42500 теңгені алғандардың құпиясы қандай?

10199
Adyrna.kz Telegram

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің назарына!

Америка төтенше жағдай кезінде әр адам басына ай сайын 600 доллармен (258 600 теңге) көмек көрсетсе, Қытай табысынан айырылғандардың 100% жалақысын төлеп отырады екен. Жаңа Зеландияның үкіметі карантинде отырған азаматтарына  585  Жаңа Зеландиялық долларды (151 585 теңге) тағайындаса, Данияда мемлекет жұмысынан айырылғандардың 90% жалақысын өтейтін көрінеді.

Ал бізде 30 сәуірден бастап 42500 теңге екінші рет берілмек. «Нағыз қаражаттан қысылған азаматтар мемлекеттік көмектен құр қалып, бір басында бірнеше жұмысы барлар, былайша айтқанда «аузынан майы ағып отырғандар» 42500 теңгені тағы алмақ» дейді ТЖ кезінде табысынан айырылған Қазақстан азаматтары. Бұның себебі неде? Үкіметтің жүйесінің қателігі ме? Әлде бұқараның сауатсыздығы ма? Көпшіліктің әлеуметтік көмектен қағылу себептері қандай? Осы мәселелерді анықтап көру мақсатында 42500 теңгеге нағыз мұқтаж жандардан «Адырна» ұлттық порталы сұхбат алған еді. Аталған мәселені еңбек министрі Біржан Нұрымбетов назарға алады деген сенімдеміз.

3-топтағы мүгедек Нұржан Сыдықов:

Мен мемлекеттік көмек алу үшін БЖТ төледім. 3-топтағы мүгедек болғандықтан 42 500 теңге алатыныма сенімді едім. Алайда маған «Мемлекеттен мүгедектігіңіз үшін қаражат алатындықтан өтініміңіз бастартылды» деген хабарлама келді. Мүгедектігім үшін небәрі 33 000 теңге ғана аламын. Оның өзі жалдамалы пәтерімнен аспайды. Не азық-түлік беретін қосымша көмектерде де көрсетілмейді.

Асыраушысынан айырылған Тогузбаева Эльвира Еркебаевна:

Желтоқсан айында БЖТ төлеген болатынмын. ТЖ кезінде де БЖТ төледім. 7 сәуір күні 42500.enbek.kz сайтына өтінім бердім. 21 сәуір күні "БЖТ төлемегенсіз" деген бас тарту хаты келді. Баламның әкесі болмағандықтан 26800 теңге үкіметтен көмек аламын. Сонда мен 26 800 теңгемен қалай күн көремін? Ол менің қай жыртығымды жамайды? Тура менің жағдайымдағы 2 баласы бар келіншекке де бастарту хабарламасы келді. Бұл недеген сұмдық? ТЖ-ның асыраушысынан айырылғандарға қатысы жоқ па? Балаларымыз тамақ жемей ме? Соңғы тиыныма жарық пен газдың ақшасын төледім. Енді қу басымды қайда соғарымды білмеймін...

Зейнеткер Балкенже Нұржанова:

"Ең төменгі зейнетақы алатындарға 42500 тағайындалады" деген еді. Бірақ маған "зейнеркерсіз" деген өтінімді бастарту хабарламасы келді. 23 000 зейнетақым неге жетеді?

Жалғызбасты ана Мамасейтова Рая Бекмуратовна:

Маған «42500 теңге беруден бастартылды» деген хабарлама келді. Жалғызбасты аналарға мемлекеттің көмек көрсетпейтініне қайранмын. Жұмыс істеп, толыққандай жалақы алып отырғандарға да 42500 теңге түсіп жатыр. Менімен бірдей асыраушысы жоққа да ақша аударылуда. Үкімет неге бәріне бірдей қарамайды?

ЖК-сы жабылса да 42500 ала алмаған Гүлмира Маметова:

42500 теңгені маған да бермеді. 5 жыл бұрын жабылған жеке кәсіпкерлігімді сылтау етіп тұр. Айтарға сөзім жоқ. Яндекс таксиде такси жүргізушісі болып жұмыс істеп, нәпәқамды тауып жүр едім. ТЖ енгізілгеннен бері ақшасыз қалдым. Ары қарай қалай өмір сүретінімді білмеймін...

Шайфолда Дамеш:

Менің жолдасым қайтыс болған, жалғыз балам армияға кеткен. Үкіметтен ешбір көмек алмаймын. Сондықтан 42500 теңгеге өтінім жібердім. «12 айдың ішінде БЖТ төленген болуы керек» деген хат келді. Алайда мен Каспий Голдты сол үшін ашып, БЖТ төлеген едім. Қайта-қайта өтінім тастасам да солай деп тұр. Жалғызбасты аналарға үкімет неге көмек бермейді осы?

Салтанат Жалғас:

Күйеуім Еген Сұлтанхан құрылыста жұмыс жасайтын еді. ТЖ енгізілгеннен бері жұмысы мүлдем тоқтап қалды. Содан өтініш тастап көрдік. 11 сәуірде «42 500 теңге түседі, өтініміңіз құпталды» деген хабарлама келген болатын. Алайда содан бері тұп-тура 14 күн өтті, ақша әлі түспеді. Мән-жайды анықтау мақсатында 1414-ке қоңырау шалып едім, жарты сағаттан кейін телефонды алып, «банкке хабарласыңыз» деді. Банк «бізге ақша аударылмады, аударылса жіберетін едік» дейді. Содан 1414-ке тағы хабарластым. «1411-мен байланысыңыз» деп сілтеді. Ал ол нөмір істемейді, «қате тердіңіз» деп тұр.

 

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер