ҚазҰУ-да ұстаз болу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ

4318
Adyrna.kz Telegram

Бакалаврда оқып жүргені кезімізде бір сабақтан магистранттар сабақ берсе, оларға қызыға қарайтынбыз. Қазір – өзіміз магистрантпыз.

Бірінші семестрде Жоғарғы мектеп педагогикасы пәні өтіліп, жоғары оқу орнында сабақ беру, ондағы қолданылатын педагогикалық амал-әдістер, педагогтың құзіреттілігі, ол қандай болу керек деген сынды сұрақтарға жауап алдық. Екінші семестрде бакалавр бөліміндегі студенттерге дәріс, семинар сабақтарын жүргізе бастадық.

Педпрактика қалай өтті? Студенттермен танысып, олардың алдында өзіңді оқытушы ретінде ұстау осы кезге дейін алған бар біліміңді қорытып, оны ортаға салуыңды талап етеді. Себебі, өзің білу – бір бөлек дүние де, оны басқаларға үйрете, түсіндіре білу үлкен еңбекті, тәжірибені, икемділікті қажет етеді.

1-курс студенттеріне «Лексикология» пәні бойынша сабақ беру барысында сабақты ұйымдастыру, тексеруден бастап, қорытынды кезеңіне дейін қалай өткізу керек деген мәселені еске түсірдік. Себебі, бір елу минутта дәріс оқып, бір елу минутта барлық студентті қамтып семинар сабағын жүргізу оңай емес. Тіпті студенттердің білімін тексеріп, оларды дұрыс бағалап үйрену керек.

Студенттерге сабақ беру барысында педагогикадан алған барлық білімді еске түсіріп, оны іс жүзінде қолдандық. Студенттерге қызық әрі түсінікті болу үшін сабақты түрлі әдіс-тәсілдер арқылы өттік. Бұндай амал – уақытты дұрыс бағамдап, сабақты дұрыс ұйымдастыра білуге көмектесті. СӨЖ тапсырмаларын тексеріп, әр баланың жеке қызығушылығына, шығармашылық мүмкіндігіне байланысты тапсырма беруге тырыстық. Сабақ қаншалықты қызықты, жүйелі болса, студенттердің ынта-назары сенде болып, тапсырманы құштарлықпен, қызығушылықпен орындайтындықтарына көзіміз жетті. Демек, нағыз педагог – сабақты түрлі форматта, түрлі көрнекіліктерді қолдана арқылы өткізе білетін өз ісінің маманы.

Қазір еліміздегі жағдайға байланысты педпрактика онлайн форматта жүріп жатыр. Әр нәрсеге оң көзбен қарай білу керек. Себебі, бұл күнге дейін қашықтан оқыту жүйесі туралы естісек те, оның дәл қалай өтетіні туралы білмейтінбіз. Қазір өзіміз солай оқып, артықшылықтарын көріп жатырмыз. Енді ашық семинар сабақтар сабақтарын онлайн форматта өткізуді жоспарлап отырмыз.

Педагог болу оңай дүние емес. Соның қыр-сырларын үйретіп, бізге оқытушы болып көру мүмкіндігін сыйлаған оқу орынымыз ҚазҰУ-ға, ұстаздарымызға алғысымыз шексіз!

Өтеулинова Аңсаған

Әл – Фараби    атындағы  қазақ ұлттық  университеті

           Филология   және    әлем тілдері факультетінің

                                                   1-курс  магистранты

Куратор-эдвайзері филология ғылымдарының кандидаты, доцент Л.Т.Әлімтаева

Пікірлер