Мемлекеттік қуыршақ театрына 85 жыл!

4472
Adyrna.kz Telegram
SONY DSC
SONY DSC

Ғасырға жуық уақыт сезімтал өнер түрін ең талғампаз көрермен назарына ұсынып келе жатқан Алматы қаласындағы Мемлекеттік қуыршақ театры үшін биыл мерейлі жыл. Мемлекеттік қуыршақ театрына 85 жыл! Жаңа маусым шымылдығы түрілгелі жаңашыл дүниелермен көрерменін қуантып келе жатқан ұжым ересектерге арналған спектакльдер де сахналап, соңғы уақыта қуыршақ театры өнерінің көкжиегін кеңейтті. Мерейлі маусымда жарыққа шыққан «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» (реж.: А.Зайцев) қойылымы да бұрын-соңды қазақ қуыршақ театры арқаламаған жүкті көтерді. Ақын өмірі мен өнеріне мұншалықты жоғары деңгейде баға берілмегендігін театртанушылар мен театр майталмандары ерекше атап өткен болатын.

Өнерді өркендету жолында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан киелі қара шаңырақтың бүгінгі шығармашылық тынысы, алдағы іс-шаралар жоспарларын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында ағымдағы жылдың наурыз айының 1-ші жұлдызында БАҚ өкілдеріне арнап БАСПАСӨЗ ТУРЫН өткізді.  Республикамыздағы тұңғыш қуыршақ театры көктемнің алғашқы күні АЛҒЫС АЙТУ мерекесіне орай ақпарат саласының журналистері, белсенді блогерлер мен портал, радио тілшілерінің басын қосты. Театрдың әрбір айтулы іс-шаралары мен халықаралық фестивальдердегі елеулі еңбектеріне ақпараттық қолдау көрсетіп, көрермендерімізге кеңінен насихаттап жүрген әріптестерімізге алғыс айта отырып, жексенбілік мәдени демалыс ұйымдастырылды.

 

Театрдың 85 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс өткелі отырған «Қуыршақтар шақырады – 2020» Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі алдында БАҚ өкілдеріне өнер ордасының өзіне ғана тән өндірісі мен ішкі шығармашылық үдерісі кеңінен таныстырылды. Атап айтқанда, балалар үшін қуыршақ жасау шеберлері мастер-класстар, тігің цехының шеберлері мен ардагер актрисалар мұрағаттағы қуыршақтармен таныстыру шараларын өткізді. Сонымен бірге, театрдың төлқұжатына айналған отыз бес жылдан астам тарихы бар «Қуыршақ думан» (реж.: С.Шүкіров, Қ.Ешмұратова) қойылымының да тегін көрсетілімі ұйымдастырылып, балалық шақ пен балғын кезеңге саяхат жасалды.

Іс-шарадан соң театрға арнайы ат басын бұрған «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі директоры Арман Әубәкір: «Бүгін қуыршақ театрына келіп, бойымды ерекше екі қуаныш билеп тұр. Бірі, қазақ тіліндегі қойылымдардың балалар үшін де, ата-аналар үшін де тиімді уақытқа қойылғандығы. Бұған дейін қазақша қойылымдар ыңғайсыз таңғы уақытта болатын. Екіншіден, ересектерге арналған спектакльдер сахналап, қазақ мәдениетін әлемдік аренаға танытып жүрген ұжымның жемісті еңбегі көп екеніне көз жеткіздік. Қазақ тіліндегі қойылымдар саны артып бала көрермендердің қызығушылығы оянуына себеп болған бүгінгі іс-шараның маңызы зор екенін айтқым келеді. Бірлескен жұмыс қашан да өз нәтижесін береді. Алдағы бастамаларыңызға сәттілік серік болсын!» деп пікір білдірсе, журналист Мадина Сарбалаева: «Қазақ журналистерін қонақ еткен Мемлекеттік қуыршақ театры қуыршақтардың жасалу жолын, олардың образдарымен жақын танысуға мүмкіндік сыйлады. Мәдени ошақпен терең танысуға себепкер болған барша театр қызметкерлері мен артистеріне алғысымды білдіремін» деген ақжарма тілектерін ортаға салды.

 «31 Арна» телеарнасынан келген журналист Жарас Ниязбек: «Биыл құрылғанына 85 жыл толып отырған іргелі ұжымға төрт ботамды ертіп барып, ұмытылмастай әсермен қайттық. Репертуар қазақыланып, ұжым үздіксіз, демалыссыз жұмыс жасайтындығын көрдік. Керемет күн үшін рахметтен өзге айтар сөз жоқ. Енді тұрақты көрермендер қатарынан табыламыз және баршаңызды ғажайыптар мекеніне бүлдіршіндеріңізді әкеліп тұрыңыздар деп кеңес береміз. Өкінбейсіздер!» деп аяқтады.

Алпысқа жуық ақпарат саласының белсенді журналистерінің басын қосқан айтулы шара тек театр тынысымен таныстыру емес, көпшілікке беймәлім қуыршақ өнерін кеңінен дәріптейтін әріптестерімізге алғыс айту мақсатында ұйымдастырылды.

Мемлекеттік қуыршақ театры ұйымдасыратын іс-шаралар легі мұнымен толастамақ емес. Мерекелі күндерге толы айда қуыршақ театры ұсынар қуанышты сәттер көп болмақ. Театр жаңалықтарынан қапы қалмаңыздар!

 

 

Бейбіт ӘЛКЕЕВА

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер