"28 панфиловшы" ойдан шығарылған ертегі

5261
Adyrna.kz Telegram

«Отыз жыл өтірік айтып келемін. Құдайдан ұят. Жиырма сегіз батыр да, елу танкі де – бәрі-бәрі өтірік. Атып тастаса да – шындық осы...». Совет Одағының Батыры, 28 панфиловшының бірі – Иван Шадриннен дәл осындай сөз шығады деп кім ойлаған? Екі күн ұстай алмай, үшінші күні әзер дегенде кездесіп отырған батырыма қою үшін дайындап келген сұрақтарым далада қалды...
Совет үкіметінің ең дүбірлі үш мерекесі болды. Бірі – Ұлы Қазан төңкерісі. Қызығы – «Қазан төңкерісін» қарашада тойлайтынбыз. Екіншісі – 9 Мамыр – Жеңіс күні. Бұд да қызық. 2 мамыр неміс жеңілгеніне қол қойды. 9 мамырда тойлайтынбыз. Үшіншісі – 1 Мамыр – Еңбекшілердің халықаралық ынтымақ күні. Үшеуіне де дайындық жарты жыл бұрын басталатын. Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газеті редакциясының әр бөлімі өз алдына жоспар жасап, кәдімгідей бәсекелесіп жататынбыз.
1975 жылы аталып өтетін Жеңістің 30 жылдығына дайындық тіпті ерте басталды. Редакцияның жалпы жоспарына сәйкес біздің Хат бөліміне Совет Одағының Батыры Иван Шадрин туралы мақала жазу тапсырылды. Құдай бір құпияны маған білдіргісі келді ме екен, бөлім бастығы Жұмақан ағадан осы материалды әзірлеуді сұрап алдым. Университетті тамамдап келгеніме екі жылға жуықтаған: «мен мықтымын» деп тұрған кезім ғой. Жұмекең келіскен.
Енді мынадай қапелімге тап болдым. Аузыма сөз түсер емес. Абырой болғанда, батырдың келіншегі қол үшін бергені.
– Иван, жап-жас жігітті шошытпай, бәрін ретімен айтып берсеңші. Жігітім, әңгіме былай – Ваня ағайың ендігәрі шындықты айтамын деп шешкен. Себебі отыз жыл ішқұса болып жүр. Иван, ал, айт!
– Москва түбіндегі Дубосековоны қарашаның ортасында қорғадық, – деп бастады Ваня ағай сөзін. – Бұл шындық. Қалғаны түгел өтірік. Жазып жүргендей 28 емес, күшейтілген рота едік. Бір ротада жүзге жуық жауынгер болады. Біздің ұзын санымыз бұдан да көп. Рас, қару жетіспейтін, екі- үшеуімізге бір мылтық немесе бір автомат. Әлгі «29 екен, біреуі сатылып, атып тастады» дегенін көрген де, білген де емеспін. Күн суық. Аздап жұтып алғанымыз бар. Аяқ асты қайдан шыққанын ұға алмай қалдық: екі-үш танкісін алдыға салған, бірнеше машина және оншақты мотоциклге мінген немістер тура бізге беттегені. Өздері жайбарақат. Шабуылдайын, разъезді басып ала қояйын деген ниеттері де жоқ сияқты. Біздің окопта тығылып отырғанымызды білмесе керек. Үстімізден түспесе, өз беттерімен кете беретін сыңайы бар. Бірақ алдыңа келген жауды атпасаң, таптап кетеді. Амал жоқ, атысты бастап жібердік. Тырылдаған автомат пен мылтық танкіге не істей қойсын? Бір танкі окоптың сонау басынан сыңар табанымен түсіп алды да, жауынгерлерді езе бастады. Нағыз батыр Нарсұтбай ғой! Есеболатовты айтамын. Өзі үнемі күбірлеп жүретін. Түсінеміз ғой – құдайға сиынып, құран оқып жүргенін. Ішпейтін. Сол Нарсұтбай бір орам гранатаны алып, тұра ұмтылды. Тоқтатпаса, бәрімізді таптап тастайтынын ұқты. Сөйтті де танкінің астына кіріп кетті. Құлақ тұндырған жарылыс. Танкі быт-шыт. Нарсұтбай осылай қаза тапты. Батыр, нағыз батыр – Нарсұтбай! Қалғанымыз жан-далбаса атысудамыз.
Бір танкі бізді айналып өтіп, артымызға шығып кетті. Қысқасы – қоршап алмақ. Боратып оқ атты. Енді бір танкіге «молотовтың коктейлі» тисе керек – өртене бастады. Немісің – өте мықты, айлалы жау. Ой-шұңқырға жата кетіп, бас көтертпей қойды. Гранаталары окопқа түсіп жарылып жатты. Соның бірі менен үш-төрт қадам жерге түскенін көріп, басымды бұғып, құлап үлгердім. Ар жағы есімде жоқ. Немістің тұтқынында өзіме-өзім келдім. Міне, нағыз шындық осы.
– Тұтқынға жараланып түскен екенсіз ғой.
– Иә. Жарылыстан контузия алыппын.
– Ротаның басқа жауынгерлері...
– Ешкімді тірі қалдырмаған шығар деп ойлағанмын. Сөйтсем, үш-төртеуіміз аман қалыппыз ғой.
– Сонда, сонда... политрук Клочков «Россия кең байтақ. Бірақ шегінерге жер жоқ! Артымызда – Москва!» деген жалынды ұранды қай кезде айтты?
– Сен алдымен менен Клочков дегенді білесің бе деп сұрасаңшы?! Біздің рота ондай политрукті танымайды. Политругіміз сол күні арамызда жоқ секілді еді. Клочков дегенді елге келген соң естідім ғой. Пионерлермен, оқушылармен кездесуде соның фамилиясын есіме түсіре алмай жаңылысқан кездерім де болды. Контузияны сылтау етіп құтылатынмын. Қайдағы ұран? Дарылдаған танкі зеңбірегінен оқ атып, дүниені жаңғыртып жатса, автомат пен мылтық тарсылдап жатса, неңді естисің? Қып-қызыл өтірік! Болған емес Клочков деген политрук. Жазушының ойдан шығарғаны!
Осы сәттерде әзірлеп келген сұрақтарымның бір жағы ойға оралды.
– Генерал Панфиловты көрдіңіз бе?
– Жоқ, бетпе-бет келмеппін. Бірақ өте мықты әскери қолбасшы, өте жақсы адам екен.
– Ваня ағай, Панфиловпен жолықпасаңыз, ол кісінің қандай екенін қайдан білесіз?
– Атақты батырымыз Бауыржан Момышұлының кітаптарын оқыдым. Соғыстың бас-аяғын түгел өткен Бауыржан өтірік айтпайтынына сенемін. Батыр атанатын сол кісі ғой. Қоршаудан шығу деген – тозақтан шыққанмен бірдей. Бауыржан бірнеше рет шыққан. Амал қайсы, батыр атағын бермепті. Соғыста да әділетсіздік болады.
– Тұтқында жүргенде, немістер Совет Одағының Батыры екеніңізді білмеді ме?
– Оларың не, өзім де хабарсызбын ғой. Оның үстіне есімді жиып, әл бітерге жете Германияға алып кетті. Қара жұмысқа. Онда ауыстырып отырды. Бір жерде ұзақ тұрақтатқан жоқ.
– Тұтқыннан босаған күніңіз есіңізде ме?
– Әрине. Бізді одақтастар босатты ғой – америкалықтар. Ол тұста тәп-тәуір жігіттер еді. Тамаққа тойындырып, іш киімдерімізді ауыстырып, битімізден арылтты. Кәдімгідей күтті. Жалпы, олар тұтқынға түскендерге жау, сатқын деп қарамайды екен. Бізде ғой әлі күнге дейін тұтқыннан қайтқандардың мазасын алады. Көрер ем, бастарына түссе! Тауқыметті өзіміздің Қызыл әскерге өткізіп берген соң көрдік қой. Ерекше бөлімнің қызыл көздері бас салды. Айқайдан, боқтықтан құлақ тұнады. Таяқ жеп шығып жатқандарымыз қаншама! Ауылда өстім, жұмысқа ширақпын. Бар шаруаны еңсеріп тастайтынмын. Содан ба, немістен таяқ жемеппін, балағат естімеппін. Қызыл көздің алдында тізем дірілдеп, әзер тұрмын. Жай-жапсарымды, қай әскери бөлімнен екенімді тұтығып әзер айттым.
– Қай дивизия дейсің? Быдыңдамай дұрыстап айт, сатқын неме!
Қайдағы бір капитан мені қолма-қол сатқын жасай салды. Одан сайын зәре кетті. Сатқын дегенің атылу деген ғой. Аузыма құдай салған шығар:
– Панфилов дивизиясынан! Дубосеково бекетін қорғауда контузия алып, ес-түссіз тұтқынға түсіппін... – деп салдым.
Капитаным «Дубосеково, Дубосеково, Панфилов, Панфилов» деп бірнеше қайталады да, телефонға жармасып, біреумен ұзақ сөйлесті, менің айтқандарымды түгел қайталады.
– Сен, сен, осы 28 панфиловшы емессің бе?
– Нақ солай!
Онда «28 панфиловшы» дегенді ныспы білмеймін. Мына пәледен құтылу үшін, аузыма түскенін айта салдым. Қайдан білейін, генерал Панфилов о дүниеде жүріп, бұ дүниедегі солдаттарын қорғайтынын. Сәлден соң бір майор келді. Тағы шұқшия сұрады. Бірақ ашу жоқ, темекі ұсынды. Сөйтті де, мені алып кетті. Адам қызық қой, не ойларымды білмеймін. Ұзамай штабқа келдік. Дереу киімімді жаңалады. Дырдай полковник мені өліп қалғандардың тізіміне қосқандарын, Батыр екенімді тәптіштеп түсіндірді. Мәңгіп қалғанымды несіне жасырайын, ол тоқтаған соң, қайталауын өтіндім. Полковник жымиды да:
– Бүгін дем алыңыз, ертең әңгімелесеміз, – деп шығарып салды.
Адъютанты жинақы бөлмеге жайғастырды. Ертесіне басқа бір полковник 28 панфиловшының ерлігін егжей-тегжейлі айтып бер деді. Мен көргенімді қоспасыз айттым. Ол да сен сияқты Клочковты сұрады. Бұған да тура жауап қаттым. Ертесіне Берлинге әкелді. Мұнда көп бөгемеді. Қолыма тұтқыннан шыққандығым туралы қағаз ұстатты да, елге қайтуға рұқсат етті. 28 панфиловшының мен білмейтін ерліктерін құлағыма әбден сіңірді. Жаттатты десе де болады. Солай айтуды қатты тапсырды.
– Батыр атансаңыз, «Алтын Жұлдыз» бермеуші ме еді?
– Ой, оны кім білген. Бас аман, Сібірге айдалмағаныма қуандым ғой. Қанша жазықсыз солдат сотталып, сол жақта өлді. Мен, әйтеуір, тірілігіме разымын ол кезде. Бар арманым – елге жету.
– Осыны сұрайын деп отыр едім: Жетісу сізді қалай қарсы алды?
– Мен батыр атанған соң, қатыныма үй беріпті. Сұрастырып, тауып алдым. Түн боп кеткен. Терезе қағып едім, қатын шықты. Қуана ма десем, бетіме бажырайып қарап тұр. Онымен қоймай:
– Кет, кет бұл жерден! – деп үйдің бұрышына алып барды.
Сөйтсем, Совет Одағының Батырының жесіріне бұзаулы сиыр беріпті. Қатын соны үкімет қайта алып қоя ма деп шырылдап жүр екен. Арып-ашып келген мені керек етпейді. Онымен қоймай, байға тиіп алыпты. Өстіп далада қалдым. Баспана жоқ, қатын жоқ, үстімдегі киімім мен дорбадан өзге мүлік жоқ.
– Ваня ағай, үкімет батырға деп берсе, үй де, бұзаулы сиыр да сізге тиесілі. Басып кірмедіңіз бе?!
– Оны да ойладым. Бірақ қатын арызданып, басым тағы бір пәлеге шатыса ма деп тоқтадым. Тұтқында болғандарды ол кезде адам қатарына қосты ма? Жүрек дауаламады. Бірде анда, бірде мында қонып жүрдім, ел қатарлы әртүрлі жұмыс істедім. Менен басқа да тұтқындар бар екен, көбіне соларды сағаладым. Оларды әскери комиссариат қатаң бақылап, зықысын шығаратын. Маған тиіспейді. Осылай екі жылдай ит-ғұмыр кештім.
Бірде әскери комиссар шақырды. Барсам, майданда болған төс белгісі бар, менен үлкенірек қазақ кісі отыр екен.
– Абай Қоқымов жолдас – аудан басшысы, – деп таныстырды мұндағылар.
Екеуіміз ұзақ сөйлестік. Менің кім екенімді жуырда естіген екен. 28 батыр туралы өз аузымнан білгісі келіпті. Берлинде жаттатқанды айнытпай айтып бердім. Сонша жылы сөйлеп, бауырына тартып отырған адамды алдағаныма іштей құдайдан кешірім сұраймын. Басқа амал қане?
Осыдан соң жағдайым оңалып сала берді. Аудан хатшысы Москваға дейін жазып жүріп, ақыры «Алтын Жұлдыз» кеудеме қадалды...
Қырық жыл бұрынғы Иван Шадринмен болған әңгіменің ұзын-ырғасы осындай еді. Мақаланы дайындап, Жұмахан ағаға бердім. Әдетте о тұс, бұ тұсын түзеп отыратын ағамыз қалам үшін тигізбей тұрып кетті. Есіктен байқадым, редакторға беттеді. Ұзақ бөгелді. Мақаласыз шықты. Хат тіркеуші Айсара жеңгемізді шығарып жіберді. Сонан соң есікті тартып жауып алды.
– Әй, бала! Не деп кеткенсің? Өзі, батырымыз сау ма еді?
– Сап-сау...
– Өле алмай жүрсің бе? Сен жазған жоқсың! Біз көрген жоқпыз! Түсіндің бе?!
Түсінген жоқпын, әрине. Бірақ бірдеңені бүлдіргенімді анық ұқтым. Екі-үш күннен соң бастығым жеке қалғанымызда естігенімді түгел сұрастырды. Жасырмай айттым. Тағы да аузыма ие болу жөнінде қатаң тапсырма алдым. Кейін ойласам, Жұмекең қамқорлық жасаған екен.
Оншақты жыл бұрын И.Шадриннің шындығын «Астана ақшамы» газеті редакторының орынбасары, танымал қаламгер Талғат Батырханға айтып беріп, жазбаққа бекінгенмін. Неге екенін білмеймін, неше жыл қолым тимей жүрді. Оның үстіне біраз әңгіме көмескіленіпті. Жуырда Талғат інім екеуіміз көпшілік арасында осы әңгімені тағы көтердік. Осыдан соң қолға қалам алдым. Ойға түскені осы болды.

Камал ӘБДІРАХМАН,
«Общественная позиция»
(проект «DAT» №18 (335) 05 мамыр 2016 жыл

Пікірлер