Ашаршылықтың геноцид деп танылмауына қазақ өзі кінәлі

3834
Adyrna.kz Telegram
Қазақтар айтады: "Біздегі аштық сұрапыл болған. Ең көп қырылған халық қазақ, әлем бұл геноцидті білуі, мойындауы тиіс" дейді.
Қалай? Қалай мойындайды айтшы?! Өз қазағыңның арасында тең жартысы "бұл ешқандай геноцид емес, экономикадағы қателіктердің салдары" деп құлша құлдырап, міңгірлеп жүргенде. Өз тарихын, өз халқының қасіретін мойындамай жүрген ұлтты әлем елдері керек етпейді, сыйламайды, ешқашан мойындамайды. Ондай ұлтқа күле қарайды, мысқылдайды. Ащы болса да ақиқат осы. Сол себепті де 1930-33-тегі Украинадағы аштық әлем елдерінде Геноцид деп танылды, ал 1930-33 жылдардағы Қазақстандағы аштық жайлы ешкім білмейді. Оған ең әуелі қазақтың өзі кінәлі. Тіліп тұрып сол зұлматты айтсаң, өзіңді талай кетеді. Қоғамдағы жарым сана, құл мінез, тексіз болмыстылар артқа тартумен келеді. Олар үшін сол геноцидте бабаларының бір үзім нан таппай, бұралып өлгені маңызды емес!
Міне, 31-мамыр жақындап қалды. Тағы бір-екі күн аштық пен саяси қуғын-сүргін жайлы жазып, мақалалар шығып, депутаттар оны "геноцид деп тану керек" деп ұлттың көңіл-күйіне пианино ойнап қояды. Сонымен болды. Келер жылы осы сценарий қайталанады. Болды. Одан пайда бар ма?
Міне, геноцидке он жылдан кейін тура бір ғасыр болады. 100 жыл! Қорқаққа жүрек, мылқауға тіл бітетін уақыт! Бірақ миллиондаған көмусіз сүйегі шашылып қалған қазақты шын қайғыра еске алатын сана әлі қалыптаспады. Жүрегім ауырады. Әлем оны білмейді, біздікілер білдіргісі келмейді. Қырылған қазақты аза тұта еске алуға әлі қанша жыл керек?!
Асхат Қасенғали
Пікірлер