыруға арналған жақсы құрылымдар бар. Мәселен, «Даму» қоры, «Бәйтерек» холдингі, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, екінші дәрежелі банктар, жергілікті жерде кәсіпкерлерді қолдайтын әр түрлі ұйымдар  және тағы басқа. Бір қарасаң, көз қуантады. Алайда бұлардың бәрі кәсіпкерлікті тежеп отырған бюрократиялық құрылымға айналған. Саны барда сапасы жоқ мекемелер. Бұлар мемлекеттен ақша алғанымен,  бизнеске нақты көмек бере алмауда. Ең басты кемшілік, бұл жерде бизнестің, кәсіпкерліктің не екенін жете түсінбейтін біліксіз мамандар отыр, – дейді қоғам белсендісі, кәсіпкер Азаматхан Әміртай.

Десек те, бағдарлама аясында халықтың кең тұтынуына арналған  тауардың 365 түрі өндірістен шығып, сауда үйлерінің сөрелеріне де  қойылар.  Күтейік.  Қысқасы, өз өніміңе ештеңе жетпейді. Біздің де ойымыз, отандық өндіріс тезірек дамыса деген тілек...

Еркін ҚАЛДАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер