Жұт келе жатыр ма?

6227
Adyrna.kz Telegram

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Кесікбайұлы Омаровтың назарына!

«Көк шыққанға бір қуанып, шөп шыққанға бір қуанып» деп өлеңдетсек те, көк шыққанға да, шөп шыққанға да қуана алмай отырмыз. Себебі бір ғана елді мекенде емес, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі шөп бағасы шарықтап тұр. Құдды бір «ауылды һәм ауылшаруашылығын құлдырату» бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асып жатқандай, бірінші орындағы бір бума шөптің бағасы Ақтауда 1500, Жамбыл облысында 1000, Маңғыстауда 800, Қызылордада 700 теңгенің айналысында екен. Ал екінші, үшінші орындағы шөп бағалары бұдан екі есе болмаса, кеми түсейін демейді. Бұл бағаны естіп, іштеріне у түсіп кеткендей күй кешкен шаруалардың басым көпшілігі жаппай малдарын сатуға көшкен. Алайда карантинге байланысты үй-үйде сатылып жатқан мал құны да мәз емес. Амал не, алда күз келе жатыр. Ал күзде бала-шағаның жоғын түгендеп, оқуға жіберу керек.. Мәселен, әбден бапталған, тұқымы мықты, семіз таналардың Жамбыл облысындағы орташа бағасы 140-160 мың теңге аралығында сатылатын көрінеді. «Бұл баға мал базарлары ашылғанда 100 мың теңгеге дейін төмендеуі мүмкін» дейді алып-сатарлар. Қысқасы, таңдары мал мен атып, түндері төрт түлікпен бататын ауыл тұрғындары қымбатшылықты қалтасы көтермегендіктен, не малдарын мардымды бағаға өткізе алмағандықтан төрт-түліктің жеміне қалың қатырма қағаз араластырып беруге мәжбүр. Осылайша, қолдарыңдағы аз ғана жем-шөбі таусылғанда, ауыл тұрғындары жұт келе ме деп қорқатын көрінеді. Сонымен, ағымдағы жағдайды бағамдай келе, «мал азығы неге аспандап кетті?» деген сұраққа біз де жауап іздеп көрдік.

Сөйтсек, сауалнама жүргізілген респонденттердің 40 %-ы «Ауылдың бай-бағландары, шаруа қожалықтарының яғни шөп өсірушілердің жерлерін тартып алып, дайын шөпті қымбатқа сатып жатыр» деп жауап берді.

Ал 30 %-ы «Бензин бағасы көтерілгеннен» деп топшылап отыр. 10 %-ы «Жауын-шашынның аз түсуіне байланысты облыстың кей өңірлерінде шөптің шығымы төмен» десе, 15 %-ы «Шабындық жерлердің аздығынан»-, дейді. Тек 5%-ы ғана «Бәріне кінәлі карантин» деседі. Қысқасы, шөп бағасы жылдағыдан 3 есеге бірақ көтерілген. Ал енді 5 бұқасы, 3 танасы, 2 сиыры, жиыны 10 малы ғана бар үйдің жағдайына үңіліп көрелік. Бір қожалықтың бағымындағы малды қыстан аман алып шығуға кем дегенде 1000 түк шөп керек. Ал оны Ақтаудың бағасымен аспандатпай-ақ, Жамбылдың 1000 теңгелік шөбімен есептеп көрсек, тұп-тура 1 миллион шыға келеді. Енді өзіңіз ойланып көріңізші, «жақсы» деген тананың өзі 140 мыңнан сатылса, үйдегі 10 малды бірақ есептеп, әлгі шөпке деп жинаған  1 миллионымызды әупірімдеп жүріп, шығарып алады екенбіз. Алайда бұл бір қысқа ғана арналған есеп. Сонда мал бағасы қалай тартсаңда, өз-өзің ақтамайын деп тұр. Бұған жоғарыдағылар «шошқа тұрғанда жылқы етінің өзі түкке тұрғысыз болып қалды, сиыр деген не тәйірі» деп немқұрайлылықпен қолын бір сілтемеген шығар деп үміттенеміз. Не десе де ежелден келе жатқан ата-кәсібімізден жоғарыдағылар тарапынан бақылаудың аздығынан айырылып қалсақ, қазақтығымыздан айырылғанымызбен тең болары сөзсіз. Сондықтан лайым шөп кө-ө-ө-өп болғай!

 

 

 

(Сурет ашық интернет көзінен алынды)

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

 

 

Пікірлер