Әкімдер мәйіттен коронавирусты қалай анықтайды?

5529
Adyrna.kz Telegram

Түнде әкімдік қызметкерлерінің ешқандай құжатсыз , дәлелді анықтамасыз марқұмның ағзасынан коронавирус белгілері анықталды деген ескертуі ағайын-жұртын есеңгіретіп тастапты. Бүгін қалалық атқарушы биліктен таңертең де мардымды жауап алмаған Бекжан Жанұзақов маған хабарласып, көмек сұрады.

-"Түркістан қаласы әкімінің орынбасары үйге келіп, інімнің мәйітін бер деп мазалап бітті. Коронавирус жұқтырды , өзіміз жерлейміз деп әбден састырды. Әкімдердің қолында ешқандай коронавирусқа шалдыққанын айғақтайтын анықтамасы жоқ. Астанадан ешқандай кедергісіз мәйітті әкелдік.

Інім Астанада асылып қайтыс болды. Таңғы шайді ішіп, үйден үнсіз шығып кеткен екен. Асылып қалыпты. 30 жаста. Өзі бойдақ. Ол жақтағы бауырларым да бұл аурудан дін-аман.

Мәйітхана қызметкерлері берген інімнің " жіпке буынып, өмірі қиылды" деген анықтамасын әкімдер елемей тұр.
5 туысқаным құзырлы орындардан рұқсат алып, Түркістаннан Астанаға барып, марқұмды үйге әкелдік. Ешкімге пара берген жоқпыз. Әкімдіктен де ақша сұрамадық. Астаналық тергеушілер де әкімдердің әрекетіне шок болып отыр.

Бүгін құран оқып, жер қойнына тапсырайын десек, әкімдер мәйітті тартып алмақшы. Не істейміз? Інім ондай аурумен ауырмаған. Әкімдік ешқандай экспертиза жасаған жоқ. Айғақ жоқ. Бірақ інімнің денесін алып кетпекші", - деп Түркістан қаласының тұрғыны Бекжан Жанұзақов көмек сұрайды.

Түркістан қаласы әкімдігінің бұл әрекетін естіп, төбе шашым тік тұрды. Әкімдер мәйітхана берген анықтамаға неге сенбейді ? Әлде менсінбей ме?

Марқұмның денесін ешқандай сараптамасыз коронавирус жұқтырды деп , елді дүрліктірген әкім қандай заңға сүйеніп жүр?
Медициналық, сот сараптамалық экспертизасыз мәйітті жаман аурудан өлгендердің тізіміне алуға әкімнің құқығы бар ма?

Кеше алматылық қайтыс болған 97 жастағы қарияны да күндіз сағат 16:42-де коронавирустан жан тапсырды деп ақпараттық сайттар жариялады. Ал кешке ақпаратты жоққа шығарып еді.

Әкімдік Астана қаласының департаменті (атауын білмейді) марқұмның денесінен COVID-2019 белгілері бар деген анықтаманы көрсетіпті.

Әкімдік мәйітті үйіне әкелген соң, бауырларына марқұмның жаназасын шығаруға рұқсат беріпті. Жақын туыстарына ғана ақтық сапарға шығарып салуға рұқсат берген . Мәйітке тиісуге , жақындауға шектеу қойыпты. Әрі қарай СЭС мамандары қаладағы зираттың маңына марқұмды биологиялық санитарлық талаптар бойынша жерлейді.

Ал інісінің табытын әкеле жатқан 5 ағасы карантинге жабылады.

Бекжанның айтуынша әкімдік қызметкерлері мән-жәйді ескертіп, сақтық шараларын орындау біздің міндетіміз депті. Ал оның ағзасынан коронавирус анықталғанын және жұмыссыз үйде отырған адамның қалай жұқтырғанын дәлелдеу Астанада қорытынды жасаған департаменттің ісі деп отыр. Департаменттің атауын Бекжан білмейді.

Сонымен бұл оқиғадан қандай ой түйдіңіз?

Әкімдік дәрігерлердің нұсқауын орындаушы болып тұр. Ал ауырмай, сырқамай, өзі өмірімен қоштасқан марқұмға кви бойынша тест жасалатынын АСТАНАДАҒЫ МАМАНДАР туыстарына неге ескертпеген?

Бұл құпия ұстайтын , айтуға болмайтын медициналық сараптама емес қой.Бүкіл әлем жұрты білетін жұқпалы індет.

Тағы бір қорқатын жәйт, марқұмды тасымалдаушылар Астанадан Түркістанға жеткенше қанша адаммен қарым-қатынаста болды? Есептей беріңіз. Жол-жөнекей дүкенге кірсе де адамдармен қарым-қатынаста болды емес пе?

Астаналық мамандар неге covid2019 жұқтырған мәйітті берген? Қаншама блок-бекеттерден өтті. Ел аралап жетті емес пе?

Медицина қызметкерлері ел-жұртты неге дүрліктірді?

Бұл жерде арнайы мамандар мәселені тұрғындарға о бастан неге түсіндірмейді?

Тағы бір қызығы Астанадан келген анықтамада руководитель филиала деген орын бос тұр. Ешкім қол қоймаған.

Ауырмай өлсең де, коронавирустен қашып құтылмайсың .

Марқұмның бауырларына көңіл айтамын.

Осы наурызда марқұмды үйіне әкеліп, емдетеміз деп туыстары әрі-бері шапқылап, Астанадан блок-бекеттен өткізе алмапты.

Енді бауырымды табытпен әкеле жатырмыз,- деп өкініп отыр Бекжан.

Туыстарына Алла сабырлық берсін. Дегенмен мұндай жағдайда құзырлы орындар да мәселені даурықтырмай заң аясында жұмыс істесін деп сұраймын.

 

Жазира Бегалы

Пікірлер