Іле-Алатау паркінің бір бөлігі жеке қолға қалай өтіп кетті?

3657
Adyrna.kz Telegram

Жұрт коронавируспен әуре болып жүргенде Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бір бөлігі қалайша жеке қолға өтіп кеткенін бүгін Экология вице-министрі тілшілерді жинап түсіндіруге тырысты деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Үлкен Алматы көлі, Талғар орман шаруашылығы, Түрген және тағы басқа да қорық аумағына кіретін бірқатар жерлер жеке компаниялардың біріне 49 жылға жалға беріліпті.

«Тендерді тек туризмді дамыту мақсатында  өткіздік» деп ақталған шенеуніктер басқалардың бұл мемлекеттік сатып алуға қызықпағанын айтады. Алайда журналистерге  өткізілген жиынға сау ете қалған өзге туризм өкілдері олардың өтірігін шығарды. Қыруар ақшаның көзіне айналған Алатауға талас жайлы:   Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі қазір карантинге жабық. Жеке қолға өткен жердің жайын журналистерге түсіндіруге асыққан Экология вице-министрі Ерлан Нысанбаев мұны естен шығарса керек. Айыппұлдан қорқақтасақ та, астанадан ат арылтып келген шенеуніктің артынан тыйым салынған аумаққа өттік. Ал бетперде киюді де қажет деп таппаған вице-министрге Алатаудың таза ауасы әсер етті ме, әлде туған жердің топырағы тартты ма, әйтеуір табиғатқа деген сезімін ақтарды.

Ерлан Нысанбаев, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:

- Табиғатты жақсы көремін! Біз енді орманшымыз ғой, менің мамандығым орман саласынан – инженермін. Табиғат керемет қой! Аңға бармаймын, мылтық та жоқ менде, бірақ балыққа барып тұрамын.

Бірақ вице-министрдың бұл жолғы мақсаты – табиғатты тамашалаудан бұрын,  ұлттық парк аумағында басталғалы жатқан үлкен бизнесті бұқараға түсіндіру. Сөзіне сенсек, тендерді ұтқан инвестор Алатау баурайын этно-ауылдарға толтырады. Одан қалды, туристердің тынығуына арналған кемпингтер ашады. Төменде толған мейрамханаларға түспей, тау арасында жүріп-ақ тамақ жейтін орындар пайда болады екен. Ал ең бастысы, «мемлекеттік қазына қампаяды» - дейді Ерлан Нысанбаев.

Ерлан Нысанбаев, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:

- 14 миллиард ақша саламын деп отыр. Ол қомақты сома.

- 14 миллиард доллар ма?

- 14 миллиард теңге! Өздеріңіз білесіздер, осыншама нысан салынса, ол біріншіден, жұмыс орны, екіншіден, бұл табыс. Табыс көзі болған соң, оның артында салық бар. Жыл сайын қазынаға 1 милллард 200 миллиондай ақша түседі деп болжанып отыр.

Үлкен Алматы көлі, Талғар орман шаруашылығы, Түрген, Бутаковка мен Алма-Арасан шатқалдары және тағы басқа аумағы 35 гектар болатын жерді бақандай 49 жылға жалға алған компания ашылатын нысандардың суреттеріне дейін салып қойыпты. Ал тендер наурыз айында өткізіліпті. Бір қызығы, жерді иеленген компания сол мемлекеттік сатып алуға жалғыз қатысқан.

Дамир Малгелдиев, «Іле-Алатау» ұлттық табиғи паркінің бас директоры:

- Бір ай сайтта тұрды. Көпшілік көрді. Мына болған жағдай, мен сіздерге айтып кетейін, карантинге дейін болған жағдай. Содан ешкім болмағаннан кейін біз заң бойынша «Култау» деген инвестор бізге қатысты, комиссиямен қаралды және бір дауыспен бәрі.

Шешім де небәрі жарты сағаттың аясында қабылданған. Ал фирманың өзі бұған дейін Қапшағайдың төңірегіндегі жер учаскелерін алып-сатумен айналысыпты. Яғни, туризмге де, табиғатқа да қатысы жоқ. Десе де «тендерге басқа ешкім қызығушылық танытпады» деген шенеуніктердің сөзін таудағы жиналысқа сау ете қалған өзге туризм өкілдері теріске шығарды.

Асқар Бәкиев, тау саяхатшыларының гиді:

- Біз де осы экологиялық палаталы лагерь бойынша жобаны күзде бергенбіз,  Іле-Алатау ұлттық паркіне. Бірақ   ешқандай жауап алған жоқпыз. Бұл тендерді қайтадан өткізгені дұрыс. Барлық тур компаниялар және де сол салада тәжірибесі бар компаниялар қатысса, әділ болушы еді.

Іле-Алатау ұлттық паркі. Ауасын өкпеңді қанша толтыра жұтсаң да, тоймайсың. Өзеннің сылдыры, құстардың сайрағаны естіледі. Бірақ, бұл тыныштық көп ұзамай бұзылады. Тендерге өзі ғана қатысып, өзі ұтып алған компания келесі аптадан бастап жұмысын бастайды. Ал бір айдан кейін мұнда шыршалардың жанында жаңадан нысандар пайда бола бастайды.

Пікірлер