Арқалық Әмәлиятұлы. Ортажүрек

509

Арқалық ӘМӘЛИЯТҰЛЫ 1998 жылы ҚХР Еренқабырға, Боғда тауы баурайында дүниеге келген.  Өлеңдері «Оңтүстік қазақстан», «Қазақстан жолы» газеттерінде жарық көрген. «Жастық – жалын жыр», «Түркістан түлектері», «Көк бөрі – ұраным, айбыным», «Шымкен – шаттық шырағы» жинақтарына өлеңдері енген. Бірнеше дүркін облстық, ресбубликалық мүшәйралардың жүлдегері. Қазір Түркістан облсы Түркістан қаласы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халхаралық қазақ- түрік униуерситетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының  3 курс студенті. Әмірхан Балқыбек атындағы облыстық медаліның иегері. 2018 жылғы Әзілхан Нұршайықов атындағы ресбубликалық стипендия иегері. «Ұмытшақ көктем»жыр жинағының авторы.

 

ОРТАЖҮРЕК

 

Жайлауда –

Ортажүрек дейтұғын тау бар еді,

Орап ағар өзені саумал еді,

Біздің үй сол жүректің бауырында,

Сол жүрек жетелеген алға мені.

 

Дариға-ай, ол бір мекен шүлені бар,

Дариға-ай, ол бір мекен сүреңі бар,

Дариға-ай, қалай ғана сағынбайын,

Ауылымды тулаған Жүрегі бар!

 

Ортажүрек, сағындым тұманыңды,

Орта жүрек, сағындым мұнарыңды,

У да шу бұл қалада, сағынамын

Ұларшу боп ұшатын ұларыңды.

 

Бармас ел боп, сол тауда қалмас ел боп,

Ауыл қалған арманын нарға теңдеп,

Алатауға қараймын қайта-қайта,

Алматының жүрегі бар ма екен деп!

 

Жайлауымда бір тау бар Ортажүрек,

Соны ойлаймын, көңілім қалса жүдеп,

Мен өзім бара алмадым, Ортажүрек,

Сен өзің келмейсің бе, Ортажүрек?

 

Ортажүрек, ізде сен тау ұлыңды,

Қолқа жүрек езбе сен бауырымды,

Мен барсам, сағынышымды ала барам,

Сен келсең, ала келші ауылымды!

 

Күтемін, көңіл жара, жаным алаң,

Сен келсең, қалады рас жаным аман,

Тілім-тілім жүрегімді лақтыра сап,

Мен сені орнына салып алам,

Ей, Ортажүрек – қолқажүрек!

 

 

 

ЭГО

Ешкімге де сенбейтұғын қылды өмір…

Еш сенімге келмейтұғын қылды өмір…

Ешкімге де ермейтұғын қылды өмір…

Ештемені көрмейтұғын қылды өмір…

 

Жолдар қайда апармады сүйрелеп,

Күйгелектеу көкжелкемнен шүйделеп.

Ауыр-ауыр ойға батам әр күні,

Өңім сынып, көңілсіздеу үйге кеп.

 

Өмірге де ұл емеспін мен өзім,

Келгем әйтеу, келгеннен соң кезегім…

Әрі кетсе саясаттың құлымын,

Басқа ешкімге құл емеспін мен өзім!

 

Неге сонша көңіл аңқау, аңғал жан?

Түрім құрсын, не көрсе де таңғалған!

Мен – өзімнің шабарманым екенмін,

Шындық іздеп ойға-қырға сандалған…

 

Орындаумен әрбіреудің жарлығын,

Біздің халық тау-тасқа ұрды тағдырын.

Бізде не бір мықты адамдар болған-ды,

«Абайсызда» атып алдық барлығын!

 

Өзімізді айдап бардық орға да,

Өзімізді байлап салдық сорға да!

Ешкім бізді құтқарған жоқ сонда да,

Ешкім бізді аяған жоқ сонда да!

 

Әне, тағы, алакеуім таң атты,

Таңы ол бәлкім – бақтың, сордың, азаптың…

Іштей ғана күбірледім, дұғам сол –

Маңдайына сисам болды қазақтың!

 

Басқа ештеңе керек емес, расым!

Өзім.

Өзім,

сен ойымда тұрасың…

Мен өзімді тауып алсам бір күні

Құшақтар ем жеткенінше құлашым!

 

Басқа ештеме келер емес қолымнан,

Көз де ерді, сөз де ерді соңымнан…

Мені іздеңдер іздесеңдер достарым,

Өзімді іздеп таба алмаған жолымнан!

 

Сол жол қайда апармады сүйрелеп,

Күйгелектеу көкжелкемнен шүйделеп.

Ауыр-ауыр ойға батам әр күні,

Өңіп сынып, көңілсіздеу үйге кеп!

 

ҮШІНШІ КӨКТЕМ

 

Көктем көшесі. Жұпыны үйлер.

Жұпыны үйлер. Көктем көшесі.

Іңір көшеді. Үкілі күйме,

Көшеді іңір, көшкен нешесі.

 

Өрік гүлдеді дедің бе маған,

Жорышы тағы, түсімді өткен?

Көктем көшесі, қош келдім саған,

Қош келдің маған, үшінші көктем!

 

Күнікей көктем өткен болатын,

Қош айтар оған кез жетті деді...

...Жаңа жыл осы көктем болатын,

Қаңтар деп кімдер өзгертті оны?

 

Қарсы алам бәрін жаңа жырыммен,

Көктемдер, оны кеткен демеші...

Үшінші көктем, жаңа жылыңмен,

Жаңа жылыңмен, көктем көшесі!

 

 

Ностальгия

 

Бұрын…

Ләлә гүлін теретін дала мұңын,

Баба жырын жаттайтын дала жырын,

Білмейтұғын шаһарды, қала мұңын,

Қайда менің қайғысыз балалығым?!

 

Ұзақ-ұзақ қараушы ем асқарға да,

Тағдыр кейін бұрылды басқа арнаға.

Тым қялшаң, ұйалшаң сол шағымды,

Қазыр осы біледі аспан ғана!

 

Ол кезде күн де керім, ай да керім,

Армандар оралатын ойға не бір.

Күнгейдің көктеміндей жаймашуақ,

Жаймашуақ күндерім қайда менің!

 

Көңіл құрғыр шақ болмай, хош та болмай,

Өмір – бұлдыр бұрынғы қоста қалмай

Жұргенде қоңыр өлең сені таптым,

Тірлігімнен басқалай дос таба алмай!

 

Қазір…

Біраз жолға аяңдап жеттім ақыр.

Кітап оқып отырам, кешкі уақыт.

Тұманды ойдың күмәнсіз сенетіні –

Тұманбайға жетпейді ешбір ақын!

 

Кейде өлең қалады жазылмай түк…

Ауылынан шабыттың бағым қайтып.

Содан кейін достарға бытып-шатып,

Қайта-қайта отырам ауылды айтып.

 

Сосын іштей,

Ерке қызды сағынып түгесермін,

Мың қайтара оқимын Тұмекемді…

Ол қай маңда мұңайып отыр екен?

Жақсы көріп оқушы ед Жұмекенді!

 

Тағдыр осы, қайтесің, амал нешік?

Пенде мүмкін мұңынан табар несіп.

Үйге келсем симаймын өз-өзіме,

Бір кіремін бір шығам мазам кетіп.

 

Біраз жолға аяңдап жеттім ақыр.

Кітап оқып отырам, кешкі уақыт.

Тұманды ойдың күмәнсіз сенетіні –

Тұманбайға жетпейді ешбір ақын!

 

Ал ол – Жақсы көріп оқушы еді Жұмекенді…

 

 

ЖАҢАЛЫҚ

 

Сен жүрген қала суытты дей ме?

Қар жапты дей ме қабағын?

Көктем біреуді ұмытты дей ме?

Сенгім келмейді, Қарағым!

 

Тәңірі тағы түс көрді дей ме?

Тағдырдың болжап тағдырын...

Күз кетіп, тағы қыс келді дей ме?

Бізде – алғашқы қар бүгін...

 

Ертеңді ойлау болмайды бізде,

Айтуынша елдің – ақын екенмін.

Кеше түсімде сен жайлы көрген

Түсімді жорып жатыр екенмін...

 

Айнадан көрдім мұңымды кейде,

Мазақ қып мені тұрады ол.

Сен жүрген қала жылынды дей ме?

Үшінші көктем шығар ол!

 

Баяғы кафе, тағы да келдім,

Ойладың, Күнім, сен нені?

Баяғы қала, баяғы менмін,

Жаңалық осы мендегі!

 

БЕЙ

 

«Такси, қалаға такси…»

Білмеймін, келгенмін қайдан?

Білмеймін, барамын қайда?

Мен шыққам жаңа бір айдан,

Барамын бозамық ойға.

 

Қалаға апарма мені,

Далада бала боп өстім.

Апарма шаһарға мені,

Онда да танымайды ешкім.

 

Мені осы біледі таулар,

Мені осы біледі шыңдар,

Мені осы біледі аңғар,

Мені осы біледі құмдар.

 

Ешқайда бармаймын, досым,

Осында таматын жаспын.

Мазалай  бермеші, сосын

Мас болсаң сен өзің массың…

 

Ұмытам мен енді бәрін,

Ұмытам күреңсе жолды.

Тағдырды силаған Тәңір,

Сен маған қалам бер,

Болды!

 

Сосын сен, алданба жырға,

Кешірші, болмай тұр мазам…

Маңдайда тағдырым тұр ма?

Өшірші,

Мен өзім жазам!

 

«Қалаға, қалаға такси,»

Бармаймын, ең соңғы сөзім.

«Такси, қалаға такси,»

Бармаймын, бос емес қолым!

 

 

ЖАҢАӨЗЕН ЖЫРЫ

 

Сайкүлігі көк сабын боп иленіп,

Орқаш өлке өлең сенбес күйге еніп,

Қызылсайдан іңір асып барады,

Күнсұлудың бұрымына сүйреліп!

 

Шөл далада шыр-шыр ұшып құс – үміт,

Күрең белдер күрең қабақ ұсынып,

Керуен – ғұмыр ақшам мұңын жұтады,

Жаңаөзенге тоғанағын түсіріп.

 

Керім кештің керімсал бір сәніне,

Байғыз үні қосылады әріде...

Қара түнмен қайғы биін билейді ай,

Табылдының әніне!

 

Күнәһарсың осы кешті ұмытсаң,

Бұл – Жаңаөзен жаратылған құрыштан!

Аздан кейін әупілдектің үніндей,

Мұнайшыға атады бір үміт – таң!..

 

Қашаған деп аталмаған бекерге,

Аноу жолда содан бері өтерде,

Құдайын да танымайтын жолаушы,

Мұнай іздеп келеді бұл мекенге...

 

Ал бұл мекен аямайды ырысын,

Қан-теріне айырбастап жұмысын,

Ал өзіне қарсы келсе әлде кім,

Суырады Адай сапты қылышын!

 

Міне осындай бұл Жаңаөзен, ерлеген,

Мұнайшысы халқы үшін терлеген,

Қас дұшпанға қамшысын да бермеген,

Халқы үшін жаулары жоқ жеңбеген!

 

Жаңаөзен – жаңа өмірдің аралы,

Орқаш өлке – әне соның мадағы!

...Керуен – ғұмыр тоғанағын сүйретіп,

Қызылсайдан іңір асып барады!

 

 

 

ТАРАЗ АРУЫНА

 

Ей, Тараздың аруы,

Нені ойлайды періштедей жүрегің,

Нені айтқысы келеді екен жанарың?

Мен ғұмырды дәл осылай сүремін,

Дәл осылай сүре берем, Қарағым!

 

Хафиз айтқан қос шаһарды елемей,

Маралтайдың жырына да таңғалмай,

Ақындарды сыйлап кейде төредей,

Мойындамай қалам кейде аңғалдай.

 

Ей, Тараздың аруы,

Саған өлең оқып бергім келеді,

Себеп етіп көктемгі бір жаңбырды.

Боқтап-боқтап тастағым да келеді,

Сені де ертең сынайтұғын тағдырды!

 

Мендік ғұмыр – өзгертпеген күзгі өңін,

Сендік ғұмыр – ертегімен шектелу...

Мұңайтады сені ертеңгі күндерің,

Мұңайтады мені өткен-кеткенім...

 

Бұның бәрі – махаббаттың жанры,

Бұның бәрі – бәрі қайғы, бәрі мұң...

Ей, Тараздың тал мүсінді аруы,

Мен өзімді іздеп жүрмін әлі күн,

Сен ештеме іздемеші, Жарығым,

Солай болсын!..

 

 

 

ТӨРТІНШІ КӨКТЕМ

 

Сөзіңе сөзімдей сенгем,

Өзіңе өзімдей сенгем,

Жаңбырын жанымдай көрген,

Төртінші көктем бұл келген,

Мен сені ұмытқан жоқпын!

 

Өмірім – қырық бір құрау,

Тірлігім – бес таспа, бұрау,

Осының бәріне шыдау…

Төртінші көктемім мынау,

Мен сені ұмытқан жоқпын!

 

Көп өлең жазғамын жаңа,

Көп достар тапқамын жаңа,

Қасымда қалғаны қазір –

Ақ адал достарым ғана,

Мен сені ұмытқан жоқпын!

 

Сен қайсы қалада жүрсің?

Сен қайсы бекетте тұрсың?

Дәл қазір жетемін саған,

Мынандай өмірі құрсын!

Мен сені ұмытқан жоқпын…

 

Телефон шалмадым саған,

Хаттар да жазбадым саған,

Көргендер саулығыңды айтты,

Өлеңдер арнадым саған,

Мен сені ұмытқан жоқпын!

 

Біреулер күлгеніңді айтты,

Жақсы өмір сүргеніңді айтты,

Біреулер өкпелепті деп,

Көңілсіз жүргеніңді айтты,

Мен сені ұмытқан жоқпын!

 

Сол менің ел берген кәдем,

Сол мендік әдемі әлем,

Ып-ыстық сағыныш саған,

Төртінші көктемге, сәлем,

Мен сені ұмытқан жоқпын!

 

Сағатым бақыттан асты,

Тағатым уақыттан асты,

Көктемім, сен оны тапшы,

Ал менде, барлығы жақсы…

Тек сені ұмытқан жоқпын!

 

Өзіңе өзімдей сенгем,

Сөзіңе сөзімдей сенгем,

Жаңбырын жанымдай көрген,

Төртінші көктем бұл келген,

Мен сені ұмытқам жоқпын!

 

 

 

 

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы