АЛМА САЙЛАУҚЫЗЫ: Оқыңыздар, тоқыңыздар, қыздар, сіңлілерім!

2952
Adyrna.kz Telegram

Кешеден бері дүйім елді дүрліктірген "Маркер" тақырыбына нүкте қоятын кез келген сияқты. Omar Jaleluly ағамызды "дұрыс түсінбей қалғанымызды" дәлелдегісі келіп баққан, түйені жабумен жасырғысы келіп әбігерге түскен санаулы жандардан басқа, негізгі басым көпшілік оның дөрекі теңеу жасағанын мойындап отыр. Ең қуантатыны, мен көрген сыни пікірлердің көбін ЕР АЗАМАТТАРЫМЫЗ жазған екен. Есесіне кейбір әйелдер өз қыздарын өздері жерге алып ұрып, оқымай-ақ байға тисін деп өзеурегені шошытты... Алдында ғана "Тауар" тақырыбына ештеңе демесем де, бұл жолы бір ауыз пікірімді білдіргенді жөн көрдім. ӨЙТКЕНІ, бір үйде бір ұл, үш қыз өстік, ал АСЫЛ ӘКЕМІЗ бізді ҚУАНЫШҚА, ОТБАСЫНЫҢ НҰРЫНА, ШАТТЫҒЫНА теңейтін. "Құдай бере салған қыздарым!" деп еркелететін. Бәрімізге "Оқыңдар, тоқыңдар, сосын сүйгендеріңе қосылыңдар. Ең бастысы, қолымнан ұзатып алып кетсе болғаны", дейтін. Аллаға шүкір, үш қыз үш жүздің азаматына тұрмысқа шығып, әр шаңырақтың берекесін кіргізіп отырмыз.
СОНЫМЕН ҚАТАР, өзім де көпбалалы анамын. Оның үшеуі - ҚЫЗДАР. Көзіміздің нұры, ақыл тұнған алтындарымызды төбемізге көтереміз. ӨЙТКЕНІ қазірден отбасы мейірімі мен махаббатын сезініп өскен қыз ғана ЕРТЕҢГІ КҮНІ БАРҒАН ЖЕРІН БАҚЫТТЫ ЕТЕ АЛАТЫНЫНА БЕК СЕНІМДІМІЗ. Ұлттың келешек тәрбиесі қыздарда екені рас болса, аялы алақанымыздағы гүлдерімізді қадірлеп, ЖАНЫН ЖАРАЛАР СӨЗ АЙТПАҒАНДА ҒАНА, келешекте оқу-біліммен сусындаған көзі ашық қазақ қызы, аяулы ана, ибалы келін етіп тәрбиелей аламыз.
Менен көпбалалы ана бола отырып, жұмысыңа да үлгеріп, қонағыңды да күтіп, тәрбиені де беріп, өзіңді де дамытып: докторантураны сәтті оқып, ғылым-білімге қалай уақыт таптың деп жиі сұрайды.
Жауабым: АСЫЛ АЗАМАТЫМ, ЖАР ҚАДІРІН БІЛЕТІН ОТАҒАСЫМНЫҢ ДЕМЕУІ мен ұл-қызымның алдында лайықты үлгі болайын деген ЕРІК-ЖІГЕРІМНІҢ АРҚАСЫНДА! Қазір көзі ашық жігіттерге де өзіне сай көзі ашық қыздар керек. Сондықтан, оқыңыздар, тоқыңыздар, қыздар, сіңлілерім! ӘЖЕЛЕРІМІЗДЕ ТАҢДАУ БОЛҒАН ЖОҚ, әйтпесе, бәрі оқыр еді. Ешкімнің тұқыртуына жол бермеңіздер! Алдымен тек мансапты ойлайтын Еуропа әйеліне де еліктемеңіздер. Он жастан асар-аспаста әке-шешесі күйеуге беріп жіберетін, сосын тек күйбең тіршіліктен көз ашпай, санасы дамымаған күйде күйбеңдеп өтетін араб-үнді-ауған моделіне де қызықпаңыздар.
Біздің ұлт (әзірге) аса көп болмаса да, САПАЛЫ БОЛУ КЕРЕК. ОЛ ҮШІН ұлымен қатар қызы да білімді, сенімді, көкірегі ояу болуы керек. Ең бастысы, ұлттық өзектеріңізге нәр беріп отырсаңыздар, заманның кез келген талабының үдесінен шығатындарыңызға шын көңілден сенем!

Пікірлер