Вирус Қытайдың «технологиялық жорығына» жол ашты. Пекин Еуропадағы компанияларды сатып алғысы келеді

1725

Коронавирус пандемиясы әлемді жайлап жатқан тұста Пекин ең озық заманауи технологиядағы үстемдікке ұмтыла бастады. Қазір Қытай арзан келісімшарт кездесе ме деп Еуропа одағына көз тігіп отыр. Пекин коронавирус індеті тараған шақта Еуропада арзандаған технологияларды және технологиялық компанияларды сатып алғысы келеді.

«ҚЫТАЙМЕН БҰРЫНҒЫДАЙ БИЗНЕС БОЛМАЙДЫ»

Еуропа коронавирус пандемиясы кесірінен әрі-сәрі күйде отырған тұста Қытай фирмалары заманауи технология бойынша тиімді мәміле жасаспаққа бекініп, Еуропаға тұтас көз салып отыр. Жоғары технологияны сатып алуға ниетті Қытай фирмалары бұрыннан-ақ Еуропаға қызығып келген, COVID-19 кесірінен акциялардың түсуі оларды тіпті жандандыра түсті.

Алайда Еуропа үкіметтері Қытайдың жоғары технологиялық «шабуылынан» қауіптеніп отыр. Қытай алдағы онжылдықта экономиканың қозғаушысы болатын жаңа технологияға үстемдік етуден дәмелі. Пекиннің жасанды интеллектіден бастап, телекоммуникация желілерін және мәліметтер ағыны сияқты стратегиялық технологияларды сатып ала бастауы Еуропаның геосаяси қорқынышын ұлғайтып, олар «маңызды секторларды қорғауға дайынбыз» деген ишара жасады.

– Бұл – Қытай компаниялары үшін шетелдік фирмаларды сатып алатын не оларға инвестиция салатын, ал [Қытай коммунистік партиясы] үшін шетелде өз сөзін жүргізетін үлкен мүмкіндік кезеңі. Бірақ мұнымен бірге Батыс Қытай инвестициясының артындағы тәуекелді де жақсы бағамдап келеді, – деді Вашингтонда орналасқан Американың жаңа қауіпсіздік бағыты ғылыми зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Эшли Фенг.

Осындай бір оқиға сәуірдің басында Ұлыбританияда болды: британ заң шығарушыларының қарсылығынан соң Қытай компаниясы күтпеген жерден жеңіліс тапты. Қытайдың мемлекеттік China Reform инвестициялық компаниясының филиалы – Canyon Bridge компаниясы смартфон чипіне қолданылатын барлық графиканың үштен бірін шығаратын Британиядағы ең үздік Imagination технология фирмасын көшіру ниетінен бас тартты. Мұның алдында британ саясаткерлері жұрттың бәрі коронавирус дағдарысымен әлек болып жатқанда Canyon Bridge компаниясы Imagination фирмасының кеңсесін Қытайға көшірмек деп дабыл қаққан еді.

2017 жылы Imagination акцияларының бақылау пакетін сатып алған Canyon Bridge компанияның кеңсесін Ұлыбританияда қалдыру жөнінде британ үкіметімен уағдаластық деген.

Қытай фирмалары COVID-19 дағдарысынан жақсы шыққанымен, індеттің Пекинге тигізген салқыны және Еуропаның Қытайға қатысты бұрыннан бар күдігі жаңа кедергі болып отырған сияқты.

Еуропа одағы шетелдіктердің сатып алу ережесін қатаңдату жоспарын жарияласа, Германия канцлері Ангела Меркельдің сөзін қайталаған Британияның сыртқы істер министрі Доминик Рааб Қытаймен енді «бұрынғыдай бизнес болмайды» деді. Брюссельде НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг коронавирустың таралуы кесірінен болған қаржылық аласапыран кезінде Батыстың стратегиялық аймақтарында сатылымның көбейгенін айтып, дабыл қақты.

Белград (Сербия) көшесінде кетіп бара жатқан тұрғын. 13 сәуір 2020 жыл.

Белград (Сербия) көшесінде кетіп бара жатқан тұрғын. 13 сәуір 2020 жыл.

 

Үндістан да жақында Қытай компанияларының агрессияшыл әрекетінің алдын алу үшін жаңа заң қабылдады.

«Қытайда жасалған – 2025» бағдарламасының аясында Пекин өз компанияларына көмектесу мақсатында субсидияға және зерттеу қорларына, сонымен бірге шетелдегі технологиялық компанияларды сатып алуға миллиардтаған доллар қаражат бөлді. Мақсат – технологиялық үстемдік жолында үлкен бәсекеге түсіп жатқан АҚШ сияқты шетелдегі бәсекелестерді басып озу. Бұған қоса, Қытай жаһанда келесі технология стандарттарын қалыптастыру мүмкіндігіне ие болу ғана емес, нарықта үстемдік ету, көбірек пайда табу және соның арқасында саяси басымдыққа қол жеткізуді көздейді.

– Әңгіме тек нарық не әдеттегі экономикалық бәсеке туралы емес. Бұл – стратегиялық мақсат. Бұл – әлемнің басым бөлігіне Қытай үстемдігін жүргізуге бағытталған жол, – деді Азияны зерттеу жөніндегі ұлттық бюроның ғылыми зерттеушісі, Франция қорғаныс министрлігінің Қытай стратегиясы мәселелері бойынша бұрынғы кеңесшісі Надеж Роллан.

«ҚЫТАЙҒА КҮМӘН АРТЫП КЕЛЕДІ»

Қытайдың Еуропадағы инвестициясының қауіпсіздікке әсері туралы уайым мұнда бұрыннан бар, бірақ COVID-19 індетінің жайылуы бұл мәселені алдыңғы қатарға шығарды.

Сәуірде Financial Times газетіне берген сұхбатында Еуроодақтың бәсеке жөніндегі комиссары Маргрет Вестагер Қытайдың жұтып қою қаупін азайту үшін одаққа мүше елдер компаниялардың акцияларын сатып алуы керек деген.

– Әлсіз бизнес түрлерінің жұтылу қаупі бар екенін түсіну өте маңызды. Қазіргі жағдай мұның қажеттігін анық көрсетті, сондықтан біз белсенді түрде жұмыс істеп жатырмыз, – деді ол сұхбатында.

Еуроодақтың атқарушы билігі наурызда «аймақтағы денсаулық сақтау мен қауіпсіздік саласындағы шешуші компаниялардан айырылып қалмау үшін одақтан тыс жатқан елдердің ұсыныстарын бақылап отырудың маңызы вирус таралған соң тіпті арта түсті» деп мәлімдеді.

Бұдан соң Италия, Германия және Франция маңызды компанияларды шетелдіктер алып қоймауы үшін шаралар қабылдап, тексеруді күшейтті.

Қатаң ережелер 27 елден тұратын одақтың ауызбіршілік тұрғысында біраз ілгерілегенін аңғартты. Бұған дейін әр елдің Пекинмен өзара тығыз араласуға деген ұмтылысы Брюссельдің саяси ескертуімен қайшы келіп жататын.

Қытай президенті Си Цзиньпин (сол жақта) қызуын өлшетіп тұр. 10 ақпан 2020 жылы жарияланған сурет.
Қытай президенті Си Цзиньпин (сол жақта) қызуын өлшетіп тұр. 10 ақпан 2020 жылы жарияланған сурет.

Кейінгі жылдары Еуропада Қытай компанияларымен ірі келісімдерге қол қойылды. 2016 жылы Қытайдың технология алыбы Tencent Финляндияның Supercell мобильдік ойын компаниясы акцияларының басым бөлігін сатып алды. Ал Қытайдың электротехника шығаратын Midea компаниясы Германиядағы Kuka робот фирмасын иеленді.Сол сияқты 2017 жылы Imagination компаниясы акцияларының бақылау пакетін China Reform алған соң Еуропадағы Қытай инвестициясының ауқымы ұлғая түсті. 2018 жылы Қытай компаниялары Еуроодаққа 17,8 миллиард еуро (19,5 миллиард доллар) инвестиция салған, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 12 миллиард еуро (13 миллиард доллар) болды. Бұл ақша көбіне компанияларды қосу не «мүлде жұтып қою» мақсатына жұмсалған.Нарықтағы шектеулер Пекинмен арадағы қарым-қатынастың біраз салқындауымен тұспа-тұс келді. Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдары ел басшылығының коронавирус дағдарысынан шығу саясатын дәріптеп, Батыс үкіметтерінің бұл жолмен жүре алмағанын сынау науқанын жүргізген.

Пекиннің агрессияшыл дипломатиясы және Еуропадағы дипломаттардың өткір пікірлері де Қытайға қырағы көз салуға мәжбүр етті.

– 180 градус бетбұрыс бола қоймас, бірақ Еуропаның Қытайға қатысты күдік-күмәні артып келеді, бұл көп саясаткерді бұрынғы тұжырымдарын қайта қарауға мәжбүрлейді, – деді Карнеги халықаралық бейбітшілік қорының Еуропа бағдарламасының директоры Эрик Браттберг.

КОРОНАВИРУСТАН КЕЙІНГІ БҰЛЫҢҒЫР БОЛАШАҚ

Әлемге жайылған пандемия Қытайдың заманауи технология компанияларын сатып алу және оларға инвестиция салу әрекетіне қатысты күдік-күмәнді алдыңғы қатарға шығарғанымен, оның бірнеше қарапайым шешімі ғана табылып тұр.

Бұл әсіресе Еуропаның 5G-ге қатысты болашағынан айқын байқалады. Мобильдік желінің жаңа түрі болашақ инфрақұрылымды ұстап тұру үшін өте маңызды саналады. АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі 5G желісі құрал-жабдығының әлемдегі ең ірі өндірушісі, Қытай мемлекетінен үлкен көмек алып отырған Huawei компаниясын мейлінше көп елдің аумағына кіргізбеу науқанын бастады. Вашингтонның айтуынша, Huawei елдің қауіпсіздігіне қатер төндіреді, себебі оның құралдары Пекиннің тыңшылықпен айналысуына мүмкіндік береді. Ал Қытай компаниясы бұл айыпты жоққа шығарып отыр.

Huawei компаниясының ең негізгі бәсекелестері – Ericsson мен Nokia екеуі де Еуропада орналасқанына қарамастан, Қытай компаниясы соңғы жылдары Еуропаның өн бойына дендеп енуде көп жетістікке жетті.

Францияның ізін ала Ұлыбритания да 5G желісінде Huawei компаниясына шағын рөл беруге келісті, ал ресми шешім қабылдайтын соңғы межеге жақындап қалған Германия да бұлардың ізімен жүруі мүмкін. Үкіметтер АҚШ-тың Huawei компаниясына қатысты уайымын түсінеді, дегенмен қытайлық жеткізуші қазірдің өзінде-ақ олардың барлық желісінің құрамдас бөлігі саналады, оның үстіне ол баға және зерттеу ісі бойынша көп артықшылыққа ие.

– Көп сектордағы құн тізбегінде Қытайдың рөлі бұрынғыдай төмен емес. Алдағы уақытта ол Еуропа және Батыс нарықтарының әріптесі әрі бәсекелесі болады, – деді Берлинде орналасқан MERICS зерттеу орталығының сарапшысы Джон Ли.

Коронавирус дағдарысынан соң ұлттық қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық пен экономикалық қажеттілік арасындағы текетірес негізгі мәселе болатын түрі бар, себебі технология Қытай мен АҚШ арасындағы басты бәсеке майданына айналып барады.

Жағдайды күрделі етіп тұрған бір жайт – Қытай мен жаһандық технология компанияларының арасы қатты жымдасып кеткен, бұлар өзара бәсекелес әрі өмірлік маңызы бар нарық функциясын қатар атқарады.

– Батыс мемлекеттерінде оңай саяси шешім қабылдай салатын таңдау жоқ. Кей жерлерде Қытайға қатысты қатаң саясат ұстануға аңсары ауғанымен, қабаттасқан екі мүдде арасында ымыра болуы тиіс, – деді Джон Ли.

 

azattyq.org

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket