Қазақ мәдениетіне қарсылық – адасушылық

3538
Adyrna.kz Telegram

Әрбір ұлттың ғасырлар бойы сақталып келе жатқан бірегей ерекшелігі бар, ол өзінің байырғы салт-дәстүрімен, көне мәдениетімен, фольклор, ұлттық музыка, ұлттық спорт және тағы басқа бағыттарымен айқындалады. Бірақ, кейінгі кезде өз бабалар жолынан айнып, өзге мәдени құндылықтарды бәрінен жоғары қойып, «бүйректен сирақ шығарушылар» қатары едәуір артып келеді. Мемлекеттік басқару функциясында дін бірлікке шақырушы, ізгілік пен мейірімге, адалдыққа тәрбиелеуші мәнге ие болса, жоғарыда айтқандай керітартпалардың әсерінен ұлтараздығын тудырушы, төл мәдени ерекшелікті жоққа шығарушы, тіпті бүлікші сипатында кері көріністер орын алып жатыр. «Таза исламды» ұран еткен қауғадай сақал қойып, мұрты қырып, балағын қысқартып жүрген салафиттер қазақ болмысына қарсы шығушылардың ең басында тұр, олар өздерінің білімсіздігімен қоса, өзгелерді де адастырып жүр.

Осы күндері еліміздегі «дәстүрлі дін» ұғымы да осыдан келіп туындаса керек. Төл мәдениеттің ерекшеліктеріне мысқылдай да зиян келмеуі басты назарға алынған. Салт-дәстүрлерімізді жоққа шығару – «дәстүрлі емес» діни ағымдардың сипаттарын анықтауға мүмкіндік береді. Қазақ ұлттық дүниетанымы, мәдениеті сыртқы күштердің қауіпті ақпараттық-идеологиялық шабуылын фильтерден өткізетін сүзгі тәрізді.

Рас, зайырлы мемлекет ешқандай ұлтты, ешқандай дін өкілдерін алаламайды, бірінен-бірі жоғары қоймауы тиіс, бұл солай да. Бірақ ұлттық бірегейлікке нұсқан келтіретін теріс ағымдар ұлт қауіпсіздігіне, рухани бірлікке нұсқан келтірген жағдайда қатаң жазасын алып отыруы тиіс.

Арман СЕРІКҰЛЫ, 

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер