Қостанай қаласында семинар-тренинг өтті

3372
Adyrna.kz Telegram

Еліміздің тәуелсіздік алғанына 25 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Қостанай қаласында «Тіл мерейі» республикалық шарасын өткізді.

Шараның мақсаты мемлекеттік тілді тұрғындарға үйрететін оқытушылардың кәсіби біліктілігін жетілдіру, онлайн әдісімен  озық тәжірибелерді алмасу және мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының оқытушыларын ынталандыру болып табылады.

Шараның ашылуында сөз алған Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Тілдерді дамыту және мониторинг  басқармасының басшысы Толқын Жолдыбайқызы сабақ өтетін әдіскерлерге сәттілік тілеп, құттықтау сөзін жалғады.

 Шараға әдіскер-ғалымдар, тіл мамандары, тіл үйренушілер, Астана, Алматы қалалары және облыс орталықтарындағы мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының оқытушы әдіскерлері қатысты.

Шара барысында әдіскер-ғалымдар мемлекеттік тілді оқытудың тиімді технологиялары және әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Қостанай облысы әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасы  Тілдерді оқытудың облыстық орталығының үздік оқытушылары панорамалық сабақтар мен онлайн режимінде шеберлік сабақтарын көрсетіп, тәжірибе алмасты.  Елімізге танымал ғалым, фонетика саласын жан-жақты зерттеп, әдістеме, әсіресе, тіл үйретуде ерен еңбек танытып жүрген Әлімхан Жүнісбек семинар барысында баяндама жасап, грамматикасыз оқытудың тиімді әдістерін оқытушыларға тарту етті. Дыбыстан бастап, сөйлем құраудың жаңаша үлгілерін көрсеткен ғалым, тіл үйретуде нәтижелі көрсеткішке жету үшін осы тәсілдерді қолданудың тиімді екенін толықтай түсіндіріп өтті. Шеберлік сабақтарын көрсеткен әдіскерлерге сараптама жасаған Егізбаева Назыкен Жаненқызы Қазтест жүйесіне негізделген сабақтардың артықшылығы мен кемшілігін таратып айтып, дейгейлерлің ережелеріне шолу жасады. Модератор Ербол Тілешов Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы қолға алып жатқан жаңа жобаның мазмұнымен таныстырып, алдағы уақыттағы әдістемеге қатысты болжамдарын жасады. Семинарға қатысқан барлық әдіскерлерге сертификат берілді.


"АНА ТІЛІ"

 

Пікірлер