Қазақ халқы тарихи атауын қалай қайтарды?

5577
Adyrna.kz Telegram

Ресей империясының кезінде «киргиз-кайсак» атанған қазақ халқы осыдан 95 жыл бұрын өзінің тарихи атауын ресми түрде қайтарып алды. Тарихи маңызы орасан зор болып табылатын осындай шешім қалай қабылданды? Осыған бір сәт көз жүгіртейік.

Қазақ республикасы 1919 жылы 19 шілдеде (осы уақытқа дейін тарихшылардың көпшілігі 10 шілде деп қате жазып келеді - С.Ш.) құрылған Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитетінің (Қазревком) 15 айға созылған ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде 1920 ж. 26 тамыздағы Бүкілресейлік ОАК мен РКФСР Халкомкеңесінің «Автономиялы Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасын құру туралы» декреті негізінде 1920 жылы 4–12 қазанда Орынборда өткен ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезінде құрылды.
Өкінішке орай, ҚАКСР-нің территориясын анықтауға және оны құру туралы декретті шығаруға атсалысқан қазақ қайраткерлерінің ойына патша үкіметінің отарлық саясаты таңған «киргиз» атауын өзгерту туралы идея келмеген сияқты. Егер, қазақ қайраткерлері тарапынан мұндай ұсыныс жасалса, Москва жоқ демес еді. Оған патша заманында "сарт" атанған "өзбектің" өз атын қайтарып алуы нақты мысал бола алады. Әрине, қиын-қыстау кезеңде территориялық автономия алуды бірінші орынға қойған қазақ қайраткерлерін түсінуге болады. Бір қызығы, 1920 жылдан бастап орыс тіліндегі ресми құжаттарда «киргиз» деп жазылса, қазақ тіліндегі құжаттар мен мерзімді басылымдарда «қазақ» және «Қазақстан» атауы кеңінен қолданылды.
Ең алғаш қазақ халқының тарихи атауын ресми түрде қайтарып, оны дұрыс жазу мәселесін көтерген сол кездегі ҚАКСР Халкомкеңесінің төрағасы С. Сейфуллин болды. Ол 1923 жылы 15 ақпанда шыққан «Еңбекшіл қазақ» газетінде Манап Шамиль деген бүркеншік есіммен «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» атты мақала жариялап, онда: «Біздің әр қазақ жігіті «Кир» деген періні тастап, қоймастан «қазақ», «қазақ» деген сөзді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңдіріп үйрету керек. Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» деген есімді жойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!» деп ұран тастады. Бұл кезде Түркістан Республикасын ұлттық бірліктерге бөліп, ұлттық-мемлекеттік межелеу жоспарланып жатқандықтан, мәселе саналы түрде кейінге қалдырылған сияқты.
Орта Азия мен Қазақстанда болған ұлттық-мемлекеттік межелеу саясаты барысында қазақ қайраткерлерінің Ташкент үшін болған күресі ауыр жеңіліспен аяқталып, ежелден қазақ халқы қоныстанған 900 000 кв верст жердің орнына 600 000 кв верст жерге ие болып, 900 000 қазақ Өзбек республикасының құрамында қалып қойды. Ташкенттен айырылған ҚАКСР-інде жаңа астана мәселесі күн тәртібіне көтерілді. РК(б)П Қазобкомы бюросының Орынбор-Торғай облысын құру және облыстың астанасы ретінде Орынбор қаласын қалдыру туралы шешіміне қарсы болған С. Меңдешев ҚАКСР-нің жаңа астанасы ретінде Ақмешіт қаласын ұсынды. Осылайша, Ақмешіт қаласы біріккен қазақ жерлерінің жаңа астанасы болып белгіленді.
1925 жылы 15–19 сәуір аралығында Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің бесінші бүкілқазақ съезі Ақмешіт қаласында өтті. Съездің күн тәртібінде төмендегідей мәселелер қарастырылды: 1) Қазатком мен Қазхалкомның есептік баяндамасы; 2) ҚАКСР-дегі халық ағарту ісінің кезекті міндеттері туралы; 3) ҚАКСР-дегі жерге орналастыру мен суғару туралы; 4) Сауда мен кооперация туралы; 5) ҚАКСР-дегі қаржы жағдайы; 6) Қазатком құрамын және Кеңестердің Бүкілресейлік съезіне делегаттар сайлау. Съезге барлығы 394 делегат шешуші және 52 делегат кеңес беруші дауыспен қатысты. Съезге жер-жерден сайланып келген 394 делегат шешуші дауыспен, 52 делегат кеңесші дауыспен қатысты. Делегаттардың 284-і РКП(б) мүшесі, 41-і мүшелікке кандидат, 4-уі комсомол болса, 65-і партияда жоқтар еді. Съезд делегаттарының 258-і (65,5 пайыз) жергілікті ұлттар (қазақ, өзбек, қырғыз және т.б. түркі халықтары) болса, 136-ы (34,5 пайызы) еуропалық ұлт өкілдері болды. Жыныстық құрамы бойынша 29 әйел болса, 365-і ерлер болды.
Съездің күн тәртібінде қазақ халқына тарихи «қазақ» атауын қайтару мәселесі болған жоқ еді. 19 сәуірде өткен съездің 8-ші соңғы мәжілісінде тек Қазатком құрамын сайлау мәселесі қалған еді. Бірақ, қазақ қайраткерлерінің бейресми жиынында қабылданған ортақ шешімге сәйкес, күтпеген жерден сөз алған РК(б)П Қазөлкекомының екінші хатшысы С. Қожанов қазақ халқына ресми түрде «қазақ» атын қайтару, республиканы «Қазақстан» деп атау және Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгерту туралы ұсыныстарды біртіндеп жариялады. Съезд делегаттары бұл ұсыныстарға қызу қолдау көрсетті. Осылайша, 1925 жылы 19 сәуірде қазақ халқы өзінің тарихи атауын қайтару туралы шешім қабылдап, шешімді бекіту үшін БОАК қарауына ұсынды. БОАК бұл шешімді 1925 жылы 15 маусымда ресми түрде мақұлдаған декрет қабылдады. Осы декреттің алдында, 1925 жылы 25 мамырда БОАК «Қара-Қырғыз автономиялы облысын қайта атау туралы» декрет қабылдап, оны Қырғыз автономиялы облысы деп атау туралы шешім қабылдағанын да атап өткен ләзім.
Съезд 151 мүшеден және 50 мүшелікке кандидаттан тұратын Қазатком құрамын сайлады. 5-сайланған ҚазОАК құрамы ҚАКСР жұмысшы-шаруа үкіметінің хабаршысының 1925 жылы 15-тамыздағы санында жарияланды.
19 сәуірде Ақмешіт қаласында бүкілқазақстандық кеңестердің 5-съезі жабылғаннан кейін 5-сайланған Қазаткомның 1-сессиясы болып өтті. Күн тәртібінде ҚазОАК Төралқасын және ҚАКСР халкомдарын сайлау мәселесі болды. 15 адамнан тұратын Қазатком Төралқасы және 5 адам оған кандидат болып сайланды. Төралқа мүшелері - Ж.Мыңбаев (төраға), И.Каширин (орынбасар), Ө.Бекімбетов (орынбасар), Б.Аралбаев (хатшы), Н.Нұрмақов, Ә.Әлібеков, С.Сәдуақасов, Н.Панин, Я.Боярский, С.Қожанов, А.Оразбаева, А.Тұрсынов, А.Першин, В.Нанейшвили, І.Құрамысов болса, А.Кенжин, А.Серғазиев, Н.Ежов, Ф.Базинский, Н.Арықовалар кандидат болып сайланды.
5-ші сайланған Қазақ Халық Комиссарлар Кеңесінің құрамы төмендегідей болды:
1. Нұрмақов Нығмет Нұрмақұлы - ХКК төрағасы
2. Серғазиев Абылай Серғазыұлы – ҚазХКК төрағасының орынбасары және Мемжоском төрағасы
3. Есқараев Сүлейман Есқараұлы - Ішкі істер халкоматының халкомы
4. Мәмбеев Сәдуақас Сағындықұлы – Әділет халкоматының халкомы
5. Тәтімов Мұхамедғали Қойшыбайұлы – Еңбек халкоматының халкомы
6. Маймин Исидор Борисович – Қаржы халкоматының халкомы
7. Хангереев Дәрібай Хангерейұлы - Әлеуметтік қамсыздандыру халкоматының халкомы
8. Әлібеков Әлиасқар Меңдиярұлы – Жер-су халкоматының халкомы
9. Кенжин Аспандияр Кенжеұлы - Ішкі сауда халкоматының халкомы
10. Сәдуақасов Смағұл - Ағарту халкоматының халкомы
11. Шамов Михаил Сергеевич – Денсаулық сақтау халкоматының халкомы
12. Панин Николай Николаевич – Жұмысшы-шаруа инспекциясы халкоматының халкомы
13. Кочетов Владимир Николаевич - Сыртқы сауда халкоматының халкомы
14. Құлымбетов Ұзақбай Желдірбайұлы – ҚАКСР ХШОК төрағасы
15. Каширин Иван Дмитриевич - БСБ ӨӨ (УполГПУ)
16. Хренов Степан Григорьевич – Қазақ округтік байланысының бастығы
17. Атаниязов Мырзағұл Атаниязұлы – РСФСР Жоғарғы Соты Қазақ бөлімінің төрағасы
18. Крутилин Иван Петрович – Қазақ ОСБ меңгерушісі
19. Шелыхманов Иван Павлович – Қазақ өлкелік әскери комиссары.

Ақпарат Сәбит ШІЛДЕБАЙдың Facebook парақшасынан алынды

Пікірлер