Шымкент: Білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар күшейтіледі

1156

Шымкент қаласының  ақпараттық-коммуникациялық орталығында  Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін атқарушысы Ақмарал Жүнісованың қатысуымен білім саласында сапаны қамтамасыз ету және білім беру ұйымдарын бақылау бойынша нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер туралы онлайн-брифинг өтті.

Департамент басшысы міндетін атқарушысының мәлімдеуінше, енгізілген өзгерістер барысында педагогтарды кәсіби міндеттеріне кірмейтін жұмыс түрлеріне тарту, олардан қызметтік міндетіне кірмейтін мәселелер бойынша ақпарат немесе есеп талап ету фактілері бойынша өтініштер түскен жағдайда педагогтардың құқықтарын бұзғаны үшін тиісті тұлғалар мен кәсіптік субъектілері жауапқа тартылады. Бұл ретте тексеру ісі Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменттері Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінде жоспардан тыс тіркеледі.

Осы орайда Ақмарал Жүнісова: «Жоғарыда атап өткен құқықтық нормалар бұзылса, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 409 бабына сәйкес бірінші ескерту жасалады, егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде тағы қайталанса, 20-дан 120-ға дейінгі АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», – деді.

Брифингте ұлттық бірыңғай деректер қорын жетілдіру тұрғысында алдағы оқу жылында тәуекел дәрежесін анықтау және келесі жартыжылдыққа профилактикалық бақылау тізімін қалыптастыру үшін қандай ақпарат көздері қолданылатыны да сөз болды.
Атап айтсақ:
– Бақылау субъектісі ұсынатын, оның ішінде автоматтандырылған ақпараттық жүйелер арқылы ұсынатын есептілік пен мәліметтерді мониторингілеу нәтижелері;
– Бұрынғы тексерулер мен бару арқылы профилактикалық бақылау және қадағалау нәтижелері;
– Расталған шағымдар мен өтініштердің болуы және саны;
– Уәкілетті органдар мен ұйымдар ұсынатын мәліметтерді талдау нәтижелері.

Ақмарал Мырзабекқызының айтуынша, өзгерістер кезінде орта білім беру ұйымдарының түрлері бойынша жеке-жеке талаптар қарастырылған. Яғни, гимназия, лицей, дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарында жоғары және бірінші категориясы бар педагогтардың үлесі көбірек болуы керек. Оған қоса, білім беру ұйымдарының материалдық құрал-жабдықтарына қатысты талаптар күшейтіліп, компьютер кластары, интернет желісі қосылуы және бейнебақылаудың болуын қажет ететін нормалар енгізілген.

Сондай-ақ, өзгерістерде техникалық және кәсіптік білім беру, колледж және жоғары колледждерде мамандық бойынша жұмысқа орналасқандар мен жұмыспен қамтылғандардың үлесі кемінде 75% құрауы туралы, ал жатақхана немесе хостелдегі студенттерге тұрмыстық жағдай жасау қажет екендігі туралы талаптар толықтырылған.

«Алдағы уақытта білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар күшейтіліп, білім беру сапасының артуы көзделуде», - деп сөзін түйіндеді А.Жүнісова.

БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға тиянақты жауап берілді.

Шымкент қаласы

Пікірлер
Редакция таңдауы