Крематорий қазаққа қажет пе?

6179
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандықтарға енді қайтыс болған жақындарын кремациялау үшін шет ел асып қажет жоқ. Алматы қаласының Алатау ауданы аумағында крематорий құрылысын бастау жоспарлануда.

Алматыда  крематорий салу үшін жобалық - сметалық құжаттар  әзірлеу үшін тендер жарияланды.Жобалық – сметалық құжаттарына 46,8 млн теңге бөлініп отырған крематорий техникалық шарттарға сәйкес екі пеші бар бір залдан тұрады деп жазады informburo.kz сайты.

Крематорий  Алатау ауданында орналасқан жаңа мәйітхананың маңайына салынбақ. Жоспар бойынша крематорий салу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау көзделуде. Қазақстандықтар жерлеу  қызметтерін  көрсету бюросына марқұмдарды кремациялау туралы өтінішпен жиі жүгінетіндігін айта кету керек.

Десек те, крематорий мәселесіне иісі қазақ үрке қарайтыны жасырын емес. Бұл сөздің өзі санамызда қалған сонау сойқан жылдардағы қорқынышты көріністі жаңғыртатыны сөзсіз. Жалпы, крематорий не үшін керек? Әдетте, мәйітті жерлеуге арналған орындарды үнемдеу үшін крематорий өте тиімді саналады. Сонымен қатар, бірқатар ұлт өкілдері өз діни сенімдері негізінде мәйітті өртеу ғұрпын, яғни крематорийді таңдайтыны тағы бар. Ал Қазақстанда крематорий салу қандай қажеттіліктен туындады?

                                                                      Сіз не дейсіз?

Димаш БЕКТАЛЫ, мұғалім: «Өте керек дүние. Адам өлген соң, мүмкін болса, сау органын керек адамға ауыстырса және мәйітті өртесе, өте тиімді болар еді. Әрине, кейбір діни түсінікті алға тартушылар крематорий мен өлген адамның органын беруге қарсы шығуы мүмкін. Меніңше, адам өлген соң оның денесін жерге көмсең де, өртесең де бәрібір. Пәлен метр жерге мәйітті көмгенше, сол жерді тірі адам өз пайдасына жаратқаны дұрыс деп санаймын».

 Ерасыл АДАМБЕКҰЛЫ, жерлеу рәсімі бюросының жұмысшысы: «Кремация жасату жерлеу рәсімінде бағасы жағынан өте арзанға түседі. Мәйітті орауға мата сатып алмайсыз. Оны жуындыруға, жерлеуге апаруға көлік жалдауға, көрін қазуға шығындалмайсыз. Бар болғаны кремацияға ақы төлейсіз де, 2-3 келі тартатын мәйіттің күлін аласыз. Оны қалаған жерге шашсаңыз да, үйіңізде сақтап қойсаңыз да өзіңіз білесіз. Дәстүрлі жерлеу бойынша әсіресе, біздің халықта шығын өте көп болады. Жерлеп болған соң, басына орнататын белгітасының мен қоршауының бағасы қырық, елу мыңнан басталады».

Ақжол ХАБИБУЛЛАҰЛЫ, тарихшы: «Крематорийді пайдаланатын адамдар бар да шығар. Сол себепті де салынып жатқан болар. Алайда қазақ ең алдымен аруақты құрметтейтін болғандықтан, өз жақынының денесін отқа бере қоймас. Дінімізде де әр адамның денесінің қара жерге бүтін берілуін қолдайды. Сондықтан біздің халқымызға дәл осы крематорийдің аса қажеттілігі бар деп ойламаймын».

Әлібек САПАРБЕКҰЛЫ, зират шырақшысы: «Крематорий керек дүние меніңше. Өйткені күн өткен сайын мәйітті жерлейтін орын тарылып барады. Өзіңіз білесіз, еліміздегі ірі қалаларда бір ғана зират үшін бөлінген жердің көлемі тірі адамдарға бірнеше үй салуға болардай ауқымды. Алдағы уақытта крематорийді қолға алса, пайдалануға арналған жер телімдері де көбейе түсер еді деп ойлаймын».

 Гаухар ЖҰМАЖАН, зейнеткер: «Ол пешті біздің қазақ пайдалана қоймас. Себебі, бізде мәйітті өртеу былай тұрсын, органдарымен түгел қара жерге жерлеуді дұрыс санайды ғой. Мені алаңдататыны, бұл крематорийдің қала ішінде салынуы. Қанша дегенмен, мәйіт өртелетін мекеннен жағымсыз иіс шығатыны рас қой. Осы жағы қалай болар екен?»

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Пікірлер