Аралас мектеп: Қазақтар өзімізден бастайық!

4781
Adyrna.kz Telegram

60 пәтері бар көпқабаты үйде тұрамын. Қаланың маңайындағы бір ауылдан көшіп келген аты орыс, заты татар Андрюшаны санамағанда қалған 59 пәтердегі тұрғындардың барлығы да қазақтар. Өскеменде туып-өсіп, орысша оқыған екі-үш тұрғынды есепке алмағанда, қалған көршілер түгелдей 25-40 жас аралығындағы ауылда өскен өзіміздің қазақтың жастары. Қарап тұрсаң бәрі білімді, бәрі ақылды. Алайда кейде кейбір мәселелерде өзара келісе алмай қалып жатамыз. Әсіресе тіл мәселесіне келгенде бұл анық байқалады. Тәуелсіздік алған осы 30 жыл ішінде өз ана тілін табанына таптауға әзір тұрған дүбара ұрпақтың өсіп жетілгеніне күнделікті куә болып келемін. Кейбіреуінен «бір позунки бұрын тоздырған» үлкендігімді пайдаланып «брәтішке» деп бастап батырып та, қалжыңмен қатырып та айтып көрдім. Әзірге селт етер түрлері көрінбейді.
«WhatsApp» желісінде «Соседи» деген тобымыз бар. Әйтеуір сол топта «шүлдір-шүлдір» әңгімелер жиі болып жатады. Енді сол топтың атауын «Көршілер» деп қазақша өзгерте алмай жүргенде, әлемді өзгертпек болған әрекетіңнен не қайыр деймін де, қолды бір сілтеп әңгімелеріне араласпай қоятын да кездерім болады. Соңғы кезде тұрғындарға қатысты хабарландыру «WhatsApp-та» «уважаемые соседи.....» деп басталғаннан-ақ қаным басыма тебетін болып жүр. «Бауырым, бәріміз қазақпыз ғой, өзің де ауылда өскен қазақтың баласысың ғой, қазақша айта берсеңші» деп бірнеше рет чатқа бадырайтып тұрып жазып жібердім. «Бәріне түсінікті болсын дегенім ғой» деп ақталады да қояды. Жарайды... бір реті келгенде жеке айтармын деп ойлап жүрген едім.
Өткен жолы көрші жігіттер аулада бас қоса қалып, біздің шағын аудандағы жаңа мектеп мәселесі туралы тағы да сөз болды. Үйдің жанындағы құрылысы басталып, елдегі жемқорлықтың бір ескерткіші болып қараусыз қалған ғимаратты жөндеуден өткізіп, аралас мектеп қылады екен деген әңгіме қызу талқыланды. Кезінде пионер, комсомол болып, кеңес өкіметінің сәл де болса тәрбиесін көріп үлгерген өзім құралпыс бір-екі жігіт қана: «Неге аралас мектеп? 100 пайыз қазақтар тұратын шағын ауданға аралас мектептің не қажеті бар? Қашан өзіміздің қазақ деген халық екенімізді есімізге түсіреміз?» Тілден бүгін айырылсақ одан кейінгі ұрпақтың халы не болмақ?» деп баяғыша бір тулап түстік. Ал аралас мектеп болуын жақтап, «баламды қайтсемде орыс сыныбына беремін» деп сазарып тұрған «тәуелсіздіктің құрдастарының» ойынша ғылым-білімнің, болашақтың бәрі орыс тілінде жатқан көрінеді-мыс.

-Өзің ауылда қазақша білім алыпсың. Білдей бір мықты мамансың. Сонда осы күнге дейін қазақша білім алған, ЖОО-ын қазақша бітірген мені де, өзіңді де «тупоймыз» дегің келіп тұр ма?,-дедім ақыры шыдай алмай.

-Жоға братан, просто өзім қазақша оқыдым да, көп нәрседен артта қалып қалғанымды кейін түсініп жүрмін. Орысша оқығандар самостоятельный, шустрый, практичный, честный болып өсетін сияқты,-деп баяғы әніне басып, былжырай бастады. Сол сәтте кенеттен оның сөзін көрші Дастан бөліп жіберді. Өзі қаланың маңайында өсіп, орысша оқып, орысша сөйлейтін «орысбай» Дастаннан бұндай ой күтпеген едім.

-Мен балаларымды қазақша оқытамын. Өйткені өзім орыс класында оқығандықтан олардың қандай болып өскенін көріп өстім. Балағат сөздің де, ішімдікке де түбін түсіретін солар. Ата-анасына да, туысқандарына да суықтау болып өседі екен. Мінездері тік. Қыздары да ерте жетілді. 7-8 класта оқып жүргенде-ақ секс туралы әңгімені ашық талқылап отыра беретін. Біздің мектепте екіқабат болып қалып аборт жасататын қыздар да, нашақорлыққа ұшырағандар да көп шықты. Тіпті директордың өзінің ұлы студент кезінде «передозировкадан» өліп қалды. Ал қазақ класында оқыған балалардың тәрбиесі қанша дегенмен адамгершілігі жақсы болады. Мен тек әке-шешем үйде қазақи адамдар болғандықтан ғана әйтеуір кластастарға ілеспей аман қалған сияқтымын,-деп ағынан жарылды.

-Мәселе онда да емес,-деді арамыздағы бәрімізден жасы үлкенірек Марқакөлдік Елзат көршіміз,- Қараңдар жігіттер, қазақтар латын әліпбиіне көшуді бастады. Яғни қазақша оқығандар енді бірнеше жылда латынша жазып оқитын болады. Бұл бір жағынан балаға кейін ағылшын тілін еш қиындықсыз оқып жазып үйренуіне де өте қолайлы болмақ. Екіншіден қазір орыстың балалары ғана орыс класында оқуға мәжбүр. Өйткені олар өз болашағын Ресеймен байланыстырады. Мектеп бітірген сол жаққа оқуға түсіп, сол елдің азаматтығын алып, өзінің тарихи отанында тұрақтап қалады. Олардың сенің латыныңа түкіргені бар . Ал солармен бірге ілесіп жүріп орысша оқыған сенің балаң кейін қайда қалады? Әрине не қазақша дұрыс сөйлей алмай, не латынша оқып жаза алмай қиналып, дүбара болып орта жолда қалады. Әлде балаңа Ресейдің азаматтығын алып беріп, артынан өзің де көшіп барасың ба? ,-деп сұрақты төтесінен қойды.

Көршілердің арасындағы әңгіменің төркіні өзара ренішке ұласа бастағанын сезген соң-ақ тақырыпты басқа мәселелерге аударып жіберуге тура келді. Қысқасы әңгіме бұл жерден аяқталған жоқ. Әңгіменің көкесі мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген кезде басталатын сияқты.

Ермек Құрманғалитегі,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер