"Қазақстанда Польшаға арналған гуманитарлық жүк ұрланды": Алматы әуежайының мәлімдемесі

3952
Adyrna.kz Telegram
Польшаның блогерлері Алматыда жанар-жағармай құюға тоқтаған ұшақта 154 тонна медициналық жүк жетіспейтінін алға тартып отыр. Қазақстан жүкті есептеген адамдардың өздері қателік жіберуі мүмкін деген болжам жасады

Алматының халықаралық әуежайы "Польшаға арналған гуманитарлық жүк ұрланды" деген болжамды жоққа шығарды. Қытайдан келген ұшақ Алматы қаласында екі рет жанар-жағармай құю үшін аялдаған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан .

Украинаның "Мрия" атты алып ұшағы Варшамаға медициналық жүк жеткізген. 12 сәуірде Қытайға ұшып бара жатқанда Алматы әуежайында қонып, жанар-жағармай құйған. Ал 14 сәуірде қайтар жолда екінші рет аялдаған. Сол кезде борттан ұшақты жетектегіш құралын шығарып, тұраққа қойған болатын.

Гуманитарлық көмек Польшаға жеткеннен кейін блогерлер жүктің салмағын салыстырып көрді. Бас кезінде министрлік Қытайдан 400 тонна медициналық жүк келеді деген. Алайда ұшақ келгеннен кейін гуманитарлық көмектің салмағы 96 тонна болып шықты. Осыдан кейін желі қолданушылары қалған 150 тонна жүктің қайда кеткенін сұрай бастады. Ұшақтың Алматыда екі рет аялдағанын да еске алды.

Алматының әуежайы транзиттік тұрақ кезінде жүкті түсіру мүмкін емес екенін мәлімдеді.

"Мұны теориялық тұрғыда жасау мүмкін емес. Себебі ұшақтың тұмсық жағын ашқанда борттың жанында әуежайдың техникалық қызметтерінен бөлек кеденшілер, шекарашылар мен экипаж өкілдері де тұрады. Ал экипаж командиріне жүк үшін жеке жауапкершілік жүктелген", - дейді әуежай мамандары.

Ресми мәліметке сәйкес, барлық тұрақтар тәулік бойы бейнебақылауға түсіріледі. Жазба бір ай сақталады.

Әуежай қызметкерлері гуманитарлық жүктің салмағын да түсіндірді.

"Польшаға медициналық құралдардың, соның ішінде маскалар, комбинезондар және тағы басқа заттардың жеткізілгенін ескеру керек. Ондай жүк көп орын алады, ал салмағы аз. Оған қоса, 400 тонна жүк жеткізілуі тиіс деген, ал ұшақтың жүк көтеру көрсеткіші 250 тонна ғана", - деп атап көрсетті мамандар.

Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар арқылы Польша тарапынан наразылықтың болмағанын хабарлады.

 

Пікірлер