Үш арыстан

1114

 Көп хандарды мен көрдім

Елін, халқын жылатқан.

Қарағай сапты ақ найза

Батырларды құлатқан.

Даналар айтқан асыл сөз

Елді аузына қаратқан.

Сары жай атқан сансыз оқ

Көп халықты жылатқан.

Алла тағала адамды

Тату бол деп жаратқан.

 

                            Сыпыра жырау

 

Күрең жел!..

Күміс сағым!..

Көк шұғыла!..

Кім қанған кер даланың көп сырына?!

Бұл дала – Ұлы Дала, Ұлан Дала –

Тербеткен тебіреніп Төрт Құбыла!

 

Кім жеткен кереметін санамалап –

Тағдырын тарих қана сараламақ.

Деген сөз «Төрт Құбыла» тегін емес –

Тәу еткен төрт тұсына дана қазақ.

 

Төрт тұсы – шығыс, батыс, оң, сол жағы,

Қормалы – қорғанымен қоршалғаны.

Пайым мен парасаттан табжылмаған –

Далалық даналықтың мол салмағы!

 

Өр Алтай – шығыстағы қақпасы алтын,

Атағы, даңқы көкпен астасатын.

Жыл сайын жаз айында ұшып келіп,

Бұл тауда періштелер бас қосатын.

 

Ту алып, тұлпар мінген ата-баба,

Түркінің түп қазығы осы арада.

Алтай мен Тарбағатай қосарланып,

Ұқсайды мызғымайтын босағаға.

 

Батысы – Еділ деген ұзын өзен,

Толқыны тарих сырын күбірлеген.

Дештінің туы Еділден желбіресе,

Русьтің кінәздері дірілдеген.

 

Тәңіртау оңтүстікте жатыр көлбеп,

Құздары – қиямпұрыс, шыңдары – өргек.

Аспанмен араласып тұрғаннан соң –

Қытайлар ат қойыпты Тянь-Шань деп.

 

Түлетіп мұзбалағын ұшарында,

Шалқайып, шалдықпаған құса-мұңға.

Өзінің өркені боп, көркемі боп,

Алатау албырап тұр құшағында.

 

Солтұстық – сықырлаған Батыс Сібір,

Сұсты аймақ бұйраланған нақышты бұл.

Қайғымен қабаттасып қасиеті,

Кезінде көп шаршатқан атыс, дүбір.

 

Ұстыны Ұлы Дала – төрт тағаны,

Төрт көзбен түгелденер төрт тарабы.

Жолдары жосып жатқан, ширатылып,

Төсіне Сары Арқаның тоқталады.

 

Өмірін өзендермен өрнектеген,

Көңілін көлдерімен көрнектеген,

Таулары қатпар-қатпар қазыналы –

Қазақтың даласына жер жетпеген!

 

Асылы көп жоғалып, көп ұрланған,

Мұң мен шер кеудесіне шоғырланған –

Бағзыда бұйда тартқан Алаш жұрты –

Түркінің түп негізі – оғыздардан.

 

Бір сәтте молайып та, азайып та,

Кез болған талай опқа, талай отқа.

Аталған қазақ елі «Қазақия»

Дәл солай жазылыпты тауарихта.

 

Қайтпас ел қаһарынан дүр дұшпанның,

Басынан кешті заман сұмдықтарын.

Кеудесін Ұлы Дала кеулеп кірді –

Түнерген түмендері Шыңғыс ханның.

 

Соққыдан көзге тиген ұшқын ұшпақ,

Даланың денесіне түсті қыспақ.

Алпауыт Алтын Орда уысына

Бір сәтте сиып кетті Дешті Қыпшақ.

 

Пейілін қағанменен ұштастырып,

Тілі мен тінін қалды ұстап дұрыс.

Қағанның қаһарына қаһар қосты –

Дүниені дүр сілкінткен қыпшақ қылыш.

 

Шалқайып Шыңғыс ханның ұрпақтары,

Мастанып, маңайына зіл сақтады.

Сонда да кең далағы сіңіп кетті,

Жоғалып моңғолға тән тұрпаттары.

 

Дүниенің кезегі не, кезеңі не?

Зар шегер көсемі де, кемелі де.

«Ноғайлы, Дешті Қыпшақ – дертім» – депті,

Ел қамын жеумен өлген Ер Едіге.

 

Арманның көп қуалап сағым, нұрын,

Едіге сімірді елдің зарын, мұңын.

Астасқан Алтын Орда тағдырымен

Азабы, ажалы да аңыз мұның.

 

Едіге еңіреген құсалықтан,

Арыған арғымақтай тұсамыстан...

Қалай да, Алтын Орда дәуірінің

Сорына жаралыпты үш арыстан.

 

Білмеген бір күн жылап еңірерін –

Білмейді күннен күнге кемігенін.

Ұлы Орда құрбан болды қырқысынан –

Тоқтамыс, Әмір Темір, Едігенің.

 

Едіге адасар ма, от басар ма?..

Дұшпаны қылыш сілтеп, оқ та атар ма?..

Езіліп ең соңғы рет ойға батты ол,

Арнай кеп Ұлытаумен қоштасарда.

Құз қабақтың астындағы қара алмастай жарқыраған өткір де нұрлы қос жанары іште жатқан оттай ыстық, удай ащы ой толқындарының тепкінін салқын сабырмен, қажырлы қайратпен кері серпіп тастауға тырысқандай; тым тұнжыраңқы өңі түн түнегіндегі тұңғиықтай қаһарлы және құпиялы, уайым мен ыза аралас уытты.

         Сәл дөңестеу үлкен мұрнының етек тұсы делдиіңкіреп, әлде бір тыным таптырмас тарпаң сезімдермен тайталасып тұрғандай жұқалтаң танауының желбезегі желпілдеп, танаурап тұр.

         Күн қағып күреңіте түскен құбақан өңінен жас балаға тән жадыраңқылық та, қан кешуді көп көрген хас батырға тән қаталдық та, табиғатқа тамсанған сүйініс те, өткен өмірге өкінген күйініш те... кейде кезектесіп, кейде қабаттасып, ырай мен шырай танытатындай.

         Қабындап өскен қарабуырыл сақал-мұртын салалы саусақтарымен сипап өткенде, сом алтыннан соғылған мөрлі балдақ­­­­­ – жүзігі күн көзіне шағылысқаны сонша – шың басынан шоқ шашқандай өткір жалын лап етіп,аңғардағы аң мен құстың жалт еткен жанарын қарықтырып-ақ жіберген болар.

Ат үстіндегі алып тұлғаның қазандай басына милықтата киілген құндыз бөріктің төбесіндегі асыл тастармен әшекейленген үш тал қауырсыннан жасалған жығасы тау желінің демімен дірдек қағады; астындағы қара қасқа аттың қос құлағының арасындағы бір шоқ үкілі жыға да енді-енді ұшып кетердей желп-желп етеді; тек ат сағағынан төмен салбырап тұрған үшбұрышты шашақты тұмар ғана селт етпестен сал күйінде тұр; қара қасқа аттың селдір құйрығы мен сұйық жалы желбірей түсіп, жел үніне әуен қосқандай – суылдағандай, уілдегендей.

         Қамқа шапанды қаусырып тұрған деңмент белбеудің сол жағына ілінген хиуа қылыштың өрнектелген қынабы қара шұбар жыландай болып, қанжығалыққа қарай қайқайып жатыр; белбеудің оң жағына күмістелген кісе ілінген; ер басына тірелген сарала қамшы да тақта отырған такаппар ханның асасындай көрініп, өн бойына сұс пен сыз жинап алыпты.

         Бұл белгі-бедерлердің барлығы – бұрыңғы-соңғы замандардан бері қарай бұзылмай келе жатқан бақ пен даңқтың, атақ пен лауазымның айбынды рәміздері, дұшпанға – айбат, досқа – қайрат. Бірақ... осының бәрі кім үшін, не үшін? Ат жалын тартып мінгелі адам қанын кешумен келе жатқан Едіге үшін бе, Едіге сияқтылар үшін бе?..

Едігенің көз алдына өзі  қатысқан, өзі бастап барған қанды шайқастар қайта-қайта елестей берді. Қан!... Қан!... Қан!... Тамшылаған... Аққан... Тасыған... Мұның да қаны... күнаһар қаны қайнап, тасығандай.

Едіге тісін шақырлатты.

 

 

Арын тергеп тұр Едіге,

Жанын жерлеп тұр Едіге.

Зар шапшыды жүрегіне,

Зәр шапшыды іреңіне.

Толқынды ойлар аласатып,

Бір-бірінен таласа асып,

Майдандасты миды мыжып

Түйсігіне тійді бұзып.

Қан майданның ауыр үні...

Шымырлады жауырыны

 

Соғыс – майдан,

Майдан – ойран,

Соғылыс пен торығыс – бұл!

Қару мен қан,

Ұран мен шаң,

Жеңіс пенен жеңіліс – бүл !

 

Дауылпаздар дүңкілдеген,

Сарнап керней, зурнасы да.

«Елім!»  деген, «Жұртым» деген –

Батырлардың тұлғасы – нар!

Сарт-сұрт ұрыс,

Жарқ-жұрқ қылыш,

Жалт-жұлт көзі жайнағандар.

Хан, әмірші, түменбасы –

Тісін тіске қайрағандар.

 

 

Ұлы Орданың алтын туы –

Сары таңдай арайланған.

Ақ Орданың аппақ туы –

Ақ бұлттай жел айдаған.

Әмір Темір желбіреткен –

Ақ шашақты жасыл байрақ

Жасындай боп жалт етеді,

Шаң ішінен андағайлап.

 

Найза, айбалта, қылыш, садақ,

Күрзі шоқпар шарпысуда!

Қаһар төгіп қару-жарақ,

Бір-бірімен қарпысуда!

Атыс, ұрыс,

Алыс, жұлыс,

Енді өліспей тұрысу жоқ.

Адам қаны ақты лықсып,

Қызыл өзен, қызыл су боп.

Ерлер!...

Ерлер шаһид кетті!

Жан тапсырар уақыт жетті!

О, бұларды қай заманда

Қай билеуші бақытты етті?!

 

Обал, сауап кімге?... Кімге?

Сауал, жауап кімге?... Кімге?

Өлемін деп ойлады ма,

Сөнемін деп ойлады ма –

Арғымақ ат мінгенінде,

Асыл қару ілгенінде?!

Қанша жастың құлайтынын,

Қанша қарттың жылайтынын –

Хан Тоқтамыс білмеді ме?!

Ақсақ Темір білмеді ме?!

 

Ау, Едіге!

Бұл не сөзің?

Өзің жайлы не демексің?

Халқың сені аяласа,

Панаңа кеп саяласа,

Ер болдың ба керемет тым?

Сен әкеңнің кегін қудың,

Қабырғаңды сөгілдірдің.

Әмір Темір тұлпар берді –

Жал-куйрығын  төгілдірдің.

Әмір Темір сұңқар берді  –

Құс салудың жөнін білдің.

Тоқтамыс хан ару берді –

Кеудесінде көзіңді ілдің.

Тоқтамыс хан қару берді –

Қылышыңа кегіңді ілдің...

Нақ дұшпанды құрта алмапсың,

Соны, сорлы, кейін білдің!

 

Білмеген-ау сырыңды жұрт,

Қырғыныңнан қырылды жұрт.

Көп жесірді көкке ұлыттың,

Көзінен жас үзілдіріп.

Қонысынан қудың жұртты,

Шыбын жаннан түңілдіріп.

Әмір Темір алдап-сулап,

Көп көрсетті жырындылық.

Тоқтамыс хан талақ етті,

Тұяғыңнан сүріндіріп.

Өз ағаңды өлтірген де –

Емес пе еді сол сілімтік?!

Қане қайтқан кегің қайда?

Пайғамбарлық тегің қайда?

Қисықтарды түзететін –

Қатал, әділ тезің қайда?

Ал кегіңді құныкерден,

Содан кейн еліңді ойла!....

 

 

                                                 *      *        *

 

Маужырап маусым айы, күн ұзарып,

Көк сағым жатыр саймен тұнып ағып.

Қалт етпей Едіге тұр тас мүсіндей,

Бір шыңның биігіне шығып алып.

 

Қиядан қыран көзбен шола қарап,

Санасы сапырылып, тұр ауалап:

Зарына замандардың көп иленген –

Кіндігі Дешті Қыпшақ мынау алап.

 

Бұл алап әулиедей мұң жастанған,

Қасиет, қуат алған нұрлы аспаннан.

Белгілер бедерленген бетінде тұр –

Қалған із сонау алыс ғұн, сақтардан.

 

Осында – ата-баба армандары,

Осында – сөнген оты, жанған бағы.

Көп сырды көкіректе сақтап үнсіз,

Самсап тұр Көк Түріктің балбалдары.

 

Есімі естілерге оралар мың –

Бабалар байыбына бара алар кім?

Кезінде кең әлемді тітіренткен –

Қойнында тарих жатыр обалардың.

 

Заңдылық – заманалар көше берер,

Ер мұңы әр сәт сайын еселенер.

Ұлықтап ұлы арманын, ұрандарын.

Мүлгіп тұр мазарлар мен кесенелер.

 

Мәңгілік жері – дәулет, күні – мәулет,

Тау мен тас – тірі сурет, тірі сәулет.

Мына тау басқа таудан дана, дара,

Бекерге аталмаған Ұлытау деп.

 

Сезініп Күннің демін, күйдің лебін,

Қарашы, бетін Көкке сүйдіргенін!

Сақтайсың салтанатын мәңгі есіңде,

Батпайсың басуға да шүйгін жерін...

 

Қызғылтым қан жүгіріп іреңіне,

Сәт сайын нұр құйылып жүрегіне,

Сарайдың сарсаңынан дем алсам деп,

Жаңа кеп Ұлытауға тұр Едіге.

 

Әрқашан бұлқан-талқан Алтын Орда,

Тұрғандай осы қазір жарты жолда.

Едіге бұрлықты да, булықты да,

Бұрсам деп аласұрып салтын оңға.

 

Бұл жалған мың сиқырлы дөңгеленген,

Талайлар талмай шыңға өрмелеген.

Өмірдің қалыптасқан қалпын бұзып,

Сәт сайын сор килігер көлденеңнен.

 

Көгертсе ел мен жұртын көсегелі,

Түрленіп түркі ұлысы өсер ме еді?!

Байтақ жер Алтын Орда билеп тұрған –

Кешегі қыпшақтардың мекені еді.

 

Ел мен жер көп толқытты Едігені,

Кеудесін соғыс зары кеміреді.

Тоз-тоз боп қылышынан қыпшақтың да,

Жоқ болды Қимақ, Жабғу, Оғыз елі.

 

Адамзат айырылып текті арманнан,

Жау үні естілді арттан, естілді алдан.

Жер беті адам қаны су боп аққан,

Не тапты бірін-бірі жеп тынғаннан?!

 

Қылышпен қиыр алыс шетті нұсқап,

Қыпшаққа Бату бір күн жетті ұрыс сап.

Ұмтылып, ұлан жерді жаулап алды,

Алайда, аты өшпеді – Дешті Қыпшақ.

 

Атағы Алтын Орда көк тіреді,

Хандары қан ұрттауды көп тіледі.

Жүздеген жылдар бойы тұрса да Орда,

Бұл жерді ел Дешті Қыпшақ деп біледі.

 

Қыпшақтың қиды жанын көп ерлері,

Даңқы да, дабысы да төмендеді.

Еліне Дешті Қыпшақ дерт болды ма,

Батыс пен Шығыс болып бөлінгені?

 

Іштарлық, даңққұмарлық, жалмауыздық –

Хандарды жіберді әбден қанды ауыз ғып.

Теңселіп Алтын Орда тұр-ау бүгін,

Ендігі болашақтан қалмады үміт. –

 

Деп ойлап би Едіге бір күрсінді,

Санасын түйткіл ойлар сілкіндірді.

Қайсысы Алтын Орда хандарының

Түпқазық атамекен жұртын білді?!

 

Ерсініп, елігіп жүр отты елеске,

Елі мен жұртын іздеп, жоқ демес те.

Халықтың, хандықтың да тіл мен салты,

Бағзыдан қыпшақша боп кетті емес пе?

 

Әспеттеп Шыңғыс ханның қасиетін,

Хан бар ма бұл күндері бас иетін.

Бауырлар бір-біріне қылыш сілтеп,

Былғап жүр бабасының өсиетін.

 

Жоқ болды қымсыну да, қысылыс та,

Айтылмас ұтқыр ой мен ұсыныс та.

Жошы боп, Шағатай боп, Үгедей боп,

Бөлінді Алтын Орда үш ұлысқа.

 

Болса да Алтын Орда өктем үнді,

Артына ауыр салмақ бөктерілді.

Сиыспай ағайындар бір-бірімен,

Ақ Орда, Көк Орда боп қақ бөлінді.

 

Жошының үлкен ұлы болғаннан соң,

Ішіне не бір ойлар толғаннан соң,

Орда Ежен Ақ Орданы тігіп алды,

Ескермей не боларын өлгеннен соң.

 

Жошының бесінші ұлы Шайбан еді,

Бағына батырлығы сай келеді.

Көрнекті Көк Орданы асқақтатып,

Сібірді емін-еркін жайлап еді.

 

Өтті ғой өз салтымен өткен өмір,

Қайтеді қарап қойса Көкке де бір!

Тұқымын тұлға тұтып Шыңғыс ханның,

Қарадан хан сайламас неткен ел бұл?!

 

Ертеде Алтын Орда дәуірледі,

Берке хан ел мен жердің қамын жеді.

Салынды салтанатты Сарай Берке,

Саудагер, саяхатшы сәнін көрді.

 

Бүкіл ел мұсылмандық дінді ұстанды,

«Алла» деп, адал жолмен тұрмыстанды.

Тиылып зорлық пенен ұрлық-қарлық,

Азайтты алуан түрлі қылмыстарды.

 

Қарсы боп хан етуге Құбылайды,

Беркенің оған іші жылымады.

Талқандап Византия қалаларын,

Тек қана Мысыр оған тым ұнады.

 

Бұл Берке – Жошы ханның үшінші ұлы,

Жасаған талай елмен бітімшілік.

Қапқазда өлген кезде жау қолынан,

Ел-жұрты көп жылапты жасын сығып.

 

Өзгеден Өзбек ханның жөні бөлек,

Көркейтті ол Ұлы Орданы, ерен үдеп.

Ислам дінін мықтап орнықтырды ол,

Елдегі сұмдықтардың бәрін елеп.

 

Содан соң Жәнібек хан оның ұлы,

Әкенің тәрбиесін көп ұғынды.

Орданың іші-сыртын түрлентсем деп,

Сауда мен саясаттың жөнін білді.

 

Жәнібек жақсысы еді көрген көптің,

Қайран ер қан құшақтап шермен кетті!

Алланың пәрменінсіз ажал құшты ол,

Қолынан өз баласы Бердібектің.

 

Қан аттап таққа отырды сол Бердібек,

Құпия қылмыс қылды тергеуі жоқ.

Батудың ұрпағынан, содан кейін,

Хан болып алтын таққа келгені жоқ...

 

*        *        *

 

Едіге шыңнан түсті төмен қарай,

Бұл тауға көзі тойды қарай-қарай.

Таң қалып табиғатқа басын иді,

«Жайсаң ғып жаратқан – деп – Құдай қалай!».

 

Ойлады: өлім бар ғой өзектіге,

Өзіне жақындап тұр кезек, міне.

Өлген соң кең көсіліп жату үшін

Осы тау тым жайлы екен жер үстінде.

 

Енді аян өмірде көп тұрмасы да,

Әйтеуір, бар ғой мұңдас, сырласы да.

Соларға өсиетін айтып кетсін:

«Осы бір қойыңдар – деп – шың басына».

 

Есіне Әмір Темір түсті бірден,

Бұл таудың өткен бұлар үстіменен.

Қажыған қалың қолды дем алдырып,

Ордасы он бес күндей тіктірілген.

 

Ол сөйтіп Ұлытауды көріп кеткен,

Тарихын көп тыңдаған зерікпестен.

Жаздырды Алтыншоқы жартасына:

«Бұл жерде Әмір Темір болып кеткен».

 

Шалдыққан қалың әскер есін жиды,

Бір іске Темір тағы бетін бұрды –

«Тұрсын – деп – Ұлытауда бір биігім»,

Екі мың әскеріне тас үйдірді.

 

Едігенің көз алдына Әмір Темірді ең алғаш көрген сәті елестеп өтті. Ол мұны үш күн күттіріп,  өзін ертіп келген Тоқтамыстың көмегімен зорға қабылданған болатын.

Әмір Темірдің отырысы Алтын Орда хандарына мүлдем ұқсамайды екен. Басында – алтын жапырақшалармен  көмкерілген дөңгелек тәж, астында –айбары асқақтаған, асыл тастармен безендірілген тұғырлы тақ. Үстіне күміспен әдіптелген жап-жасыл жібек шапан жамылып, қолына барыс басты аса таяғын ұстап, соған иегін сүйеп отыр екен.

Биік маңдайлы, ат жақты, қыр мұрындылау келген қарасұр өңіне шоқтай жайнаған қоңырқай көздері ерекше бір алапатты рең беріп тұрғандай.

Едіге бір тізерлеп отыра калып, оң қолын кеудесіне қойып: «Құлдық, алдияр, тақсыр!» – деп басын игенде, Әмір Темірдің қою қара мұртпен астасып кеткен сүйірлеу шоқша сақалы біраз уақыт көкке көтеріліп қалғандай болды.

– Неге келгеніңді білемін, – деді Әмір жұмсақ, жылы дауыспен, – Тоқтамыстан естідім.

Едіге оның жүзіне тік қарап еді, күлімсіреп отырғандай болып көрінді.

– Қашып келдің ғой? – деді сонсоң.

Едіге оның көзіне кірпік қақпай қадала қарап отырып: – Сізге келдім! Сеніп келдім! – деді.

Жас жігіттің жарықшақсыз таза дауысы әмірге ұнаған болу керек:    Орныңнын тұр, – деп, қолымен қоса ымдады.

– Тоқтамыстан естідім, – деп орнынан көтерілді, Едігенің жанына келді.

– Әкеден де, ағадан да айырылыпсың. Орыс хан сенің әкең – Тоқтақияны, Тоқтамыстың әкесі – Тайқожаны өлтірді... Алтын Орданы шабуына қарсы болғандары үшін... Ағаң Балтышақ та Ақ Орданың құрбаны болды, – деп, Әмір Темір Едігенің иығына қолын салды.

– Жүрегіңе қатқан кектің мұзын қалай жібітесің?

         – Сіздің жебеуіңіз бен демеуіңіз арқылы, қан көксеген қару арқылы,– деді Едіге.

Дауысы саңқылдап, көзі жарқылдап тұрған жас батырға сынай қараған Әмір Темір кенеттен сұстана қалып: – Әй, мен саған бір сауал қояйын, жауап бересің бе? – деді.

Едіге үндеген жоқ.

– Егер мен... – деп Әмір Темір сұқ саусағын шошайтты, –  Егер мен саған жауыңды осының бірімен өлтір деп, семсер мен қылыш ұсынсам, қайсысын таңдар едің?

– Қылышты таңдар едім.

– Неге?

– Алдияр, семсерді – сертке, қылышты кекке ұстаймыз ғой, – деді Едіге. – Оның үстіне, Балтышақ көкем маған қылыштасу өнерін көп үйретіп еді.

Әмір Темір жігітке риза кейіппен қарап тұрып:– Сен осында қаласың. Менің оғыланым боласың. Тек менің сенімімді аттама!– деген еді сонда.

 

 

*        *        *

 

Туғаннан көрмеп еді кемшілік те,

Жасында тоймаушы еді тіршілікке.

Әкесі Тоқтақия – көп жыл бойы

Боп тұрды қала бегі Құмкентте.

 

Тап келді таршылыққа заманы оның,

Зұлматтың жан болмады табар емін.

Сарайын Алтын Орда билесем деп,

Орыс хан салып бітті бар өнерін.

 

Орыс хан – Ақ Орданың билеушісі,

Жасынан жаугерлікті сүйген кісі.

Қылышын көкке сермеп, долданатын,

Аңсаумен алтын тақты, күйгенде іші.

 

Алтын тақ Орыс ханға арман болды,

Аңсары күннен күнге жанданды енді.

Бір күні шабамын деп астананы,

Бектер мен әмірлерге пәрмен берді.

 

Көнбеді бұл пәрменге ақылдылар –

Бұл қылық бүкіл елді ашындырар.

Алтын тақ, Алтын Орда айбаттанса,

Сол сәтте-ақ басынғанның басын жұлар.

 

Әйтсе де Орыс ханның төзбегі жоқ,

Кеуденің лапылдаған сөнбегі жоқ.

Біразын бектерінің жер құштырды,

Ырқыма, айтқаныма көнбеді деп.

 

Солардың бірі әкесі Едігенің,

Көп көрген адам еді өмір өрін.

Өлген соң Тоқтақия, жетім қалып,

Едіге таппай қойған көңіл емін.

 

Балтышақ інісі еді әкесінің,

Тығылды қолтығына көкесінің.

Ол кісі – Орыс ханның бас әмірі,

Тез айтар шешетінін, кесетінін.

 

Қиналды көкесі де, еңіреді,

Жетімге сол қамқоршы болып еді.

Оқытып, тарих сырын ұғындырып,

Әскери іске үйретті Едігені.

 

«Қайт – деді – ер жеткен соң Мекке көріп,

Батыр бол, мен де кетем бір күні өліп».

Өсіріп, өнегесін түгел сыйлап,

Сол қалды әке орнына әке болып.

 

Едіге ерте есейіп, дараланды,

Ер болды жайпап өтер қамағанды.

Сөйтсе де, Орыс ханның сарайында,

Жүрегі қайта-қайта жараланды.

 

Сабырлы, пайымды да парасатты,

Білдірмес жанға түскен жарақатты.

Жамандап Орыс ханға жарамсақтар,

Тезірек жоймақшы боп, аласатты.

 

Бір қауіп Едігеге жақындады,

Сондағы естен кетпес ашынғаны.

«Керауыз Тоқтақия баласы» деп,

Әркімнің кекеп-мұқап басынғаны.

 

«Бұл жерден кетейін – деп – құдай атқан»,

Бір күні қашып шықты Сығанақтан.

Тоқтамай Самарқанға тартып кетті,

Босаған асаудай боп бұғалықтан.

 

Мақсат бар маздап тұрған көңілде бір,

Бақ қонбас талапсызға өмірде бұл.

Бет түзеп, бұл сапарда көздегені –

Атағы шығып тұрған Әмір Темір...

 

Әкесі Әмір Темір – би Тарағай,

Барластың басы болған зор толағай.

Бектердің арасында беделді боп,

Өмірден өткен адам қорғаламай.

 

Барластар бастас болып наймандармен,

Туысып, құшақтарын жайған кілең.

Найманмен ауып мұнда келгеннен соң,

Мұңдағы ел атап кеткен – «найман – дүрмен».

 

«Өрлесін өркені – деп – қарағайдың» –

Қолдады жетім ұлды бар ағайын.

Темірді тербетті де, өрлетті де –

Беделі, берекесі Тарағайдың.

 

Әмір боп Қашқадария аймағына,

Жел бітті Әмір Темір байрағына.

Жабысып аттың жалын тартқаннан соң,

Жау іздеп көп қарады жан-жағына.

 

Бұл әмір – талайларды жеңген батыр.

Қиратып, қалаларға енген батыр.

Дәл қазір уысына түгел түсті,

Бас ұрып аяғына Мауераннахр.

 

Сызданып отыр әлі сол арыстан,

Талаймен жан берісіп, жан алысқан.

Ендігі қиратсам деп көздегені –

Ақ Орда, Дешті Қыпшақ, Моғолстан.

 

Бар сонда Едігенің құрбыласы,

Тоқтамыс – бозбаланың сұңғыласы.

Әкесі Тайқожаны өлтірген соң,

Ол дағы Орыс ханның болды қасы.

 

 

Тұқымы Жошы ханның ерледі де,

Кіріпті Әмір Темір дәргейіне.

Билеуші құшақ жайып Тоқтамысқа,

Сауран мен Отырарды берген, әне!

 

 

*  *  *

 

Едіге аз уақытта кемелденді,

Ойы да бұрынғыдан тереңдеді.

Көрсетіп батырлығын шайқастарда,

Танымал қолбасшыға теңелді енді.

 

Аян боп әділдігі, шешендігі,

Байқалды қиын сәтте көсемдігі.

Әмірдің ең сенімді сардары боп,

Сіңісіп, ұмытылды бөтендігі.

 

Тұратын әрбір іске нақ тіленіп,

Төселді ол ең білімдар басшы болып.

Осындай отты адамды таныған соң,

Қолдады Әмір Темір жақсы көріп.

 

Тек жатпай талап қылды Тоқтамыс та,

Елеуреп, ерік берді от намысқа.

Ақыры Ақ Орданы шауып алып,

Дүмпуі күннен-күнге кетті алысқа.

 

Шашатын тым ызғарлы демінен леп,

Орыс хан қаза болған, өмірде жоқ.

Хан болған Темір Мәлік баласының

Басын ап, отыр енді көңіл демдеп.

 

Сын болған Едігенің төзіміне,

Бір қаза мұз боп қатты көңіліне –

Тұп тура осы соғыс себеп болды

Көкесі Балтышақтың өліміне.

 

Ілкіде Тоқтамысты кінәлаған,

Алайда, ашулы ойға құламаған.

Сарайдың ішіндегі қанды айқаста

Айырылып қалған еді сол ағадан.

 

Тоқтамыс бүгін даңқтың кезеңінде,

От болып жанады үміт өзегінде.

Ентелеп, Едігенің көмегімен

Билеуші болып алды Хорезмге.

 

Екпіні Тоқтамыстың, сірә, қатты,

Қайраты тау суындай құлап ақты.

Қосымша әскер беріп Әмір Темір,

Бір күнде жаулап алды Сығанақты.

 

Тоқтамыс ырыс-бақтан кешікпепті,

Тәңірі әу бастан-ақ несіпті етті.

Бектері Ақ Орданың қол қусырып,

Жағына Тоқтамыстың өтіп кетті.

 

Ісімен жаулау, аулау шұғылданып,

Жұтынып жұтқыншағы, жыбыр қағып,

Мәз болды Әмір Темір бұл жеңіске,

Мұқатып Ақ Орданы, қыбы қанып.

 

Жиналып маңайына ақылманы,

Әмірдің әрбір ісін мақұлдады.

Ендігі нағыз дұшпан – Алтын Орда,

Жау жаман бәрінен де жақындағы.

 

Елдер көп Әмір Темір жаулап алған –

Иран мен Ауғанстан, Әзербайжан,

Үндістан, Сирия менен Палестина,

Әлі де мақсаты көп армандаған.

 

Алда тұр кеуде керіп Алтын Орда,

Бағынбай, басын имей даңқы зорға.

Күйретсе осы Орданы сәтін тауып,

Өзіне болмас еді артық олжа.

 

Әй, бірақ... Орда ханы Мамай – мықты,

Арбасып, алысқанын талай жықты.

Күрсініп, көп ойланды Әмір Темір

Соған бір жасасам деп жамандықты.

 

 

Сол Мамай қатал, қанды жол ұстанған,

Мәскеуге бетін түзеп, соғыс салған.

Жеңіліп Күлік* деген кең майданда,

Еліне аман жету болыпты арман.

 

Тоқтамыс осы шақта нығарланды,

Ерекше сәттіліктен сыр аңғарды.

Тұтқиыл баса көктеп қалың қолмен,

Алтын тақ орнатылған Сарайды алды.

 

Сөндіріп бейбіт елдің шырағында от,

Тоқтамыс сала берді ұранын көп.

Жаулады Қажы-Тархан, Қырымды да,

Қайтадан Жошы ұлысын құрамын деп.

 

Тоқтамыс сол екпінмен тоқтамады,

Сүзіліп орыс жаққа көп қарады.

«Бағынбай бір күндері кетер-ау» – деп,

Мәскеуді мыжып, таптап, отқа орады.

 

Тоқтамыс хан Сарай-Беркеде жатып түс көрді. Ат құлағы көрінбейтін ақ боранда өзін бір үйір қасқыр қамап, жүйрік атымен қанша қашса да, бір көкжал қасқыр қыр соңынан қалмай қойыпты. Қамшыдан басқа қаруы жоқ екен. Бір кезде тағы да бір көкжал алдынан қарсы шыға келіп, тура өзіне атылыпты... Тоқтамыс түсінен қатты шошып оянып, жүрегі дүрсілдеп, өзіне-өзі келе алмай, ұзақ жатты.

Ереңінде Сарай-Беркеге кеше келген Сыпыра жырауды шақыртқызып, түсін жорытты.

– Ұлы бабаң – Жошы ханнан тараған үрім бұтақтың ішінде сенің әкең Тайқожа ең әділетті, ең әлуетті адам еді. Сол Тайқожа өзінің аталас бауыры Орыс ханның қолынан қаза тапты. – деп бастады Сыпыра жырау. –Жошы тұқымынан Беркеден кейін Орыс ханның емес, сенің бағың жанып, Алтын Орданың тағына отырдың. Енді сен Жошы ұлысының жоғын түгендеймін деп, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жүрсің.

Әй, хан, саған турасын айтайын, сені атқа да, таққа да мінгізген – ана Ақсақ Темір. Содан кейін өзіңмен үзеңгілес келе жатқан, Баба Түкті Шашты Әзіздің тұқымы, әрі баһадүр, әрі дангөй биің – Едіге!

Мен байқаймын, сен өзіңнің ең басты ақылманың, шапсаң – қылышың, сілтесең семсерің болып жүрген сол Едігеге салқындап барасың. Ал ол Ақсақ Темірден ауып, достық пейілмен саған келді. Бас әмірің болды. Оны көре алмағандардың сөзіне еріп, қырын қарап жүргенің не?

– Едігені ең алғашы рет Әмір Темірге апарған да, алдына мал салған да, басына орда көтерген де мен едім. Жұрттан асқан Қарақас-Айым сұлуды алып берген де, биліктің биігіне жеткізген де мен едім. Ол сол жақсылықтарымды ұмытып, бүкіл Алтын Орданың бірінші адамы өзіммін деп ойлайды екен. Ол туралы жаман сыбыстарды күнде естимін.

– Әй, хан! Досың аз, дұшпаның көп болса, жер боларсың, ақылың аз, ашуың көп болса, қор боларсың. Сай-саланы сел бұзар, ағайынды сөз бұзар. Ауызда жиек жоқ, тілде тиек жоқ. Қысыр сөзде қырсық көп. Сөзге ергеннің көрге енгенін көп көргенмін мен. Едігеге жасаған жақсылығыңды айтып отырсың. Жаман бергенін айтар, жақсы алғанын айтар. Едігенің саған сіңірген еңбегі сенің бергеніңнің өтеуіне тұрмай калды ма?! Егер сен Едігені өкпелетсең, одан айырылсаң, айтпады деме, төрдегі басың көрге домалайды. Ұмытпа, тауға сүйенген таудай дұшпанын жеңеді. Ер қадірін білмеген – ел қадірін білмейді.

Сенің көрген түсіңнің сұры жаман екен. Артыңнан қалмай ілескен көкжал Ақсақ Темір болып жүрмесін. Алдыңнан шыққан көкжал Едіге болса, күніңнің қараң болғаны. Ойлан, хан!

Тереңірек ойланбасаң, көңілің кілкілдек, өмірің сүркілдек болады!

Тоқтамыс хан мең зең болып отырып қалды. Жырау сөзін дұрыс ұғынғаннан емес, ызаланғаннан.

 

 

*        *        *

 

Тиген соң Алтын Орда бір өзіне,

От бітті Тоқтамыстың жүрегіне.

Саясат, сарай ісі, соғыста да

Едіге айналды оның тірегіне.

 

Екеуі біріккен соң тізе қосып,

Даңқы да Ұлы Орданың келеді өсіп.

Шыдамай, Қапқаздағы Тоқтамысты

Шапты Әмір әдейілеп,  ерегесіп.

 

Тоқтамыс назаланды алғаш рет,

Қорлады Әмір Темір хан басын деп.

Бұл көрген қорлығы да, зорлығы да,

Басылды кетпес кектің таңбасы боп.

 

Тағы да, алмасын деп ел сүреңін,

Жіберді «кешірсін» деп елшілерін.

Түйіліп, Тоқтамысқа тоң-торыс боп,

Қайтарды Әмір Темір ол тілегін...

 

Сәт сайын жасын ойнап санасында,

Тоқтамыс күйді жұрттың табасында.

«Орданың енді күні не болар?!» деп,

Суық сөз сумаңдар ел арасында.

 

Көретін өзгелерден көп ілгері,

Сыйламас болып алды Едігені.

Хан жайлы харам сөздер тарап жатыр –

Бұл жайдың бәрі содан көрінеді.

 

Тоқтамыс арылмады күдікті ойдан,

Ерлігін Едігенің сырып қойған.

«Ақсақтың адамы – осы, – деп ойлады –

Жүрді ғой ордасында салып сайран».

 

Сарайда сөз өрбіді алуан түрлі –

Жүрісі Едігенің жалған сынды.

Тіксінді, тітіренді әлденеден,

Көз ілмей кейбір түні, таңды атырды.

 

 

***

 

 

Тоқалы Тоқтамыстың нақ сүйері,

Тым сұлу Садат – Бегім тәтті лебі.

Сол тоқал Едігеге құмар болып,

Жүр еді орындалмай нас тілегі.

 

Ашқарақ нәпсісіне тойым іздеп,

Білдірген ыммен, үнмен тілегін көп.

Едіге қабақ түйіп, бет қайырды:

«Ханыша, мұныңызды қойыңыз» – деп.

 

Ашуы ханышаның өртке айналды,

Шор болып жүрегіне кек байланды.

«Тыңдашы мына сөзді, хан ием» – деп,

Жамандап Едігені көп сайрады.

 

«Біліңіз, мұның сұры жаман» – деді,

«Ойлап жүр арам пиғыл саған» – деді.

«Көрсетіп өзін сізден артық етіп,

Қылмақшы күніңізді қараң» – деді.

 

Ұмытып ерлігін де, хандығын да,

Айтатын тоқалына бар мұңын да –

Тоқтамыс ой тоқтатпай, бірден сенді,

Жабылған жала менен азғыруға.

 

«Байқасам, отырғанды жүргізгендей,

Сіз емес, алтын таққа бұл мінгендей.

Масқара... маған ынтық – деді тоқал, –

Сонысын әр сәт сайын білдіргендей».

 

 

Тоқтамыс күйіп кетті шақта мына:

«Қызығып жүр екен ғой таққа бұ да.

Саған да қол салмақшы болған екен,

Тастайын басын алып қасқағымда!».

 

Жас тоқал жасауратып қос жанарын:

«Сабыр ет, – деді, – қазір тоқта, жаным.

Дастархан кең жайғызып, мас қылдырсаң,

Түседі өзі келіп отқа залым!

 

Ел-жұртқа ол беделді, білемісіз?

Тек соны қолдап жүрсіз үнемі сіз.

Ашумен Едігені өлтірсеңіз,

Кім білсін, қараланып жүремісіз».

 

Ханға да қона қалды мынау ақыл,

(Айлаңды асырған соң, солай асыр).

Мас қылып, оттатқан соң, шамдандырып,

Басына орнатады заманақыр.

 

Орданың той-думаны басталды енді,

Сағынып бірін-бірі достар келді.

Астатөк ас пен жеміс, шарап та тұр –

Жіберер айналдырып аспан, жерді.

 

Сұлулар сыңқ-сыңқ күліп сырлы, нұрлы,

Аспаздар, шарапшылар зыр жүгірді.

Бұл думан басталмай-ақ Едігеге,

Жасырын, құпиялы сыр білінді.

 

Келіпті бұл думанға Аңғысын да –

Бірге өскен Едігемен ол жасында.

Сыбырлап: «Шарап ішпе – деді досы, –

Қауіп бар, тез қашып кет, қалма осында!

 

Ілінбей аңдушылар қармағына,

Шығып кет, жалтақтамай жан-жағыңа.

Бөктеріп қару-жарақ сайлап қойдым,

Мін де қаш жан жетпейтін Тарланыңа!».

 

Маңайы анталаған толған сұмдар –

Қолқалап «шарап іш» деп зорлаушылар.

Жүрегі сәл тіксінді Едігенің –

Алдында тым қауіпті тұрған сын бар.

 

Жұрт қызды, бәрі масаң мұнан басқа,

Едіге жетіп барды шығар жаққа.

Күзетші жасауылдар тобын жарып,

Тез жетіп, дайын тұрған ырғыды атқа.

 

Десе де Құдай өзін несіпті етті,

Жанында жүрген жауы өксікті етті.

Кектеніп Тоқтамысқа, тісін қайрап,

Еділдің ар жағына өтіп кетті.

 

Едіге кетті лаулап жүрегінде от,

Білдірді бір Тәңірге тілегін көп.

Өзеннің жағасында күтіп жатты –

Ел жақтың бір хабарын білейін деп...

 

Едіге кеткеннен соң торға түспей,

Тоқтамыс уайымын толғады іштей.

Сыпыра жырау келіп: «Ей, Тоқтамыс,

Сенімен кетем – деді – жүз көріспей!».

 

«Қанша рет саған ақыл айтам, – деді, –

Түртіп жүр сені қандай сайтан?! – деді, –

Демесең алтын тақтан айырылам,

Қайтсең де Едігені қайтар!» – деді.

 

«Ол кетсе, ана ақсаққа барары анық,

Отырсың бір пәлені жамап алып.

Кеудеңе көк найзасын тірегенде,

Келмейді екеуіне шамаң анық».

 

Басына таяғандай заманақыр,

Бойында ханның үрей салады асыр.

«Кешсін деп айыбымды», Едігеге

Жіберді Кен Жанбай мен тоғыз батыр.

 

Кен Жанбай ең беделді қолбасы еді,

Ет жақын Едігенің жолдасы еді.

Қайтып кеп, ханға қарап күбірледі:

«Едіге қайтпас енді!.. Болмас енді!..».

 

Бұларды қарсы алыпты ол көкке атылып,

«Ханыңның қанын ішем! – депті ақырып, –

Басын ап, тағын ертең қиратпасам,

Өмірді жүре алмаспын босқа сүріп!».

 

Тоқтамыс дірілдеді, дүлейленді,

Ішіне қорқу кіріп, үрейленді.

«Келсін – деп – Садат – Бегім!» бұйырды да,

Қылышын қысып ұстап, күреңдеңді.

 

Нас пиғыл найзалаған намыс, арын,

Білген жоқ Садат–Бегім жаны ұшарын.

Қылышы Тоқтамыстың жарқ еткенде,

Домалап түсті басы ханышаның.

 

Көз сенер көркі менен пәктігіне,

Көз жетпес көлегейлі нақ мініне –

Біреуі сайқалдардың опат болды,

Мұндайлар жеткен талай тақ түбіне.

 

*        *        *

 

Едіге бек тұтынып сабыр, арды,

Алдына Әмір Темір тағы барды.

Жауласып Тоқтамыспен келді ғой деп,

«Кет!» демей, әмір мұны қабыл алды.

 

Көп уақыт өтті арада – соңы зарлы,

Ер жігіт ес тоқтатса, толығар-ды.

Самсаған сардарлардан дара шығып,

Едіге бас қолбасшы болып алды.

 

Ой тұрса оттай лаулап санасында,

Тоқталып, Әмір Темір қарасын ба –

Әскерін Тоқтамыстың қуып барып,

Жайпады Құндыздының жағасында...

 

Тоқтамыс білмей қалай жұлқынарын,

Ұқты тек құртатұғын сиқы барын.

Қарсы алды ол үш жылдан соң дұшпан қолын,

Бірігіп кінәзімен Литваның.

 

От бітті өр намыстан ер жүрекке,

Табынды Тәңіріне, зеңгір көкке.

Әмірге қарсы шапты, гүрсілдеп тұр –

Витовт алып келген зеңбірек те.

 

Болды бұл ұлы шайқас алым-берім,

Алдады Тоқтамысты көңіл, сенім.

Соғысып үш күн бойы, зорға жеңді,

Өзі өліп қала жаздап Әмір Темір.

 

Бұл соғыс – Тоқтамыстың сор кезеңі,

Маңында Сарай Берке болған еді.

Жеңіске жетті, әйтеуір, Әмір Темір,

Болған соң Едігедей заңғар ері.

 

Қайғы-мұң Тоқтамысты басып кетті,

Бұл тағдыр батыр да етті, жасық та етті.

Түсіне кірмес болып тақ пен сарай,

Бас қамдап, Бұлғар жаққа қашып кетті.

 

Мойнына пәле-жала салғаны үшін,

Намысын жер қылуға барғаны үшін,

Едіге Тоқтамыстан  кек алмақ боп,

Қуалап, қыр соңынан қалмады шын...

 

Жараған арғымақтай, сұңғақ бойлы, жалпақ жауырынды дене бітімі мен сұсты, сұлу жүзі өзіне бек жарасқан Тоқтамыс он екі қанат ақ ордасының ішінде кереге басына ілінген қылыш, семсерлерді бір-бірлеп қолына алып, жүзін тырнағына салып, осыларды ермек еткендей болып жүр. Самсап тұрған бұл карулардың көбі көк болаттан, өте қасиеттілері ғана қызыл болаттан соғылған. « О, қару пірі – Ер Дәуіт, өзің қолдай көр!» – деп күрсінді Тоқтамыс.

Ол алтын балдақты алдаспанды қос алақанына көлденең салып, әздектей көтеріп, аударылып-төңкерілген алмас жүзіне, алқымына, сабына жаңа көріп тұрғандай үңіле қарайды. Жалманы жап-жалпақ, қорғасындай ауыр қылыш қос қолын бірдей талдырып жібергендей болған соң, бүлдіргесінен кереге басына іле салды.

Ғұрып бойынша қынға салынбайтын бұл қасиетті алдаспанның түпкі иесі – мұның арғы бабасы Жошының ұлы Сасы Бұқа екен, одан Ерзенге, одан Шымтайға, одан Тайқожаға өтіп, міне, қазір Тоқтамыстың ордасында ілулі тұр.

«Мұны көзімнің тірісінде Қадырбердінің қолына тапсырайын, ұрпақ қуалап келе жатыр ғой» деп ойлады да, өзінің бес ұлының ішіндегі ең жақсы көретін баласын ертең шақыртып алмақ болып, терең бір күрсінді. Содан соң жерді тесіп өтердей тік салбырап тұрған бүктемелі ақ семсерді орнынан алып, қынабынан суырды. Сілтеп қалып еді, «ыс-с» еткен дыбысы ызғар шашып, суық жүзі төрден есікке дейін бір-ақ жеткендей болды.

Бұл семсер Ақ Орданы шауып алғанында Әмір Темірдің бұған сыйға тартқан қаруы еді. «Осы бүктемелі семсердей алымды да шалымды бол» деп еді сонда әмір.

Тоқтамыс семсерден көзін алмай, мелшиген күйінде ұзақ тұрып қалды. Өзінің қазіргі қалін ойласа, басы айналып, жүрегі лоблып, іші у ішкендей өртеніп кететін...

Тоқтамыс Литвадағы Хирман Кибе деп аталатын қалаға барып тығылған соң, бұл кезде ұлы кньяздыққа қолы жеткен, бес каруын белінен шешпей, ел аумағын кеңейтуге жанын салып жүрген Витовт Алтын Ордаға ауыз салатын сәт туды деп ойлап, Тоқтамысқа еріп келген азынаулақ жауынгерлерді және еуропалық ниеттестерін өзіне қосып алып, қалың қолмен жорыққа аттанған болатын.

Сол кездегі Алтын Орда ханы Темір-Кұтлық пен Едіге бұлармен екі күн соғысқаннан кейін, жеңіске жетіп, тас-талқаны шыққан Витовт пен Тоқтамыс әскерінің жұрнақтарын өз індеріне тағы да қуып тыққан еді.

 

Осылай Тоқтамыстың бағы кайтты,

Қу тағдыр көзін тағы ажырайтты.

Аузынан «аһ» ұрғанда жалын атып,

Былай деп жаратқанға ол зарын айтты:

 

«Ей, Алла, жаратушы жалгыз ием,

Жалынып, жалбарынып, басымды ием!

Өзіңнің бергеніңді місе тұтпай,

Кеше гөр, мен де талай тасынған ем.

 

Демеспін – кеменгер ем, кемел едім,

Мен де бір отқа асыққан көбелегің.

Шектемей Әмір Темір, Едігені,

Жолымды кесе бердің неге менің?!

 

Тағдырдың маған салдың ауыздығын,

Күн сайын көбеюде жауым бүгін.

Тепсініп, жарты әлемді тітіренткен –

Темірдің көрмейсің бе жауыздығын?

 

Ол маған, білемісің, неге өшікті?

Қызғанды ол менен дөң мен төбешікті –

Алдымен Хорезімді алып едім,

Алдымнан қанды жынын төге шықты.

 

О, Алла, одан өткен қанішер жоқ.

Жаһанға жабысып тұр қанды шер боп.

Басынан адамдардың мұнара сап,

Көмуден тірі жанды зеріккен жоқ.

 

Жинатып адам басын құлдарына,

Ғиратта тұрғызды алғаш бір мұнара.

Иранды шапқан кезде, Исфаһанда,

Орнатты дәл осындай жүз мұнара.

 

Аз болып жұртты бұлай еңіреткен,

Әлемге көрсетем деп өзін өктем –

Алғанда Хорасанды, Исфизарда,

Бір «тірі мұнараға » қолы жеткен.

 

Балшыққа орап тірі адамдарды,

Солардан бір мұнара қалаған-ды.

О, Алла, бұл кәззапқа жетіп пе еді,

Ең жауыз жаулаушылар ғаламдағы?!

 

Ол теліп қылған ісін бәрін аққа,

«Құдайдың жолы» деді жамағатқа.

Тоқсан мың адам басын үйіп қойып,

Тұрғызды бір мұнара Бағдатта.

 

Ақсақтың саясаты мың құбылды,

Талай іс залымдықпен тындырылды.

Ең үлкен бір мақсаты орындалды –

Жеңгенде ер Баязид Иылдырымды.

 

Сіміріп сімірместің бәрін бірден,

Өзі үшін шын рахаттың дәмін білген.

Салғызып темір торға Баязидті,

Өзімен бірге сүйреп алып жүрген.

 

Шошытып бұзық ісі құтырғанның,

Жүрегін түксіндірді бүкіл жанның.

Өлтірді ол Баязидті қорлап, қинап –

Сұлатты бәйтерегін мұсылманның.

 

О, Алла! О, Мұхаммед пайғамбарым!

Бұл Темір – қанатын кең жайған залым.

Таңдап ап, тек мұсылман елді қырды,

Кім білер сонда не деп ойланғанын?!

 

Жөн-ақ қой шауып алса кектескенін,

Жасады ол жауыздықтың лек-лектерін.

Өштесіп, ата кегін алғандай-ақ,

Жайпады нәсілі ортақ тектестерін!

 

Ұраны – «Ұлы Орданы қалай да өрте!».

Сан жетпес қылмысына санай берсе.

Қалмады қалашықтар, қыстақтар да,

Жоқ болды Хажы-Тархан, Сара-Берке.

 

Дүниенің дүйім сырын дөңгелеткен,

Қастерлеп хандар өткен, ерлер өткен,

Кешегі Ұлы Орданың жауһарлары –

Сарайшық, Үбек бүгін жермен жексен.

 

Болса егер Ұлы Орданың атағы – шың,

Әмірдің күні ертерек батары шын.

Сондықтан, бұл қалалар қирап тынды,

Енді жоқ Жібек Жолы жаһан үшін!

 

Темірдің тез ілініп құрығына,

Жалғанның жетпей кеттім қызығына.

О, Алла, өзің айтшы, осыменен,

Алпауыт Алтын Орда құлады ма?!

 

Қайран жер! Дешті Қыпшақ, Тұран дедік!

О, Құдай         ! Қалған жақсы бұдан да өліп!

Осы жер отқа оранып, оққа ұрынып,

Қалмай ма біреулерге бодан болып?!.

 

Шыдадым дауылға да, боранға да,

Сыйындым «Қолдай көр!» деп бір Аллаға.

Едіге енді мұнда тыным бермес,

Кетемін Ібір-Сібір, Көк Ордаға!

 

Бату мен Берке – заман саңлақтары,

Сонан соң Мөңке Темір нар қоспағы.

Жар болсын Тула Мөңке ту тулатқан,

Өзбек пен Жәнібектің аруақтары!

 

Тоқтамыс тағы да Едігеден қашып, Ібір-Сібірдегі Шаңғы-Тараңға жетіп алған соң, қайта көтеріле бастаған Көк Ордаға сүйеніп, маңына қол жинай бастады.

Ол әр күн сайын өзінің зауал шағына жақындап келе жатқанын сезген жоқ.

 

*        *        *

 

Өртенген ормандай боп шоғыр-шоғыр,

Тарихта таңбаланды өмір не бір.

Қытайды Құбылайдай билесем деп,

Тастай боп дайындалды Әмір Темір.

 

Шығандап Шыңғыс ханның нәсілі асыл,

Билеген Қытай елін екі ғасыр.

Құлатып Құбылайдың құрған тағын,

Орнына Мин әулеті отырды ақыр.

 

Тақты алды таза қытай Мин әулеті,

Қытайдың халқы қалың, қян шеті.

«Талқандап мұны да бір тастайын» деп,

Әмірдің анық болды бұрар беті.

 

Енді атқа мінейін деп дайындалып,

Дұға оқып отырғанда қолын жайып –

Қарғысы Тоқтамыстың дәл тигендей,

Әп-сәтте ажал кетті өзін алып.

 

Қанменен араласқан бақ, беделі,

Жабысқан тіршілікке тас кене еді!...

Темірдің өлген кезі Отырарда –

Мың төрт жүз бесінші жыл, ақпан еді.

 

Болғанмен аттан басқа, сүрен басқа,

Сұм ажал пешенеден әуел баста.

Тоқтамыс опат болды бір жылдан соң,

Қолынан Едігенің Түмен жақта.

 

Кек кернеп, кеуде тұсын сығымдаған –

Едіге қалың қолмен Сібір барған.

Қашса да Тоқтамысты қуып жетіп,

Қанжармен қорқыратып бауыздаған.

 

Кім ұстар өмір деген сағым желді,

Едіге тірлігінде бәрін көрді.

Он үш жыл өткеннен соң өлтірді оны –

Баласы Тоқтамыстың Қадырберді...

 

Кім өлді, кім өлген жоқ құсалықтан?

Кім азат тағдыр салған тұсамыстан?

Опасыз сұм жалғанның отын кешіп,

Өмірден өтіп кетті үш арыстан.

 

Дариға-ай, данышпан да, дана да өлді,

Сарнады сан ғасырлар дала желі...

Жалыннан жаратылған жасыл нудай –

Өртеңнен өніп шықты Қазақ Елі!

 

Қазақ – ер!

Қазақ – дана!

Қазақ – ұлы!

Әлемге әйгі болған сан алыбы.

Жақсысын, жаманын да ұмыттырмас,

Жаһанға жайып салып Дала Жыры!

Әбубәкір Қайран,

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы