Аида Балаева: Журналистиканы ғылым саласына бұру керек

669

 

Мамыр айының 15-жұлдызында Ақпарат және қоғамдық даму министрі  Аида Ғалымқызы Балаевамен ақпарат саласына қатысты жұмыстарды жандандыру мәселесін талқылау бойынша кездесу өтті. Еркін форматта, ашық пікір айтылған кездесуге қазақ тілді басылымдар мен интернет порталдарының бас редакторлары жиналды. Жиынға қатысушылардың бәріне де сөз беріліп, онда өзекті ұсыныс-пікірлер айтылды. Жақында ғана тағайындалған жаңа министрдің жұмысқа, өзгеріске, жаңашылдыққа деген құлшынысы, ынта-жігері ә дегеннен-ақ байқалып тұрды. Кездесу барысында Аида Ғалымқызы алғашқы болып сөз алып, осындай қиын-қыстау уақытта маңдайынан қара тері сорғалап, халыққа қызмет етіп жүрген журналистер екенін тілге тиек етті.  Ары қарай аталған жиынның мақсат-мәнімен қатар, ақпарат саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың ұсынысын тыңдай келе іс-шаралар жоспарын жасақтайтынын айтып өтті. Ақпарат және қоғамдық даму министріне "Қазақ үні" басылымының бас редакторы Қазыбек Иса, Abai.kz ұлттық порталының директоры Дәурен Қуат, Dalanews.kz порталының бас редакторы Думан Бықай және «Адырна» ақпараттық агенттігінің президенті және тағы басқа кісілер әртүрлі ұсыныстар айтты.

 

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ ҚАБЫЛДАУ МӘСЕЛЕСІ ӨРШІП ТҰР»

Қазыбек ИСА:

-Мемлекеттің идеологиясын жүргізетін қазақ басылымдары екені белгілі. Алайда қазір қазақ тілді газеттерінің рейтингі тым төмендеп кетті. Соған орай жуырда ғана сайтымызда Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдау жөнінде мақала жарияланған еді. Бүгінгі таңда заңға қол қоюшылар саны 115 000 адамнан асып кетті. Бүкіл қазақ басылымдары мен БАҚ өкілдері тіл туралы ұсынысымызды қолдап отыр. Сондықтан мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдау мәселесі ойыңызда жүрсе екен дейміз.

«ОРЫС ТІЛДІЛЕРГЕ ҚАРАҒАНДА, ҚАЗАҚ ТІЛДІ САЙТТАРҒА КӨБІРЕК ҚАРАЖАТ БӨЛІНУІ КЕРЕК»

Дәурен ҚУАТ:

-  Бұрын орыс тілді сайттарға көбірек қаражат бөлінетін. Қазір сол «дәстүр» әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Сондықтан қазақ тілді сайттарға қаражат бөлу мәселесін тағы бір қарастырсаңыздар екен деймін.

Мемлекеттік сатып алу бойынша тапсырыстарды беру және қабылдап алу жүйесін өзгерту керек деп ойлаймын.

Баспасөз күніне орай сый-сияпаттар беріліп жатса жастарға стимул болар еді.

Мемлекеттік сатып алулар берілген кезде қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, өнерін насихаттайтын тақырыптарды негізге алса деген ұсынысымыз бар.

Және халықаралық газеттерді өзінің статусына сай етіп, халықаралық каталогтарға кіргізу керек.

«ҚАЗАҚ БАСЫЛЫМДАРЫ ОҚЫРМАНДАРҒА САТЫЛУЫ ҮШІН ҚАЗАҚ КИОСКАЛАРЫН АШУЫМЫЗ КЕРЕК»

Думан БЫҚАЙ:

  • Почта қызметкерлері мен журналистерді жинап, ортақ кездесу өткізу керек сияқты. Себебі, газеттерді ауыл-аймаққа жеткізу мәселесі үлкен дау туғызуда.

Қазақстанда газеттің сатылу, саудалану мәселесі өршіп тұр. «Караван» дүкендеріне газетті сату кезінде үлкен проблемаларға кездесеміз. Оның алдына шығу үлкен қаражатты қажетсінеді. Сондықтан газеттерді сату мәселесіне көңіл бөліп, қазақ киоскаларын ашсақ деп ойлаймын.

Және әлеуметтік желідегі топтарды мемлекеттік саясатты жүргізу мақсатында ұтымды пайдалану керек.

 

 

«ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТЕРІ ӘЛЕМДІК АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ КЕҢСЕСІНДЕ ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТУІ КЕРЕК»

 

Арман СЕРІКҰЛЫ:

 

-Қазақ сайттарын жаңа медианы игеруге қадамдар жасау керек, атап айтқанда анимация, 3D сканерлеу, 360 градустағы түсірілім, вертуалды шындық (VR) және тағы басқа технологияларды игеруге күш салсақ ақпарат қызығырақ болатын еді. Біздің қазіргі таңда әлеуметтік желілердегі жалпы оқырмандар саны 800 000-нан асып жығылады. Осы әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып, мемлекеттік идеологияларды топтар арқылы жеткізуіміз керек деп ойлаймын. Сонымен бірге, қазақ журналистері әлемдік ақпарат құралдарының кеңсесінде тәжірибеден өтсе, медиа саласын дамытуға арналған үздік идеялар байқауы ұйымдастырылса ақпарат саласы кеңінен дамитын еді.

 

Ақпарат және қоғамдық даму министрі жиын барысында айтылған ұсыныстарды зерттеп, тиімді шешімдер қабылдайтынын жеткізді. Сондай-ақ, болашақта халықтың әл-ауқатын көтеретін мемлекеттік бағдарламаларды өңдеу, қарапайым тілге салу, қызықтыру БАҚ өкілдерінің еншісінде екенін де айтты.

Және сөз соңында «Журналистиканы ғылым саласына бұру керек. Қоғамда талғам пайда болатындай материалдар жазылуы тиіс. Адамдардың дүниетанымы кеңейетіндей мақалаларды халыққа ұсынсақ, оларда талғам пайда болады. Ал халықта талғам болса заман да дұрыс қалыптасады» дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Ғалымқызы.

 

 

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы