Жануарлар - тіршілік иесі. Олар шағымданып, лайықты жауап қайтара алмаса да, адамдар сияқты ауырып,азап шегеді. Махатма Ганди бір сөзінде: "Әрбір ұлттың моральдық даму үдерісін жануарларға қалай қарайтындығы арқылы білуге болады" деген болатын. Қазіргі таңда елімізде жануарларды қорғау мәселесі қызу талқыланып жатыр. Өкінішке орай, Қазақстанда жануарлар құқығын қорғау туралы арнайы заң жоқ.
ҚР Азаматтық кодексінің 124-бабы бойынша жануарлар адамның жеке меншігі болып табылады. Демек, жануар иесі мүлікті өз қалауынша пайдалануға құқылы. Ал, әлем елдері жануарларды қалай қорғайды?
Үйсіз жануарлар мүлдем кездеспейді
Нидарландта жануарлар құқығы туралы заң бар. Ол үйсіз жануарлар мүлдем кездеспейтін әлемдегі алғашқы мемлекет.Бұл елде 2015 жылдан бастап жануарларды циркте пайдалануға тиым салынған. Мемлекет жануарларға нашар қарым-қатынас жасағандарды қатаң жазалайды. Атап айтсақ, оларға қатыгездік көрсеткені үшін 3 жыл бас бостандығынан айырып, 17 000 евро көлемінде айыппұл төлетеді.
Жануарларды қорлаған адамдар елден қуылады
Жаңа Зеландияда 2016 жылдың сәуірінен бастап барлық жануарлар ресми түрде сезімтал тіршілік иесі деп танылды. Мемлекетте жануарларға зерттеулер мен тәжірибелер жасауға тыйым салынған. Үй жануарларын немесе жабайы аңдарды аулау заңсыз болып табылады. Сонымен қатар, Жаңа Зеландия жануарларды қорлаған адамдарды елден қуады.
Жануарларға әрқашан мейірім көрсету керек
Италия мысық немесе итті тастап кеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартады. Жануарларды эвтаназиялауға мүлдем тыйым салынған. Турин қаласында үй жануарларының шаштарын әртүрлі түске бояуға рұқсат жоқ. Ал Реджо-Эмилиа қаласының билігі мысықтарды, иттер мен құстарды еркелетуге, бағуға міндеттейтін заң шығарды. Жануарларға деген мейірімнің жеткіліксіздігі үшін адамдарға 500 еуроға дейін айыппұл салынады.
Адам мен жануардың құқығы тең
Испания әлемде алғаш рет адам мен жануардың құқықтарын теңестірді. Бұл елде маймылдарды жеке меншік объектісі ретінде қарастыруға болмайды. Олар бостандықта өмір сүруге құқылы.
«Жануарларды қорғаушы» мамандығы бар
Германияда жануарлар құқығы Конституциямен қорғалады. Елде «жануарларды қорғаушы» мамандығы бар .
Циркте жануарларды пайдаланбайды
Австрияда тауықтарды тығыз торларда ұстауға, малды тығыз арқанмен байлауға болмайды. Жабайы жануарларды цирктерде пайдалануға қатаң тыйым салынған.
Диана АСАНОВА, "Адырна" ұлттық порталы.