Бабалар мұрасы – келешек несібесі!

3476
Adyrna.kz Telegram

Қадау-қадау замандардан бері жанарынан жалыны өшпеген арда қазақ деген елміз! Ел басына күн туғанда көк бөрідей кемелімізді қас дұшпаны аяққа мойындаған елміз! Қазағым деген қайратты жүрек барда , ұлт болмысы өшіп пе? Тарихтың мыңдаған иірімі шайып өтсе де бойында қайнап тұрған қазақ қаны барда адал перзент елі үшін арпалысып өтті. Сол маңдайдан шыққан әр тамшы тер мен елдіктің беріктігі үшін еткен еңбектің артындағы аңсар не?Ұлт ретінде тартысқа толы әлемде нағыз қазақтың кім екенін көрсету, ұлттық құндылықтарды жойып алмай, келешекке жеткізу жолындағы арман...
Қазірде бабалар аңсаған асқақ мұрат орындалып, аспаны ашық бейбіт күннің қуанышын көрудеміз. Тұңғыш президент Н. Назарбаев бір сөзінде былай дейді: «Қазақстанның бүгіні мен болашағы – халқымыздың ынтымақ-бірлігінде, ырыс-құтты тірлігінде». Тарих текетіресінде құтты бірлік болмағанда, бүгіннің үлкен сыйы берілмес еді әрине. Жақсылықтың жаршысы болғандай тәуелсіздік жарылқай келгеннен бері мемлекеттің қадамы нық, жоспары мығым болуы алға еткен мақсұттардан анықталып келе жатыр. Ұлттық болмысты сақтау – халқымыздың ең үлкен қазынасы. Ал бұл бағытты жоспарлы түрде жүргізу үшін Рухани жаңғыру жобасы жасалынған еді. Көненің көзіндей болған сырға толы салтымыз, бабалар өсиетін мадақтайтын баға жетпес тіліміз, өзгеге бергісіз теңдессіз мәдениетімізді сол қалпында келешекке табыстау – Рухани жаңғырудың ең басты мақсаты. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады… Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Әлем мемлекеттері көз тігіп отырған байтақ даланы көздің қарашығындай сақтай отырып, дамыған елдің айбынды кескінін көрсету – әр қазаққа артылған міндет!
Жоба рухы биік халқымыздың ата жолын жаңғыртуға түрткі бола алса, міне, осы – бақыт! Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс - біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Отанымды сүйген жүректен қазір ғана жырлар төгіліп жатыр...
Жусаныңды иіскеп тұрып бір уыс...

Қуат алған құдіреттің өзінен,
Мен қазақты қаһарман деп сезінем.
От пен судан тайынбаған халықпыз,
Сонау ұлы қағандардың кезінен.

Алтай, Арқа, Алатауда көшкенбіз,
Шығармаймыз сол күндерді естен біз.
Тұлпарлардың тұяғының дүбірін,
Көкірекке түйіп біздер өскенбіз.

Елдігіме болмасын тек таласың,
Білмегендер тарихыма қарасын.
Бабаларым біздер үшін сақтаған
Алтай менен Ақ Жайықтың арасын.

Арым менен намысымды таптаған,
Өтті-ау заман, небір зұлмат Ақтабан.
Қиын кездің таба білген қисынын
Бабалардың ерлігіне мақтанам.

Таңғажайып халық едік неткен біз,
Шетімізден ержүрек боп кеткенбіз.
Тәуелсіздік тұғырына біз солай
Тоқсан бірде түбегейлі жеткенбіз.

Басқалармен теңгеріліп терезем,
Кеңге тартты қасиетті керегем.
Біле білсек, мұның бәрі бүгінгі
Елбасының саясаты көреген.

Халық болдық бүкіл әлем таныған,
Айырылмасын қазағым тек бағынан.
Құтты болсын! Қазақстан қосылды,
Елу елдің қатарына дамыған.

Алдымызда бағындырар белес көп,
Сол белесте ерлер елмен кеңеспек.
Күшейгесін әлеуеті халқымның
Ең дамыған отыз елмен теңеспек.

Елбасымыз шешті талай сұрақты,
Орындады мақсат-мүдде, мұратты.
Назарында ұстап отыр түсірмей
Білім беру мәселесін тұрақты.

Барша халық бір ауыздан қолдаған,
Бастама көп Елбасымыз жолдаған.
Соның бірі – Рухани жаңғыру
Ел тағдырын, жер тағдырын толғаған.

Туған елім, Қазақстан, киелім,
Сені шексіз жан тәніммен сүйемін.
Жусаныңды иіскеп тұрып бір уыс
Қадір тұтып басымды мен иемін!

Ұлдай Дауылова,
Әл Фараби атындағы ҚазҰУ Филология және әлем  тілдері факультетінің студенті
Ғылыми жоба жетекшісі: Ф. Қозыбақова,
Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих және археология, этнология факультетінің
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры

Пікірлер