Талғар түтіннің астында қалды

3645
Adyrna.kz Telegram

Талғар ауданына қарасты ТОО «Экосервис групп» қоқыс полигонында өрт шықты.  1 маусым күні түскі уақытта басталған әлі толықтай сөндірілмеген. Талғар ауданы баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрттің неден пайда болғаны белгісіз.

Қазіргі таңда өртті сөндіруге 12 адам, 4 техника жұмылдырылған.  Өрт 4 гектар аумақты қамтыған. Ескеретін жайт: Талғар ауданының аумағына Талғар және Есік қалалары мен Бесқайнар және Бірлік ауылдары кіреді. Қоқыс полигонына жақын жатқан елді-мекендер 2 тәуліктен бері түтіннің құрсауында отыр. Тұрғындарға құзырлы органдар тарапынан көмек көрсетілмеген.

Апат жайлы эколог маман Қайрат Нұрханның пікірін білдік. Талғар ауданының экологінің айтуынша, қоқыс жинауға сауатты түрде кіріспеген ТОО «Экосервис групп» компаниясында ешқандай қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Полигон жерасты суына өте жақын жерде орналасқан. Қоқыс қалдықтары жерасты суына араласып, жақын маңдағы елді-мекендердегі халық пайдаланып отырған ауызсуға зардабын тигізуде. Полигон кен байлықтарын өндіру үшін қазылған карьердің үстінен салынған. Жерасты суына жақын жер болғандықтан  құрылыс жұмыстары да тоқтатылған екен. Ал қоқыс компаниясы бұл факторды ескермеген болып отыр.

Қайрат Нұрхан, эколог: «Полигонға орта есеппен Алматы қаласынан 200-300 тонна қоқыс әкелінеді. Өрт қоқысты өртегеннен пайда болуы мүмкін. Немесе рекультивация жасалмаған. Ол дегеніміз бүлінген жерлердің құнарлылығын қайта қалпына келтіріп, қоршаған ортаны жақсарту үшін жүргізілетін кешенді жұмыс. Бұл бойынша бүлінген жерге 1-2 метр топырақ тасталу керек.

Өрт түтінінің құрамында 12 түрлі химиялық элемент болады. Бұл элементтер адамда обыр ауруының туындауына әкеліп соғуы мүмкін»

Аталмыш компанияның сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген болжам бар. Себебі, қауіпсіздік шараларын тексеруге міндетті экологтар полигонды әлі күнге дейін толыққанды тексеруге қол жеткізе алмағандықтарын айтты. Компания қызметкерлері кәсіпкерлік кодексті желеу етіп, тексеріске тосқауыл қоятын көрінеді. Эколог мамандар бұл мәселе бойынша аудандық прокуратурадан да, аудандық әкімшіліктен де рұқсат ала алмай келеді. Эколог Қайрат Нұрхан құзырлы органдарға хат жазудан жалықпаймыз деп тастүйін бекініп отыр.

Түтіннің құрсауында қалған халықтың жағдайы не болары белгісіз.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер