Нұр жауған жыл

770

Облыстық (Кызылорда) газетте  «Үйлеріміз қалада жұмысымыз далада» деген сын макала шыққалы аудан шаруашылық басшылар арасында күбір-сыбыр көбейіп кетті. 1952 жылдан бері қада ішінде орналасқан совхоз жыл сайын еңбек өнімділігін әлсіретіп экономикасы төмендеп  кеткен еді.

Шаруашылықты басқарған корей азаматы Ким қанша тырысса да совхоздың өндірістік  көрсеткішін көтере алмады. Совхоздың негізгі мақсаты қала халқын сүтпен қамтамасыз ете отырып бау-бақша өнімдерін өндіру қажет еді. Амал не, шаруашылығы әлсіреп егілген көкөністен жоспарлы көрсеткіштің өзін орындауға қол жеткізе алмады. Өйткені  совхоздың бүкіл бағытталған жұмысы далада болғандықтан қаладан қатынап жұмыс жасайтын сауыншы, бақшашы механизаторлардың  уақытылы жұмысқа шықпай қалуынан үлкен кемшіліктер жіберілді. Осындай шаруашылық істерін ұйымдастырудағы шалалықтың кесірінен совхоз жылды 500-700 мың сом зиянмен аяқтап отырды. Сондықтан аудан активтерінің көпшілігі осы шаруашылықтың басшысын қызметтен алатын шығар деп болжам жасағандар көбейген еді. Ақыры осы болжам шындыққа айналды. Бұл 1963 жылдың көктемі еді.

Ауданның алқа мәжілісінде совхоздың болашағы мен қазіргі жағдайы жан жақты талданып ,экономикалық сараптама жасалынды. Алқа мәжілісінің шешімімен совхозды қаладан шығарып далаға қоныстандыру мәселесі  қойылды. Совхозға директоры болып отыз екі жастағы Бүркіт Жукелов тағайындалды. Бұған дейін жоғары ғалым-агроном мамандығы бар, Бүркіт Жукелов көршілес Арал ауданында және обылыстық  ауылшаруашылық басқармасының инспектор агрономы  болып қызмет атқарған еді. Жақсы тәжірибе жинақтаған жас жігітке артта қалып келген шаруашылықтың экономикасын жоғары көтеру оңайға түспеді.

Қаладан 30 шақырымға жуық жердегі «Көларық» елді мекеніне алғашқы қазығын қаққан XXІІ партсъезд атындағы совхоз болып қоныс тепті. Совхоздың негізігі мақсаты – күріш өнімін өндіруді меже тұтты. Шаруашылық  жұмысын жүргізу үшін алдымен маман кадрларын жасақтауға ден қойды. Сонымен бірге жұмысшы қызметкерлерге тұрғын үй салу, мектеп және балабақша құрылыстарын жүргізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Совхоздың шаруашылық жұмыстарын жеделдету үшін алдымен егінші механизаторлардың тұрғын үйін салуға басым бағыт берілді. Көшелер бойына  3 бөлмеден тұрғын үй салуды ауданның архитекторымен келісе отырып, жұмыс жүргізілді. Әсіресе мектеп пен балабақшаға арнайы құрылыс бригадасы  жасақталды. Қуаныштысы сол көршілес ауылдардан келген жұмыскерлер өздері жеке үй салуға кірісіп кетті. Сөйтіп бес ай ішінде совхоз орталығы  жаңарып шыға келді. Жаңа басшы ауданның тиісті орындарымен тығыз байланыс жасай отырып, аудан орталығынан тапсырыспен темір жол арқылы вагон–вагон көмірді, құрылыс материалдарын мал азығына қажетті жемді түсіріп алатын орын дайындауды қажет етті. Ең қызығы Б.Жукелов келген қандай зат болсын басқа жұмысты тоғара тұрып, бүкіл совхоз еңбеккерлерін және техникаларды жұмылдырып түні бойы ұйықтамай тасып алатын. Бұл кісінің совхоздың қажетіне келген әрбір заттың шығындалмай бір орталықтан өз мақсатына жұмсалуына ерекше көңіл бөлгендігі болатын.

Әне міне дегенше күз де келді. Б.Жукелов кешкілдік аядай бөлмеге совхоздың бас мамандарын және механизаторларды жинап кеңес өткізді. Мұндағы негізгі әңгіме арқауы алдағы жылдың көктемгі егісіне дайындық мәселесі еді. Жиналғандарға директор өз ойын жеткізіп, ертеңнен бастап күзгі зәп көтеру ісін қолға алу керектігін айтты. Сөйтіп зәп көтеру қай жерден бастау керектігін межеледі. Тапсырма берілді. Ертесіне 4 механизатор соқасын дайындап жолға шықты. Совхоз директоры Б.Жукелов бас агроном Жұмағали Өтепбергеновпен жердің басына барып, алғашқы 4 механизаторды зәп көтеруді қатарластыра  жүргізіп сәт сапар тіледі. Одан әрі шаруашылықтың тығыз жұмыстары қабаттаса атқарылып, Совхозда еңбек көрігі қыза түсті. Техникалар орналасатын, жөнделетін орын белгіленіп, слесар және токарлардың жылы бөлмелерде жұмыс істеуіне жағдай жасалды. Міне осындай ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр 1964 жылдың көктемінеде жетіп, берекелі істің нәтижесіне жету жолында еңбек майданы одан әрі айқындала түсті. Осы жылы егілген күріш өнімінен аудандағы іргелі шаруашылықтардың  қатарына қосылды. Жыл сайын шаруашылықтың рентабельдігі жоғарылап жылды 800-900 мың сом пайдамен қорытындылап отырды.

1953 жылы Алматыдағы ауыл шаруашылық институтының  агро-химиялық факультетін бітірген Б.Жукелов Арал ауданындағы машина – трактор стансиясында аграном қызметінен бастайды. Одан әрі облыстық ауыл шаруашылық басқармасында жауапты хатшысы қызметін атқарады. Осындай жауапты қызмет атқарған Б.Жукелов жоғарыда айтылған Қазалы ауданындағы іргелі шаруашылықтың тізгінін ұстап табысты салаға айналдырған азамат. 1972 жылы ауданда алғаш ауыл шаруашылығына қызмет жасайтын трес ашылып ең алғаш Б.Жукелов басқарған шаруашылық егіс алқабын тегістеу жұмысына кірісті. Сонын нәтижесінде күріш егілетін алқап тақтайдай тегістеніп атыздарға жіберілетін су және шығарылатын су жолдары түгелдей механикаландырылды. Күрішшілер бұрынғыдай кетпенмен атқарылатын күрішке кететін су жолдары автоматтандырып, қол еңбегі жеңілдетілді.  Осынадай теп тегіс аңыздарда агро-техникалық химиялық тыңайтқыштармен егілген күріштің әр гекторынан 40 центнерден өнім жинап озат шаруашылық атанды. Талай рет обылыстың жүлдесін жеңіп алып, күрішшілер мен механизаторлар омырауына Еңбектегі Ерлігі үшін медалдарын тақты.

Б.Жукелов көптеген кадрларды өсіріп тәрбиелеп шығарды. Мәселен, осы совхозда маман бригадир болып қызмет атқарған Қоламсақ Жолмырзаев, инженер қызметін атқарған Қалила Өтемұратов, МТМ бастығы болған Нағышбай Сағитжанов, совхоз директорлығына дейін көтерілсе, кіші агроном қызметін атқарған Ермағанбет Жұматханов бас агроном және совхоз директорлығына дейін жоғарлатылды. Механизатор Болат Төлешов бас инженерлікке жоғарласа, есепші Қаршыға Жұмабаев бас есепшіге дейін өсті. Әр кез жас мамандарды еңбекке, іскерлікке тәрбиелей отырып олардың еңбектерін жоғары бағалай білетін. Б.Жукеловтың жұмыс тәсіліне ауыл еңбеккерлері дән риза болатын. Ол таңертен кеңсе алдында дөңгеленген жұмыр тастың үстіне шығып, механизаторларға, бригадирлерге, мал мамандарына жеке-жеке тапсырма беруді және оны орындалу сапасына қарай бағалай білетін. Совхоз еңбеккерлері айтып жүретін тасқа көзі түскендер Б.Жукеловтың ақыл тасы деп атап кеткен. Б.Жукелов механизаторлар ауылдан қашық жерде жұмыс істейтін болса олардың отбасында қажетті азық-түлігін, отынын жеткізіліп беруге совхоздың тиісті маманына қатаң тапсыратын. Мұндай жұмыстың тәсілін ойластыруы әр механизатордың өз жұмысын артына алаңдамай атқаруына мүмкіндік жасайтын еді. Сондықтанда совхоз директоры Б.Жукелов еңбеккерлерге сыйлы, құрметті азамат атаңды.

Сыр елінің танымал шайыры болған, халық ақыны Нұртуған Кенжеғұлының  «Кеңес» деген өленіңдегі:

Асыл ер өзін биік санамайды,

Елі үшін, Еңбек күшін аямайды.

Бір өзі білседағы білем демес,

Сынатып, көпке салып шамалайды.

деген жолдары осы Бүркіт Жукеловке арналған сияқты.

Б.Жукелов көптен бері ойланып жүрген бір мәселесін айтып, шешу үшін ауданның бірінші басшысына барған-ды. Басшыға айтқаны көршілес Арал ауданындағы бұрын көл болып, талай балықшылардың ауыздары майланып табысқа жеткен Ақбай көлі бүгінде сортаны шықан тақтайдан тегіс алқап екенін баяндады. Оған келер жылы күріш егілсе, оған кеткен шығынның барлығы өтелетінін және пайдаға кеңелетінін сеніммен жеткізді. Хатшының мамандығы да агроном болғандықтан Б.Жукеловтің сөзін жерге тастамай, келісімін берді. Бұл 1974 жылдың күзі еді. Сол күзде ПМК-86 мекемесі алтай канал арқылы Ақбайға су жолдарын тартып, егістікке баратын су жолдарын  толықтай еңсеріп тастады. Келер көктемде Б.Жукелов өзінің бүкіл техникасын апарып бас мамандарымен бірге Ақбай алқабына түрен салып аударылған жердің дымқылы бар топырағын қолына ұстап тұрып бас агроном Жұмағалиға қарап «Жөке қалай қарайсын топырақ құнарлы ғой қанбаға күріш толатын шығар биыл» деді. Жұмағалида, басын изеп сәтін салса күріш мол болады деп қолы тола қара тапырақты жерге шашып тастады.

Ақбай алқабы күрішшілер мен механизаторлардың ырыс несібесіне айналды. Еңбек еселеп қайтты. Алқаптағы жайқалған сары алтындай сабағынан төмен қарай салбырап толығып піскен дән майда толқындай самал желмен тербеледі. Осы көрініске қарап сүйсінген Б.Жуклов күріш сабағын біреуін қолына алып баданадай болып пісіп тұрған күріш дәнін санап, қабығын ашып тісімен шайнап көргенде, әліде он шақты күннен кейін жатқа салуға болады деген тұжырымға келді. Арадан 15 күн өткенде алқаптағы алтын дәнге алғашқы орақ түскенде совхоздың бүкіл адамдары алқаптағы егілген күріштің арасында бір де бір арам шөптің болмағанына танданғаны сол, бірін-бірі құшақтап қуанысып жатты. Ақылдаса келе комбаинның елеп шығарған сары алтын дәнін бірден машина корабына толтырып, тікелей аудандық астық қабылдау орталығына жөнелтіліп жатты. Дамылсыз жұмыс атқарған механизаторлар күн сайын астық қабылдау орталығынан хабар алып, Ақбай алқабының алтын дәнін сапалы екендігіне көздері жетіп бірін-бір сүйіншілеп, қуаныштары бөліскенеді.

Соңғы комбаин бункерінен алтын дәнді жеткізген көлік жүргізушісі Ақбайда жатқан егінші механизаторға сүйінші хабарын қуана жеткізді. «Ағайындар, еңбектерің еселенді, совхоз әр гектордан 70 центнерден өнім келтірді. Биыл бізге Нұр жауған жыл болды. Құттықтаймын. Ал Әбуша сенің әр гектордан 110 центнерден өнім келтіргеніңді бүкіл аудан штабындағы азаматтар құттықтап жатыр. Енді саған омырауыңа Алтын жұлдыз тағатын шығар. Құтты болсын» деп қолын қысып құшақтасты. Шынында да совхоз рекордтық өнім жасап күрішші Әбуша Дінисламов Социалисттік Еңбек Ері атағына ие болды. Інісі механизатор Жаханша құрмет орденымен марапатталды.

Арада елу жылдай уақыт өтседе аралдықтар Ақбай алқабынан жыл сайын қауын-қарбыз, картоп егіп, көкөністің игілігін көріп отыр.

Б.Жукелов совхозды 11 жыл басқарып кемеліне келтіріп 1976 жылы Энгельс атындағы совхозға директор болып ауысты. Бұл совхозда 5 жыл басқарып совхоз шаруашылығын ілгері дамытты. Одан кейін аудандық агрохимиялық және тұқым инспекция мекемелерінің бастығы қызметтерін атқарып зейнетке шықты. Еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Еңбек Қызыл Туу ордені және бірнеше медальдармен мараптталды.  2005 жылы Қазалы ауданының Құрметті азаматы атағы берілсе, Тың игерудің 50 жылдық мерей тойы Астанада атап етіп оған арнайы шақырылған Бүркіт Жукелов Тың игерудің алтын медаліне ие болды.

Б.Жукелов кісілік пен кішілікті қатар алып жүрген абзал азамат еді. Жан жары Жамал Жанұзақова екеуі 11 бала тәрбиелеп өсірді. Жамал талай шәкірттер тәрбиелеген тәжірибелі ұстаз оқу ісінің үздігі. Омырауына алтын жұлдыз таққан батыр ана болды. Тұнғыш қызы Бақытгүл мектепті алтын медальмен бітіріп анасының жолын қуып ұстаз атанды. Үлкен ұлы Оңталап жоғары білімді инженер. Басқа ұлдарымен қыздарыда жоғары білім алып, қазіргі заманның ыңғайына қарай шағын және орта кәсіппен айналасуда. Бүркіт Жукеловтің өмірден өткеніне 5 жылдан асса да бұрынғы 11 жылдан аса басқарған ХХІІ партсъезд совхозы қазір Ақтан батыр ауылы деп аталады. Осы ауылдың көзі тірі ақсақалдары жыл сайынғы Наурыз мерексінде бір үй тігіп оған Бүркіт Жукеловтың балалары дастархан жайып, еске алып дұға бақыштайды екен. Соған карағанда Бүркіт Жукеловтің халыққа еткен еңбегінің жақсылығы екендігін еске түсіреді.

 

Ізетов Киікбай Ізетұлы,

жазушы, дербес зейнеткер

Арынов Жұмахан Мақанұлы,

тарих ғылымдарының кандидаты,

КазҰУ-дың аға оқытушысы

 

 

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы