Қазақтың батырлық жырлары және Ер Қабанбай

18963
Adyrna.kz Telegram

Жазушы, фольклоршы, баспагер, тарихшы-этнограф Зейнолла Мүбәракұлы Сәнік арамызда болса  бүгін 85 жасқа толар еді. 

 Қаламгер  1935 жылдың 15 сәуірінде Қытай халық республикасының Тарбағатай аймағына қарасты Шағантоғай ауданында Барлық тауының баурайында дүниеге келген. 1957 – 1970жж. Үрімжідегі «Жастар баспасында» редакторлық қызмет атқарады. 1970 – 1978жж. «Халық жауы» атанып Бұратала облысының Жың ауданында еңбекпен өзгертуде болады. Сол кезде жинаған материалдарын 1980 жылы жазушы Оразбек Қанапин екеуі құрастырып, баспадан шығарды. «Қазақ ертегілері»(2 кітап) «Қазақ балалар ертегілері»(2 кітап), «Қабанбай батыр», «Қаракерей Қабанбай», «Қазақ емшілігі мен дәрігерлігі»(алғысөзін жазып, баспаға дайындаған) сынды кітаптар сол жанкешті еңбегінің нәтижесі еді. 

1978-жылы ақталғаннан кейін, «Халық баспасында» редактор, 1980 жылы «Шыңжаң халық баспасының» қазақ редакциясына редактор, 1982 жылы тете-аға редактор, 1986 жылы аға-редакторлық кәсіптік-техникалық атақ алған, 1992-1999жж. «Шыңжаң жастар өрендер» баспасында жетекші маман ретінде аға редактор болып еңбек етті. 

Алматыдан әр жылдары «Хан батыр Қабанбай», «Баспай», «Сергелдең», «Қазақ этнографиясы», «Сүлеймен би» кітаптары жарық көрді. 2017-жылы «Ан Арыс» баспасынан 15 томдық шығармалар жинағы қалың қауымға жол тартты. З.Сәнік шығармашылығы туралы «Мәңгілік жол», «Зейнолла Сәнік шығармашылық мұралары» атты ғылыми-зерттеу, естелік еңбектері жарық көрді. Жазушының ұшан-теңіз мұралары жоғары оқу орындарындағы студенттер мен магистранттардың зерттеу тақырыбына айналып, ғылыми айналымға енді. 

Қытай мемлекеттік жазушылар қоғамының, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.

2018-жылы құрылған «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры» – қаламгердің шығармаларын насихаттау, зерттеумен қатар әдеби-мәдени, ғылыми бағыттағы іс-шараларды өткізіп келеді.

Оқырманға қаламгердің  белгілі шежіреші, өлкетанушы Бейсенғали Садықанұлымен бірігіп жазған    Қабанбай туралы тарихи-эсселерінің бір парасын ұсынамыз.

Редакциядан

 

 

ҚАЗАҚТЫҢ БАТЫРЛЫҚ ЖЫРЛАРЫ 

ЖӘНЕ ЕР ҚАБАНБАЙ

 

Қазақ халқы өзінің қалыптасу сапарында тайпалық, халықтық, ұлттық дәуірлерді бастан өткергені сияқты, оның батырлық жырлары да  тайпалық, халықтық, ұлттық дәуірлерді басып өтіп, біртіндеп дамып, біздің дәуірімізге жетіп отыр. Сондықтан қазақ халқының батырлық жырларына ұзақ тарихты бастан кешіріп, талай заманаларды аттандырып салып, өз бойына бірқыдыру дәуірлердің таңбасын басып, дәмін сіңіріп келген асыл мұра ретінде қарауымыз керек.

«Қазақ эпосы бірнеше ғасырлардан бері жасалып келеді. Оның алғашқы жасалу тарихы қазақ халқының шығу тарихымен байланысты. Қазақ халқы ескідегі батыс түрік қағандар (Ү–VІІ ғ.), Қыпшақ, Оғыз рулары (ҮІІІ–Х ғасырлар), Ақ Орда және Ноғайлы ордасының жұртшылығы, өзбек хандарының тайпаларына (ХІІІ–ХҮІ ғ.) кірген рулардан таралады. Қазақтың батырлық жырларының ежелгі ескерткіштері осы тайпалар жөніндегі аңыз-әңгімелермен байланысты».1 

Міне, мұнан біз қазақтың батырлық жырларының тегі тым арыда жатқандығын, онан талай дәуірдің таңбасын көруге болатындығын, бұған қарап оны зерттеу жұмысының да өте мүшкіл жұмыс екендігін біле аламыз.

Қазақ халқының арасына ежелден бері кеңінен таралған және ертерек зерттеліп, бүкіл дүниеге танылған батырлық жырларынан – «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» жырларын ерекше атауға болады. Мұның ішінде «Алпамысты» өзбек,   қарақалпақ, татар, башқұрт, т.б. халықтар да өз батыры ретінде жырлайды. Міне, мұнан «Алпамыстың» шығу тегінің тіпті ұзақта жатқандығын, ол Орта Азия халықтарының ұлт болып қалыптасудан бұрынғы ортақ батырлық жыры екендігін көруге болады.

Ал Оғуз тайпасына (ҮІІІ–ІХ ғ.) кіретін Қыпшақ руының «эпостық дәстүрі Ноғайлы руларының арасында көбірек тарайды. Осыдан Ноғайлы, Қыпшақ руларына байланысты қазақ батырлар жырының бірнешеуі шығады. Мысалы, «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Қамбар батыр», т.б.  шығармалардың ең басты кейіпкерлері де, олардың төңірегіндегілер де ноғайлы мен қыпшақ болып келеді». 2 

Қырғыз халқының «Манасы», Қарақалпақ халқының «Қырық қызы» сияқты қазақ халқының батырлық жыры «Қырымның қырық батыры» деген атпен ерекше көзге түседі. Мұнда қырыққа жуық батырдың ерлігі тізбектеле, тұтас алынып жырланады. Оған ертедегі батырлармен қатар, орта ғасыр – Қырым хандығының бірен-саран батырларының ерлігі де енген. 

Жыр сонау Алтын Орда дәуірінен бастап ХІХ ғасырға дейінгі қазақ халқының қоғамдық тарихын, әлеуметтік жағдайын айқын бейнелеген. 

Жырды мазмұнына қарай үшке бөлуге болады.

  1. Аңшыбай батырдың ұрпақтары – «Аңшыбай», «Парпария», «Едіге батыр», «Нурадин», «Мұсахан», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», т.б. 
  2. «Қарадөң» батырдың ұрпақтары: «Қарадөң», «Жұбаныш», «Сүйініш», «Ер Бегіс», «Көгіс», «Төгіс» «Тама», т.б. 
  3. Бөлек-бөлек жеке жырлар: «Ақжонасұлы ер Кеңес», «Манашаұлы Тұяқбай», «Қыдырбайұлы Қобыланды», «Айсаның ұлы Ахмет», «Алау батыр», «Шынтемірұлы Төрехан», «Қосай батыр», «Телағыс», «Абат», «Тоған», «Асанқайғы», «Әмет батыр», «Көкше батыр», «Қазтуған», «Көрғұлы Сұлтан», т.б.

Бұлардың ішінде «Ер Көкше», «Ер Қосай», «Ер Төстік», «Ер Едіге», т.б. батырлық жырлары қырғыз  халқының «Манас» эпосында да сөз болады.

Қазақ халқында мұнан басқа да қыруар батырлық жырлар бар. Мұның ішінде ХҮ – ХҮІ ғасырлардағы оқиғаларға байланысты туған батырлық жырлары «Шора батыр», «Қарабек», «Төрехан», «Ер Көкше», «Ер Қосай», т.б. ХҮІІ – ХІІІ ғасырлардағы қазақ халқының Жоңғар феодалдарының шабуылына қарсы күресіне байланысты туған жырлар: «Сабалақ», «Ер Қабанбай», «Олжабай батыр», «Бөгенбай батыр», «Жидебай батыр», «Шақшақұлы Жәнібек», «Шалкез», «Еңсегей бойлы ер Есім», «Есенкелді батыр», т.б. ХІХ ғасырдағы Ресейдің шапқыншылығына қарсы күреске қатысты туған жырлар: «Кенесары-Наурызбай», «Базар батыр», «Сәтбек», т.б. 

Қазақ әйелдерінің феодалдық тәртіпке қарсы тұрып, бас бостандығын алу жолындағы күресіне қатысты туған жырлар: «Қарашаш батыр», «Нар қыз», т.б. 

Қазақтың өз ішіндегі зорлық тартысына қатысты туған жырлардан «Боран батыр», «Сасық батыр», «Ермек батыр», «Кәрім батыр мен Тілексе батыр», т.б. бір рудың ішіндегі хан мен бұхара, бай мен кедей арасындағы жағдайларды көрсететін жырлардан «Арқалық батыр», «Жоламан батыр», «Елқонды батыр», т.б. бар. Ал қазақ халқының арасына көп тараған ертегі-аңыздарды қиссаластырудан туған жырлардан «Әуез батыр», «Бөкен батыр», «Оралбек батыр», «Құла мерген», «Дотан батыр», «Әнуар батыр», «Бұқарбай батырдың хикаясы» сияқты жырлар, Шығыс халықтарының көбіне ортақ болған хикаялар мен дастандардан алынған жырлардан «Көрұғлы Сұлтан», «Қалдархан батыр», т.б. жырлар бар.

Қазақтың батырлық жырларын бірден тізімдесек, жүзден асуы мүмкін. Бірақ оларды жікке айыратын болсақ, осы жоғарыда айтылған бірнеше топтың ішіне кіреді. Ал оларды бір-бірден реттеу, әрине, алдағы міндет. Сонымен қазақ батырлық жырларына шолу жасағанда және ер Қабанбайдың батырлық жыр-әңгімелерін осыған ұштастырғанда оның басты-басты ерекшеліктерін мынадай бірнеше түрге бөлуге болады:

  1. Қазақтың батырлық жырларының негізгі мазмұны шетелдердің, шет тайпалардың шабуылынан қорғану немесе олардың көрсеткен зорлық-зомбылығы үшін кек алу, солардың құлдығынан халықты  құтқару негізіне құрылған, осылардың ішінде, көбірек ауызға алынатыны, басты жау болып көрінетіні – моңғол феодалдары мен жоңғар шонжарлары. Бұлай болуы да тарихи шындыққа әбден үйлесімді, өйткені сонау ХІ – ХІІ ғасырларда, Шыңғысхан қазақ сахарасына шабуыл жасап, барлық қазақ тайпаларын, сондай-ақ бүкіл  Орта Азия мен Еуропаның көп бөлегін өзіне қаратып, билік жүргізгеннен, ХҮІІІ ғасырдың 50-жылдарының аяғында жоңғар феодалдарының шапқыншылығы түбегейлі жойылуға дейінгі аралықта, яғни осы екі ортадағы алты-жеті ғасыр бойына қазақтар мен моңғолдар жауласып өткен. Сондықтан «Алпамыс» жырында қалмақ ханы Тайшыққа қарсы күрес суреттелсе, «Қобыланды» жырында қызылбастарға (басына қызыл байлаған моңғолдарға) қарсы күрес суреттеледі: ал «Ер Тарғын» жырында ноғайлы елінің он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыттың Оллалай, Бұллалай атты хандарына қарсы күресі сөз болса, «Қамбар батыр» жырында қалмақ ханы Қараманға қарсы күрес әңгімеленеді. Тіпті ХҮІІ – ХҮІІІ ғасырларда туған «Сабалақ» (Абылай хан туралы жазылған батырлық жыр), «Ер Қабанбай», «Есенкелді батыр», т.б. жырлардың бәрі дерлік жоңғар феодалдарына қарсы күресті негіз етеді. Мұндай жағдай Орта Азияда жасаушы басқа халықтардың батырлық жырларында да кездеседі. Мысалы, қарақалпақтың батырлық жыры «Қырық қызда» Күләйім бастаған қарақалпақтың қырық қызының қалмақ ханы Сұртайшаға қарсы күресі айтылған. 
  2. Қазақ батырларының жауы қашан да осал болмайды. Олар көбінде керемет алып адам немесе алып дию-тажал пері, айдаһар, жезтырнақ болып келеді. Сонда да осы батырлар жеңіп шығады. Мысалы, «Қобыланды» батырдың жауы Барса былай суреттеледі:

«Будақтап түтін шығады,

Мұрнының тыныс лебі екен. 

Сырғауылдан кем емес,

Барсаның тартқан шылымы».

«Бір жегенде екі өгіздің еті, екі батпан нан, екі көлдің суын ішетін» осындай алыпты Қобыланды ақыры жеңіп шығады.

Боран батырдың әңгімесінде халықты апатқа ұшыратқан Жезтырнақпен айқаспақ болған Боран батыр боз атына мініп, оның мекеніне келіп бекініп жатады. Батыр аң атып, отқа қақтап жеп отырғанда, Жезтырнақ келіп отыра қалып, алақанын жаяды. Боран батыр қылышының ұшына ет шаншып, Жезтырнаққа ұсынады. Сонда Жезтырнақ ұсынған етке қосып, қылыштың ұшын да бірге кертіп алып қалады. Бұл, әрине, Жезтырнақтың батырға көрсеткен сесі еді. Бірақ батыр мұны қаперіне де алмайды. Түнде өз бойымен бірдей үлкен бір томарды әкеліп, киімін жауып жатқызып қояды. Жезтырнақ жатқан томарды Боран батыр екен деп, бассалып ұзын тырнақтарымен күтірлетіп жібергенде барып алданғанын бір-ақ біледі. Ақыры Боран батыр өзінің күші мен ақылының арқасында Жезтырнақты жеңеді. Кейін кек алмақ болып келген Жезтырнақтың ұрпағын Боран батырдың қызы әкесінің ақылы бойынша «қатқан санмен» ұрып өлтіреді.

Қабанбай туралы айтылатын бір аңызда да Қабанбайдың жауы керемет алып адам деп суреттеледі.

Жоңғарлардың ең үлкен батыры Мықтым далада жүрген жерінде Қабанбайға жолығып қалады да, «мен сіздің атыңызды сырттай естіп, әттең, бір сайыссам деп жүр едім, бүгін жақсы кезіктік, маған сүт пісірім уақыт рұқсат беріңіз, сауыт-сайманымды киіп, сізбен жекпе-жек бір айқасам» дейді. Бұған Қабанбай мақұл болады. Мықтым сүт пісірім уақыттан да тез барып, сауыт-сайманын киініп келеді де, дереу екі батыр жекпе-жекке шығады. Әрі алысып, бері алысып, бірін-бірі жеңе алмайды. Сұрапыл шайқастың нәтижесінде ақыры екі батырдың да сауыт-саймандары қаусап жерге түсіп, аттарының аяқтары тізеден жерге кіріп кетеді. Ең соңында Мықтым батырдың аты жығылып, Қабанбай оны әрең жеңеді. Сонымен Мықтым «қазақты жеңу қиын екен, ендігі жерде екі жақ соғысты тоқтатып, тату-тәтті өтелік» деген келісімге келуге мәжбүр болады. Содан былайғы жерде қазақ-моңғол соғыспай өткен екен дейді.

Қазақтың батырлық жырлары мен әңгімелерінде жау жақтың батырын осындай күшті, алып, керемет етіп көрсету жағымсыз жақты әсірелегендік болмаса керек, қайта осындай алыпты жеңдіру арқылы өз батырының күші мен абыройын онан әрі әйгілейді. 

  1. Қазақ батырларының көбі бала кезінен-ақ батырлықтың белгісін көрсетеді. Халқымыздың «болар бала боғынан» деуі де осыны меңзесе керек. Алпамыс батыр дүниеге келерде  Шашты Әзиз деген әулие, оның әке-шешесіне аян береді. Аянда Алпамыс атты ұл бала көретіндігі, оның «найзаласаң өтпейтін, қылыш шапшаң кеспейтін», «қалмаққа қарсы қас батыр» болатындығы айтылады. Ал Қобыланды батырдың шешесі Қобыланды құрсақтағы кезде жерік болып:

– Айдаһардың басын алдырады,

Жерігін сонымен қандырады.

Жерік айы кезінде:

Қатыр-қатыр қара тасты шайнады,

Жалаңаш қарға аунап еді, тоңбады.

Сонымен он бес күн толғатып, бала туғанда оның кіндігі «кіндік кескен әйелдің қолын талдырады». Қобыланды алты жасқа келгенде қару алып қарауылға шығады. 

«Уақта1 он төрт жасар Қамбар деген бала, құлан-киікті атып беріп, елін асыраған».

Ер Қосай бала кезінде-ақ өзімен бірге асық ойнап жүретін қырық баланы ертіп, әкесі Ер Көкшені өлтірген жаудан кек алуға аттанады. Қабанбай да бала кезінен ел көзіне түседі. Жеті жасында әкесі Қожақұл батырды жоңғарлар өлтіріп, жетім қалады. Бұл жағдай оны қаршадайынан жаугерлік өмірге баулиды. Он бес жасында ағасы Есенбайды жарып кеткенін көзі көргеннен кейін ол ағасының сауыт-сайманын киіп,  кек алуға аттанады. Сол кездегі жағдай «Қабанбайдың жаралымышы» деген қиссада былай суреттеледі:

– Мәмбеттен Өмір, Дәулен, ер Қожақұл,

Ел болып, қызық көрген бір талай жыл.

Өмір, Дәулен өзі бай, өзі батыр,

Бұлардың мақтауына жетпейді тіл.

Қожақұлдан Есенбай, Есенаман,

Ерасыл2 дейтін тағы туды бір ұл.    

Сол кезде жерге талас қазақ-қалмақ,

Адамды қойша қырған осыдан біл.

Алды он бесте,  ал арты жеті жаста,

Әкесі өліп, шешесі қалыпты тұл. 

 

Қамбар, ер Көкше, ер Қосайлардың ұрпақ жалғап, батыр болғаны, сондай-ақ Қарадөң батырдың жеті атасына дейін батыр болған сияқты, Қабанбайдың батырлығы да ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан. Қабанбайдың жас кезінде «Ерасыл», «Ізбасар», «Дарабоз», одан «Қабанбай» деп аталуының өзі – жеке-жеке үлкен әңгіме. 

Бір аңызда былай делінеді: Қабанбайдың асылындағы аты Ізбасар екен. Қабанбайдың нағашысының ауылында жүрген кезі болса керек, бір күні сол ауыл көшіп, бір көлдің жағасынан өткенде шошқаның қалың қабаны көшті жүргізбей қояды. Осы кезде он неше жастағы Ізбасар қолына найза алып, қалың қабанмен айқасады да, оның олайғысын олай, бұлайғысын бұлай жайратып, көшті бастап, аман-есен өте шығады. Бала жиенінің батырлығына сүйсінген нағашысы Ізбасарға батасын беріп, «Ай, қарағым-ай! Қабаным-ай» деп атайды. Содан бастап Ізбасар деген ат қалып Қабанбай атанып кеткен екен. Бұлай болуы да сол кездегі жағдайға үйлеседі. Өйткені ол кезде тағы жануарлар өте көп. Батырлардың көбі алдымен арыстан, жолбарыс, қабан, айдаһар сияқты мақұлықтармен айқасу барысында ел көзіне түседі. Сонымен бірге осындай алыптарға ұқсатқан бұқа, бура, арыстан, жолбарыс, айғыр, қабан, бөрі, төбет, т.б. аттарды қазақ хандары мен би-батырларынан көп келтіруге болады.

Сөйтіп он бес жасында соғысқа араласқан бала батыр Қабанбай отыз жасқа келгенде бүкіл «үш жүздің ұранына» айналады.

Бұл жерде мынадай бір тарихи фактіні айта кеткенді жөн көрдік: бұқа, қабан, бура, төбет, бөрі, т.б. сөздердің қазіргі күнде пәлендей үлкен мәні болмағанымен, өз кезінде ол ірі хандықтың, үлкен батырлықтың, алып айбынның символы еді. Мысалы, «бөрі – ежелгі түрік қағандарының дербес жасағына берілетін атақ» болған. Бұқа – Х ғасырларда өткен  ірі найман хандығының патшасы еді. Найманның үлкен ханы, білігі Бұқахан, оның баласы би Бұқахан (табан) деген хандар болған. Жалайыр руынан шыққан Мұқалы деген қазақ «Моңғол бұқа әскерлерін бастап... Жыңжуға шабуылға өткен». Осы Юан хандығы тарихының 10-11-томдарын ақтарсаңыз, онан бас бұқа, тай бұқа, ас бұқа, үсейін бұқа, бала бұқа, тас бұқа, қос бұқа, боян бұқа, жемір бұқа, қалы бұқа, т.б. деген аттарды ұшыратасыз. Мұқалы сол кезде монғол жасақтары мен Ханзу жасақтарын бастап, Шыңду қаласына дейін барған, оның Жыңду қаласын басқаруға қойған әкімі «Жынду бұқа» деп аталған. Жоғарыда аталған «бұқалардың» бәрі де бір-бір орынның ірі мансап иелері немесе әскер басылары болған.

Міне, мұнан біз «бұқа» сөзінің ежелгі хан, батыр, би, ірі мансап иелерінің есімімен байланысып келгендігін көре аламыз. Мұндай аттарды қазақтың кейінгі тарихынан да ұшыратуға болады. ХҮІІІ  ғасырдағы Абылай дәуірінде Дөртуылдың Төбет деген биі болған, ал Қасқырбай, Бөрібай, Бұғыбай, Қошқарбай, т.б. есімдерді қазіргі қазақтардың арасынан да көп кезіктіруге болады. 

  1. Қазақ батырларының әйелдері көбінде батырдың адал жары, жауынгер серігі болып келеді. Қиын-қыстау күндерде батырға ақыл беруші, азаптан құтқарушы ретінде суреттеледі. Кейде батырмен бірге соғысқа қатынасып, қан майданда  ерлік көрсетеді. Сан ғасыр қазақ елінің жүрегін жайлаған феодалдық тәртіп әйелдерді іске алғысыз етіп кемсітіп, от басы, ошақ қасынан шығармағанымен, халық өзінің адал, ержүрек қыздарына батырлық жырлардың төрінен орын берген.

Алпамыс батырдың әйелі Гүлбаршын – батырға шын көңілімен берілген «айдай сұлу», «алмадай қызыл жүзді» адал жар болумен бірге, ақылды, ержүрек адам. Ол Алпамыс жорыққа кеткенде Ұлтанның  істеген зорлығына лағынат айтып қарсы шығады, баласы Жәдігерге өзінің:  

– Қуат, жәрдем пірлерден,

Сондай бүгін түс көрдім.

Жібек баулы ақ сұңқар,

Қондырыппын қолыма, – деген үмітті түсін айтып, жұбаныш білдіреді.

Қобыланды батырдың ерлігі Құртқаны алудан басталады. Құртқа – алып дәулердің патшасы Көкаланның қызы, Қобыланды шарт бойынша шойын діңгекті садақтың оғымен қақ айырып барып, Құртқаны алады. Қобыланды жырында Құртқа зерделі, білгір, батырдың жан серігі ретінде жырланады. Жорыққа аттанарда Қобыланды одан ақыл сұрап отырады. Жорықтың қандай болатындығы жөнінде күні бұрын жорамал айтады, батырдың сауыт-саймандарын дайындап, тұлпарын баптайды...

Ер Тарғынның әйелі Ақжүніс Тарғын қайда болса, сонда барады. Соғысқа бірге қатынасады. Тарғын Бұлғар таудың бауырында ас-сусыз қалғанда батырды бағып-қағып, қайрат беріп, мертіккен белінің жазылуына себепші болады. Тарғынды өлтірмек болған қарт Қожақты ақылмен қайтарып, ажалдан арашалап қалады.

Назым қыз да байлықтан, ханнан Қамбар батырды артық көріп, оған ғашық болады. Бірақ қалмақ ханы Қараман зорлыққа басады.

– Қыз Назымға таласып,

Екі батыр соғысты.

Бұлт шайнап, мұз бүркіп,

Үркермен айдай тоғысты.

Ақыры Қамбар Қараманды жеңеді, Назым Қамбарға өмірлік жар болып, «батырдың ерлігіне сүйсініп, рухын көтеріп отырады».

«Ер Қосай» жырындағы Аяукеш жөнінде де, «Төрехан» жырындағы Маржан қыз, Сәуле жөнінде де осындай ерлік пен ізгілікті айтуға болады.

Ал Қабанбай батыр мен оның әйелі Гауһар батырдың ерлігі өз алдына бір төбе.  Гауһардың әсіресе, 1723 жылдан 1750 жылға дейінгі ерліктерінің елден ерек шоқтығы биік тұрады. Гауһар батыр қартайғаннан кейін оның орнына үлкен қызы Назым  соғысқа аттанып, Қабанбайдың қасында болады. Бұған қарағанда жоңғарлармен болған кейінгі 40 жылдық соғысқа Гауһар бастан-аяқ қатынасты деуге болады. Гауһар – өз өмірін өз ұлтының азаттығы жолына арнап, көк сауыт киіп, қолына қару алып, жаумен тіке айқасқан, ең көрнекті әйел батырлардың бірі, әрі Қабанбайдың жауынгер серігі. Бұдан сырт Бердіқожа жырында: Қабанбайдың әйелі әйгілі құмалақшы, батырдың жолын күні бұрын болжап отырады. Батырға ат таңдап береді  деп жырланады. Ал батыр Жәнібек жөніндегі бір аңызда Жәнібектің әйелі құмалақ салып, батырдың жолын болжауды Қабанбайдың әйелінен үйренгендігі айтылады.

Сайып келгенде, Алпамыс пен Гүлбаршын, Қобыланды мен Құртқа, Ер Тарғын мен Ақжүніс, Қамбар мен Назым, Қабанбай мен Гауһар батыр – бәрі де шын табысқан жар, жауынгер дос, ерлі-зайыпты батырлар. 

  1. Қазақ батырлық жырларының тағы бір үлкен ерекшелігі – батырға сай ат туады. Батырдың аты өзіне жан серік, жебеуші, құтқарушы, қасиетті жануар ретінде суреттеледі. Кейде батырдың атының шабысына қиял-ғажайып араласып, оның жүрісінен халық құдіретінің, ел айбынының дүмпуі, қатулы ғазап, ызалы кектің керемет екпіні білінеді.

Байшұбар Алпамысқа лайықты ат екенін өзі білдіреді, қысылтаяңда жанашыр-жәрдемші болады. Алпамысты зынданнан құтқарады. Алпамыстың жауы жіберген залым мыстан кемпір Байшұбарды мінбек болғанда:

– Қос аяқтап тебеді, 

Сонда кемпір құлады, 

Ұзынынан сұлады, – делінеді. «Жиырма күндік жерді жеті күнге шақ- тайтын», «қолтығында қанаты бар» шұбар аттың шабысы мен екпіні:

– Ойынды еті бұлтылдап,

Төрт аяқтан шыққан от 

Шақпақ тастай жылтылдап, 

Келеді желдей зуылдап,

Атқан оқтай зырылдап.

Құйындай ұшып келеді,

Жал-құйрығы суылдап, – деп суреттеледі.

Міне, осындай тұлпарға мініп, айбынмен аттанған Алпамысқа ешқандай жау шақ келмей, күйреп қалады, Қаражан, Тайшық, Ұлтан, мыстан кемпірлер арт-артынан жеңіліп, жермен-жексен болады.

Қобыландының Тайбуырылы да батырға жауынгер жолдас ретінде жырланады. Батырға лайық тұлпар екені кер биенің ішінде-ақ белгілі болады. Адам тілін біледі, айтқанды түсінеді. Адасқанда жол тауып береді. Қырық күншілік Қазанға бір күнде жеткіз дегенде Тайбурыл «иә, жеткізем» деп уағда береді. Оның шабысы:

– Аршындап бурыл гуледі,

Табаны жерге тимеді.

Тау мен тасты өрледі,

Көлденең жатқан көк тасты 

Тіктеп тиген тұяғы,

Саз балшықтай иледі,

Сеңгір-сеңгір таулардан 

Секіріп бурыл жөнеді, – деп суреттеледі. Содан кешке таман онан ары үдеп, құлан «құлжаның алдын тосатын», «көк құтан мен қарағай көтеріліп ұшқанша белінен басып асатын» дәрежеге жетеді.

Демек, Тайбурылдың шабысына да халық қиялы, халық тілегі араласып жатқаны байқалады.

Тарғынның Тарланы мен Қамбардың Қара қасқасында да дәл осындай екпін, осындай ерекшелік бар. Мұндай қиял аралас ерлікті басқа батырлардың жырларынан да көре аламыз. Мысалы, Сәмен батырды Сайынбурылы өлімнен құтқарады. Қарабек батырдың Құлаша аты батырды тұмсығымен түртіп оятып, жаудың келе жатқанын білдіреді, ақыл айтады. Ер Қосай өзінің Сары атымен тілдеседі. Төрежан  батырдың «Қарға жүнді қара атынан» Тайбурылға ұқсас шабыс шығады.

Қабанбайдың Қубас атында да осыларға ұқсас ерекшелік бар. «Құнанында құндақтай», «дөненінде дөңбектей», «бестісінде белгілі торы» болған Қубас атты батыр қырық жылға жуық өзіне жауынгер жолдас етеді. Қубас ат та «кісінеп», «елеңдеп» жаудың келе жатқанын білдіреді:

– Жүгіріп шықтым белеңге,

Қубас ат шөп жұлмайды дегенге, – 

деп хабарлайды. 

– Әтеке ұлы Садыр қалың қолмен:

Келіп түсті өзенге,

Састым ғой, аға, састым ғой.

Қабанбайдың көзі тірісінде,

Елін шабам дегенде!

Мен келдім жетпіс сегізге,

Сен келдің отыз сегізге,

Сенен басқа ат мінсем,

Мінгендей болдым өгізге.

Сені мініп шапқанда,

Тартынбай түстім теңізге.

Ей, Қубасым, Қубасым,

Қабанбай өлді дегізбе.

Сақалымның ағында,

Өлерімнің шағында

Өнерің болса аяма.

Қан майданда қасқайып, 

Жабыранбасам маған серт! 

Топты жармай тұйғындай, 

Толауласаң саған серт! 

Қарсы келген жауыма 

Қара тамақ найзамды 

Қадамасам маған серт! 

Ең соңында Қабанбай да, Қубас ат та дегеніне жетіп, сертін орындайды. Оның шабысында да керемет екпін бар:

– Батпан да батпан шабады,

Түске дейін шабады.

Түсте артына қараса, 

Үш күндік жер қалады.

Әтеке жырыққа қарсы жорықта бір ай жүріп, арып-ашып, қалың батыр қазіргі Текес өңіріне жеткенде:

– Батырлар бұл араға зорға жетті,

Жауына жібермес боп орда кетті.

Жануар шын тұлпардың өзі емес пе,

Қубас ат дәл бабына сонда кепті, – 

деп Қубас аттың «бір ай суыт жүрісте бабына келетін» ерекшелігі суреттелген. Бұдан басқа Қубас атқа бір теңдегенде қырық қап ащы теңдейтіндігі, оның тасқа аяғы тисе, ойылып ізі қалатындығы, қазір Текестегі бір тауда «Қубас аттың ізі» бар екендігі аңыз болып айтылады. Демек, Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Тарғынның тарланы, Қамбардың Қара қасқасы, Қабанбайдың Қубас аты – бәрі де батырға лайық тұлпар ретінде батырмен бірге жырға қосылып, тамаша сурет, тартымды образдар тапқан.

Кейбір жыр-әңгімелерде батырға лайық бура, атан болады деп аңыз етіледі. Қабанбайдың жырында оның «басы астаудай», «көзі тасбақадай», «екі бұтының арасынан ел көшкендей» алып ақ бас атаны бар екендігі айтылады. Ол да батырға көп көмек көрсетеді. Дәл сол сияқты батыр Абылай ханның да өзіне тиемел Ақ атан деген атаны болған. Ол туралы мынадай аңыз бар:

«Қоқан хандығы Мәлік деген адамды жіберіп, Абылай ханға қастық жасап, өлтіруді тапсырады. Мәлік Абылайдың қолына келіп, бірнеше жыл жүреді де, әбден сенімге ие болғаннан кейін бір күні түнде Абылайды ұйықтап жатқан жерінде өлтірмек болып дайындалып шыққанда, мұны сезе қойған Ақ атан Мәліктің үстіне қона түсіп, жаншып өлтіреді».

  1. Қазақ батырларының көбі жауын жекпе-жек сайыста жеңеді. Жекпе-жек сайыс ол күндегі батырлықтың бір шарты және сыналар жері болса керек. Екі жақтың сайысы қашан да нанымды, сұрапыл, қиян-кескі етіп суреттеледі. Жау батыры қаншалық алып, кейіп-кеспірі қаншалық керемет болса да, ақыры жеңіліп тынады. Қазақ батырларының күш-құдіретіне әсірелеулер қосылып, адам сүйсінерлік дәрежеде тамаша образды көз алдыңа елестетеді. Сонымен бірге жау жақтың жағымсыз образы да беріледі. 

Алпамыстың қас жауы Ұлтан – адам баласына жаны қас, зорлықшыл, қатыгез жан. Ол Алпамыс жоқ кезінде оның жеті жасар баласын көкпарға тартып, елге «адам көрмеген қызықты көрсетеді». Сондай Ұлтанның кеспірі:

– Кеудесі болды кебедей,

Мұрты болды төбедей.

Күрек тісі кетпендей,

Кеңірдегінің тесігі 

Жүгімен түйе өткендей.

Құлағы болды қалқандай,

Мұрнына қарасаң 

Сығымдалған талқандай.

Көзі терең зындандай,

Басқан ізін қарасаң 

Көрінер оттың орнындай,

Аузы үлкен ошақтай,

Азу тісі пышақтай.

Осындай алып жауды, сондай-ақ осы тектес монғол әкімі Қаражан, мыстан кемпірлерді Алпамыс жекпе-жекте бір-бірлеп жеңіп шығады.

Қобыланды мен Қазан батырдың жекпе-жегі мұнан да қиын болған. Қобыландыға: «ашуыма кезікпей, кел бері, бурыл атыңмен ақ сауытты қол тигізбей бер» деп айбат, сес көрсетеді ол. Бұлар бірін-бірі сөзбен шенесіп алған соң, ұрысқа кіріседі.

Сонда екі батыр:

– Қармақ болып қабысты,

Ат тізесін бүгісті,

Бүгісе-бүгісе тұрысты.

Тебінгіге тер қатып,

Қақырғаны қан татып,

Түкіргені жын татып,

Қақырғанда қан ішті,

Түкіргенде жын ішті.

Қанжарменен қармасты,

Семсерменен серместі.

Қанжар қалды қайысып,..

Ерлер жаннан түңілді,

Екеуінің ақ сауыт 

Шығыршықтан сөгілді.

 

Осылайша екеуі көп алысып барып, ақырында Қобыланды Қазанды жеңеді.

Сондай-ақ:

– Қолындағы найзасы 

Қара тасқа тигенде 

Қарыс сүйем бойлаған

Алшағыр мен Қобыланды жеті күн алысады. Барлық амалдар қолданылса да, бірін-бірі ала алмайды. Ақыры оған Қобыландының күші жетпей, айламен алады. Көбік, Барса сияқты алыптарды да Қобыланды ақыры жекпе-жекте жеңеді.

Ер Тарғын Домбауыл батырмен жекпе-жек сайысқа түскенде ең алғашқы кезекті жау жаққа береді. Мұның өзі оққа кеудесін төсеп, ажалдың апанына қарай ұмтылғандық. Сондай-ақ ердің ерлігін сынайтын ең үлкен кезең. Тап бермеде әрине жау өзінің бар құдіретін іске салады. Ердің ері жау құмарынан шыққанша шыдап тұрады. Өз қайратын ең соңында көрсетеді. Осы барыста Тарғынның теңдесі жоқ алып ер екендігін сипаттайды.

Қамбар батырдың Қараманды жеңгендегі жекпе-жек сайысы былай суреттеледі:

– Қараман дәу мен Қамбарбек

Қарсыласып қылыш шабысты.

Ақ найзасы айқасып,

Нар бурадай алысты.

Қалмақтың ханы Қараман 

Сол жағынан құлады...

Бұдан басқа, Қамбар батыр  – асылында өз тобырын «құлан, киік атып асыраған», азулымен айқасқан ер. Оның «үлкендігі нардай, басы қазандай жолбарысты» найзамен іліп алып, басынан айналдырып, қырық қадам жерге лақтыруы да қаптал қарулы батыр екендігін сипаттайды.

Қабанбай да Арсалаң, Арқауыл, Доланқара, Әтеке жырық қатарлы қастастарын осындай жекпе-жекте жеңеді. Әтекеге ең әуелі Дәулетбай, Бөкенбай, барлық батыр жекпе-жек келіп, жеңіліп шығады. Бұған шыдамаған Қабанбай соңында жекпе-жекке өзі түседі:

– Қабекең айбаттана аттан салды,

Ақ найза алты қырлы қолына алды.

Ашу мен кәрін төгіп, ер Қабанбай 

Жекпе-жек Әтекеге өзі барды.

 

Тіресіп екі батыр айқасады,

Қағысып найзаменен шайқасады.

Ала алмай бірін-бірі әрі-бері,

Аңдысып арбасады, байқасады.

 

Найзалар қағысады, шарқылдайды,

Тебінгі бір-біріне сартылдайды.

Қаһарлы ер Қабанбай қайраттанып,

Кекті ашу кеуде кернеп алқымдайды.

 

Қабекең Қубас атты жанып алды,

Күпарды бұғанадан періп қалды.

Құлатып Әтекені құрыстырып,

Қаңбақтай үш көтеріп жерге салды.

Соңынан жеңілген шақта Әтекенің қызы Қабанбайдан сауға сұрап, әкесінің сүйегін алып қайтады.  Ал Қабанбайлар қырғызды шауып, ақбас тайлақты барымталап, еліне жеңіспен оралады.

Қазақтың батырлық жырларының көбінде қазақ батырлары тайсалмас, жеңімпаз ретінде суреттеледі. Мұның себебі, біріншіден, халық тілегін білдірсе; екіншіден, талан-таражға тап болған, қорланған, шабылған елдің шапқыншыларға қарсы күресі, жауға кекті жалынды ерлігі осы жырларға  арқау болған. Сондықтан да мұндай күрес әділетті, ақылға сыйымды, халықтың қолдауына ие күрес болып табылады. Қалмақтың ханы Тайшықтың Қоңырат еліне шабуылынан «Алпамыс» жыры туса, қызылбастардың Қыпшақ еліне шабуылынан «Қобыланды» жыры туған. Қараманның Ноғайлы Әзімбай ауылына шабуылынан «Қамбар» жыры туса, Оймауыт пен Торғауыттың Ноғайлы еліндегі Ақша ханға шабуылынан «Ер Тарғын» жыры туып отыр. Дәл сол сияқты Әтеке жырықтың Қабанбайдың інісі Қарақұрсақтың ауылын шауып әкетуінен барып «Қабанбай» жыры туып отыр.

Сондықтан Қабанбай жырында:

– Жатушы ек елімізде сары қаз жеп,

Шабатын біз қырғызға не қылып ек.

Намысын Қабанбайдың әперем деп,

Керейден іздеп кепті ер Жәнібек, – 

деп бейбіт жатқан елге қырғыздардың орынсыз соқтыққанын, халық қынжылысын Жәнібек батырдың аузынан өте жақсы берген. Қиссада Қабанбайдың мәрттігі, жау болса да, оның бала-шағаларына Қабанбайдың жанашырлығы, қамқорлығы нанымды баяндалған. Кейін Қабанбайдың көзі тірісінде елін шабам деп келгендер де ауыр соққы жеп, жеңіліп қайтады. Бұған қарағанда қазақ өзінің әділетті ісін, әділ күресін ғана жырға қосып, артына мұра ретінде қалдырған. Ал басқа елге шабуыл жасап барып, бейкүнә халықты қарадай қырғындаушылықты халық батырлық деп есептемеген. Сондай-ақ бірен-саран жыр болса да, ел арасына кеңінен тарамай, сол жердің өзінен өріп шыға алмаған.  

  1. Қазақ батырларының тамаша образдары, мінездемелері жасалып, қиял аралас ерлігі мен айбыны айқын суреттелген.

Қобыланды жырында оның образы:

– Қобыландыдай батырдың

Тері тамып иектен,

Түгі шығып білектен,

Жаны бір тулап жүректен,

Тобылғы атқа ер салды,

Ақ алмасты қолға алды.

Қамшы басып сауырға,

Екпіні ұсап дауылға.

Тобылғы меңді торы атпен,

Қобыланды шапты ауылға, – 

деп беріледі.

Ал «Ер Тарғын» жырындағы Тарғынның образы былай берілген:

Қарсы алдына қараса, 

Адам шыдар ер емес.

Қар жаудырды қабақтан...

Өзінде жоқ Тарғынның 

Алладан басқа туысқан.

Мұндай, мұндай жауларға 

Неше дүркін жуысқан.

Жуысқан жаудың жүрегі 

Мұз құйғандай суысқан.

Бұл жырларда «білегінен түгі шығып, қабағынан қар жаудырған» батырлардың келе жатқандығы, екпінінен «дауыл» тұрып, жау жүрегін «мұз құйғандай» суытатын керемет айбын жар салып тұр. «Қабанбайдың сипаты» деген қиссада батырдың келбеті былай жырланады:

– Адамнан тұсындағы өзгеше қып,

Жаратқан құдіреті мен паруардігер.

Бар екен маңдайында қойын тобық, 

Мұны жұрт батырлықтың белгісі дер.

 

Қаңтарда туған екен шешесінен 

Ерліктің үлес ала есесінен.

Денесі бір жастағы баладай боп, 

Байқалған ғаламаты мүшесінен.

 

Жан бопты еңгезердей алып дене,

Сайма-сай келген сымбат барлық дене. 

Жасынан ер мүсіні байқалмаса, 

Атайды «нар бала» деп халық неге?!

 

Маңдайы кере қарыс, жалпақ екен,

Танауы дөңес келген, жалпақ екен.

Бүркіттей тоят алған тұғырдағы,

Шығыңқы төс сүйегі шалқақ екен.

 

Дөңгелек төбесіне маржан түйген,

Кигені қос шашақты қалпақ екен.

Жан екен биік қабақ, қою қасты, 

Көнек пе дегендейсің көрсең басты.

Ішінен қалың топтың танылатын 

Ақырса арыстандай дауысы ащы.

Бар екен қызыл қалы иегінде,

Бір мін жоқ жұмыр біткен сүйегінде.

Тас бар ма десетін ел жүрегінде,

Бесті атты құйрықтан ап жерге ұратын 

Қайраты болғандықтан білегінде.

 

Әрі етті, әрі көркем, бойы биік 

Келісер үстіне алса сауыт киіп,

Қыранның ұшардағы топшысындай 

Тұратын көтеріңкі қос екі иық...

Қабанбайдың жау тобына найзағайдай тиіп, талқандап бара жатқан суреті тіпті тамаша берілген:

– Қайратқа мінген Қабанбай,

Садақ жетер жерлерді 

Тартып кетіп барады.

Қылыш жетер жерлерді 

Қырып кетіп барады.

Ұстарадай жау тобын 

Тіліп кетіп барады.

Жекпе-жек келсе найзамен 

Іліп кетіп барады.

Өлексесін жауының 

Үйіп кетіп барады.

Алпыс атаннан әр жерге 

Түйіп кетіп барады.

Жетпіс аттан әр жерге 

Жиып кетіп барады.

Кез келгенін құлатып, 

Ұрып кетіп барады.

Ойсыратып дұшпанын, 

Түріп кетіп барады.

Осындай ерлікке қиял-ғажайып араласқан әсірелеуді қосып, халық өз батырының образын онан ары арттыра түседі. Мысалы, Қобыланды батырдың қасиетті бұлттары болады. Ол «жаз болса, күн жақтан, қыста жел жақтан, жау келсе, жау жақтан шығып», Қобыландыға жау жағдайынан хабар беріп тұрған. Сол сияқты Қабанбайдың ақ туы «жел жоқта аспан керней күрілдеп», жау келіп қалғанын хабарлаған. Кейбір аңыздарда Қабанбайдың ақ туы жау келе жатқандығын білдіру үшін сандықтың аузын өздігінен ашып шығатындығы, жеңіске жетерде де жебеуші болып «күрілдеп» белгі беретіндігі айтылады. Қабанбай хал үстінде жатқанда «Арасанға ат айттым, қорасанға қой айттым, тәңіріме тай айттым, буынымды бекіте көр!» деп Аллаға сиынады. Алла Қабанбайдың тілегін қабыл алып, «түске дейін буынын қатайтады».

– Осы кезде Қабекең 

Батыр боп қайта туады.

Алты құлаш белбеуін 

Беліне әкеп буады.

Сол бетінде Қабанбай Қубас атқа мініп, жауға аттанып, ең соңында жауын жеңіп, ауылға аман оралады. Бұл оның соғысқа ең соңғы рет қатынасуы болады. Мұндай әсірелеу халық тілегінің асқан мұратынан, халықтың батырға деген терең сүйіспеншілігінен туған.

  1. Батырлық жырлар дәуір өте келе өзгерген. Кейбіреуі тым ертеде туса да, оған кейінгі дәуірлердің дәмі, бояуы сіңіп отырған. Тіпті кейбір батырлық жырын әр ақын өзінше жырлап, бір жырдың бірнеше түрін, яғни вариантын тудырған. «Қобыланды» жырының он бес варианты, «Қамбар» жырының төрт варианты, «Арқалық» жырының төрт варианты, міне, осылай туған. Мысалы, бізде – «Арқалық» жырының Асқар нұсқасы, Солтан нұсқасы, Алтай нұсқасы, Қаба нұсқасы деген варианттары бар. Бұлардың бәрі де Арқалықтың ерлігін  өзек еткен. Бірақ оқиға желісі, шығарма құрылысы жағынан бірі біріне ұқсамайтын болғандықтан, әрқайсысы бір-бір вариантқа жатады.

Кейбір батырлық жырларға зер сала қарасақ, оның тым ертеде туғандығын білуге болады. Мысалы, «Қобыланды» жырында Қобыландының «қасиетті бұлттары» оған қолдаушы, жебеуші, хабаршы болып, өзімен бірге жүреді. Мұның өзі қазақ халқының ислам дініне кірмей тұрғандағы, яғни сонау ерте кездегі бұлтқа, күнге табынған дәуірдің суреті екені айдан анық. Қазақ халқы ислам дініне ХІІ – ХІҮ ғасырлардың аралығында кірді деп есептесек, онда «Қобыланды» жырының  нұсқасы ХІІІ ғасырдан бұрын пайда болған деуге тура келеді. Мына бір жыр шумақтары осы көзқарасты онан әрі сипаттай түсетін сияқты:

– Желі толған жылқымды 

Жасанған жауға тапсырдым.

Қорам толған қойымды 

Аш бөріге тапсырдым.

Азу тісі болғандай 

Жас бөріге тапсырдым!

Егер осы жыр қазақ халқы ислам дініне кіргеннен кейін туған болса, онда осының бәрін жиып, «бір құдайға тапсырған» болар еді. Бұған қарап Қобыланды жырында қазақ халқының ислам дініне кіргеннен кейінгі өмірінен елес жоқ деуге де болмайды. Біз Қобыланды жырынан:

– Көлге біткен жөкенің,

Бүршігі жоқ тікенің.

Артық асқан бағаң жоқ,

Құдайдан сұрар шамаң жоқ,

Өзіңе біткен мал-жанды 

Сауғадан жиған екенсің, – 

деген өлең жолдарын да оқимыз. Бұл – әрине, бір құдайға құлшылық ететін халықтың аузынан шығатын сөз. Олай болса, «Қобыланды» жыры қазақ халқының шаман дініне сеніп жүрген дәуірінде пайда болып, ислам дініне кіргеннен кейін талай рет жаңғыртылып, талай заманды басынан кешіріп, талай ақынның аузында малтадай майдаланып барып, бұл күнге он бес вариант болып жетіп отыр.

«Қобыланды» жыры басып өткен жолды басқа жырлар да басқан болуы, кейбірі бұл дәуірге толықтанып, ажарланып жеткен болуы, кейбірі бұл дәуірге жету сапарында арып-ашып, ұмытылып, шырпылып, шала-шарпы жеткен болуы: енді бір бөлімі жолшыбай апатқа шалдығып, өз ізін қалдыра алмай, мұратына жете алмай арманда кеткен болуы мүмкін. 

  1. Ел намысы, жер намысы, ата мекеннің бүтіндігі мен ұлт бостандығы ежелден бері қазақ батырларының ерлігіне жебеу, қайратына демеу болып келген. Алпамыстың ерлігі Қоңырат елінің амандығын қорғау, бала-шағасын құлдықтан құтқару, шетел шапқыншыларының құлдануынан құтқару жолындағы ерлік болса, Қобыландының ерлігі Қыпшақ елінің бостандығы жолындағы ерлік, Қамбар мен Ер Тарғынның ерлігі асыл жарлары Назым мен Ақжүніске деген шын сүйіспеншілігінен басталып, ақыры Ноғайлы елін шапқыншылардың шалмасынан азат ету жолындағы ұлы күреске саяды.

Қабанбай өзінің бүкіл ерлік өмірін жоңғар басқыншыларына қарсы тұрысып, қазақ ұлтының азаттығы жолындағы күреске арнаған. Сондықтан да ол өз кезінде асқан абыройға ие болған. Қабанбай жырын- да Алакөл, Тоқта, Барлық, Емін, Қызыл түз, Күркілдек (Сайрам бойында Күркілдек деген жер бар, сол болуы мүмкін), Көк бастау (қай жер екені белгісіз), Аттың тауы, Қабанбай шоқысы, Текес, т.б. жер аттары бар. Бұған қарағанда ол, Шыңжаң өңірінде көп жүрген секілденеді. Кейбір аңыздарда Қабанбай Үрімжі өңіріне де келген. Батыр өз кезінде Барқыт белден (қазіргі Еренқабырғаны кезінде солай атайды екен) асып келіп, Үрімжінің оңтүстігіндегі Желөзек, Шиліөзек деген жерлерде қамалып жатқан қалың қазақ тұтқындарды жоңғарлардың қолынан азат етіп, өлгендеріне ас берген дейді. Бұл да шындыққа жанасады. Өйткені сол кезде Шиліөзек деп аталған жерді қазір Жижисаузы  (шилі жер) деп атайды. Бұл жер кезінде жоңғарлардың үлкен патшалық қорғанының бірі болған, орны қазір де бар. Тарихи мұра ретінде өкімет жағынан қорғалып отыр. Ал Желөзек деп отырғаны кәдімгі жел аузы – Саяпыл болуы мүмкін.

Осындай жайт басқа қазақ батырларының басынан да өткен. Мысалы, «Наурызбай Құтбанбетұлы (1706 – 1781) – жоңғарларға қарсы күрескен батыр. Ұлы жүз Шапырашты тайпасының төлеміс руынан, Абылай ханның ту ұстаушы үш батырының (Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай) бірі, қолбасшы,  оның өмірі жоңғарға қарсы күресте өткен –... оның 1729 жылы Шамалған мен Қаскелеңде жекпе-жекте өлтірілгендігі қазақ даласына кең тараған. 1750 – 1752 жылдары ол Бәсентиін Малайсары, Қыстық Малай, Шапырашты Қасқары батырлармен бірге жоңғарларды Тұрпаннан асыра қуып, жеңіске жеткен. Көп қазақты тұтқыннан босатқан.» 1

Қабанбай туралы жыр-дастан біршама көп. Батырлық жырлардың бірталайында Қабанбай «Үш жүздің ұраны» ретінде ауызға алынады. «Есенгелді батыр» жырында  Шыңғыс тауы бөктерінде Абылай бастаған қазақтың қалың қолымен қалмақтар арасында қатты соғыс болады. Қалмақтың қамалын ала алмай, Абылай іштей қатты налиды, ширығып, амалсыз дағдарады. Ешкім бұзуға дәті шыдамаған кезде Қабанбай мен Еспенбет шығып, бұзады. Осы көрініс жырда былай суреттеледі:

 

– Бұзатын бір әдісті тапты батыр,

Бұзғанда айғайлады қатты батыр.

Неше мың болса дағы кейінгі әскер,

Қаптады «Қабанбайлап» артқы батыр.

Қысқасы қазақ жеңіп қалмақты алды,

Қабанбай «хандай» болып ардақталды.

Абылай Қабанбайды «хан» деп қақты, 

Қымбатты Еспенбетке тонын жапты.

Осыдан кейін Қабанбай «Хан батыр» деп атанып, абыройы-атағы бұрынғыдан да арта түседі. Қабанбай мадақталатын осындай жыр шумақтарын «Еспенбет», «Бөгенбай», «Бердіқожа» т.б. батырлар туралы жырлардан да кезіктіруге болады. Демек, Қабанбай бірқыдыру батырлар жырларында осылайша қоса жырланып отырған. Ал Қабанбайдың өзі туралы да бірнеше қиссаның бар екендігі мәлім болды. 1981 жылы «Шалғын» журналының 2-санына «Ер Қабанбай» атты қисса жарияланған. Шағантоғай ауданындағы Мекебай ақсақал мен Шәуешек ауданындағы Әнуар Қоңқақұлы «Қабанбайдың жаралмышы» атты тағы бір қиссаның бар екенін айтады. Қабанбай туралы және бір қиссаның Париж мұражайының, Шығыс қолжазбалар бөлімінде сақтаулы тұрғаны жөнінде де мәлімет бар. Мұның өзі Қабанбай және ол туралы қиссаға шетелдердің де назар аударып отырғанын көрсетеді.1

Қабанбайдың Әтеке жырықпен соғысы – оның өмірінің ақырында болған оқиға. Бірақ ол Қабанбайдың інісі Құрсақтың шабындыға, талан-таражға ұшырауы себебінен туған. Сондықтан ол ұлттық мазмұн алып, бүкіл қазақ болып аттанған. Бұл жырдың «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қамбар» т.б. жырларынан ерекшелігі де міне, осы жерде, олар бірер тайпа немесе ру төңірегінде әрекет жасаған. Ал Қабанбайдың дәуірінде бүкіл тайпалар ұлт туы астында бас қосқандығы үшін тұтас қазақ қозғалады. Сондықтан Қабанбай аттанарда барлық тайпаның батырлары жиналады. Атап айтқанда, «өзі батыр хан Абылай», «қанжығалы ер Бөгенбай» «керейден ер Жәнібек», «өзі жадық Жантай», «көкжарлыдан Көкжалбарақ», «мұрынтайдан би Боранбай», «шанышқұлдан Бердіқожа», «байғанадан батыр Шөрек», «тоқпақтан ер Қасабай», «тоғас Қасай», «жұмық ер Дәулетбай», «Қаз дауысты Қазыбек», «үйсіннен Райымбек», «қаптағайдан Қара Шоқай», «теріс таңбалыдан жалғыз Қарақ», т.б. келеді. Жың ауданындағы шешен қария Мұқаметқан былай деді: «Бұл қиссаны бала кезімде жаттаған едім. Сонда бұл топқа келетін батырлардың саны бұдан да көп еді. Тек керей елінің өзінен он бір батыр болатын. Талайын ұмытып қалыппын». Бұған қарағанда әлі де талай батыр ұмытылған сияқтанады.

Тегінде қазаққа пәле рушылдықтан келген. Рулардың басы қосылып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығара алмағандығы үшін кезінде оны кім көрінген олжалап кетіп отырған. Ал мына бір дәуірде Абылай ханның басшылығында қазақ тайпа рулары бас қосып, тең жұмылғандығынан өз қарсыласын қапысын тауып жеңіп отырған. 

Қабанбай жырында осындай бірліктің символы тұрғандай сезіледі. Әр елдің айғай-ұранының басы болған осынау есіл ерлер жоңғарларға қарсы күрестің от-жалынында осылайша талай-талай бас қосқан болса керек. Олардың Әтеке жырыққа қарсы бас қосуын соңғы  бас қосулардың бірі деп межелемекпіз.

  1. Сұрапыл соғысқа қатынасып, қара топыр қалың қолмен айқасқан батырлардың жараланбай қалуы мүмкін емес. Осындай жағдайда батырлардың қандай төзімділік істегенін көрелік. Кейбір батырлар – «отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын», «оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін» адам (Қобыланды). Ал Ер Тарғын Бұлғар тауының бауырында белінен мертігіп, далада қалады да, Ақжүністің бағып-қағуымен қайта  қайратына мінеді. 

Қабанбай батыр туралы мынадай аңыз таралған: Іле өңірінде «Қабанбай шоқысы» деген шоқы бар. Бұл өңірде қазақ пен жоңғардың қатты соғысы болады. Соғыс кезінде Қабанбай жараланып, оның бір аяғын садақтың оғы үзіп кетеді. Мұны миземей, бір аяғын салақтатып шаба берсе керек. Сонда жанындағы бір серігі «батыр, бір аяғыңыз салақтап бос жүр ғой» дегенде Қабанбай «қанжығаға байлай салшы» деп жауды жайпай беріпті-мыс. Кешке жақын соғыс аяқталғаннан кейін, Қабекең үзілген аяғын орнына салдырып, бір түн ем-дом жасап, сорпаланып, ертеңінде аттанып кетеді. Содан былай осы тау «Қабанбай шоқысы» атаныпты.

Батырларымыздың бойына халқымыздың қаһарман ерлігі, ұлтымыздың қайсар қасиеті сіңірілген. Бұрынғы ақын-жырауларымыз асқан шеберлікпен бүкіл ұлтымыздың ерекшеліктерін халық сүйген батырдың басына жинақтай білген. Олардың басынан өткен аянышты, қиян-кескі, шытырман ерлік оқиғалар – халқымыздың басып өткен жолы.

Бұл жерде зерттеуге тиісті мынадай жайтты еске салмақпыз. «Ер Қабанбай» жырында сөз болатын қырғыз және оның батыры Әтеке жырық қазіргі біз айтып жүрген қырғыз болмаса керек. Қалмақтардың бір бөлігі болуы мүмкін. Бұған мынадай дәлел келтірмекпіз: біріншіден, бірқыдыру қырғыз жолдастар қырғыз тарихында Әтеке жырық деген адамның барын естімегендіктерін айтады: екіншіден, ерте кезде қазақтардың монғолдарды қырғыз деп қоятын әдеті де бар еді. Менің бала кезімде үлкендер Толы ауданындағы Мамырбек төренің ауылын қырғыздың ауылы деп атаушы еді. Мұнысы төренің тегі монғол дегендік еді. Үшіншіден, монғолдардың ішінде қазақша сөйлейтін, бірақ діні мен салты монғолдармен ұқсас халық бар. Олар өзін «қырғыз» деп атайды. Ал  қарапайым қазақ оларды «кәпір қырғыз» немесе «қалмақ қырғыз» дейді. Мұндай қырғыздарды Дұрбылжың, Шәуешек аудандарынан қазір де кездестіруге болады. «Ер Қабанбай» жырында Абылайдың аузынан:

– Өрісті бұзып жылқы алған,

Күймені бұзып, қыз алған.

Қынадай қырып еліңді, 

Бұл жоңғар не қылмаған, – деген сөздер бар. Бұған қарағанда Қабанбай соғысқан бұл қырғыздарды жоңғарлардың бір бөлігі деуге болады.

Ал қырғыз халқының аңыздарында Қабанбай олардың үлкен қамқоршысы ретінде әңгімеленеді. Қызылсу қырғыздарының ішінде мынадай аңыз таралған. Қырғыздың әйгілі батыры Әжібек жоңғарлармен болған бір реткі соғыста үлкен сәтсіздікке ұшырап, тұтқынға түседі. Осындай қиын-қыстау күндерде оны қазақтың Қабанбайы келіп құтқарып, жанына отыз адам қосып, еліне апарып салады. Бұған қатты разы болған Әжібек батыр еліне барғаннан кейін әлгі отыз қазаққа үлкен қошамет көрсетеді. Әрқайсысына бірден әйел әперіп, қоралап енші беріп, отаулап үй тіккізеді. Ақыры бұл қазақтар қайтпай, қырғыз еліне сіңіп кетеді де, кейін үрім-бұтағы өсе келе қырғыз ішінде қазақ руы атанады. Бұлардың ұрпағын қазіргі Қызылсу облысының Ақши ауданынан кезіктіруге болады. Қабанбайдың қырғыз бала Ерденемен достығы да тамаша достық.

Қабанбай батырдың тағы бір үлкен ерекшелігі айбынында. Оның айбынды ерлігі адамдар жүрегінде терең ықпал, өшпес із қалдырған. Қабанбайдың өзі ғана емес, тіпті оның есімі де ел үшін мақтаныш болған. «Еңлік – Кебек» жырында:

Нағашым Байжігітте ер Қабанбай,

Берген жоқ шешемді де бай таба алмай, – деуі де, міне, осындай мақтаныш сезімінен туса керек. Өз кезінде Қабанбайдың керемет ерлігін көргендер артына мынадай асыл сөздер қалдырған. Қарақыпшақ Ерназар батыр Жәнібек батырдан:

– Өміріңде кімнің ерлігі ерен деп білесің? – деп сұраған екен. Сонда Жәнібек:

– Қабанбайдай батыр болған емес, Қабанбай аруақты батыр еді, бір өзі келе жатқанда екпінінен 400 – 500 адамның дүмпуі білінуші еді. Қабанбай қара нөпір жауға тиіскенде кірген жағы есік, шыққан жағы жол болып қала беруші еді, – деп жауап берген екен.

Қабанбайдың есімі өз кезінде қазақтармен қатты жауласқан жоңғарлардың жүрегінде сұрапыл күш пен сесті айбардың жойқын ізін қалдырған. Кезінде жоңғарлар:

– Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай

Атқа мінді дегенде 

Жұртыңды тастап қаша бер,

деп мәтелдейді екен. Тіпті бұл жоңғарлардың кейінгі ұрпағы есептелетін қазіргі Байынғұлы монғолдардың ішінде де Қабанбай керемет күшті алып ретінде әңгімеленеді екен.

Сайып келгенде, Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Қамбар батырлар өз дәуірінің өресі биік батыры болғаны сияқты, Қабанбай да жоңғарға қарсы соғыс дәуірінің алыбы, халқымыздың мақтанышы, әрі аруақты ұраны деуге болады. Алпамыс, Қобыланды, Нарын, Қамбар сияқты оның есімі ел жүрегінен өшпес орын алған.

Жоғарыда айтқандарымыз – қазақтың батырлық жырларының, сондай-ақ Қабанбай жөніндегі батырлық жыр-аңыздардың басты ерекшеліктері.

Пікірлер