Сенің қалауыңның бәрі қорқыныштың астарында

4996
Adyrna.kz Telegram

Таңертең ояндың, оятқышты қосу үшін ары аунадың. Кешегіден айырмасы жоқ бүгінің басталды. Таңғы ас та тура кешегідей. Бір шыныаяқ кофені жаңа дәмханадан ауыз тисем дейсің... А, жоқ жаңа дәмхананың керегі жоқ. Ескі дәмхана бола берсін. Сосын жұмысқа барасың. Неше жылдан бері бір нәрсені қайталай беретін құбылыс.

Кешке шаршап кеп, диванға жантая кетесің. Жақсы көретін шоуды көресің. Сосын ұйықтап кетесің. Тура осылай бір апта бойы. Бүгін жұма. Ух, демалыс басталды. Сол баяғы барға барып, бұрыннан білетін адамдармен уақыт өткізесің. Жексенбінің жетіп келгенін байқамай қаласың. Өмір қайтадан қайталанады.

Не деген өтпейтін уақыт. Күйбең тірлік. Өмірімде еш өзгеріс жоқ. Уақыт тоқтап қалғандай. Соңғы рет қашан жұмыста жетістікке жетіп едіңіз? Жүрек алып-ұшып, мен бірдеңе тындырдым деп қуанды? Жаңа нәрсе жасап, шаттанған сәтті бастан кешкеніңізге көп болды ма?

Бала күнімде бір түсті қайталап көре беретінмін. Түрмеге түсіп қаппын. Онда өмірімнің соңына дейін нөмірленген белгі соғады екенмін. Түрлі әріптер мен цифрлардан құрастырамын. Егер қателік жасасам, бәрін басынан бастауым керек. Мақсат жоқ. Мүмкіндік жоқ. Күйбең тірлік. Осындай түс.

Ояна кетсем, шылқылдап терлеп жататынмын. Анамды оятып, жаман түс көрдім деп айтушы ем. Ол маған есінен ауысқан адамға қарағандай қарайтын. Бұл түс мені неге сонша шошытатынын айтып түсіндіре алмаушы ем.

Ол кездегі қорқыныштың себебін түсінбеген де шығармын. Біраз жыл алға жылжып кетейін. Бірде жұмыстың күйбеңімен осындай қайталана беретін өмір жолына түстім. Жұмыс, үй. Жалғаса беретін апталар. Демалыстар. Жұмысым ұнамады емес, ұнайтын. Мен музыкалық байқаулар мен шаралар индустриясында жұмыс істеп жүрдім. Сонда да өмірім қобалжусыз, шаттықсыз өтіп жатты. Күнде бір көрініс қайтала беретіндей.

«Мынандай ішпыстырарлық өмір қашан бітеді?» деп ойлап жүрдім. Мен мақсатсыз өмір сүріп жатыр ем. Әлгі түсімдегі жағдай шындыққа айналған кез.

Соны түсінген сәтте, жұмыстан өз еркіммен шығып, Оңтүстік-Шығыс Азияға билет сатып алдым. Осы саяхатта көптеген өмірлік жағдаяттардды бастан кештім. Соның бірі өмірді түсінуіме көмектесті.

Жайлы өмір – менің рухани өсуіме кедергі келтірген екен. Бақытты болуыма мүмкіндік бермепті.

Адамның тәні жайлылықты қатты қалайтынын ұқтым. Бұл рухани ізденістің жолын жабатын жайт екен. Жайлылықтан шығу бастапқыда жайсыздықты сезіндіреді. Алайда оның құндылығы сол жайсыздықтан мың мәрте артық. Себебі, келесі жағын көру қиын.

Жайлылықтан шығу әр адамда әркелкі десек те, мейлі ол жұмыстан шығу, басқа елге саяхат, сөйлесуге ұялатын ақылды адаммен сұқбат болсын, сол адамды өзгертетін құбылыс. Жайлы жерден шығу өте маңызды қадам.

Адамның дамуы жайлы ортаның сыртында, ол міндетті түрде сәтсіздіктермен байланысты. «Бәріміз де сәтсіздікке ұшыраймыз, арамыздағы ең мықтылар жеңілістің дәмін татып көргендер екені анық» дейді Джеймс Мэтью Барри.

Басынан бастайын. Адамдар күрес пен жайсыздық рухани өсудің баспалдағы екенін ұмытып барады. Еске түсірші: бала кезде әр күн бір ерлікке шақыратын; әр күн сайын жаңа бірдеңе білетінсің. Ата-анаң әр нәрсеге жұмсайтын, жасатқызатын. Қорқатын, қаламайтынды істеткізетін. Соны дұрыс істесең де, жеріне жеткізе алмасаң да, сен жетіліп, өсетінсің.

Уақыты келгенде ата-анамыз бізді жұмсағанды доғарады. Сен басыңмен жайлы ортаға сүңгисің. Тұрақтылық қажет дерсің. Мойныңа жүктеген міндеттің бәрі өміріңді бірсарынды етеді. Тұрақтылыққа бой үйреткен адам батылдығынан айырыла береді. Олар жайлы ортадан тыс артық қадам жасауға қорқады.

Түпсанамызда «білім алуды» тек балалықпен байланыстырып қоямыз. Күлкілі ғой. Білім қуу ешқашан толастамайды. Өскісі келген адам әрдайым мүмкіндік табады. Оған адамның жасы, жағдайы әсер етпейді.

Қазіргі адамдар жаңа нәрсені жасап көруге қорқады. Сәтсіз шықса, қайтем дейді. Сәтсіздік – бәрі бітті деген сөз емес. Ол бәрі енді басталды дегенді білдіреді.

Адам қателік жасай жүріп үйренеді. Кейде сәтсіздіктің пайдасы сәттіліктен артық. Нар тәуекелге бел бумаған құр алақан қалады.

Бастаған ісің пайда клетірсе де, келтірмесе де – бұл тәжірибе адамға бір саты ілгерілеуге көмектеседі. Түк бітірмегеннен жақсы ғой.

Жаттығудан кейін аяқ-қолыңның салдырап ауырғаны болсын, жұмысты жүргізу үшін түнімен ұйықтамаған сәттер, алдағы белгісіздік алдындағы үрей, сәтсіздікке ұшырап қалам-ау деген қорқыныш – бәрінің айтпағы, жаның ауырмаса, өсу жоқ, нәтиже жоқ. Не өсесің, дамисың, сол арқылы жетістікке жетесің, қателік жасайсың, құлайсың, қайта тұрасың. Не сол тұрған жеріңде тұра бересің.

2. Маңызды әуестіктерге жол ашасың

Бұрын білмеген дүниелерге ден қою адамды дамытады. Жаңа әуестікті адам өмірге деген құштарлықты қайта сезіну үшін үйренеді. Бірақ көп адам жаңаны жасап көруге қорқады. Қайдан не іздерін білмейді. Күнделікті күйбеңнен аса алмай өмірін өткізе береді. Сол жаңа оның өміріне өздігінен келе салатындай үміттенеді.

Үмітті өшіргім келмейді, бірақ ол жаңа сені өзі іздеп келмейтінін айтқым келеді. Сол үшін жайлы ортадан шығу керек. Аспаннан сый түспейді. Шындап іздесең, бұрын ойың түгілі таназарыңа кірмеген нәрселерді табасың. Азияға аттанғанымда мақала жазғым келетінін түсіндім. Көңілім соқты. Бұрыннан бері мазалаған көңіл күйімді ақ параққа төктім. Ол кезде өмірге құштарлық оятатын әуестігімді тапқанымды білмеген ем.

Мақаланы бірінен соң бірін жазып, ойымды ортаға салып отырдым. Жол-жөнекей неше түрлі суреттерді көбірек түсіріп, мақаламды өңдеп отырдым. Кейін мұның бәрі саяхаттарым туралы бейне баян жасауға пайдасын тигізді. Мен бұрын ойлап білмеген төрт нәрсені үйрендім. Осының бәрі маған ұнайды деп күтпеп ем. Жайлы ортадан шыға салып жаңа әуестіктерімді таптым. Жай күту ештеңеге жеткізбейді. Жайлы ортадан шықсаң, бітті, өмір өзгеріп кете салатынын көресің.

3. Бұрынғыдан ақылды, ашық-жарқын, түсінігі мол болып, даналық жолына түсесің

Өмірде ерекше адамдар өте көп. Алайда күйбең тірлік кешкен адам өзіне ұқсас адамдарға тартыла бермек. Бұлай болу адамды шектеулерге байлап қояды. Адамдар арасындағы өзгешеліктерді байқауды доғарамыз.

Егер айналаңда сенің өмірлік көзқарасыңды бөлісетін адамдар тола болса, ендеше тек бір пікірмен өмір сүруге бейімделіп кетесің. Елдің бәрі осылай ойлайды екен деп қаласың.

Жайлы ортадан шыққан соң ерекшеліктерді түсінуге, әр тарапта ойлануға бейімделесің. Түсініксіз пікірлерді қабылдап үйренесің. Басында бір түрлі жайсыз болады. Бірақ келесі де өзің келіспейтін пікірді естігенде керісінше дауласпай, мұндай ойға неліктен келгенін түсінуге тырысасың.

Адамның ойы бай тәжірибе мен мыңдаған өзгерістерден қалыптасады. Десек те, кей адамның пікіріне ақ-қара көзілдірікпен қараймыз. Неге басқаша емес, дәл осылай ойлайтынын туралы әркімнің өз себебі болмақ. Көп себеп біз ойлағаннан да терең. Бөтен адамның мәдениет жайындағы көзқарасын түсіну, оның идеологиясының қалыптасуын аңғару даналыққа бастайтын алғашқы қадам.

4. Жайлы ортаның мағынасыз ойын-сауығынан құтылсаң, санаң тұнық бола бастайды

Күнделікті бір көрген нәрсені қайталап көріп, бір қосымшаны ғана қолданып дағдылансақ, миды өшіріп қоямыз. Қайталанатын дүние миды істен шығарады. Теледидар мен телефонды сөндіріп, басқа нәрсені зерттеуге отырғанда өзің де таң қаласың. Ондай кезде ми жеңіл жұмыс істеп кетеді. Телефоныңды сөндір, келесі жолы бір күнге сөндір. Солай уақытын ұзарта бер.

5. Ашық әрі сенімді бола түсесің

Бейтаныс адамдармен тілдесу көп жандар үшін ыңғайсыз қылық. Біреу сынар, біреу сөгер деп қорқамыз. Бірдеңені бүлдіріп қоям ба деп қорқа береміз. Мұндай кезде елдің бәрі өзін ыңғайсыз сезінеді. Осыны білгелі бері елмен емен-жарқын араласатын болдым. Дұрыс сөйлеспей қалсам деген үрейді жеңдім.

Бұрын сөйлесіп көрмеген адамды әңгімеге тарту жайлы ортадан шығудың бір амалы. Танымайтын адамға мақтау сөз айт. Оның не зияны бар? Тағы бір амалы – басқа адамдарды ұмыт. Бұрын істеп көрмеген нәрсеге ден қойғанда жайлы ортадан шығып, осыны істеуді мақсат қылмасаң да, өзіңе оның нәтижесі ұнауы мүмкін. Өзіңе деген сенім пайда болады. Бұрын істеп көрмеген нәрсені істеуге батылдық қажет. Қорқынышты жеңу керек. Батылдық бейтаныстармен сөйлесудің үрейін жеңеді. Сенімділік пен әлеуметпен араласу күйбең тірліктен құтылудың бір амалы.

6. Еш қиналмай мықты сұқбаттас болу

«Бірде бір адам сәтсіздікке ұшырамай өзгені қызықтыра алмас. Неғұрлым жиі сүрініп, содан нәтиже шығарсаң, соғұрлым өзің жетіле түсесің. Ешбір күрессіз діттегеніне қол жеткізген адамды көріп пе едіңдер? Мұндайлар мүлде жоқ не шалшығы терең болғаны» дейді Крис Хардвик.

Сенімділік пен әлеуметпен араласу жайлы ортадан шыққан соң келе бастайды. Дұрыс сөйлесу дағдыларын да меңгере бастайсың. Жайлы ортадан шыққан соң қаншама қызықты, кездейсоқ, түсініксіз жайттар бола бастайтынын байқайсың. Қызықты хикаяларың көбейе түседі. Бүкіл сәтсіздіктер мен жетістіктер бөлісуге лайық деңгейге көтеріледі. Өз өміріңнен тарихи оқиға жасай біл, мүмкін кино түсіріп қаларсың.

7. Бұрын білмеген әлемді танисың

Бұрын-соңды ойламаған қызыққа бой алдырасың. Әр түрлі топ, мәдениет барын білесің. Не ұнайтынын ойлан. Мәселен, гольф. Оның амалы, тәсілі, түрлі элементі қызықтырады.

Мұндай әуестіктер жетіп артылады. Музыканы жақсы көретіндер. Жанкүйерлер. Әр істің майталмандары. Мыңдаған мәдениет пен қоғамдастықтың өкілдері. Іздеген адам қалауын табады.

Алған әсерлермен бөлісу, қазіргі жаңа әуестікке қатысты пікірлестермен араласу, ой бөлісу өмірдегі ең үлкен жан рақаты. Мүмкіндіктер шексіз. Жаңа әлемді дәл қазір ашып, дәл қазір өзгерсең де болады. Күйбең тірліктің жалықтыратыны рас. Адамды тежейді. Өмірің алақандағыдай болғаны – еш жаңалық орын алмай, тек бір шеңбердің бойымен жүре беру. Ондай да жүрек сазып кетеді.

Ендеше, өмір тізгініңді өз қолыңа алып, еркіндік, қызығушылық, шаттануға есік аш. Алғашқы қадамды жасау қиын. Ал жасаған соң бұрын неге қорыққам дейсің. Бұл фәниде өткізген әр сәтің бағалы. Сондықтан, мынаны істесем бе, жоқ па деп ойланба. Істе. Өмір өтіп бара жатыр.

Құлқын сәріден оянып, мен істейтін шаруа көп деп қуанатын боласың. Бүкіл әлемді жаулап алуға дайынсың. Жұмысқа ойың тұнық, жаңа идеймен жөнелесің. Жұмыс күнің лезде өте шығады. Үйге келе жатып келесі күнді жоспарлап, демалыста қайда баратыныңды ойлап жүресің. Өмір қайтадан қызық, ғажайыпқа толы бола бастайды.

Нөмір жазылған белгі соғуды ұмыт.

Джек Кэнфилд

Аударған: Шынар Әбілда

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер