Ел экономикасының ендігі жағдайы -"ұлы депрессия"

1982

«Коронакризистен» Қазақстан қалай аман шыға алады? Үкімет шағын және орта бизнесті қаржыландыру кезінде нені ескеріп, неге мән беру керек? Халықаралық валюта қорының және басқа да әлемдік рейтингтік агенттіктердің Қазақстан экономикасына қатысты адағы уақытқа қандай болжамдар жасалуда?Осы сұрақтарға экономист Мақсат ХАЛЫҚТЫҢ  пікірін сұрап білдік.

 Ұлттық қорымыз дәтке қуат береді

 Экономист ретінде сіздің ойыңызша карантиннен кейінгі Қазақстанның экономикалық жай-күйі қаншалықты ауыр болады?

 -Жалпы карантиннен кейін Қазақстан экономикасы үшін оңай болмайтыны түсінікті. Қаншалықты ауыр соғатыны туралы айтатын болсақ, ол әрине әр мемлекетте әр түрлі  болады. Кейбір мемлекеттер үшін пандемияның, яғни «коронакризистің» салдары  қатты  ауыр болмайды, ал кейбіруіне керісінше өте қатты ауырлық алып келеді. Қазақстанның жағдайында , басқа елдермен  салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, мысалы Венесуэлланың  жағдайымен, немесе бізге жақын мемлекеттер Беларуссия,  Украина сияқты елдермен салыстырсақ,  осы мемлекеттердей   қатты қиналмайтын  мүмкіндігіміз бар.

Өйткені бұл мемлекеттердің  біздегі  Ұлттық қор сияқты қорлары жоқ.  Бүгінгі күні олар Халықаралық валюта қорынан көмек сұрап отыр. Соны ойлағанда біздің жағдайымыз тәуірлеу. Бірақ та бұл бізді ақтай алмайды. Осылай екен деп, арқамызды кеңге салуға болмайды.  Бұл жағдайдан өту,  Мемлекеттің  антикризистік бағдарламасының қаншалықты  тиімді орындалатынына байланысты. Сондықтан осы антикризистік бағдарламаның жүзеге асуын қадағалауымыз керек.

Бұл бағдарламаға Ұлттық қордан қаражат бөлінуде,  жалпы бюджеттен 5,9 триллион теңге бөлініп отыр. Бұл өте үлкен қаражат.  Егерде осы бөлінген қаражатты тиімді жұмсайтын болсақ, онда біз бұл дағдарысты еңсере аламыз. Мәселе осы бөлінген қаражат керек жерге дейін жетуінде болып тұр.

Жұмыссыздар саны арта түспек

Экономиканы қайта қалпына келтіру үшін Үкімет қандай нақты іс-әрекеттер жасау керек деп санайсыз? Қазір шағын және орта бизнесті қаржыландыру, қолдау бойынша үкімет тарапынан бірқатар іс-шаралар атқарылып жатыр. Бұл экономиканың дамуына қаншалықты септігін тигізеді деп ойлаймыз?

-Экономиканы қайта қалпына келтіру үшін мемлекет бірнеше нақты қадамдар жасап жатыр. Жаңағы айтқан  қаражатты әр салаға реттеп бөліп отыр. Фермерлер мен шаруаларға төмен пайыздық несие беруді қолға алды. Бұдан басқар 1 триллион теңгені шағын және орта бизнесті қолдауға бөліп отыр. Айта кету керек, бұл қаражатты халыққа жеткізуші оператолар -  екінші деңгейлі банктер.

Ал олар өз кезегінде бұл қаражаттарды өзінікіндей көріп, кәсіпкерлерге беру үшін оларға белгілі бір талаптар қойып отыр. Кәсіпкерлер үшін үлкен қиындық, олар осы қаражаттан алу үшін, кепіл зат  қоюлары керек. Кепілдікке қоятын мүліктері жоқ, табыстары төмен кәсіпкерлер үшін төмен пайызбен несие алу қиын болуда. Сондықтан, қаншама  компаниялар жабылып, банкрот болғалы тұр.

Бұл  жұмыссыздықтың өсуіне әкеп соғады. Біздің елде 1 млн 600 мың шағын және орта бизнес бар болса, бұларда жұмыс істейтін халықтың саны 3 млн 200 мыңнан көп. Демек егер бірқатар кәсіп иелері өз қызметін тоқтататын болса, она қаншама адам жұмыссыз қалады. Дәл қазір ірі қалалардағы блок бекеттер ашылғанмен, осы қалаларға келіп жұмыс істейтін ауыл-аймақ тұрғындары бүгіннің өзінде белгілі бір қиындықтарға тап болуда. Қысқартуларға ұшырап, жұмыссыз қалып жатыр.

Бір ғана факторды мысалға келтіре кететін болсақ, ол 42 500 теңгені алғандардың саны 4 млн 500 мыңға жуық болды.  Жалпы Қазақстанда еңбекке жарамды адамдар саны 10 млн-дай десек, осылардың жартысына жуығы тұрақты табысынан айырылып отыр деген сөз. Орта есеппен осы 4 млн 500 мың адамның тең жартысы жұмысқа орналасты деген күннің өзінде 2 млн-нан астам адам жұмыссыз қалады. Ал бұл 2 млн-нан көп адамның табысына қарап отырған қаншама жан бар, отбасы мүшелері бар.

Демек бұның артында шамамен тағыда 3-4 млн-дай адам отыр деуге болады. Бұл осыншама халықтың күн көрісі нашарлап, кедейлік қамытын кию жағдайы орын алады деп топшылауға негіз бола алады. Бұдан барып Үкіметке деген наразылық тумай қоймайды. Егер мемлекет дұрыс ойластырылған, тиімді қадам жасамаса, нақты бағдарламалар қабылдап, дұрыс жүзеге асырмаса – онда оның салдары қиын болатыны түсінікті.

Мемлекет жұмыс істеуге қабілеті бар компанияларды, кәсіпкерлерді ұстап қалуға тырысу керек, олардың жұмысшыларының 50 пайыз жалақысын мемлекет төлеп беруі тиіс. Осылайша бар дүниені сақтап қалуға болады. Бұл бәрін жойып жіберіп, қайтадан бастағаннан тиімді әрі жеңілірек болатыны белгілі.

Сонымен қоса менің ұсынысым бар, үкіметтен бөлінген қаражатты тек екінші деңгейлі банктер арқылы емес, шағын несиелік ұйымдар арқылы үлестірілсе. Шағын несиелік ұйымдардың талаптары банктердің талаптарындай қатты емес. Олар шағын және орта бизнес.

Иә, Мемлекет өз тарапынан ірі-ірі шағын несиелік ұйымдарға ұсыныс жасалған екен. Тек қаражатты қайтадан мемлекетке  қайтару жөнінде, оларға үлкен талаптар қойылыпты. Талаптар жоғары болғандықтан шағын несиелік ұйымдар бұл қаражатты алуға келісім бермей отыр.

Қазір Үкіметтің негізгі міндеті Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске қаржылай қолдау беру.

Ұлы депрессиялы коронакризис күтіп түр

Халықаралық валюта қоры биыл Әлемдік экономиканы атақты 1930 жылдардағы «депрессия» күтіп тұр дейді. Бұл айтылғанға сіздің пікіріңіз қандай? Бюджет түсімін, жалпы кірісіміздің көп бөлігін мұнайдан түсетін пайдадан құрайтын ел ретінде бізге де осыған дайын болу керек пе?

 -Иә, ХВҚ ғана емес, жалпы әлемнің көптеген экономист сарапшылары да, басқа рейтингтік агенттіктерде Әлемді бір ғасырда бір рет орын алатын үлкен дағдарыс күтіп тұр деп топшылауда. Алғашында коронакризис басталған кезде көпшілігі 2008 жылдардағы дағдарысқа ұқсас қиындықтар болады деп айтқан еді. Ал кейін бұның салдарынан өткен ғасырдың 30-жылдарында орын алған Ұлы депрессияның дағдарысындай дағдарыс орын алады деген болжамдар жасалып жатыр.

ХВҚ Қазақстан үшін осы жылдың соңында минус 2,5 пайыздық жалпы ішкі өнімнің құлдырауы күтіледі деп отыр. Ал Еуропа қайта құру және даму банкі бұл көрсеткіш 3 пайызды құрайды деп болжауда. Егерде  бұл мәлімет шындыққа ұласса, Қазақстанның экономикалық өсімінде соңғы 22 жылда болмаған құлдырау болады. Алайда, бұлар өте пессимистік деңгейде жасалған болжамдар. Сонымен бірге оптимистік деңгейде ойлап, болжам жасағандар да бар. Мысалы Standard &Poor’s Қазақстан экономикасы 2,9 пайызға өседі десе, Moody’s халықаралық рейтінгтік агенттігі  Қазақстанның жалпы ішкі өнімі  3 пайызға өседі деп болжап отыр.

Ал Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша бұл көрсеткіш минус 0,9 пайыз болады дейді. Қазақстанның өзінің де даму сценариі бойынша соңғы 22 жылда болмаған минустық көрсеткішке жетеміз деген болжамдар бар.

Маусым айында ОПЕК+ келісімі елдерінің  жиыны болады деп жоспарлануда. Егер ол жерде батыл шешімдер жасап, ОПЕК + елдері мұнай өндірісін қысқартамыз деген шешімді тағыда қабылдаса, онда  мұнайдың бағасы қайтадан 40 доллар болуы мүмкін. Осындай жағдай туындағанда ғана Қазақстанның экономикасы аздап болса да тұрақталады деп айтуға негіз бар. Ал егер мұнай бағасы 40 доллар болмаса, онда ол ұзақ мерзімге теңгемізге де қысым жасап, еліміздің төлем қабілетін нашарлатып, әлеуметтік жағдайға да кері әсерін тигізеді.

Сұхбаттасқан: Еркегүл ТОҚТАМҰРАТ

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар