Қытай елшісі: Сайрагүл Сауытбайдың ерлігі – отанын сату

4821
Adyrna.kz Telegram

 АҚШ-тың мемлекеттік департаменті 4 наурыз күні Қытайдан қашып өтіп, ол жақтағы аз санды мұсылман ұлттары көріп жатқан қысымды  жайып салған Сайрагүл Сауытбайға «Батыл әйелдер» халықаралық сыйлығын берген болатын. Осы оқиғаға байланысты Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Фейсбуктегі парақшасында былай деп жазба қалдырған:

«4 наурызда Вашингтонда Сайрагүл Сауытбай Мемлекеттік департаменттің режиссерлығымен әлдебір ерлігі үшін белгісіз бір сыйлықты алыпты. Бұл – Қытайдың ішкі ісіне араласуға бағытталған көпе-көрнеу арандату. Шараның өзі бастан аяқ қызықсыз цирк болғанымен, Вашингтонның түпкі арам ойын әшкерелеп берді.

Шыңжаңдағы терроризммен және экстремизммен күресте үлкен жетістікке жеткенімізді көзге ілмейтін Вашингтон соңғы жылдары Шыңжаң мәселесін асыра сілтеп жіберді. Түрлі жалаларды таратып, Шыңжаңда тұрақсыздық орнату арқылы Қытайдың түбіне жетпек.

Алайда олардың арам ойы әрдайым іске аспай қала береді. Шыңжаң бұрынғыдан да тұрақты аймаққа айналып, халқы бейбіт әрі бақуатты тұрып жатыр.

Тәжірибеміз көрсеткендей, Қытай ойлап тапқан экстремизммен күрес тәсілі жемісін берді. Бұл – Қытайдың терроризм және экстремизммен күреске қосқан зор үлесі.

Вашингтон өз өтірігіне өзі сеніп жүр. Бұл олардың надандығының белгісі. Өтірікті жүз рет қайталасаң да, шындыққа айналмайды. Марапаттаумен байланысты мына цирк АҚШ-тың идеологиялық вирустың ең үлкен көзі екенін көрсетті.

«Батырға» байланысты айтарымыз, ол Қытайда да, Қазақстанда да қылмыскер деп танылған. Оның ерлігі – отанын сату, өзін, отбасын асыраған елге қара күйе жағу. Егер ерлік жасағыш болса, Шыңжаңдағы несиесін жаппай ма? Ол өзінің геосаяси циркте қандай рөл атқарып жүргенін түсінбейтіні өкінішті».

Чжан Сяо бұл рет қана емес, Қазақ елінде болып жатқан жағдайларға үнемі пікір білдіріп, қазақстандықтардың ащ-шу-ызасын тудырумен келеді. Ол осыдан екі апта бұрын Twitter аккаунтында коронавирусқа қоғамның әрекетіне ренішті пікірлері жариялап, "Қытаймен шекараны жабу дұрыс емес" деген болатын.

 

Пікірлер