Тоқаевтың үш ерекшелігі

2065

Өмір бір орында тұрмайды. Қиын сәттер саясаткердің кім екенін де көрсетері анық.

Өз басым телеграмдағы Өзбекстанның 10 мың адамдық аурухана салып жатқан құрылыс нысанынан хабар таратып отыратын каналына жазылып қойғанмын. Одан бөлек Украина мен Өзбекстан БАҚ-тарын жиі сараптап отырамын.

Өзбекстанда аурухана салуды бос жерді тегістеп, асфальт төсеп, кәдімгі поезбен жүк тасуға арналған вагондарды орнатып, әрлеп-сәндеп салып жатқанын күн сайын таратып отырады.

Украинада жағдай мүшкіл. Бюджетте ақша жоқ. Ел дефолттың алдында тұр. Президент ЗЕ 10 млрд доллар ХВҚ мен ДБ-тен кредит алу үшін жанталасуда. Оппозиция президентті қиын сәтте одан әрмен батырғысы келіп, ол ұсынған реформалардың жолын бөгеуде. Олигархтар президентті қолдамай, өз саясатын жүргізіп жатқаны байқалады. Бұл Украина қоғамында да ашық айтыла бастады.

Барлық нәрсе салыстырудан келіп шығады. Бір мезгілде біздің елде не істеліп жатқаны да көз алдымызда. Қазақстан ауырған адамдарға ем көрсету үшін аурухана мен жатын орындар мәселесін шешу мақсатында келесі қадамдарға барды:

1. Ауруханалар жетпеген жағдайда және коронавирспен ауырғандарға жеке ем көрсету мақсатында бизнесмендердің жеке-меншік дайын қонақ үйлерін мемлекет арнайы жабдықтаудан өткізіп, емханаға айналдырды. Бұлардың көбі 4-5 жұлдызды қонақ үйлер. Ауырған адамның ем-дом алу жағдайы вагоннан жасалған аурухана мен арнайы жабдықталған қонақ үйде екі түрлі болатыны белгілі.

2. Халық тығыз орналасқан Астана, Алматы мен Шымкентте 200 орындық арнайы ауруханалар салына бастады. Құрылыс мерзімі 2-3 апта. Оның алғашқысы Астанада іске қосылып, ашылуына президент арнайы барды. Бір ерекшелігі бұл ауруханаларды індет біткеннен кейін де пайдалана беруге болады.

3. Сапасы жоғары. Елге танымал "BI Group" компаниясы салып, аудиттен өткізуді халықаралық компания "Deloitte" жүргізді.

4. 42 500 теңге біраз айқай-шу болса да осы көмек 3,6 млн ел азаматтарына тағайындалды. Төтенше жағдай қанша уақытқа созылса тізімге ілінген азаматтар бұл көмекті сонша уақыт алатын болады. Көрші елдерде мұндай қадамдар жоқ.

5. Өзбекстан вируспен күресуші дәрігерлерге арнайы өтемақы тағайындады. Артынша мұны президент шешімімен Қазақстан да жасады. Сонымен қатар Қазақстанда дәрігерлер салық пен әлеуметтік төлемдерден де босатылды.

6. Халықаралық деңгейде Қазақстан Қырғызстан азаматтарын шетелден елге әкелуде өз көмегін көрсетті. Еуразиялық Одақ президенттерінің отырысында мұны арнайы атап өткен қырғыз президенті Сауранбай Жиенбеков Тоқаев мырзаға алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Бұл елдің беделін арттырар жұмсақ күшке жататын қадамдардың бірі.

Карантин жарияланғалы 30 күннен астам уақытты бақылап отырсаңыздар Қазақстан тарапының әрекеттері прагматикалық бағытты ұстанатанын аңғаруға болады. Эмоциясыз, улап-шуламай, әр нәрсе өлшеп-пісілген әрекеттерден бастау алған сауатты қадамдар іске асуда. Билікке келгелі соңғы 1 жылда президент Тоқаевтың қадамдарын сараласаңыз тактика, прагматика, сабырлық пен ақырындап алға жылжуды ұстанатын саясатты аңғаруға болады. Өмір соны көрсетуде.

Соңғы уақыттары Украинада президент ЗЕ сынның астында қалып, беделі мен сенім кредитін түсіріп жатыр. Дәл осы уақытта бізде керісінше президенттің беделі мен салмағы қиын кезеңде ақырындап, бірақ салмақты жолмен артып келе жатқанын аңғару қиын емес.

Президенттің билікке келгелі 1 жылдағы қадамдарынан саясаткер ретінде 3 ерекшелікті толық айтуға болады:

1. Шыдамды.

2. Прагматик.

3. Популизмнен аулақ салмақты жүрістерді жасайтын саясаткер.

Бұдан әрмен қалған дүниенің бәрі біздің халыққа байланысты. Қоғам президентті қолдап отырса саясаткер ретінде президент бұл қиыншылықтан елді аман-есен алып шығатын қабілетке ие екендігі байқалады. Әр нәрсе уақыт, сағатымен келетін жолды ұстансақ ел ретінде ұтылмаймыз деп ойлаймын. Бізде басқа таңдау мен жол да жоқ.

Бауыржан Серікбаев

Пікірлер
Редакция таңдауы