Елден кетуді жоспарлап жүрсеңіз, ойланыңыз...

4754
Adyrna.kz Telegram

Соңғы уақытта Қазақстаннан кетуді, шетелде өмір сүруді ойлап жүрген, армандайтындар аз емес. Сонымен қатар армандап қана қоймай, осы мақсатын жүзеге асырғандар да бар. Жасыраты жоқ, бөтен елге ешкім де еріккеннен кетпейді. Өз елінде әділетсіздік, әлеуметтік теңсіздік жайлаған соң, адам амалсыз, жайлы өмір сүретін мекен іздеп шекара асады. Десек те, бөтен елде өмір сүру, қалыптасу және азаматтық алу оңай емесін де ұмытпаған жөн. "Сен келіпсің" деп ешбір мемлекет азаматтық беріп, қабылдай қоймайды. Аталған қиындықтарға қарамастан, бәрібір елден кетемін деп шешсеңіз, төмендегі мақалада осы мәселеге байланысты интернет иірімінде бар бірқатар мәліметтерді қазақшалап, назарыңызға ұсынып отырмыз. Оқыңыз, ойланыңыз. 

Қандай да бір елдің  аумағында заңды тұру үшін, ол елде тұруға құқық беретін ресми мәртебеңіз болу керек. Кез келген виза түрі, тіпті жұмыс бабымен келу себебі туралы болса да, мемлекетте белгілі бір шектеулі уақыт ғана тұруға құқық береді.  Ұзақ уақыт тұру үшін ең қолайлысы  - сол елде тұруға ықтиярхат  немесе тұрақты тұруға құқық рәсімдеу керек,  алайда кез-келген елдің барлық мүмкіндіктері оның толыққанды азаматтарына ғана қол жетімді болатыны белгілі.

Қоныс аударатын  мемлекетті таңдау үшін оған бірнеше рет барудан бөлек, ол елдегі  өмір сүру үшін жасалған  барлық жағдайларды мұқият зерделеу қажет. Бір елден бір елге  көшу үлкен қаржылық  шығындарды қажет ететіндіктен, мұндай  шешім қабылдарда жеті рет өлшеген дұрыс болады.  Ең басты мән беретін нәрселер – өмір сүру деңгейі, қауіпсіздік, инфрақұрылымдар,  халықтың менталитеті,  заң талаптары, салықтың мөлшері мен түрлері, салт- дәстүрі, тамақтану сапасы және  білім беру мен жұмыс жағдайы болып келеді.

Швейцария, Ұлыбритания және Австрияда өмір сүру деңгейінің көрсеткіштері ең жоғары болса,  Шығыс Еуропа елдерінде тұрғын үй мен азық-түлік бағасы қолжетімді болып келеді.

Еуропа мемлекеттері, тағы бір ескеретін фактор болып келетін  өз қауіпсіздігімен де адамдарды тартады. Сонымен қоса ғаламтор, коммуналдық төлемдер, көлік-құралдары, жұмыс секілді  тұрмыстық жағдайларды да ескеру керек.

Заңды бұзбаған кез келген мигрант басқа елдің азаматтығын ала алады. Азаматтық алудың келесідей амал тәсілдері бар:

Репатриация. Бұл жол жақын туыстары сол таңдаған мемлекеттің азаматтары болған адамдар үшін қолайлы. Әсіресе Израиль, Испания,  Германия, Греция, Ирландия, Венгрия елдері репатрианттар үшін ашық.

Босқын атанып, азаматтық алу. Босқын мәртебесін  алу үшін жақсы дайындық керек болады,  мигрант отанында оған шын мәнінде қауіп төніп тұрғандығын  дәлелдеуіне  тура келеді.

Натурализациялану. (Табиғилану). Бұл енді азаматтық алу үшін ең көп таралған әдіс.

Дәл осы соңғы тәсіл туралы егжей-тегжейлі жаза кетуге болады. Өйткені натурализацияланудың себептері мен жолдары әр түрлі. Бұл тәсілдер, мысалы отбасымен қауышу, некеге тұру, оқу, жұмысқа орналасу, бизнес, жылжымайтын мүлік сатып алу секілді болып келеді.

Жылжымайтын мүлік сатып алғаның үшін азаматтық беретін елдер

 Жылжымайтын мүлік сатып алу арқылы азаматтық алуға болатын елдердің бестігін  Латвия, Португалия, Панама, Испания, Сент-Киттс және Невис мемлекеттері құрап отыр. Бұл елдерді алғашқы бестікке қою, жылжымайтын мүліктің ең төменгі құнының шегі, басқа елдер арасында жүріп-тұру, салық мөлшерлемесі, азаматтықты ресімдеу мерзімі сияқты көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.

Паспорт  алудың ең қарапайым  жолын  Кариб бассейінің  шығыс  бөлігінде орналасқан шағын мемлекет ұсынады. Жылжымайтын мүлікті алу үшін бірнеше мың евро беруге тура келгенмен, Сент-Киттс және Невиса азаматтары Канадаға, Ирландияға және Ұлыбританияға, ОАР, Жаңа Зеландияға, Жапонияға  сонымен қоса Шенген одағына кіретін елдерге де (барлығы 129 мемлекет) визасыз бара алады.

Латвия  жылжымайтын мүліктің құны ең төменгі көрсеткішіне ие мемлекет. Мүлік сатып алғаннан соң, басында ыхтиярхат берілсе, ал  5 жыл өткеннен соң  азаматтық алуға болады.

Испанияда өз үйіңде 10 жыл тұрғаннан кейін барып ғана азаматтық алу туралы ойлануға болады.

Панама елінде жылжымайтын мүлікті  басқа елдермен салыстырғанда ең жоғарғы бағаға сатып аласыз. Бірақ бұл елдің паспорты Шенген елдері аумағында кедергісіз жүруге мүмкіндік береді.

Ал Португалияда ыхтиярхат алу үшін 500 мың евро тұратын жылжымайтын мүліктің иесі болу керексіз. Содан 6 жыл өткен соң азаматтық алуға қаймықпай құжат тапсыра берсеңіз болады.

Жылжымайтын мүлікті сатып ала отырып, сіз сол елдің қазынасына инвестиция құйған болып саналасыз. Мүлік сатып алғаннан басқа да инсвестиция түрін құю арқылы азаматтық алуға болатын елдердің тізімі мен инвестицияның ақшалай мөлшерін көрсете кетейік.

 

Мемлекет Инвестиция түрі Азаматтық алу мерзімі Инвестиция сомасы
Ұлыбритания Облигациялар

Жылжымайтын мүлік

3 жыл 750 000 фунт стерлинг

250 000 фунт стерлинг

Испания Облигациялар

Жылжымайтын мүлік

Компаниялардың акциялары

10 жыл 2 000 000 евро

500 000 евро

1 000 000 евро

Португалия Жылжымайтын мүлік

Ел экономикасы

6 жыл 500 000 евро

1 000 000 евро

Латвия Жылжымайтын мүлік

Латвия кәсіпорнына капитал

5 жыл 250 000 евро

37572 евро

Канада Ел экономикасы 2 жыл 800 000 канада доллары
Кипр Жылжымайтын мүлік 3 ай 5 000 000 еуро
Мальта Мемлекетке төлем Сол мезетте 65 000 еуро
Антигуа және Барбуда Жылжымайтын мүлік

Дамудың халықаралық қоры

4 -6 ай 400 000 доллар

200 000 доллар

Доминикан Республикасы Мемлекетке тікелей төлем 5 – 14 ай 100 000 – нан 200 000 –ға дейін доллар
АҚШ стартаптар 5 жылдан көп 500 000 доллар

Некелесу арқылы қай елдерде азаматтықты оңай алуға болады

 Төменде  көрсетілген мемлекеттерде  заңды некеге тұрғаннан кейін азаматтық алу  мүмкіндігі көбірек әрі тез болады:

Испания мемлекетінде заңды некеде бір жыл тұру – бұл елдің паспортын алу үшін жеткілікті себеп бола алады.

Португали елінде  некеге тұрғаннан кейін – ақ азаматтық алуға өтініш берсе болады.

Бразилияда неке тіркелгеннен соң шет елдік жұбайыңыз ыхтиярхат алады, ал бір жылдан соң  азаматтыққа ие болады.

Ирландия мемлекетінде заңды некеден соң бір жалдан кейін паспорт алуға құжат тапсыра берсеңіз болады.

Мексикада тойдан кейін 24 ай өткен соң азаматтық ала аласыз.

Ал Колумбияда осы елдің тұрғыны ретінде өмір бойғы мәртебені алу үшін заңды некеде 2 жыл тұру керек.

Швейцарияда болса, бұл елдің азаматымен 5 жыл некеде болғаннан  соң ғана азаматтық алуға құқылы боласыз.

Айта кету керек, ерлі-зайыптылардың некесі  заңды әрі рас болуы керек. Жалған неке паспорт алу үшін негіз бола алмайды.

 

Сұранысы жоғары мамандық иелері үшін және  оқу бағдарламалары бойынша азаматтық алу

 Өз азаматтарының қатарынан бірінші дәрежелі мамандармен толықтыруға дайын мемлекеттер бар.

Америка Құрама Штаттары кейіннен америка паспортын алуға мүмкіндік беретін жұмыс визиларын ұсынады. Ол үшін мигрант жұмыс визасымен АҚШ-қа келген соң, бірден Green Card-қа құжаттар береді. Гринд –кардты алғаннан соң барып 5 жылдан кейін азаматтықа құжат беруге болады.

Кәсіби иммиграция – Канаданың азаматтығын алу  үшін де  ең танымал жол.  Бұл елдің азаматтығынан үміткер еңбек күшінде  жоғары білімі мен  жұмыс тәжірибесі болуы шарт.  Сонымен бірге міндетті түрде ағылшын немесе француз тілін білуі тиіс. Содан мемлекетке немесе салықты уақтылы төлеп отыратын жеке кәсіпорынға бірнеше жыл еңбегі сіңгеннен кейін азаматтық алуына болады.

Ұлыбританияға да әр түрлі мамандық иелері, соның ішінде шығармашылық адамдары қажет. Өмір сүру үшін жан-жақты тұрақты және қолайлы бұл  мемлекет шетелдік жұмысшылар үшін елге кіруге арнайы бағдарлама әзірледі. Әрине, келе сала  азаматтық алу  туралы сөз бірден ауызға алынбайды. Тек 4 жыл жұмыстан кейін ғана елде тұруға ықтиярхат алуға болады, ал содан бір жылдан кейін паспорт алуға да өтініш бере аласыз.

Бұл елге сонымен қатар білім беру бағдарламасы бойынша да барып азаматтық алуға болады. Бұл жағдайда азаматтық алу   мынадай  4 кезеңнен тұрады:  басында - оқу мерзіміне tier4 виза аласы, содан дипломнан кейінгі жұмысқа орналасу мерзіміне tier4 виза аласыз, үшінші сатысы -  Indefinite leave to Remain (осы елде қалу үшін ыхтиярхат) аласыз, осылардың бәрінен өткеннен соң – төртінші сатысы азаматтық алуға да болады.

Ал Австралияда болса сұранысқа ие Үкімет бекіткен мамандықтар тізімі бар. Егер де сіз сол тізімдегі мамандықтардың бірі бойынша өз еліңізде жақсы жетістіктерге жеткен болсаңыз, онда австарлиялық кәсіби имиграция бағдарламасына қатысып, өз бағыңызды сынап көруге болады. Бірақ, сізге өзіңіздің материалдық жағдайыңыздың жаман емес екенін  дәлелдеу керек болады. Ол үшін бір емес бірнеше мың доллар бар банк шотыңызды көрсетуге тура келеді.

Австралияда да білім беру иммиграциясы бағдарламасы да бар. Студент өзі оқу ақысын төлеп, бұл елде жоқ дегенде 2 жыл білім алуы керек.  Оқу ақысы ең жоғары оқу орындарының студеті болу міндетті емес, білім беру бағдарламасына барлық мемлекеттік оқу орындары қатыса алады. Жоғарғы оқу орнының түлегі ағылшын тілін меңгерген және өз-өзіне сенімді болған жағдайда аймақтық шектеулерсіз азаматтық алу мәртебесіне ие болады.

Германияға да білікті мамандар қажет болғандықтан, шетелдік студенттерді өз ЖОО-ларына қабылдауға дайын. Оқу орнына қабылдау кемінде бұдан бұрынғы  12 жылдық білімінің негізінде, неміс және ағылшын тілдерін жетік деңгейде меңгергеніне қарай жүргізіледі. Оқу мерзіміне виза беріледі.  Диплом алып,  жұмысқа орналасқаннан кейін екі жылдан соң  тұрақты тұруға рұқсат берілсе, азаматтықты осы елге келгеннен соң 5-8 жылдан кейін алуға болады.

Жаңа Зеландияның оқу орындарында білім алу студенттерге мол мүмкіндік береді. Алдымен иммигрант ұзақ мерзімге тұру үшін және жұмыс істеу құқығын беретін  виза алады. Диплом алғаннан кейін жұмыс визасын алса, үш жыл сегіз ай өткеннен соң көптен күткен  азаматтыққа да қол жеткізеді.

 Сырттан келгендерді ұната қоймайтын мемлекеттер  

 Азаматтық алу үшін барынша қиын елдердің де тізімін ұсына кетейік. Бұл тізімнің көшбасында Кувейт мемлекеті тұр. Бұл елде азаматтардың қаржылық әл-ауқатына жақсы қамқорлық жасалады. Ал осы елдің азаматтының  төлқұжатын алу үшін  Кувейт Әмірінің өмірін құтқарып қалу керек немесе соғыста ерлік жасау керек. Міне осылай өз өміріңізді қауіпке тіге отырып азаматтыққа қол жеткізе аласыз.

Әлеуметтік жағынан керемет қамтамасыз етілген, медицинасы басқа елдерден көш ілгері, әлемнің ең дамыған елдерінің бірі Монако мемлекеті біздің тізімде екінші орында тұр. Бұл елдің  азаматтығын 21 жастан бастап алуға болады. Бұл үшін Монакода кем дегенде 10 жыл тұру керек. Бұдан басқа, қаржылық қамтамасыз етілгендіңіз туралы кепілдігіңізді де талап етеді.

Тізімнен үшінші орын алған Скандинавия мемлекеті  Норвегияның азаматтығы, елге келуге жыл сайын рұқсат ала отырып, бұл елде 10 жыл тұрған, тілді үйрену курсынан өткен және соттылығы мен айыппұлдары жоқ мигранттарға беріледі.

Төрінші орында Дания мемлекеті тұр. Бұл елдің билігі болашақ азаматын бюрократиялық сынақтардан бір емес  бірнеше рет өткізеді. Азаматтық беру туралы  шешім елде жылжымайтын мүлкі бар ма, материалдық жағдайы қандай және Дат тілін біле ме деген көрсеткіштерді  негізге ала отырып қабылданады.

Тізімнің бесінші орнына  аяқ тіреген Швейцария мемлекетінде азаматтық тұр ғой, тек ыхтиярхат алу үшін тілдік паспорт,яғни мемлекеттік тілді білуді куәландыратын құжат талап етіледі.  Сонымен қоса азаматтық алғысы келетін адам -  барлық салт-дәстүрлерді сақтауға, қоғамға жақсы жағынан бейімделуге тиіс.

Қорытындылай келе, жоғарыда атап өтілген қай елдің болсын азаматтығын алу, оп-оңай шаруа емес екендігін көреміз. Бұнымен біз сіздерді қорқытқымыз келмейді. Тек қайда барсаңыздар да білімді, сол елдің тілін меңгерген, мықты маман болу керек екендігін естен шығармау керек.  Сонымен қатар сол елдің экономикасына аз болса да үлес қоса алатындай шамаңыз да болу керек, яғни жиған-терген қаражатыңыз немесе барған жеріңізден баспана сатып алуға жететін ақшаңыз болса артық етпейді.

Еркегүл ТОҚТАМҰРАТ, "Адырна" ұлттық порталы. 

Пікірлер