Рухани жаңғыру – дамуымыздың басты қағидасы

4503
Adyrna.kz Telegram

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында : «Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы», - деп атап өтеді.

  Елбасының бағдарламалық мақаласы – бұл, ең әуелі ХХІ ғасырда шынайы өмірде ұлттық сананы айқындайтын және қоғамдық сананы өзгерту жолдарының жалпы бағыттарын белгілейтін дүниетанымдық-идеологиялық мақала. Оның мақсаты күшті әрі жауапты адамдардың Біртұтас ұлтын құру болып табылады. 

  Ұлттық жаңғыру дегеніміз – ұлттық санамен тығыз байланысты. Оның түпкі мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтап, ел ішінде бейбітшілік пен келісім үйлесе отырып, ұлттық береке, бірлік салтанат құрған бәсекеге қабілетті, табысты ел болу. Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді. Сондықтан рухани жаңғыру үдерісін дер кезінде қабылданған оң шешім деп танимыз. Осы рухани жаңғырудың жүзеге асырылуын біз және сіз болып, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлікте орындауымыз аса қажет. Бәсекеге қабілетті, әлемдік деңгейде танылған әрі дамыған рухани кемел ел болу – Елбасының асыл арманы. Ендеше, мемлекет басшысының жастарға соны серпін, тың бастама ұсынуы келешекке қамданудың әрекеті деп түсінеміз.

   Ал рухани жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтау. Бағдарламада келтірілген әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бағыттары: бәсекеге қабілет; прагматизм; ұлттық бірегейлікті сақтау; білімнің салтанат құруы; Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы; сананың ашықтығы. Аталған бағыттарды ұстанып, жүзеге асыру арқылы әлемдік деңгейде танылған, рухани жаңғырған ел бола аламыз. Жаңа жағдайдағы рухани жаңғыру баршамыздан жаһандық өзгерістерге және жаңашылдықтарға дайындықты және ұмтылысты қажет етеді. 

   Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы мемлекетіміздің міндеттері мен алға қойған мақсаттарын нақты көрсетіп берді. Біздің міндетіміз мінсіз бағдарламада айтылған міндеттерді кезек-кезегімен орындау ғана.

  Қорытындысында: «Әлем күн өткен сайын өзгеру үстінде. Егер біз санамыздағы пайдасыз қағидалар мен қажетсіз ақпараттардан дер кезінде арылмасақ, әлемдегі алпауыт мемлекеттермен тең дәрежеде өмір сүре алмауымыз әбден мүмкін. Сол себептен де бізге, қазақ ұлтына өзгеру керек. Өзгеру үшін өзімізді қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жеке қабілеттерімізді дамытсақ, мемлекетіміздің мерейінің үстем болатыны анық»,- деген Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың пікірі орынды болмақ.

Индира МАКЕНОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

филология және әлем тілдері факультетінің студенті

Ғылыми жетекшісі: Ф.А.ҚОЗЫБАҚОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

тарих, археология және этнология факультеті

тарих ғылымдарының кандидаты, профессор

Пікірлер