Ұлы Абайды ұлықтау неден басталу керек?

4717
Adyrna.kz Telegram

Қазір кез-келген қазақтан «әрбір қазақ оқуы тиіс кітап?» деп сұрау салсаңыз, міндетті түрде Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын» айтады. Күллі ұлттың бітім-болмысын төрт томға сыйдыра білген ойлары әлі күнге дейін өз актуалдылығын жойған жоқ. Ұлы Абайды ұлықтаудың бастау алар тұсы оның мұраларын зерттеу екені рас. Бізді бүгінде толғандырып жүрген мәселелердің бірі - ұлттық құндылықтар болса, оның бәрін Абай шығармашылығынан тауып алуға болады. Мысалы, неміс жұрты Гетені өздерінің ұлттық мақтанышы ретінде әлемге таныта алып отыр. Бүкіл әлем қазір Гетені «неміс ұлтының ұлы жанашыры, қолдаушысы» бейнесінде қабылдауға бейімделген. Әрине, Абай мен Гете шығармашылығында ұқсастықтар өте көп. Ең алдымен, олардың ұлты үшін ғана емес, барша адамзат үшін жақсы мен жаманды айыра білуге шақыруымен есте қалады.

Абай шығармашылы өте күрделі әрі түрлі салаларды қамтыған. Ішінен қаласаңыз саясатты да, ғылымды да, өнерді де таба аласыз. Ұлт болып қалыптасқан соң, оларда ортақ идеологияның болып, алға жалғыз атты ретінде емес, топ болып ұмтылғанның маңызы зор. Сондай кезде алға тартар бір күштің болуы керектігі жасырын емес. Дәл сол күш Абай болса керек. Өз өлеңдерінде де, қара сөздерінде де қазақтың әлемнің дамыған елдерімен терезесін тең болғанын қалайтынын және оған қалай қол жеткізуге болатындығын толығымен көрсетеді.  Дана халқымыз ерте кезден-ақ «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөзін бекер айтпаса керек. Себебі, белі бесіктен жаңа шыққан бала Абайдың өлеңдері мен ойларына сусындап өсетін болса, тек адамгершілікті пір тұтқан емес, «елім, жерім» дейтін азаматтар болып өсер еді. Мысал ретінде, бәрімізге белгілі ақын Мұқағали Мақатаевтың өз ауылындағы дұрыс насихатталуын айтуға болады. Қарасаз ауылына (Мұқағали Мақатаевтың ауылы) жолыңыз түсе қалса, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін Мұқаңның өлеңдерінің тым болмаса бір шумағын жатқа айтатынын байқай аласыз. Неге Абайды дәл осылай бүкіл қазақ жатқа айтатындай дәрежеге жеткізбеске?!

Кез-келген дүниені ұлықтау ең алдымен билік пен БАҚ қолында екені рас. Әрине ұлы ақын аз насихатталып жүрген жоқ. Бұл жерде туындайтын сұрақ «дұрыс насихатталып жүр ме?». Себебі, әр сөзге «Абай осылай депті» деу бір бөлек те, «Абай осы жерде осыны айтқысы келіпті» деп талдау ұсыну бір бөлек. Мысалы, бастауыш сыныптан «Ғылым таппай мақтанба» деп жатқа айтып келудеміз, бірақ ешкім жас балаға адам үшін ғылымның маңызы қандай екенін түсіндірмейді. Ал ол бала өскен соң барып қана ғылымның маңызын түсінуі кеш болады. Насихаттаған кезде тек қазақтың ұлы ақыны ретінде емес, әлeмдік дәрежедегі кемеңгер тұлға ретінде танытуға да барынша күш салғанымыз абзал. Себебі, Абайдың бала кезден-ақ әлемнің түрлі ғұламаларының шығармашылығымен таныс болып өскені рас. Өз кезегінде оның бәрі Абайды «толық адам» ретінде қалыптасуына өз септіктерін тигізді.

Тағы да бір дұрыс түсіндірілуі қажет дүние - бүгінгі жаңа технология мен инновациялардың ғасырында өз ұлттық қадір-қасиеттеріміздің маңызы. Себебі, жастардың Батыс Еуропа, Америка және Шығыс Азия мемлекеттерінің бүгінгі дәрежеліне еліктей отырып, қаңсықтарынa да таңсық болып отырғаны өкінерлік жайт. Қазіргі мемелекеттер мен ұлттар арасындағы өзара бәсекелестік адамгершілік қасеттерді аттап кетуге тырысып-ақ жүр. Ал осы тұста Абайдың «aқыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген сөзі тоқтау бола алуы керек.

Тұңғыш президенттің бастaмасымен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарлaмасының жүзеге асып жатқаны мәлім. Міне, біздің өркениетіміз әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Сол жаңа өркениетті қалыптастыруда, рухани жаңғыруда Абайдың қосар үлесі орасан. Себебі, біз өзімізге тән ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып қана алға қадам жасай аламыз. Бүгінгі адасқан өркениеттер арасында өзіңді жоғалтып алмау аса маңызды. Бұл туралы Абай да, әл- Фараби да сөз етеді. Шындығында, екі ұстаздың шығармашылығында ұқсастықтар біршама. Екеуінің де айтқысы келген ойы бір. Қайрат, ақыл, жүрек, толық адам. Міне дәл осы сөздерді негізге алып, екеуі екі дәуірдің адамы болса да бірдей түсіндіруге ұмтылады. Қызығы сол, бұл ұғымдарды әлі жете түсіне алмай жүруіміз. Оған себеп - Абай мен әл-Фaраби мұраларын дұрыс түсіне алмауымыз.

Абайдың өмірбаянына назар аударар болсақ, бір адам мұнша ілімді қалай меңгерген деп таңданатынымыз рас. Адамзат баласы Абай шығармашылығы мен еңбектерін жоққа шығара алғанымен, оның қаншалықты пайым көкжиегі кең тұлға болғандығын жоққа шығара алмайды. Сондықтан, Абайды оқытар тұста, ұлы ұстазбен таныстырар тұста бірден щығармашылығына назар аудартпай, оның кім болғанын көрсетіп-таныстырудың өзі жетістік. Абай шығармашылығын қанша жерден насихаттап жүргенімізбен, Абайдың өзі кім екенін әлі толық танып үлгермедік пе екенбіз деп қорқамын.

Абайдың дүнитанымдық көзқарасының біршама бөлігі «қара сөздерінде» жинақталған. Ұлы ақынды ұлықтаған тұста бұл сөздердің де маңызын анықтап бергеніміз жөн. Сондай-ақ, Абайдың қазақ менталитетіндегі кереғар әрі дұрыс емес тұстарын анық айқындап көрсетеді. Сол жаман жағымызбен күресуге әлі шамамыздың келмей жүргені де мақтанарлық жайт емес. Саясаттағы былықтарды «Болыс болдым, мінекей»  деп соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетіп берсе де, әлі де ол жағынан ақсап тұрғанымыз рас. Абайдың атын жамылып тек жалаң ұранға сала беру - ең үлкен қателігіміз. Ақынның дұрыс насихатталмаына бірден-бір әсер ететін де осы.

Абайдың шығармашылығымен танысқан соң барлығының «Абай жолын» оқуға қызығушылық танытатындары сөзсіз. Әлемнің біршама тіліне аударылып, өзіндік атаққа ие бола алған бұл еңбек бұдан кейін де кеңінен таралмаса, азаймайтыны рас. «Абай жолының» тек көркем шығарма ғана емес, бүкіл ұлттың ортақ қазынасы екенін дәріптеуіміз керек. Шығарманың ішіндегі әр кейіпкер бүгінгі қазақ қоғамының айнасы бола алады. Жалпы алып қарағанда «тегімді білгім келеді ұлтымды танығым келеді» дегеннің құралы осы кітап бола алса керек.

Егер, «Абай жолы айна болса»,  Абайдың өзі жол сілтеуші(компас). Қазақтан шыққан ұлылар аз емес. Оның арасында ұлықтау керегі де, ұмытпау керегі де бар. Бастысы, Абай мұрaсын толық зерттеп, дұрыс ұлықтай алу.

 Жансая Олжабек,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Журналистика факультетінің  3 курс студенті

 

Пікірлер